Серік Қайырлиев: Тілдің мәртебесі көтерілсе, мәдениетіміз де өркендейді

Серік Қайырлиев: Тілдің мәртебесі көтерілсе, мәдениетіміз де өркендейді

Орал қаласында жыл басынан бері түрлі  мәдени-көпшілік іс-шаралар,   атаулы мерейтойлар, тіліміздің мәртебесін  көтеру бағытында көптеген жұмыстар ұйымдастырылды. Осы бағытта атқарылған жұмыстармен танысу мақсатында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту  бөлімінің басшысы Серік Қайырлиевпен сұхбаттасқан едік. 

 

 «Әжемнің ертегісінен»  «Сырым батырға» дейін

 

– Серік Ерболатұлы, сіз тізгінін ұстап отырған аталмыш бөлім екі саланың бірдей жұмысын үйлестіріп келеді. Тіл мен мәдениет – бір-бірімен байланысты ұғым. Алдымен сізден облыс орталығында мәдениет саласында жыл басынан бері атқарылған жұмыстар туралы білсек деп едік.

– Жыл басынан бері қала мәдениетінде елеулі 200-ден астам ірі жоба мен мәдени көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның ішінде арнайы даталық мерекелермен қатар әртүрлі бағытта іс-шаралар оздырылып, жаңа жобалардың тұсауы кесілді. Солардың бірі – алғаш рет жүзеге асырылған «Әжемнің ертегісі» атты жаңа жоба. Қалалық білім беру бөлімінің қолдауымен өткізілген бұл жоба мектеп жасына дейінгі балдырғандарға ертегі айту арқылы ой-өрісін дамытып, тәрбиесіне оң ықпал жасау мақсатын көздеді. Дәстүр сабақтастығын жалғауға бағытталған жобамызға қаламыздағы балабақша кешендері толықтай қамтылды. Бұл жобаның өз жемісін беруіне қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты «Ардагер»  клубының «Әжелер сәлемі», «Ару аналар», «Асыл әже», «Тағылым» ата-әжелер топтары да атсалысты. Олар балабақшаларға арнайы барып, бүлдіршіндерге «Санамақ», «Қуырмаш» ойындарымен және «Бесік жыры» сынды ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға бағытталған рухани жырлармен сусындатуда.

Биылғы ақпан айында қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты «Алтын орда» жасөспірімдер мен балалар театры жазушы-драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Рахымжан Отарбаев пен жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Қажығали Мұханбетқалиұлының шығармалары желісімен қойылған «Сырым батыр» тарихи  драмасын елорда төрінде сахналаған болатын. Қойнауы тарихқа толы Ақ Жайықтың өнерпаздары астаналық көрерменнің қошеметіне бөленіп қайтты. Ал мамыр айында Есболат Абдулов атындағы үрмелі аспаптар оркестрінің «Маэстро» атты шоу концерті өтіп, оған Қазақ мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қанат Ахметов пен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Игорь Блогадарный арнайы қатысты. Оған қоса балалардың бос уақытын тиімді пайдалану және шығармашылық қабілеттерін шыңдау мақсатында «Биле, Ақжайық» III республикалық би байқауы, аймақтық II «Жайық жұлдыздары» музыкалық өнер байқауы, «Жырдың басы әз-Наурыз» атты облыстық оқушылар айтысы, облыстық «Менің бала қиялым» балалар анимациясы сынды байқаулар қаланың мәдени өмірін жандандыра түсті. Қалалық көрме залында жоғары деңгейдегі әртүрлі көрмелер ұйымдастырылды. Бұлардан бөлек «Жастар мәдениет сарайының» құзырындағы «Салтанат» би ансамблінің 5 жылдығына орай есеп беру концерті өткізілген болатын. 

– Қаладағы балалар аула клубтары да сіздің бөлімнің құрылымына кіреді. Осы аула клубтары мен соңғы кездері көбейе бастаған комьюнити орталықтардың хал-ахуалы қандай? Олардың жұмысына мониторинг жүргізіліп тұра ма? Жалпы сіздің бөлімге тағы қандай мекемелер бағынышты саналады? 

– Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің құрамына «Орал қалалық кітапханалар жүйесі» ММ, «Жастар мәдениет сарайы» МКҚК, «Мәдени-ағарту бірлестігі» МКҚК, «Мәдениет және демалыс саябақтары мен скверлері дирекциясы» МКК сынды мекемелер мен кәсіпорындар кіреді. Жалпы қала бойынша мәдениет саласында жалпы 600-ге тарта маман жұмыс жасайды. Осылардың ішінде «Мәдени-ағарту бірлестігі» тоғыз аула клубы мен 10 комьюнити орталығын, «Жас ұрпақ» жасөспірімдердің әлеуметтік даму орталығын, «Ардагер» клубын, есту қабілеті нашар жандарға арналған «Ақниет»,  көру қабілеті нашар жандарға арналған «Бойтұмар» мәдени клубтарын, Гагарин атындағы балалар кинотеатрын, «Алтын Орда» балалар мен жасөспірімдер театрының басын қосып отыр. 2019 жылдан бастап аула клубтарының материалдық базасы жаңартылып,  жөндеулер жүргізіліп, заманауи үлгідегі комьюнити орталықтары жасақталуда. Күні кеше «Әйгерім» балалар аула клубы  жөндеуден өтіп, комьюнити орталық ретінде іске қосылды.

Аула клубтары мен комьюнити орталықтарында балалардың  бос уақытын тиімді ұйымдастыру жұмыстары – үнемі бақылауда. Бала тәрбиесі қай кезде де өзекті. Әсіресе, балалардың мектептен тыс уақытының тиімді өткізілуіне аула клубтарының тигізетін ықпалы зор. Қазіргі таңда балаларға арналған  100-ге жуық үйірме жұмыс жасап, оған 2000-нан астам бала тартылған.

Тағы бір айта кететін нәрсе, осы жылы қалалық көрме залында жөндеу жұмыстары басталды. Ал келесі жылы «Жастар» мәдениет сарайы мен «Деркөл» мәдени-демалыс орталығы ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізіледі. 

 

«Қазақ мектебіне қадам  басайық» – нағыз  қазақы жоба

 

– Серік Ерболатұлы, енді тіл саласына ауыссақ. Игі бастамаларыңыздың бірі – «Қазақ мектебіне қадам басайық» жобасы аясында қаламызда қандай шаралар ұйымдастырылды? Тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында ұйымдастырылатын жобалар қатары әлі де толыса ма?

– Мемлекеттік тілді жетік білу – келешек ұрпақтың өсіп-өркендеуінің жарқын жолы. Жыл сайын сәуір-мамыр айларында Оралда жалпы орта білім беретін мектептердің даярлық тобының және мектепке дейінгі ұйымдардың жоғары орыс топтарында тәрбиеленуші бүлдіршіндердің ата-аналарымен аталған жоба аясында кездесулер өтіп, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. 2019 жылдан бастау алған бұл жоба күні бүгінге дейін өз жалғасын тауып келеді. Ана тілімізде  білім алушылардың санын арттыру мақсатында биыл үшінші жыл дәстүрлі түрде ата-аналар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде өзге этнос өкілдерінің де мемлекеттік тілге деген құрметі артып, балаларын мемлекеттік тілде оқытуға ниет білдіруде. Көптеген ата-аналар сәуір айында орысша оқытуға тапсырып қойған құжаттарын кері қайтарып, қазақ мектептеріне берді. Жоспарланған 45 кездесуге 1000-нан астам ата-ана қатысты.   

2021-2022 оқу жылында №3, 6, 7, 23,  32, 39 және Вальдорф бағытындағы мектеп-гимназиясында қазақ тілінде оқытатын мектепалды даярлық сыныптары, №32 және Вальдорф бағытындағы мектеп-гимназиясында 1-сыныптар  ашылды. 2022-2023 оқу жылында  №9, №17, №24 мектептерде  қазақтілді сыныптар ашылды. Сонымен қатар орыс тілінде білім беретін мектептерде ата-аналарға қолдау көрсету мақсатында қазақ тілінде оқытатын мектепалды даярлық топтары мен 1-сыныптар үшін ұзартылған күн тобы ашылады. Мұнда мұғалімдер оқушыларға үй тапсырмаларын орындауға көмектесіп, тілдік қорын көбейту, функционалды сауаттылығын арттыру  мақсатында әртүрлі форматта жұмыстар жүргізеді. 2021-2022 оқу жылында қала бойынша 1-сыныпқа өтініш берген 6375 оқушының 3741-і қазақша сыныпқа қабылданып, 58,6 пайыз көрсеткіш көрсетсе, 2022-2023 оқу жылында 1-сыныпқа барған 7234 оқушының  4653-і қазақ сыныбына қабылданып, 64,3 пайызды құрап отыр. 

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, мемлекеттік тіл саясатын насихаттай отырып, қолданыс аясын кеңейту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Соның бірі – мемлекеттік қызметшілер арасында өтетін дәстүрлі «Ана тілім – арым» атты облыстық біліктілік байқауы. Байқауға қатысушылар салт-дәстүр, ұлттық рухани құндылықтар тақырыбында эссе жазып, арнайы викториналық сұрақтарға жауап беріп, білім-біліктіліктерін жетілдіреді. Осындай дәстүрлі шаралардың тағы бірі – «Бала тілі – бал» байқауы. Мектепке дейінгі бүлдіршіндердің мемлекеттік тілге деген құрметін, Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастыру мақсатындағы қалалық байқаудың биылғы іріктеу кезеңіне білім ошақтары мен балабақша топтарынан 40-қа жуық бала қатысты. Міне, осындай жұмыстар арқылы тілге деген құрметті арттыруға, ана тіліміздің абыройын асқақтатуға күш салып келеміз. 

– Сіздің бөлім ономастика саласы бойынша да орайлы істердің ұйытқысы болып келеді. Осы ретте Орал қаласының ономастикалық ахуалынан хабардар болсақ. Қандай көшелердің, елді мекендердің атаулары өзгертілмек, көрнекі ақпарат құралдары сауатты аударылып жүр ме?

– Шаһарымызда соңғы 5 жылда ономастика бойынша 220 жаңа атау берілді. Өткен жылы Орал қаласы бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген, мемлекеттік тілдегі жазу транскрипциясын реттеу бойынша бір шағынауданның, бір алаңның және 14 көшенің атауын қайта атау бойынша шешім қабылданды. Биыл 16 көшені қайта атау бойынша жұмыстар қолға алынды. «Тіл туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға  байланысты мемлекеттік ұйымдар мен кәсіпкерлік нысандар басшыларына түсіндіру жұмыстары жоспарлы жүргізілуде. Жаңа өзгерістер бойынша кәсіпкерлік субъектілердің бланкілері мен маңдайшалары тек мемлекеттік тілде жазылады, қажет болған жағдайда ғана қосымша басқа тілдерде орналастырылады. Тағы бір ерекшелік – көрнекі ақпарат мәтінінің қазақшасы мен орысша аудармасының мағынасы бірдей болуы. Осы бағытта қоғам белсенділерімен сауда ойын-сауық нысандарын аралап, көпшілік орындарда жиі кездесетін ас мәзірі және нұсқағыштар, баға көрсеткіштерінің дұрыс жазылуы бойынша әдістемелік көмек көрсетілді. Аталған заңның талаптарын сақтау бойынша халыққа қызмет көрсететін мекемелердегі іс жүргізу жұмыстарына мониторинг жасалды. Соңғы уақытта кәсіпкерлік нысандарында мемлекеттік тілдің қолданылуына, яғни мемлекеттік тілде қызмет көрсету, жарнама, көрнекі мәліметтер, сыртқы ақпарат, тауар чегі, ас мәзірлері сынды мәселелерге байланысты азаматтардан шағым өте көп түсуде. Осыған орай «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп, кәсіп иелерімен семинар-мәжіліс те өтті.    

 

Жастарымыз театрға келетін болды

 

– Қаланың дамуына мәдени орталықтар үлкен әсер етеді. Ашылғанына көп бола қоймаған «Алтын Орда» мәдениет үйі халыққа, өнерпаздарға қандай мүмкіндіктер берді? Алдағы уақытта осындай мәдениет ошақтары ашыла ма?

– Иә, сіз айтып отырған мәдениет нысаны 2022 жылы «Қала күні» мерекесінде қолданысқа берілген болатын. Зашаған кентінде орналасқан нысан 250 адамға арналған. Мәдениет үйінің ашылу салтанатына Астана қаласының  «Музыкалық жас көрермен» театрының директоры және көркемдік жетекшісі, жерлесіміз Асхат Маемиров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астана циркінің директоры Ерік Жолжақсынов, танымал кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Жастар» театрының директоры Әділ Ахметов қатысып, кент тұрғындарының қуанышына ортақтасқан еді. Мұнда мәдени көпшілік  іс-шараларды ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған.

Орталықта балалардың бос уақытын ұйымдастыруға және жан-жақтылыққа баулуға бағытталған  күрес, вокал, би сынды тегін үйірмелер мен  дыбыс жазу студиясы жұмыс жасауда. Сондай-ақ Орал қаласының  кітапханалар жүйесіне қарасты №4 кітапхана филиалы жұмыс жасайды.

 

 

– Оралда өнерімен тәнті етер шығармашылық ұжымдар аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі «ALASH» этно-фольклорлық ансамблі наурызда алғашқы концерттерін берді. Осы топ туралы аз-кем айта кетсеңіз. 

– Бұл ансамбль «Жастар» мәдениет сарайының жанынан 2019 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында құрылды. Құрамы кәсіби музыкант, бірнеше аспапты меңгерген 11 адамнан тұрады. Қазіргі таңда ансамбль қоржынында 40-қа жуық шығарма бар. Ұжымның мақсаты – көненің көзіне айналған аспаптарымызды, ұлттық болмысымызды жаңғырту, халыққа кеңінен насихаттау. Халқымыздың шаңқобыз, үскірік, адырна, нар қобыз, мүйіз сырнай, жетіген, сыбызғы секілді көне музыка аспаптарын бүгінгі заманға лайықтап орындап жүр. Өзіңіз айтып өткендей, «ALASH» этно-фольклорлық ансамблінің «Еліме арнау» атты шығармашылық концерті өтті. Кеште рухы биік қазақтың ән-күйімен, дала жырларымен қоса ансамбль жетекшісі  Д.Таңатаровтың авторлық шоқтығы биік шығармалары заманауи, этно-джаз стилінде орындалды. Бабаларымыздың рухын ұлттық аспаптарымыздың сырлы сазы арқылы ерекше кәсіби шеберлікпен жеткізе білген өнер ұжымы еліміздің әр қаласына гастрольдік сапарлармен баруды жоспарлап отыр.

– Жастардың театрға деген қызығушылығын оятып жүрген «Ғасыр жастары» театры да көпшіліктің көзайымына айналды. Осы шығармашылық ұжым туралы да кеңірек білгіміз келеді.

– 2021 жылы құрылған театрдың репертуары толығу үстінде. Атап айтсақ, театр шымылдығы Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романы желісіндегі трагедиялық спектакльмен түріліп, күні бүгінгі күнге ел Тәуелсіздігінің 31 жылдығына арнап С.Асылбековтың «Желтоқсан түні» драмасын, Б.Соқпақбаевтың  «Менің атым Қожа» желісіндегі «Қиял» эксцентрикалық фарс комедиясын, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық драмасы сынды қойылымдармен көрермендерін қуантып келеді.

«Ғасыр жастары» театр әлеміне жаңа қадам басса да, мәдениет пен әдебиетті байланыстыруда елеулі жұмыстар атқарып келеді. Театрдың көркемдік жетекшісі, аталған қойылымдардың қоюшы-режиссері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Жасқайрат Валиуллиевтың еңбегі өте зор.

– Біздегі саябақтар да қала мәдениетінің бір көрінісі деуге болады. Олардың тазалығы қандай деңгейде? 

– Еліміз бойынша ең көне саябақтардың бірі саналатын «Қалалық мәдениет және демалыс саябағы» – оралдықтардың сүйікті орындарының бірі. Саябақ есебіне шаһарымыздағы 41 тынымбақ кіреді. Саябағымызды күтіп-баптау, абаттандыру жұмыстарын оның қызметкерлері жасайды. Жыл сайын жазғы маусым алдында саябақ абаттандырылып, маусымға дайындық жұмыстары жүргізіледі. Саябақ әкімшілігінің ұйымдастыруымен маусымдық тазалық  шаралары, жалпықалалық сенбілік жұмыстары үнемі өткізіледі. Сенбілік жұмыстарына саябақ қызметкерлерінен бөлек әріптес мекеме ұжымдары, жеке кәсіпкерлер, жеке кәсіпорын қызметкерлері әрқашан қолдау көрсетеді. Саябақта демалушыларға демалыс орнының тазалығын сақтау, қоқыс қалдықтарын кез келген жерге тастамау, айналаны ластамау, табиғатты қорғау жөнінде үнемі ескертіледі. 

– Сұхбатыңызға рақмет! Қаламыздың мәдениеті өркендеп, тіліміздің мәртебесі асқақтай берсін!

 

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ
14.07.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 36
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 90
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 28
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 36
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 41
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 36
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 85
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 90
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 285
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 280
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 901

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8978
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8372
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11598
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9356
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10582