Кез келген толық жанұяда атасы, әжесі, баласы, келіні, немерелері болады деп айтылады. Ал енді осы кісілерді мемлекет үлгісінде қарастыратын болсақ, оларға ақсақалдар, кариялар, шалдар, апалар мен әжелер, жігіттер, келіншектер, балалар мен қыздар, немерелер кіреді. Демек мемлекет үлгісіндегі үлкен топтар қоғам өмірінде өздерінің жанұядағы табиғи міндет, мұраттарын орындаған жағдайда ғана қоғам өте үлкен табиғи, өндірістік, қаржылық және рухани пайдаға кенелер еді. Бұл жерде біздің айтпақ болып отырғанымыз негізінен қоғамдағы зейнеткерлердің орны, олардың мақсат-мұраттары мен қоғам алдындағы борышы туралы. Көп жағдайда олар үшін жазылмаған міндет ретінде немерелерге қарау, ауланы сыпыра салу, бақшаны суару сияқты жұмыстарды атқарады. Ал енді осы жұмыстарды бір ауылдың көлемінде , ауданда, қалалардағы, облыстардағы жағдайлар мен қажеттіліктерге бейімдеп тарқатайық. Біз Алматы қаласы, Алатау ауданы, Ұлжан шағын ауданының зейнеткерлері өзіміздің келесі ұрпақ алдындағы тәрбиелік, ұлттық патриоттық, табиғатты гүлдендірудегі, ғылымды игерудегі, Отанды қорғау мен өркендетудегі борышымызды адал орындап оны (шағынауданды, қаланы, Отанымызды) келешек ұрпаққа күйреген, қираған қалпында емес, өрлеген, дәуірлеген қалпында өткізуді абыройлы борышымыз деп санаймыз. Сондықтан өзіміздің күш-жігерімізді екі бағытта; қаланы гүлдендіру мен мектеп оқушылары мен жас адамдарға белгілі дәрежеде ұлттық сана-сезім, салт -дәстүрлерден түсініктер қалыптастыруды алдыңғы ұрпақтың тікелей міндеті деп есептейміз. Қоғамдағы болып жатқан өзгерістерге атүсті қарамай өз тәжірибеміздің биігінен пікірімізді білдіруді парызымыз деп ойлаймыз. Ұлдарыңыз бен қыз-келіндеріңізге қараңыздар, көздері қысыңқы, түрлері қоңырқай, қазақ сияқты. Сөздері орысша не ағылшынша. Рухы мен дәстүрі қандай? Енді таратып айтайық.
Отанды сүю – алдымен қазақты сүю
Қоғамдық ғылымдарда урбанизация деген ұғым бар. Ол ел тұрғындарын қалаларға шоғырландыру деген түсінік береді. Бұл барлық халықтардың жүретін табиғи-тарихи жолы. Қазақстанның жағдайында 19 000 000 халықты қалаларға тығып басқа жерлерді қараусыз қалдыру ешбір жоспарлы есепке сай келмейді. Басқа халықтарға Кемаль Ататүрік сияқты, не Ислам Каримов құсап «жер қазақтікі» деп айта алмадық. Аузымыз өтіріктен, қолымыз ұрлықтан босамады. Сондықтан кез келген оқыс оқиғада қазақты қырып салу, қазақты мойындату, жазалау, тізерлету, соттау біздің өміріміздің тұрпайы ережесіне айналды. Жаңаөзен оқиғаларын еске түсіріңіз. Онда өздерінің еңбекақыларын ала алмай жүрген қазақтарды әскердің күшімен аямай қырып салды. Бұл жерде әлгі бұйрық берген адамды қалтарысқа қойып, автомат ұстап шүріппені басқан адамды, қазақты атқан қазақты түсінуге тырысайық. Ол неге автоматты ереуілшілердің басынан асырып атпады? «Әр қазақ менің жалғызым» деген қағида қайда? Ол алдында қарусыз қазақ, қорғансыз қазақ, күнәсіз қазақ тұрғанын көрген жоқ па? Отанды сүю алдымен қазақты сүю емес пе? Жаңаөзен оқиғасының 10, Орал оқиғасының 30, қасиетті желтоқсанның 35, Ченобыль жарылысының 30, тәуелсіздіктің 30 жылдығында (көрдіңіз бе, қанша айрықша даталар?) өз тарихымыздың көмескі беттеріне шыңғырған шындықтың қанды бояуларын қосып жағатын, ашып жазатын уақыт келді ме, жоқ па? Қазақтың «қоңырат» деген руы неге орысша «хунгираты» деп ирелең мәтінде жазылуы керек? Алтай аймағы ежелгі найманның жері екенін айтып бір көзі ашық найман Никонов дегендерге бір хат неге жазбайды? Бағзы замандарда Алтай аймағы Отукен деп аталған және де ол қазақтар үшін киелі, қасиетті жер болып есептелген. Қозы көрпеш -Баян сұлудағы Қарабай атамыз кәзіргі якут жерлерін он жыл шарлады емес пе? Біздің бағзы замандардағы еншілеген терістігіміз, Солтүстік мұзды мұхитты құшақтап жатыр емес пе? 1582 жылы Ермак Орал тауынан шығысқа өткен кезде сол жерлерді мекендеген көшім хан ағылшын ба, қазақ па ? Кәзіргі айтып отырған Сібір хандығы Алтын Орданың сынығы емес пе? Сонда Солженицын деген жасыл көздің қазақтар бір жүріп өткен жерін иемдене қояды дегені қай шатқаны? Кәзіргі Ресейдің Тюмень обылысы деп жүргені қазақша «ТӨМЕНГІ ОЙПАТ» деген сөз. Қазақтың Еділ батыры тарихқа Атилла деген атпен кірді. Оның ел жұрты мекендеген жері кәзіргі Ресейдің Волгоград обылысының аймағында. Еділ батыр Еділ өзенінің атымен аталған тарихтағы Күлік шайқасы (Куликовская битва) Дон өзеніне жақын аймақта жатыр емес пе? Қазақтың әскерімен шайқасу үшін орыс әскері Еділ өзенінің сағасымен төмен Орынборға қарай жүрмей батысқа, ДОН өзеніне қарай жүргені біздің сол кездегі орталығымыздың қайда болғаны туралы сізге ешқандай ой салмай ма? Сол орыстың Метрейі Күлік даласына орыс әскерін бастап келгені үшін Дмитрий Донской болып шалқыды емес пе? 500 жылға жетпейтін уақыт бұрынырақ қазақтардың солтүстік шептерінің сызығын байқайсыз ба? Біздің солтүстік шекарамыз Солтүстік мұзды мұхитты жалпағынан басып Солтүстік Полюсті тербетіп тұр емес пе? Тарихи оңтүстікке оралайық Енді Қара теңіздің үстімен солтүстік Кавказ жоталарымен Каспий теңізін белінен кесіп өтсеңіз Қарақалпақтың жеріне шығасыз (Қарақалпақ қазақтың алты Алашына жатады). Ал кәзіргі Шыңжаң өлкесі деп жүргеніміз біздің тарихымыздағы Шығыс Түркістан емес пе? Репрессиядан қашқан қазақтар өз жерлерінде отырған бауырларына барып қосылды емес пе? Қытайдың карталарында қытай шегарасы Балхаш көлінің үстімен өтеді. Ал біздің карталардағы шекаралар шығыс Түркістанды қамтымайды. Ал Шығыс Түркістан біздің тарихи Отанымыз екенін қазақтар білуі шарт емес деп шешілген. Бөтен біреу емес, ондай шешім біздің мықты қазақтардың шешімі,қызметтің жалынан өлгенше айырылмайтын қазақтардың шешімі. Біз жуас елміз. Шығыс Түркістан деген тақырыпты біздің тарихымыздан іздеуге болмайды. Ол үшін қытайдың рұқсаты керек шығар. Ал Шығыс Түркістандағы қазақтардың аянышты халін сөз қылған қазақтарды Қазақстан Республикасының түрмелері кезексіз қабылдайды Біздің сыртқы саясат әрқашан біреулердің көңілінен шығуға бағытталған. Біздің батырлардың Гоби шөлін басып Тибетке беттеген сапары жөнінде неге білмейміз? Қытайдың ішкі Моңғолия деген жері қандай жер? Сол жерде түрік қахандарының астанасы Ордос қаласы ғасырлар бойы тұрды ғой. Сонда Қазақстан дейтін мемлекет біз үшін туған жер ме, әлде тойған жер ме?
Қазақстан кімнің отаны?
Біз кәзіргі жағдайда Ресей сияқты күшті мемлекет болсақ біздің жат елдерге «сыйға тартқан» жерлеріміздің өзі бүкіл Еуропадан асып тұрғанын айтуға болар ма еді? Профессор Закирьяновтың ғылыми есептеулерге негізделген деректі тұжырымдарына жүгінсек, шығыстағы Конфуций, батыстағы Аристотель қазақ ғұламалары екен. Бұл Қытай да гректер де үнсіз, қарсылық, пікірталас жоқ. Көніп тұрғандай. Демек рас, шындықтың өзі! Қырғыздың Манасы мен парсының Фирдоусиін қазақ екен деп көрші, ертеңіне аз дегенде 1 000 салт атты шекарадан өтіп келе жатар еді. Бұл үзінділерді айтып отырғанымыз қазақтардың санасындағы тарихи деректерді тағы да шаң-тозаңнан ажыратып, қағып-сілкіп, тарихи жәдігерімізді тазартып, жаңартып қою үшін жазылды. Біз ешкімнен ешқандай сый алмадық, біз керісінше басқаларға көп жерлерді сыйладық, бірақ сол сыйларымызды даусымызды шығарып айта алмайтын пұшайман халдеміз. Біздің басты айла-әдіс әрекетіміз жата қалу, бірігіп ұрлау, келісе салу, өмір бойы лауазымнан ажырамау, білімді адамдарды билікке жақындатпау, ұры-қарақшылардың мемлекеттік деңгейдегі тұтастығын қалыптастыру және сақтау. Жұмабай Ташенев сияқты саңлақтың «Ата-бабаларымның қорымы жатқан жерді мен біреуге өңгерте алмайды екенмін» деген сөзін тағы бір қайталап қояйық. Менің ойымша дүниежүзіндегі ең дарынды халық қазақтар. Ұрылардың да ең дарындылары қазақтардың ішінде. Дүниежүзіндегі көп елдерде Президент лауазымы ең биік лауазым, ал бізде Президенттің ар жағында, Қауіпсіздік Кеңесі мен Президенттің ортасында Президентті «орнына қоятын» 120-дан астам адам тұр. Біздің Президенттің құзірет тармақтарының өзі сұрыпталған. Олар қаржылық және күштік құрылымдардағы құзіреттер. Қазақтар үшін сол да жетеді деп шешілген. Демек, Қазақстан деген мемлекет біреулердің Отаны, біреулердің Қотаны. Қотан дегеніміз шаршаған қойлардың түнгі жатын орыны мен жуас қазақты жәбірлеп, атып, ұрып-соғушылардың мейрамханасы және таяқ жеушілердің мәжбүрлі жатын мекені. Бұл алдыңғы буын өкілдерінің жас адамдармен атқаратын жұмысының тағы бір парасы. Осы айтқандарға қоса жас буынның ұлттық сана-сезімдерін оятып, салт-дәстүрлеріміз жөнінде тарихи, ғылми, адами, қазақи түсінік қалыптастыру – абырой.
30 жылда халықты нақұрыстандыру саясаты жүрді
Әрбір қазақтың бойына ар, ождан, еркіндік, махаббат, әділдік, жауапкершілік, қаһармандық, қайсар рух дарытылуы керек. Осы қасиеттерінен айырылған ұлт тарих сахнасынан біржолата кетеді. Тарихи сахнаның қай жерінде тұрғанымызды ішіңізден есептей беріңіз. Ауданымызда осындай мәселелер жөнінде пікірлесетін, ой бөлісетін адамдар баршылық. Басшылардың тарапынан «бізден әлдебір көмек керек пе?» деген сұрау қойылса жетіп жатыр. Еліміздің болашағы үшін лауазымға жабысқан құл қазақтар емес, нағыз ұл қазақтар, білімді, өр қазақтар керек екені түсінікті болар. Қазіргі білім алу жүйесінде қиналу, жапа шегу деген қиындықтар мүлдем көзделмеген. Оқушының сана-сезімдерінде қиындыққа төзу, шыдау деген ұғым қалыптаспаған. Оларда қиындықты айналып өту, ешкімге қарсы келмеу, мүмкіндігінше алдап кету деген ішкі сезімдер басым. Ал қоғамда ұлт, Отан деген ұғымдар ақша табу деген пиғылдың қалтарысында жасырынып жарыққа шығуы қиын болып тұр. Өзіңіздің таныс адамдардан пайымдаңыз; ұлтымыздың қоғамдық негіздері бұзылып тұр, ол 30 жыл әдейі, мақсатты түрде қоғамдағы үстем тап өкілдерінің ішкі мүдделеріне сәйкестендіріліп құрастырылды.Сөзіміз дәйекті болу үшін ащы да болса бір шындықты жайып салуға тура кеп тұр. Мысалы 30 жылда халықты нақұрыстандыру науқаны жүргізілді. Сенбесеңіз, бірінші сыныптың бүкіл кітаптары мен бағдарламаларын алдыңызға қойыңыз да баланы оның ар жағына қойып ойша салыстырыңыз. Сіздің ой-пікіріңізге таласпаймын. Бала да қортынды сөз де сіздікі. Бірақ мынаны біліп қойыңыз. Дұрыс білімді адам кез келген басшыға: «мұның не?» деп айта алады. Ал басшыға ондай сөз айтатын адам керек емес. Біздегі қалыптасқан әдістеме бойынша басшы адам қол астындағы бағынышты, тәуелді адамдарды өзі жасақтайды, ол білімді адамдарды жақын жолатпайды. Сондықтан білімді адам қызметтерге орналаса алмайды да, қызметте өрлей алмайды. Жолы болмайды. Жалпы біздің қоғамда дарынды, білімді адамдарға орын жоқ. Демек ондай адамдардың тұрақты табысы жоқ. Табысы жоқ үйде кикілжің басталады, ол кісі жұбайымен ажырасады. Болашақта барлық тендерден ұтылады, себебі ол кісі тендердің ұтысынан жеңімпазды анықтайтын лауазымды тұлғаға «шапка» (үлес) бермейді, ең соңында шетелге кетуге мәжбүр болады. Шетелде ондай кісілерді қуана қарсы алады.
Сондықтан ұлтымыздың қоғамдық негіздерін сол ұлттың мүдделеріне сәйкес қайта қалыптастыру керек. Сол үшін біздің қазіргі қоғамның өзінің табиғатын ғылымның ұстанымдарымен айқындап алуымыз керек. Біз оны тек нарықтық экономика деп қоя салмай, оның қылмыскер топтардың қоғамы екенін мойындап, адамдардың сана сезімдерінде пайда болатын айуандық құмарлықтар мен төменгі топтарға тән ашкөздік қасиеттердің белең алатыны ғылми, адами тілмен теориялық, басшылық еңбектер жазылғаны жөн. Халқымызды қапас қараңғылықтан шығаратын сәт келді. Біздің қоғамды ғылыми тұрғыдан пайымдап, оған таптық ұстанымдарды қолданатын жағдайға жеттік. Біздің Ата Заңда олигархтар туралы, олардың қоғамдағы орны туралы ештеңе айтылмаған. Ал шынайы өмірде ең алдымен олардың мүдделері қорғалады. Осы тұрғыдан қарағанда біздің қоғамда үстем тап пен езілуші таптың қатынас сипаттамасын Ата Заңда атап көрсетуіміз керек. Шынайы өмірде құқық қорғау органдары қарапайым езілушілерді ашықтан ашық олигархтардың табанына салып беретіні өтірік емес. Біз қазір олигархизмнің ең жабайы бастапқы формасында өмір кешудеміз. Келесі сатыда басқа бір елдің құрамына кіріп кетіп, жоқ боп кетпеу үшін өндірісті, ғылымды дамыту керек.
Бұл үшін әртүрлі қызметтерге үміткерлерді тағайындау мәселелерінде олардың білімділік, талаптылық, ізденімпаздық, табандылық, отансүйгіштік қасиеттерін бағалау шкаласына енгізу керек. Бүгінгі таңда үміткерлердің құлдық санасы, жата қалғыштығы, көнбістігі, келісімпаздығы, өз пікірінің жоқтығы, қуыс кеуделілігі үміткерге қызметке орналасуға және иерархия баспалдақтарымен өрлеуге басымдық беруде. Мәселенің түп төркінінде Отанымызға тиесілі бір құнды нәрсені сатып жіберіп, оны бөлісіп алу емес, соны халық игілігіне жарату. Айтылғандардан туатын қортынды біздегі басқару жүйесінің жарамсыздығында. Біздегі басқару жүйесінде қазақ халқының мүддесі қарастырылмаған, онда жекелеген адамдардың топ құрап мемлекет игілігінен қомақты қаржыны қымқырып жіберуіне қолайлы жағдай жасалған. Осындай жүйені қорғау үшін біздің елде 700 000 адамнан репрессиялық аппарат жасақталған. Өз халқының игіліктерінен ұрлап, тартып алып жатқанда халық үндемей тұрмайды, қарсыласады, халықтың қарсылығына төтеп беру үшін осындай қарулы, жазалаушы мемлекет құрылады. Осындай халықты аямай жазалау үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне басшылыққа басқа ұлттың өкілі тағайындалады. Қазақстанның атом өндірісін дүниежүзінде бірінші орынға шығарған қазақ 14 жылға сотталады, оның лауазымына Ресейдің атомпромында жұмыс істейтін орыс ұлтының өкілі тағайындалады. Қазақстан көпұлтты мемлекет. Онда 6 ненец, 7 чукча, орыстар, ұйғырлар, дүнгендер және қазақтар тұрады. Барлығының құқығы бірдей. Сондықтан дүнген дүрбелеңіне, ұйғыр жанжалдарына «ұлтаралық қақтығыстар емес» деп не шындыққа үйлеспейтін, не ғылымға жанаспайтын қорытынды шығарыла салады. «Бұл өтірік» деп тоқтау салатын адам жоқ, Елдің алдына шығып мөн жағдай айтылмайды. Елдің, жердің иесі қазақ екені мойындалған. Сондықтан қазақтан бірдеңені сұраусыз алу үшін алдымен қазақты тұқырту керек. Мысалы Америкада басым ұлт жоқ. Америка келімсектердің мекені. Онда кінәлілерді жазалайды. Бізде жазалаушы мемлекет тұрғысынан қазақтарды жазалайды. Келесі жолы бірігіп қимылдап, күшейіп кетпес үшін. Мысалы дүнген дүрбелеңінің, ұйғыр қақтығысының саяси сараптамасы, ғылыми талдамасы жасалған жоқ. Президенттің елге азаматтық қоғам орнату жөнінде бағдарламасы бар. Бірақ біздің қоғамда азаматтық қоғам жөнінде түсіндіру мен оны жарнамалау жұмыстары жүріп жатқан жоқ. Демек біздің билеушілерге азаматтық қоғам керек емес. Ал аталмыш әңгіме қазақтардың санасын басқа жаққа аудару үшін жасалған құйтырқы әдіс-комбинация екені түсінікті болды. Айтылған жағдайлардан туатын қортынды кезкелген басшы адамға өзінің командасын ертіп жүруін тоқтатуы, қызметкерді өзі тағайындауын тоқтатуы заңмен бекітілүі керек. Қажет лауазымдарға үміткерлерге конкурс жарияланып, конкурс жеңімпазы ақсақалдар кеңесінде бекітілуі дұрыс шешім. Олай дейтінім мемлекет басқару жүйесін жанұяны басқару жүйесінің амал тәсілдеріне сәйкестендіргенде басқарудың әділетті түрі іске асады. Екіншіден, басшының қуыс кеудесіндегі жымысқы, жасырын пиғылдар емес, мемлекеттік идеялардың мызғымас іргетасына орнатылған ережелердің ауқымынан ауытқымау назарда тұруы керек. Бүкіл бір мемлекеттің ең түсімді қаржылық көздерін бір жанұяның мүшелері мен солардың таныстарына бөліп беріп басқа қазақтарды өгей, үлессіз резервацияларға орналастыру әділеттілікке жатпайды. Осындайда зейнеткерлерден мәселеге араласу қажеттілігі туындайы. Бұл жердегі айтылатын мәселе үлкен адамдардың, білім мен тәжірибенің шарықтау шегінде тұрған қарт адамдардың білімі мен іскерлік қабілеттерін Отанымыздың, халқымыздың игілігіне жарату, солардың мүмкіндіктерін мейлінше толық пайдалану.
Әділеттілік пен бәсекелестік жоқ жерде қоғам іріп-шіриді
Ойларымызды пысықтай келе, үлкен кісілердің мүмкіндіктерін жас адамдардың тарихи, рухани, патриоттық тәрбиесінде пайдалану, қарттарды мамандарды іріктеу шаруаларына қатыстыру, оларға аудандық соттардың құзіретіндегі азаматтық істерді өткізіп беру елімізде әділетті қоғамның жасақталуына септігін тигізер еді. Мүмкін бізде баламалы сот жүйесі пайда болар еді. Біздегі сот жүйесі мен күштік құрылымдарға ісіңіз түскен кездерін есіңізге түсіріңіз. Тек осындай жағдайларда ғана елімізде адалдық пен әділеттіліктің бәсекесі туындайды. Адалдық пен әділеттің бәсекесі (конкуренция) жоқ жерде қоғамның іріп-шіруі басталады. Адалдық пен әділеттілік бар жерде береке, бірлік, молшылық қалыптасады. Зейнеткерлердің осындай қоғамды орнатуға атсалысуы өткізілетін шаралардың мейлінше таза өтуіне, лас пиғылдардың араласпауына жол ашады. Ал енді зейнеткерлерге сондай ауқымды жұмыстары үшін, (екіншіден, ондай жұмыстарды жасауға қатынасу олардың табиғи міндеті десек те болады), соларға біз не жақсылық жасай аламыз? Тура осы мәселеде әр адам өз ақыл-парасатының жеткен деңгейіндегі ой-пікірін айта жатар. Жаман айта қоймас. Мен өз ұсынысымды ортаға салғым келіп тұр. Қытай ғалымдары биоэнергомассажер деген құрылғы ойлап тауыпты. Ол құрылғы өзінің әсер аймағында орналасқан жасушаларды тазартып жасартады екен. Жасушаларға баратын қан тамырларына жабысып қалған қалдықтардан тазартып, ондағы заталмасу үрдісін қалпына келтіреді екен. Нәтижесінде қабылдаған адамдардың қартаю үрдістерін баяулатады, адам өмірінің сапасын жақсартады және ұзақтығын арттырады.Адам организмін уытты заттардан тазартады, қанды тазартады. Зат алмасуды жылдамдатады, жасушалардың белсенділігін арттырады, иммунитетті нығайтады, дененің тонусын көтереді. Аталмыш құрылғының бұдан басқа да көптеген пайдалы жақтары бар. Болашақ уақыттарда бұндай зат әр үйдің күнделікті қажетті заттарының тізімінде тұрары анық Мысалы автокөлік, кір жуғыш машина, тоңазытқыш сияқты. Ал алғашқы кезеңде әр ауданның ақсақалдар алқасы осындай құрылғының екі-үшеуін сатып алып, қарт кісілерге көмек көрсетсе нұр үстіне нұр болар еді.
Құрметті зейнеткерлер! Мына ақпараттардың тасқындаған заманында әрбір ақсақал, үлкен адам өзінің немересіне өз тәрбиесін толық бере алмасы анық. Және мына ұялы телефондар біздерден немерелерді тартып әкетіп барады. Бізде жыл сайын 50 000-100 000 жас адамдар шетелге кетуде. Мәселе жай ғана кетуде емес, мәселе солармен бірге еліміздің қорғаныс қабілетінің, ақыл ой қабілеті мен өндірістік күштерінің кетуінде, халықтың озбырлыққа қарсылығының азаюында. Қандай мәселені алсаң да біздің болашағымыз бұлыңғыр. Қазақстан дейтін мемлекет планета картасынан жоқ болып кетудің аз алдында тұр. Біз дүниежүзіне қарызбыз. Жерінің аумағы Алматы обылысының жартысына жетпейтін Нидерландыға 50 миллиард доллар қарызбыз. Қытайға 30 миллиард долларға жуық берешекпіз. Оның үстіне Қытайдың біздің өндіріске құйған инвестициясы 80 000 000 000 (80 миллиард) доллардан астам. Инвестиция алу дегенімізді жеке адамдардың мәмлегерлік алаңындағы дарындылық белгісі деп қарамауымыз керек. Инвестиция дегеніміз мемлекеттің мойынына салынған қылтұзақ екенін естен шығармау керек. Бізде басқа елдермен жасалынған келісім шарттар Ата Заңда атап көрсетілгеніне қарамастан баспасөз бетінде жарияланбайды және түскен ақшалардың жұмсалуы туралы ақпараттар жабық. Бізде жаңа туған бала дүние жүзіне 10 мың доллар берешек. Бізде халық саны 30 жылда 2 миллион адамға көбейді. Өзбектер сол 30 жылда 14 миллион адам қосты. Қанша адам қартайып, қорғануға жарамсыз болғаны туралы деректер жабық. Қарт адамдар белгілі тақырыптардың төңірегінде ой толғап, сол тақырыптарға байланысты деректерді жинақтап, халыққа таратқан жағдайда ғана ұрпағымызға толыққанды мағлұмат бере аламыз.Оларды отаншыл рухта тәрбиелей аламыз Қысылтаяң жай туса Отанын бейбіт кезде ойрандағандар, тайраңдағандар, сайрандағандар ұшып кете салады. Қалатындар тек қайсар ұрпақ тәрбиелей алғанда ғана абыройлы болады. Тебілмей, тапталмай Отанын сақтап қалады.