Қазақстандықтар eGov mobile қосымшасы арқылы өздерін құмар ойындар мен бәс тігуден ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алады. Электронды жүйе арқылы ойын мекемелеріне және букмекерлік кеңселердің сайттарына кіруге 6 айдан 12 айға дейін тыйым салуға болады. Туризм министрлігі, Цифрлық даму министрлігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуды шектеу бойынша жаңа сервисті таныстырды.
«Енді Қазақстан азаматтары, сондай-ақ ҚР аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер egov mobile мобильдік қосымшасы арқылы 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алады», – делінген хабарламада. Бұған дейін өзін-өзі шектеуге қазақстандықтар ойын бизнесін ұйымдастырушылар арқылы жазбаша өтініш беруге мәжбүр болған.
«Жаңа қызмет өтініштерді өңдеу мерзімін едәуір қысқартады және құмар ойындарға қатысудан өзін-өзі шектеу процедурасын жеңілдетеді. Құмар ойындарға шамадан тыс қызығушылық танытқан азаматтар барлық заңды ойын мекемелері мен лицензияланған букмекерлік кеңселердің сайттарына кіруге бірден тосқауыл қоюға мүмкіндік береді», – деп толықтырды Туризм министрлігінің баспасөз қызметі.
Өтінішті қалай рәсімдеуге болады?
Жаңа қызметті рәсімдеу үшін телефонға eGov mobile қосымшасын жүктеп, электрондық цифрлық қолтаңбамен кіру қажет. «Өтініш бергеннен кейін сервис өтінішті дереу тіркейді және өтініш берген тұлға өтінішті қайтарып алу құқығынсыз 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан шектелген адамдардың тізіміне енгізіледі. Құмар ойындарға қатысуды шектеу және бәс тігу мерзімі аяқталғанға дейін шектеуді ұзарту туралы өтініш беруге болады», – деп атап өтті бағдарламаны әзірлеушілер. Олар тізімге енген адамдар туралы ақпарат құпия болып қалады деп сендіреді.
Қ.Тоқаев лудомания туралы не деді?
Айта кетейік, 2023 жылы қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өткен. Жиында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелері қарастырылған. «Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды», – деді Президент. Президент осы жаман әдетке, әсіресе, жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырған. «Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс», – деді Президент. Президент елімізде лудоманияның белең алуына қарсы бағытталған әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруда қоғамның, дін қызметкерлерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі ерекше екенін атап өтті. Кеңес отырысының қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев халық арасындағы құмар ойынға тәуелділікпен күресу үшін заңнамалық, ұйымдастырушылық және ақпараттық-идеологиялық шаралар кешенін қабылдауды тапсырды.
Футболдан құрамамыз Грекияға жорыққа аттанды
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 21 наурызда сырт алаңда Грекия құрамасымен кездеседі. Отандастарымыз УЕФА Ұлттар Лигасының 2024/2025 маусымында «В» тобында ойнайды. Бүгінде ұлттық құраманың наурызда өтетін ойындарына шақырылған ойыншылардың нақты тізімі жарияланды. Қос команда арасындағы ойында кім жеңіске жетеді? Біздің құрама қаншалықты дайын? Өткен маусымда ұлттық құрама жігіттері тамаша өнер көрсетіп, футбол жанкүйерлеріне ұмытылмас эмоция сыйлаған болатын. Осы жолы, яғни маусым басындағы алғашқы ойын қалай өтеді? Шолу жасап көрелік.
Әңгімені қарсыластардан бастасақ. Грекия елінің футбол федерациясы құрама ойыншыларының Қазақстанға қарсы матч алдында жақсы дайындалып алуы үшін Суперлига ойындарын кейінге шегерген. Осыдан-ақ қарсыластардың дайындыққа шындап кіріскенін көруге болады. Жалпы, Грекия ұлттық құрамасы барлық көрсеткіш бойынша бізден бір қадам алда. Себебі құрама мүшесінде Нидерланд чемпионатында сұрмергендігімен көзге түсіп жүрген ойыншылары жетерлік. Ал, ФИФА рейтингі бойынша да бізден әлдеқайда жоғары тұр. Құраманың соңғы ойындарына көз жүгіртсек, өз алаңында жақсы өнер көрсетіп жүргенін көруге болады. Демек, өз алаңында қолдайтын жанкүйерлері көп жиналады деген сөз. Ал, жанкүйер қолдауы – жеңістің басты қаруы. Былтырғы маусымда өз алаңында 6 ойын өткізсе, оның тек біреуінде ғана жеңіліп қалған. Ал, екі ойында тең түскен. Көрсеткіш жаман емес. Соңғы рет Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі 10 турында өз алаңында Франция құрамасын қабылдап, 2:2 есебімен тең түскен. Ал, чемпионаттың топтық кезеңінен 13 ұпаймен ІІІ орын иеленді. Осы чемпионатта шабуылшы әрі «Олимпиакос» клубының ойыншысы Гиоргос Масурас 5 гол салып, көзге түскен болатын. Грекия мен Қазақстан құрамасы өз тарихында үш мәрте кездесіпті. 2004 жылы Әлем чемпионатында бір топқа түсіп, 3:1 есебімен жеңіс қарсыластардың пайдасына шешілген. Ал, 2005 жылы отандастарымыз қарымта мачта қарсыластарын өз алаңында қабылдап, 1:2 есебімен қайта жеңіліп қалады. Бірақ, сол уақытта жерлестер лайықты өнер көрсете алды. 2006 жылы отандастарымыз сырт алаңында жолдастық кездесу өткізеді. Сол уақытта да 2:0 есебімен жеңіліс табады. Дегенмен, Ұлттық құрама ойыншылары былтырғы Еуропа чемпионатының топтық кезеңінде қалай атой салғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Бұл дегеніңіз, жерлестердің тәжірибе жинағанын білдіреді емес пе?! Қос құрама арасындағы ойын тартысты өткелі тұр. Ал, сіздіңше, бұл ойында кім жеңіске жетеді?
Ұлттар Лигасының жартылай финалдық матчында жеңімпаз атанған ұжым Люксембург пен Грузия арасындағы өтетін ойында жеңіске жеткен құрамамен Еуропа біріншілігінің жолдамасын сарапқа салады.
Наурызнама:
Бабаларымыз Ұлттық спорт арқылы ұрпағын шыңдаған
2024 жылғы 20 наурызда Наурыз мейрамын тойлау аясында елордадағы «Арғымақ» ат спорты кешенінде ұлттық спорт күніне арналған «НАУРЫЗНАМА: Ұлттық спорт күні» мерекелік іс-шарасы өтті. Мерекелік іс-шара аясында көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуудан көрсетілімдер және тоғызқұмалақ пен асық атудан шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Қонақтарға қазақы тазы және бүркіт көрсетілді. Сондай-ақ, қолөнершілер жәрмеңкесі, ұлттық спорт ардагерлерін марапаттау рәсімі мен мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Іс-шараны ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы Астана қаласының әкімдігімен бірге ұйымдастырды.
Ұлттық спорт – қазақты әлемге танытудың бірегей жолы. Кез келген халықтың жаны мен рухынан хабар беретін – оның ұлттық тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрі. Ұлттың өзін мойындатудың ең тиімді жолы. Қай заманда болсын дайындығы күшті, шеберлігі мықты сарбаздар шайқаста жеңіске жетеді. Сол себепті, байырғы көшпенді бабаларымыз бейбіт күннің өзінде сарбаздардың жауынгерлік даярлығын жетілдіріп отырған. Яғни, шайқас кезінде жауынгер қолданатын әдіс-тәсілді бейбіт күндері ұлттық ойын ретінде үздіксіз дамытқан. Әрі қомақты бәйге тігіп, жауынгерлерді ынталандырған.
Мысалы, көкпарды алайық. Бұл – жауынгердің ат үстіндегі ептілігі мен тақымын шынықтыратын жаттығу. Шайқас кезінде жолдасың жараланып аттан ауып барады. Оның денесін жерге түсірмей іліп алып құтқару керек. Немесе жау сарбазының тақымға басқан жарағын тартып алу қажет. Осындай жағдайда көкпар тартып шыныққан жауынгер қиналмай-ақ жеңіске жетеді.
Аударыспақ ше?! Дала сарбазы үшін жауды ат үстінен аударып тастап, астындағы тұлпарын олжалау немесе қиын-қыстау сәтте қарсыласқан жауға найзасын тіреп, ердің үстінен аудару сияқты жауынгерлік жаттығуды жетілдіретін тәсіл.
Теңге ілудің де ілкідегі маңызы осы тектес. Мысалы, шайқас кезінде қорамсақтағы оғыңыз таусылды. Жау ентелеп келе жатыр. Қайтесіз, атпен шауып өтіп, жерде шашылып жатқан жебелерді теріп аласыз немесе жаудың қолынан сусып түсіп кеткен қанжар-қылышын лып еткізіп іліп алып, өзіне жұмсайсыз. Мұндай жауынгерлік әдіс-тәсілді жетілдіріп отыру үшін қазақ «теңге ілуді» ойлап тапқан.
Садақ ату да жауынгерлік жаттығу. Бейбіт күні садақты көп атқан сарбаздың мергендігі жетіледі, жебе тартудың машығын үйренеді. Өзінің нысанаға дәл тигізетін қашықтығын анықтап алады. Көшпенділердің аса бір қадірлейтін адамы осы – мергендер. Қазақтың батырлық дастандары мен эпостық жырларында асқан мергенге хан қызын бергені жайлы дерек жеткілікті. Мысалы, Қобыланды батыр жырында Көктем аймақ деген хан ай астына алтын жамбы құрып, оны атып түсірген адамға қызымды беремін деп жар салады. Жамбыны Қобыланды батыр атып түсіріп, Құртқа сұлуды алып қайтады.
Ал ұлттық өнер дегеніміз – ол жоғарыда айтып өткен жауынгерлік жаттығудың басқаша қыры. Қазіргі таңда қазақтың атбегілік, құсбегілік, саятшылық өнерін спортқа жатқызып жүрміз. Бұл – спорт ойындарына қарағанда интеллектуалдық сипаты басым көшпенділердің ақыл-ой еңбегінің тұрмыстағы жемісі. Бұл жерде халықтың байырғы генетикалық жадысы жатыр десе де болады.
Мысалы, сонау бағзы заманда атақты Толыбай сыншы жолаушылап келе жатып, анадай жерде жатқан қуарған аттың бас сүйегін көзі шалады. Тізгінді тартып тұра қалып: «Ей, мынау ерен жүйріктің басы екен, имек тұмсық, бөкен танау, көзінің ойындысы терең, жар қабақ, екі жақтың ортасы алшақ, тістері әлі жалтырап тұр, сүйегі қандай асыл еді жануардың. Мына тұмсығына қарағанда, шоқтығы биік, аяғы ұзын, қоян тірсек, серпіні қатты, сіңірлі екен. Құмдауыт, босаң, көбелең жерде бәйге бермейтін ат қой бұл. Жасы тоғыздан асып, онға қараған дер шағында өлген екен, жануар», – депті. Тірі жылқыны көрмей-ақ қу басқа қарап осылай деген. Сол сияқты кәнігі құсбегілер де самғау көкте, көз көрім биікте ұшып бара жатқан қыранды да осылай тап басып танып айта беретін болған. Мұндай интеллектуалдық қабілетті қазақ «сұңғылалық» деп атаған.
Қазір осы интеллектуалдық жадыға қатысты ұлттық өнерді ұлттық спортпен араластырып жібердік. Бұл болашақта бөлек тақырыпқа жүк болатын дүние. Қазақ осы жадысын қалпына келтірмей, байырғы тек-танымымен қауыша алмайды.
Үшінші – ұлттық ойын. Бұл жоғарыдағы жауынгерлік жаттығудың алғашқы бастауыш сабақтары сияқты дүние. Қазіргі таңда қоғамдық өмірге жалпыласқан ұлттық ойын түрлеріне асық ату мен тоғызқұмалақты жатқызуға болады. Өйткені бұл екі түрден республикалық деңгейде жарыстар ұйымдастырылады және шеберлік атақтары беріледі. Асық атуды алайық. Мұның өңірлік немесе өлкелік ойын түрлері көп. Мысалы, оған «Ханталапай», «Хан ату», «Құлжа ату», «Құмар», «Қақпақыл», «Қаржу» немесе «Қаржымақ», «Төрт асық», «Бес тас», «Иірмекіл», «Омпа», «Бәйге», «Бес табан» т.б. жатады. Бұл ойындарды негізінен жасөспірім балалар ойнайды. Яғни болашақ ел қорғайтын жауынгер жас кезінде асық ату арқылы мергендігін шыңдайды, дәлдігін жетілдіреді, ептілігін арттырады. Осылай жастай шыныққан бала ержеткенде епті жауынгерге айналады. Қысқасы, біздің «Ұлттық спорт» деп жүргеніміздің тарихи-этнографиялық маңызы осы.
Бетті дайындаған – РАУАН МУТАИР