«Шапағат» әлеуметтік қызмет орталығында тағы бір балақайдың қуанышына куә болдық. Ералы Шұғыла Ержанқызының 7 жасқа толған туған күніне орай тұсауы кесілді. 2018 жылы орталыққа қызмет алуға келген Шұғыла биыл аяғын нық басып, тәй-тәйләп кетті. Орталық қызметкерлері кішкентай қыздың қуанышын бөлісіп, мекеме алдында тұсаукесер өткізді. Бұл «Шапағаттағы» бірінші қуанышты жаңалық емес. Осыған дейін орталықта қызмет алған балақайлардың бірнешеуі аяғын басып кеткен болатын. Мұнда невропотолог мамандар, массаж жасаушы, дене шынықтыру мамандары секілді білікті қызметкерлер арнайы жоспармен жұмыс істейді.
– Қызымды осында әкелгенімізге үш жыл болды. Екі көзі мүлде көрмейді. Осында келгенімізде жүрмейтін. Шұғыланың жүргеніне қуаныштымын. Орталыққа рахмет! – деді анасы Бекбауова Жансая.
Анасының қуанышын көрген біз, балақайға қол ұшын созған қызметкерлердің де пікірін сұрап көрдік.
– Басында қиындау болды. Көп жылайтын. Көзінде ақау бар. Көрмегеннен кейін алдында не барын білмейді, сосын тұруға, жүруге қорқады. Құлағы да ести бермейді. Сөйтіп қазір осы нәтижеге жеттік. Әлі де жұмыс жалғасады. Бұл тек бастамасы. Өзімізше қазақи ырымға салып, тұсауын кесіп жатырмыз, – деді дене шынықтыру нұсқаушысы Қ.Мамбетов.
«Шапағат» әлеуметтік орталығында осындай қуанышты жаңалық көп болсын деген ниеттеміз. Әлем тек бала күлкісімен ғана шырайлы секілді.