Елімізде жиһаз өндірісі дамып келеді. Қазақстан бойынша жаңа өндіріс орындары көптеп ашылуда. Бұл нарықта бәсекелестіктің дамуына әсер етеді. Жаңа тұрғын үйлердің салынуы кәсіпкерлер үшін алдыға жылжуға үлкен мүмкіндік беріп отыр.
Жиһаз өндірісі саласында жұмыс істеп жүрген ұсталар баршылық. Солардың бірі – Шырынхан Ишмуратов. Өмірінің 30 жылын осы салаға арнаған ұста. 1992 жылы Жамбыл станциясындағы №2 темір жол училищесіне түсіп, 1995 жылы осы аталған орында ағаш ұстасы мамандығын игеріп шықты. 15 жасар жасөспірімнің ағаш өңдеуге деген қызығушылығы осы білім ордасында ашылды. Училище қабырғасында бесік жасауды қолға алып, базарларда сауда жасады. Өз саласына осы сәттен бастап толыққанды кірісе бастады. 3 жылдың ішінде есейген Шырынхан училищені бітіре салысымен АО «Мебель» кәсіпорнына жұмысқа кіріп, тәжірибесін арттырды. Жұмыс орнының сұранысы бойынша 1995 жылы Алматы индустриалдық колледжіне түсіп, 1999 жылы ағаш өңдеу технологиясы мамандығы бойынша бітіріп шығады. Мемлекеттік квалификациялық комиссияның шешімі бойынша оған техник-технолог квалификациясы берілді. Оқумен қатар жұмысты бірге алып жүріп, қатарластарының алдына шықты. Айтуынша, қазіргі таңда бірге оқыған достарының арасында тек екі-үшеуі ғана өз мамандығымен жұмыс істейді екен.
Алматыдан оқуды бітіріп салып Тараз қаласына келіп, жиһаз кәсіпорындарында жұмыс жасады. Жиһаз жасау бұл тек жұмыс емес, ол өнер. Бұл өнерді игеруге бір емес бірнеше жылды талап етіледі. Қажырлы еңбек пен табандылықтың арқасында осы саланың шеберіне айналуға болады. Осылайша Шырынхан жиһаз жасаудың нағыз шеберіне айналды.
2012 жылы Алматы қаласына қоныс аударып, жаңа жұмыс орнына бесінші деңгейлі ағаш ұстасы болып жұмысқа орналасты. Жаңа орта, жаңа әріптестерінен көп нәрсе үйренді. Әр салада техникалық қауіпсіздік сақталуы керек. Бұл өндірісте де талап күшті. Ағаш ұстасы болу тек ағаштарды біріктіріп қана қоймай, оны кесу, сырлау секілді жұмыстарды атқарады. Күрделі механизмді құрылғылармен жұмыс жасау ұсталарға жат емес. Алайда, құрылғыларды игеру қиындық туғызатыны сөзсіз. Қанша жылдық тәжірибең болса да, кейде қателіктер орын алып жатады. Сол қателіктердің бірі Шырынханның басынан өтті. Шырайлы күндердің бірінде жұмысқа бір ерекше ықыласпен кірісіп, ағаш кесетін құрылғымен жұмыс жасап тұрады. Бір сәтте тұңғиық ойға батып кетеді, сол мезетте станоктың өткір ұшы бас бармағын жұлып түсірді. Басында абдырап қалып, кейін тез арада «жедел жәрдем» шақырып ауруханаға барады. Басбармағын орнына келтіру мүмкін болмады. Қазір немерелері сұрап қалса «Апаларың тістеп алған» деп қалжыңдап еске алып отырады. Бұдан түйер ой – әрдайым техникалық қауіпсіздікті сақтау керек.
18 жылдан соң жеке кәсібін ашуды қолға алды. Алғашында 20 шаршы метр болатын бөлмені жалға алып жұмыс бастайды. Жыл соңында көлемі жағынан үлкен орынды жалға алды, кейін жұмыс орнын кеңейтуге кірісті. Жұмысқа қажетті құрал-жабықтарды алып, жаңа станоктарды іске қосады. Осылайша кәсіпкер ретінде алғашқы нық қадамдарын басады. Кәсіп бастау оңай болып көрінеді, алайда алғашқы жылдары түрлі қиындықтар бастан өтуі мүмкін. Мысалы, Шырынхан тұрақты сатып алушыларды жинауға, олардың сеніміне кіруге 2 жылын жұмсайды. Бұл уақыт аралығында тапсырыс мүлдем түспеген айлар да кездесті, сол кезеңде жұмысшылардың айлығы, жалға алған орынның төлемақысы секілді қаржылық тоқыраулар орын алды. Осы өтпелі кезеңде шыдамдылық танытып, кәсібінің әлі-ақ табысты болатынына сеніммен қарады. Ақырындап тұрақты сатып алушылар пайда болды, онымен қатар жұмысшылар саны көбейді. Тек өндіріс орнында тапсырыспен жұмыс жасау алдыға жылжуға, табысты болуға кедергі келтіретінін түсінген Шырынхан Ишмуратов дүкен ашуды ойға алды. 2015 жылы Алматы қаласы Водник ықшам ауданында жиһаз дүкенін ашты. Бұл дүкеннің ашылуы тапсырыс берушілердің сенімін арттырғаны сөзсіз. Күнделікті тапсырыстар, өнімді сатып алушылар кәсіптің оң бағытта жұмыс жасап келе жатқанын көрсетті. Осы уақыттың ішінде кішігірім қиындықтар туындағаны рас. Бірақ сол қиындықтар арқылы кәсіпкер ретінде біліктілігін шыңдады. Тұтынушылармен жұмыс істеу, олардың қалауларын жүз пайызға орындау осы саланың қызығы мен шыжығы десек, артық айтқанымыз емес. Жиһаз жасау есепті талап етеді, 1 миллиметрдің өзі үлкен рөл атқаруы мүмкін. Есептен жаңылмай, шығындарды дұрыс есептеу арқылы өзіңе де, өзгеге де тиімді жұмыс ұсына аласың. Жиһаз жасау көптің қолынан келуі мүмкін, алайда жиһаз шығынын есептеу бәрінің қолынан келе бермейді.
Шырынхан Ишмуратов ұста ғана емес, ұстаз болып та бақ сынады. Алматы қаласының колледждерінен тәжірибеден өтуге жас студенттер ағылып келе бастады. Оларды бірінші күннен бастап жұмысқа кірістіріп, жол сілтеп отырды. Кейбір студенттер өндірістік тәжірибе уақыты аяқталғаннан кейінде тұрақты жұмысқа сұранып, өз тәжірибелерін арттырды. Студенттер өз алғыстарын білдіріп, өндіріс орнында жұмыс жасау арқылы біліктіліктерінің жоғарылағанын, қатарластарының алдына шыққандарын мақтана бөлісіп отырады. Шәкірттері жиһаз саласының мамандары ғана болып қоймай, өз беттерінше кәсіп ашып, істерін дөңгелетіп алып кетті. Өзің жақсы көретін салаңда шәкірт тәрбиелеу де үлкен мәртебе.
Тек бір орында тұрып қалу Шырынханға жат. Алдыға жылжу мақсатында өз шеберханасын салуды қолға алды. Алматы қаласында құрылыс бастау, шеберхананы толығымен салып бітіру үлкен еңбекті талап етті.
«Алғаш жер телімін сатып алған сәтте қарап тұрып көп армандайтынмын. Мына жерде ағаш кесемін, арғы бөлмесінде ұсталар жиһаз құрастырады. Осылайша көз алдымда үлкен кәсіпорын құрыла бастады», – дейді Шырынхан Ишмуратов
Өрт – тілсіз жау. Үлкен қиындықтар Шырынханды айналып өтпеді. 2022 жылы қараша айының соңында шеберхана отқа оранды. 10 жылдық еңбек, қаншама бақытты сәттер көз алдында жанып кетті. Шеберхана ағашқа толы болғандықтан, 1 сағаттың ішінде күлге айналды. Өрт үлкен шығын алып келді, арнайы техникалардан түк қалмады, қатты қиналды. Амал жоқ, бәрін басынан бастауға тура келді. Бұл да бір Алланың берген сынағы екенін түсініп, қайта тұрып жұмыс жасауға кірісті. Әрбір істе кедергілер кездеседі, оған мойымай, тек алдыға жүру керек. Өрттен бері міне 2 жыл өтті, қажырлы еңбегінің арқасында Шырынхан шеберханасын толығымен қайта соғып бітіріп, жұмысына белсенді түрде кірісе бастады. Табысқа жету үшін тек еңбек ету керектігінің айқын бейнесі. Еңбекпен қатар отбасының қолдауы үлкен шабыт береді. Жұбайы Эльмира Жолдасбекқызы рухани қолдаудан бөлек, еңбекке қол ұшын тигізді. Жұмсақ жиһаз өндіруге арналған тігін орнын басшылық етті. Ол әрі дос, әрі жар бола білді. Оның қолөнері күйеуінің шеберлігін толықтырды.
Шырынхан Ишмуратовтың еңбек жолы жиһаз өндірісінің нағыз шебері ретіндегі маңыздылығын көрсетеді. Оның кәсіби тәжірибесі мен шығармашылық көзқарасы ағаш өңдеу саласындағы жетістіктердің кілті болып табылады. Шырынханның заманауи технологияларды дәстүрлі әдістермен үйлестіруі, сапалы материалдармен жұмыс жасауы және тұтынушылардың қажеттіліктеріне жоғары деңгейде жауап беруі – оның шығармашылығын әрі қолөнерін бағалаудың негізі. Шырынхан Ишмуратовтың еңбек жолы – шеберліктің, сүйіспеншіліктің және адалдықтың символы, ол ағаш ұсталығының тұрмыстық мәнін терең түсінуге мүмкіндік береді.
Қарлығаш ШАҢҒАРАҚШЫ