Төрт оқу-жаттығу трамплині, 300 орындық мамандандырылған мектеп-интернат және 3 мыңға жуық көрерменге арналған жабық мұз айдыны бар әлеуеті жоғары кешеннің құрылысы Щучинск қаласында басталды. Бұл ғимараттар қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығының үшінші кезегінің құрылысы болып табылады.
Жобаның жүзеге асырылу барысы мен алдағы жоспарларын пысықтауға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов нысандарды аралап танысты. Алдағы уақытта орталық қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрамаларды халықаралық жарыстар мен Олимпиада ойындарына даярлайтын негізгі базалардың бірі болады. Бұл спорт резервін даярлау сапасын жаңа деңгейге көтеріп, Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.
Кешеннің әулеттік тұжырымдамасы білім беру, кәсіби спорттық дайындық және спортшыларды оңалту үдерістерін бір арнаға тоғыстыратын бірыңғай инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді. Сонымен қатар профессор-оқытушылар құрамына арналған тұрғындар корпусы және қажетті инженерлік инфрақұрылым нысандарымен жабдықталады.
Құрылыс барысымен танысқан әкім Марат Ахметжанов: «Біздің басты міндетіміз – жас спортшылардың қабілетін шыңдап, шеберлігін жетілдіруіне және жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне барлық жағдай жасау. Ол үшін сапалы білім беруді, толыққанды жаттығу үдерісін және спортшылардың оңалуына қажетті мүмкіндіктерді біріктіретін заманауи инфрақұрылым қажет. Жаңа кешенде 300 оқушы білім алып, 100-ге дейін спортшы жыл бойы қысқы спорт түрлері бойынша дайындықтан өте алады. Бұдан бөлек, мұнда халықаралық деңгейдегі ірі жарыстарды өткізуге де мүмкіндік туады. Бұл орталық елімізде қысқы спорт түрлерін дамытуға және спорт резервін қалыптастыруға елеулі үлес қосатынына сенімдімін», – деп лебіз білдірді.
Үшінші кезектің іске асырылуының нәтижесінде Олимпиадалық даярлау орталығының мүмкіндіктері кеңейіп, оқу-жаттығу жиындарын өткізу, спортшылардың кәсіби шеберлігін шыңдау, түрлі деңгейдегі жарыстарға дайындалуына, қатысуына қолайлы мүмкіндіктер туады.
Алдағы уақытта кешен еліміздің спорт инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналып, Щучинск қаласының қысқы спорт түрлерін дамыту орталығы ретіндегі әлеуетін арттырады. Сондай-ақ қазақстандық чемпиондардың жаңа буынын тәрбиелеуге жол ашатынына ел сенімі зор.
Бетті дайындаған –
Дахан ШОГШИР
















