Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «жасыл» энергияға ерекше екпін беріп: «Бүгінде әлем бойынша өндірілетін электр энергиясының төрттен бірі жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 80 пайызға жетеді. Біз 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 пайызға жеткізу міндетін қойдық», – деп атап көрсетті.
Расымен де бүгінгі таңда халық санының өсуіне байланысты электр энергиясына деген қажеттілік те артып келеді. Оның үстіне электр қуатына тәуелді өндіріс ошақтарының да қатары күн санап арта түсуде. Бұл ретте күннен, желден және судан қуат өндірудің маңызы ерекше екенін айтпаса да түсінікті.
Соңғы жылдары өңірімізде баламалы энергия көздерін өндіру бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіле бастады. Облыс орталығынан шалғайда орналасқан бір ғана Шу ауданының өзінде бірнеше электр стансалары жұмыс істеуде. Жуырда ғана тағы бір су электр стансасының құрылысы басталғанын айта кеткен жөн. «Компания АТ-Энерго А» ЖШС үстіміздегі жылдың үшінші тоқсанынан бастап сағатына 7 МВт қуат өндіретін су электр стансасының құрылысын бастады. Ал жобаға жауапты «АНТ Энерго А» серіктестігінің директоры Батыржан Қожайбайдың айтуынша, жобалық құны 5 миллиард 163 миллион теңгені құрайтын стансаға ресейлік «ЛОГИТЭК» ЖШС инвестиция құйыпты.
– Құрылыс жұмыстары тамыз айында басталды. Бүгінгі таңда қазу, тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Жоспар бойынша станция 2023 жылы толығымен пайдалануға берілуі тиіс. Құрылысқа жауапты бас мердігер «ПМК 46» ЖШС-нің жұмысшылары жұмысты дер кезінде бастап, құрылысты қарқынды жүргізуде. Жалпы стансаға жергілікті әкімдіктен 4,5 гектар жер телімі берілген болатын. Алайда, бұның өзі бізге жеткіліксіз болып отырғаны анықталды. Сол себепті аудан әкімдігінен қосымша жер телімін беруді сұрап отырмыз. Қабырғасы енді ғана қаланып жатқан су электр стансасы түгелдей австриялық құрылғылармен жабдықталатын болады. Бұл өз кезегінде энергия өндірудегі сапаның жоғары болуы үшін аса маңызды болып отыр. Ал мұнда тұрақты жұмыспен қамтылатын 12 адам жергілікті жерден іріктелетін болады.
Одан бөлек, биыл елімізде су тапшылығы қатты сезіліп, қуаңшылық орын алғаны белгілі. Шу ауданындағы Тасөткел су қоймасында да сейсмотұрақтылығын күшейту мақсатында жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты қажетті су мөлшері жиналған жоқ. Сондықтан биыл тіршілік нәрі тапшылығын қатты сезіндік. Су қоймасындағы құрылыстың аяқталғанын ескерер болсақ, келесі жылы ағын суға қатысты мәселе туындамауы тиіс. Айта кету керек, қазір салынып жатқан су электр стансасы біздің үшінші жобамыз. Сәтін салса, алдағы жылдары Тасөткел су қоймасының маңынан күн электр стансасының құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, – дейді серіктестік директоры.
Тағы бір айта кетерлігі, «Компания АТ-Энерго А» ЖШС аудан аумағында 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Аталған серіктестіктің ұйытқы болуымен сол жылдары бірегей жоба жүзеге асқан болатын. Дәлірек айтсақ, Тасөткел су қоймасы маңынан судан қуат өндіретін стансаның құрылысын жүргізіп, пайдалануға берді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша станция 560 395 706 теңгенің энергиясын, ал 2019 жылы 463 589 587 теңгенің қуатын өндіріпті. Мекеме басшылары бұл жетістікке тоқмейілсіп отырған жоқ. Өткен жылы «Компания АТ-Энерго А» ЖШС су электр станциясының екінші жобасын жүзеге асырды. Электр энергиясын өндіруге бағытталған нысанның екінші жобасы сәтті жүзеге асты. Аталмыш серіктестіктің бұған дейін де жұмыс істеп тұрған су электр станциясы сағатына 2,2 МВт электр энергиясын өндіруде. Бұл станциядан өндірілген электр энергиясын Қордай мен Т.Рысқұлов аудандарының тұрғындары тұтынса, жаңадан салынған станса өз өнімін «KEGOK» акционерлік қоғамына саудалауда. Былтыр «Компания АТ –Энерго А» ЖШС-нің директоры Саид Ахаев екінші жоба сәтті аяқталғаннан кейін үшінші су электр стансасының құрылыс жұмыстарын бастауды жоспарлап отырғанын жеткізген болатын. Енді міне, аталған жоба бойынша да құрылыс жұмыстары қарқын ала бастады.
Жоғарыда аталған барлық жобалардың жүйелі жұмыс істеуінің нәтижесінде бюджетке түсетін салық өсімі еселеніп, жаңа жұмыс орындары ашылып, сондай-ақ өнеркәсіп пен құрылыс нысандарының қатары арта түсетіні сөзсіз. Бұның бәрі аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайын жақсартуға септігін тигізері де анық. Жоғарыда атап өткеніміздей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2050 жылға қарай қазақстандықтар тұтынатын электр энергиясының жартысын баламалы жолмен өндіру қажеттігін айтқан болатын. Ал Шу ауданында жүзеге асып жатқан жобалар Елбасы айтқан межеге жету жолындағы қадамдардың бірі десек те болады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта өз нәтижесін беретіні де айдан анық.