ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «AMANAT» партиясы, «ЕлАна» сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Qazaqstan dauiri» газетінің «Ел аманаты: Ауыл – ел бесігі» атты экспедициясы Түркістан облысында
Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті өзінің дәстүрлі экспедициясымен Жамбыл облысындағы кезекті ауданында болды. Бұл жолғы іссапарымыз киелі Түркістанда жалғасын тапты. Еланасы атанған Сәуле Мешітбайқызы киелі Түркістанға ат басын бұрып, Түркістан облысының бірақатар басшыларымен кездесті. Айтып өтетін болсақ, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысы Оспанов Тұрғанбек Үсенбекұлымен де кездесіп, ауылшаруашылығындағы өзекті мәселелерді талқылап, келер жылға ұсыныс-жоспарларымен бөлісті. Сәуле Мешітбайқызы ауылшаруашылығымен бірлесіп «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуына зор үлесін қосып жүргені жасырын емес.
Еланасы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Тәжібаев Бейсенбай Дәулетұлын жаңа қызметімен құттықтап, қоғам өміріндегі көптеген өзекті мәселелер айтылып, тіл, дін, тарих, заманның бүгінгі қажеттіліктері және басқа да алуан ұлттық тақырыптар жайында сөз қозғалып, пікір алмасты. Сондай-ақ дәстүр бойынша «Qazaqstan dauiri» газетінің кітапханасынан шыққан «Ұлт шырағы» кітабын сыйға тартты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз хатшысы Сүлейменова Мира Пернебекқызына Еланасы ерекше құрметпен алғысын білдіріп, «Qazaqstan dauiri» газетінің 30 жылдығына арналған мерейлі төсбелгісін табыс етіп, дәстүрлі кітаптарын сыйға тартты.
Экспедициямыздың мақсаты – облыста атқарылып жатқан жұмыстарды көптің назарына, түйткілді мәселелерін биліктің назарына жеткізу. Түркістандықтардың негізгі кәсібі – ауылшаруашылығы. Әсіресе, диқаншылық машық ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатыр. Ерте көктемнен қара күзге дейін бел жазбайтын диқан қауымы тұрмысын осы кәсіппен түзеп, жер еміп күнелтуде. Жалпы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында ауылшаруашылығы саласының алар орны ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел Үкіметінің алдына халықты негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету жөнінде арнайы міндеттеме қойғаны белгілі. Бұл орайда Түркістан облысында ауылшаруашылығы өндірісін тұрақтандыру ісі қарқын алған. Мысалы, ауылшаруашылығы саласында биыл 996,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, көлем индексі 101,2 % артты. Бұл республикалық көрсеткіште 11,4%. Осылайша өңір 3-орыннан көрінуде. Айта кету керек, былтыр 11 айда бұл көрсеткіш 864,0 млрд теңге болған еді. Ауылшаруашылығында 1 жұмысшыға шаққандағы еңбек өнімділігі биыл 2 889,7 мың теңгені көрсетуде. Ауылшаруашылығының негізгі капиталына 59,8 млрд теңгеге инвестиция тартылғанын да атап өткен жөн. Соның ішінде бір ғана азық-түлік өндірісіне 7,2 млрд теңге инвестиция салынып (120,4 %) отыр. Нарықтағы тұтыну тауарының негізгі бөлігін отандық өнім құрауы үшін агроөнеркәсіптік кешен саласында 2022-2026 жылға дейінгі кезеңде құны 205,2 млрд теңгені құрайтын инвестициялық 57 жобаны іске асыру жол картасы әзірленді. Биыл құны 19,2 млрд тг құрайтын 30 жобаны іске асыруға күш салынды. Бұл орайда айрықша айта кетерлігі, іске асқан 25 жоба аясында 599 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Атап айтқанда, Мақтаарал ауданында мақта өңдейтін «ZHANASSYL» ЖШС, Сайрам ауданында «Zaure Group» өнеркәсіптік кешені, Бәйдібек ауданында 450 га алқапты жаңбырлатып суаратын қондырғысы бар «Ел-Нұр-Г» ЖШС-нен сала мамандары үлкен үміт күтуде. Түркістан облысын дамытудың кешенді жоспары аясында Түркістан қаласы айналасында 11 мың гектар азық-түлік белдеуін құру жобасы жүзеге асуда. Бұдан бөлек, құны 6,5 млрд тг құрайтын 5 инвестициялық жоба іске асырылып, 2 мың гектарға жаңбырлатып суғару технологиясы орнатылды. Мысалы, «Түркістан Агро ХХІ» ЖШС 733 га алқапқа жаңбырлатап суару технологиясын ендіріп отыр. Жоба құны – 1,8 млрд тг. Ал, «Ынтымақ Агро ХХІ» ЖШС 363 гектарға 1 млрд теңгеге жаңбырлатып суару технологиясын орнатты. Ал, «Картекс Агро» АШӨК 174 гектарға жаңбырлатып суару технологиясын 274,0 млн теңгеге ендірді. «Тurkistan Fruit» ЖШС 400 гектар алқапқа қара өрік отырғызды. Жоба құны – 3,5 млрд тг. Бұл орайда «Органик Агрофуд» ЖШС-нің де тірлігін үлгі етуге болады. Ол 50 гектарға өрік бауын баптамақ. 184,0 млн теңгені құраған бұл жоба да өз шығынын ақтайды деп күтіліп отыр. Игілікті іс өз жалғасын табары сөзсіз. Соданда болар, ауылшаруашылығы мамандары келер – 2023 жылы құны 20,3 млрд тг құрайтын 4 жобаны жоспарлап отыр. Ол негізінен жеміс-көкөніс сақтайтын қойма, тауарлы сүт фермасы, шабдалы бауы, өнеркәсіптік жылыжай кешені ретінде жүзеге аспақ. Өзі өсірген жеміс-жидекті сақтайтын қойма салуға «Тurkistan Fruit» ЖШС де білек сыбана кіріскен. Келер жылы бұл серіктестік 40 мың тонналық жеміс-көкөніс сақтау қоймасын салмақшы. Дәл осындай көкөніс сақтайтын қойманы «Kereku Agro» ЖШС де сыйымдылығы 12 мың тонналық етіп саламын деп отыр. «Түркістан Агро ХХІ» ЖШС 1200 сиырға арналған тауарлы сүт фермасын салуды көздеп отыр. 50 гектар алқапқа шабдалы бауын жасақтау үшін «Органик Агрофуд» ЖШС құны 100 млн теңгелік жоба ұсынуда. Бұл жобалар жүзеге асып жатса, ішкі нарықта тұтынушыға отандық көкөніс, жеміс-жидектерді жыл – он екі ай ұсынуға мүмкіндік туары сөзсіз. Түркістан облысында ауылшаруашылығы дақылдарының да көлемі артып келеді. Биыл, мысалы 859,9 мың гектарға егілген дәнді дақыл былтырғы жылмен салыстырғанда 14,4 мың гектарға ұлғайды (2021 ж. 845,5 мың га). Нәтижесінде 777,0 мың тонна дәнді дақыл жиналған. (2021 жылы 587,4 мың тн). Көкөніс, бақша дақылдары бойынша биыл 3 млн 245,5 мың тонна өнім жиналған (2021 жылы 3125,6 мың т). Жеміс-жидек, жүзім 22 мың тоннадан артып, 222 мың т өндірілді (2021 жылы 200,0 мың т). Облыста қарқынды баудың көлемі 4,7 мың гектарды құрайды. Дәстүрлі баудан гектарына 60-70 центнерден өнім алынса, қарқынды баудан 300-350 центнерден өнім жиналуда. Биыл шитті мақтаның түсімділігі гектарынан 27,4 центнер, 346,0 мың т жиналды (2021 жылы 290,4 мың т 26,2 ц/га). Республика халқын отандық өнімдермен қамтамасыз етуде Түркістан облысы алдыңғы қатарда. Еліміз бойынша өндірілген мақтаның – 100 %, жүзімнің – 76 %, бақшаның – 64 %, жеміс-жидектің – 40,0 %, мақсарының – 29 %, жүгерінің – 26 %, көкөністің 25 % Түркістан облысының үлесінде. Салада еңбек өнімділігін арттыру, ағын су тапшылығын төмендету бағытында жылыжай шаруашылықтарын дамыту, су үнемдеу технологияларына көшу жұмыстары жүргізілуде. Жаңадан 101 гектарға жылыжайлар салынып, жалпы көлемі 1625 гектарды құрады. Бұл Республика бойынша – 71 % Айтпақшы, су үнемдеу технологиялары 36,7 мың гектарға ендірілген, оның ішінде 29,2 мың гектар тамшылатып суғару, 7,5 мың гектар жаңбырлатып суғару технологиялары.
Судың да сұрауы бар
Суармалы жерді тиімді пайдалану – агроөнеркәсіп кешенінің негізгі міндеттерінің бірі. Бұл орайда Түркістан облысында нақты жобалар жасалып, маңызды шаралар қолға алынған. Республикадағы жалпы суармалы алқаптардың 4/1 бөлігі Түркістан облысына тиесілі (548,2 мың гектар). Бүгінде өңірде «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында 264,0 млн м3 қосымша ағын су жеткізетін стратегиялық маңызға ие 5 ірі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда «Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу» жобасы бойынша 59 шақырым канал бетонмен қапталып, қала аумағындағы 2,1 шақырым канал бойы абаттандырылды. Нәтижесінде жылына 60 млн м3 ағын су үнемделетін болады. Каналдың су өткізу құрылымдарына аустралиялық «Рубикон Воутердің» тәжірибесімен автоматтандыру жүйесі орнатылуда. Ал, сыйымдылығы 18,5 млн м3 құрайтын «Кеңсай - Қосқорған - 2» су қоймасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жалпы жоба аясында жылына 31,0 млн м3 ағын су қосымша жеткізіледі. Сонымен қатар, «Боралдай» су қоймасы (65 млн м3, жоба құны – 15,0 млрд тг), «Бәйдібек ата» су қоймасын салу (68 млн м3, жоба құны – 16,9 млрд тг) және Кентау қаласында «Қосқорған» су қоймасын одан әрі толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу» (40 млн м3, жоба құны – 20 млрд тг) жобалары әзірленуде.
Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда Түркістан өңірі кепілді ағын сумен қамтамасыз етілетін болады. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 1,3 млрд теңге қаржы қаралып, Отырар ауданындағы Р-1 каналы күрделі жөндеуден өткізілді. 6 су нысанын (Қазығұрт ауданындағы Р-4-4, Р-2 және облыстық коммуналдық меншіктегі Бөген, Қошқорған су қоймалары, Қараспан су торабы, Түркістан магистралды каналы) ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Мақтаарал ауданының коммуналдық меншіктегі жалпы алғандағы 141 шақырымды құрайтын 54 қашыртқыға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. «Нәтижесінде 12,9 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады» дейді сала мамандары. Сонымен қатар, облыстық ауылшаруашылығы басқармасына қарасты «Тұран су» ШЖҚ МКК-ның өз қаржысы есебінен, Түркістан қаласының жаңа әкімшілік іскерлік орталығы аумағынан ауданы 1 783,3 шаршы метрді құрайтын 3 қабатты әкімшілік ғимарат салынды. Әкімшілік ғимаратқа «Тұран су» ШЖҚ МКК-ны мен қатар облыстық «Ветеринариялық қызмет» ШЖҚ МКК-ны орналасты.
Мал баққанға бітеді
Түркістан облысы мал шаруашылығы бойынша елімізде 7-орында. Республика бойынша ірі қара мал санының – 13 %, ұсақ малдың – 24 %, жылқының – 11 %, түйенің – 15 % және өндірілген еттің – 12 %, сүттің 12 %-ы облыс шаруаларының үлесінде. Бүгінгі күні облыста 1 078,6 мың ірі қара бар. Ұсақ мал сарны – 4 746,4 мың, жылқы – 397,0 мың, түйе – 37,8 мың, құс 1 989,3 мыңды құрайды. Биыл өңірде 214,1 мың тонна ет, 722,1 мың тонна сүт, 232,9 млн дана жұмыртқа (111,1 %) өндірілді. Тұқымдық түрлендіруге ірі қара аналықтың 19,8%, уақ малдың 47,4%-ы қатысуда. 11 айда облыста «Сыбаға» бағдарламасымен 1 182 бас асылтұқымды ірі қара мал, «Алтын асық» бағдарламасымен 40,0 мың бас уақ мал, Құлан бағдарламасымен 1973 бас жылқы сатып алынды. Түркістан облысы ет экспорты бойынша республикада 1-орында. Өңірде жалпы 9185 бордақылау алаңы бар. Оның ішінде 400 басқа дейінгісі 9153 бірлік, 400 бастан – 1000 басқа дейінгісі 10 бірлік, 1000 бастан жоғары 22 бірлік мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Айта кету керек, елімізден экспортқа жіберілетін ірі қара мал етінің 75 %, қой етінің 40 %-ы Түркістан облысының үлесінде.
Мал азықтық қорды қамтамасыз ету тұрақты бақылауға алынып, 5,2 млн тонна мал азығы дайындалды. Бұл облыстағы мал басына жылдық қажеттілікті 1,3 есеге қамтамасыз етеді. Түркістан облысы негізінен экспортқа көкөніс, бақша, жеміс-жидек, картоп, мақсары, өсімдік майы, ұн, ет, сүт өнімдері, балық және балық өнімдері және мақта талшығын шығарады. Биыл 10 айда 430,6 млн АҚШ долларын құрайтын 1 066,5 мың тонна өнім экспортталған. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы бойынша 1 043,0 мың тонна және мал шаруашылығы өнімдері 22,7 мың тонна. Ірі қара малын экспорттауда республикада көш бастап отырған Түркістан облысы бір ғана Өзбекстан еліне сиыр етінен – 13,2 мың тонна, қой етінен 6,0 мың тонна экспорттауда. Балық өнімдері 2,7 мың тонна Еуропа (Германия, Литва) және Ресей, Өзбекстан елдеріне жөнелтуде. Ал, 9,3 тонна шұжық өнімдері және 648 тонна құс еті Ресейге экспортқа шығарылды. Сонымен қатар, 452,1 мың тонна бақша өнімдері Ресей, Қырғызстан, Белоруссия, Латвия және Германия елдеріне экспортталды. Ет өңдеу бойынша ірі кәсіпорындар ретінде Ордабасы ауданындағы «Ордабасы Құс» ЖШС (жылына 9,3 мың тонна), «Инфрастрой ЛТД» ЖШС (жылына 4,0 мың тонна), Қазығұрт ауданында «Қарқын – 2030» ЖШС (жылына 2,8 мың тонна), Сарығаш ауданында «Сарыағаш құс» ЖШС (сыйымдылығы – 150 мың бас), Кентау қаласында «Яссы құс» фабрикасы (құс саны – 50,0 мың бас), Сарыағаш ауданында «Бесқара» ЖШС (құс саны – 228,0 мың бас) атап өтуге болады. Сүт өңдеу бойынша ірі кәсіпорындар – Төлеби ауданында «Фуд Мастер»ЖШС (жылына 76,2 мың тонна), Ордабасы ауданында «Бөрте Милька» ЖШС (жылына 17,5 мың тонна), Сайрам ауданында жылдық қуаттылығы 10,0 мың т 4 кәсіпорын («Натур продукт» ЖШС, «Сайрам сүт» ЖШС, «Озай Зеки» ЖК, «Рассвет» ӨК). Облыста жеміс-көкөніс өңдеу бойынша Сайрам ауданында «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС (жылына 180,0 мың тонна). Ордабасы ауданында «Александровский сад» ЖШС (жылына 1,2 мың тонна), Қазығұрт ауданында «Көрік» ЖШС (тәулігіне 8,0 тонна) атап өткен жөн. Шаруашылықты дамыту, қайта өңдеу кәсіпорнын көбейту ауыл тұрғындарын тұрақты түрде қаржылық ресурстармен қамтамасыз етіп, жұмыс орындарын ашуға негіз болуда. Облыста республикадағы агроқұрылымдардың 32 % (70,6 мың) жұмыс істеп тұр, онда 184,6 мыңга жуық жұмысшылар еңбек етеді. Биыл ауыл тұрғындарын қолжетімді несиемен қамтамасыз ету үшін 6,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Бағдарлама шеңберінде 1 277 жаңа жоба қаржыландырылды.