Поэзия – қазақтың жаратылысымен біте қайнасқан өнер. Екі ауыз сөздің басын құрап, оны ұйқас пен ырғаққа түсіру қазақ баласы үшін тосын қабілет емес. Сан ғасырлық тарихымыздың талай парағы эпостық жырлар арқылы бүгінге жетті. Халықтың дүниетанымы, тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы мен рухани болмысы да өлеңмен өріліп, жырмен көмкерілгендей әсер қалдырады. Сондықтан ақындық өнер қазаққа сырттан келген құбылыс емес, ұлттың табиғи болмысының ажырамас бөлшегі.
Дегенмен, қазақ поэзиясының жаңа сапалық кезеңі Абай Құнанбайұлы қалыптастырған жазба әдебиеттен бастау алады. Ұлы ақын ұлттық поэзияның көркемдік көкжиегін кеңейтіп, оған терең философиялық ой мен эстетикалық биік өлшем әкелді. Соның нәтижесінде ХХ ғасырдың басы қазақ жазба поэзиясының кемелдену дәуіріне айналып, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров бастаған қуатты ақындар шоғыры қалыптасты. Олар ұлттық сөз өнерін жаңа биікке көтеріп, кейінгі буынға өшпес өнеге қалдырды.
Ұстазымыз, классик жазушы Дулат Исабеков бір сұхбатында: «Қазақ пен орыста поэзия ешқашан өлмейді», – деген еді. Бұл пікірдің астарында үлкен шындық жатыр. Өйткені тарихы мен тағдыры жырмен астасқан халық үшін поэзия – жай ғана әдеби жанр емес, ұлттың рухани жадын сақтайтын, жүрек лүпілін жеткізетін мәңгілік құндылық.
Бүгінде қазақтың жас жазба ақындарының қатары сиреді деуге болмайды. Әдебиетке өзіндік үнімен келіп жатқан дарынды қаламгерлер аз емес. Солардың бірі – жас ақын Санжар Сұлтанғазы. Жақында оның «Апа, сен болмасаң...» атты жыр жинағын оқып шықтым. Шағын ғана кітап болғанымен, одан тағдырдың табы сіңген шынайы поэзияның лебін сезіндім. Кітапты оқи отырып, жақсы жырлардың әсеріне бөленіп, ақынның ішкі әлемімен бірге толғандым.
Жинақтағы өлеңдердің ерекшелігі – автордың жеке тағдырын жалаң баяндап қоймай, сол тағдыр арқылы бүгінгі қоғамның жан дүниесін де бейнелей алуында. Оның өлеңдерінде артық сөз де, жасанды пафос та жоқ. Санжар Сұлтағазы ұзақ-сонар шумақтарға ұрынбайды. Керісінше, қысқа әрі жинақы өлең жолдарына терең мағына сыйғызып, оқырманын бір сәт аялдатып, ұзақ ойға қалдыра алады. Нағыз поэзияның қасиеті де осында болса керек: аз сөзбен көп ой айту, санаға сәуле түсіру.
Ақынның жыр жинағындағы ерекше назар аудартатын туындыларының бірі – «Нан» өлеңі. Бұл – тұрмыстық деталь арқылы тұтас бір дәуірдің әлеуметтік шындығын, жоқшылықтың ащы дәмін, ананың қасіретін және адамның жүрегінде өмір бойы жазылмайтын жараны бейнелеген әсерлі шығарма. Ақын үшін нан – жай ғана азық емес, адамның тағдырымен, балалық шағымен, ананың мейірімімен, әкенің жоқтығымен астасқан киелі ұғым.
Өлеңнің алғашқы шумақтарында ақын балалық шақтың ең ауыр сәттерін ешқандай әсірелеусіз, қарапайым әрі шынайы суреттейді:
Шарбағына көршінің артылам кеп,
Ал жеңгей нан бере ме?
Ол күмән боп...
Осы үш жолдың өзінде баланың психологиялық күйі толық ашылады. Мұнда аштықтан бұрын үміт пен күмәнның арпалысы бейнеленген. Көршінің шарбағынан аттау – жай әрекет емес, баланың намысын жеңіп, отбасының амандығы үшін жасаған мәжбүр қадамы. «Нан бере ме?» деген сауал сырт көзге қарапайым болғанымен, оның астарында бала жүрегіндегі қорқыныш, үміт және шарасыздық қатар өрілген.
Ал:
Бүтін нанға жарымай қойдық па, ана,
Кешке дейін қарызға жарты нан жеп, – деген жолдарда ақын жоқшылықтың ауқымын нақты бір тұрмыстық детекаль арқылы береді. «Бүтін нан» мен «жарты нан» арасындағы қарама-қарсылық әлеуметтік теңсіздіктің ғана емес, отбасының күнделікті тіршілігінің символына айналған. Бұл жерде «жарты нан» физикалық аштықтың ғана емес, өмірдің жартыкеш күйінің көркем бейнесі ретінде көрінеді.
Өлеңдегі ең ауыр психологиялық көріністердің бірі – қарызға алынған жарты нанды кеш болмай жатып қайтарып сұрайтын көршінің әрекеті:
«Жарты нанды қайтар», – деп жеңгей сосын,
Кеш кірместен келетін іздеп сені.
Бұл шумақтың трагедиясы ешқандай пафоссыз-ақ оқырманның жанын ауыртады. Ақын ешкімді айыптамайды, бірақ дәл осы көрініс арқылы жоқшылықтың адамдық қарым-қатынасқа қалай әсер ететінін көрсетеді. Көрші де жоқшылықтың құрбаны, алайда сол қоғамдағы адамдардың бір үзім нанға тәуелді болуы – дәуірдің ең үлкен қасіреті ретінде көрінеді.
Келесі шумақта өлеңнің эмоциялық салмағы бұрынғыдан да тереңдей түседі:
Орнына енді ойсырап олқы түскен,
Осындайда көкемнің жоқтығы-ай бір.
Бұл жерде әкенің бейнесі шығармада тікелей көрінбесе де, оның жоқтығы бүкіл отбасының тағдырына әсер етіп тұрған негізгі себеп ретінде сезіледі. Әкенің жоқтығы – тек отбасы асыраушысынан айырылу емес, баланың қорғансыз қалуы, ананың барлық ауыртпалықты жалғыз көтеруі. Сондықтан бұл жолдар өлеңнің әлеуметтік мазмұнын тереңдетіп, философиялық сипат береді.
Өлеңнің композициялық тұрғыдан ең әсерлі тұстарының бірі – соңғы шумақтар.
Бір нан артық аламын бүгіндер мен,
Сұрап қалса берем деп бір балақай.
Бұл жолдарда ақынның азамат болып қалыптасқан ішкі дүниесі көрінеді. Балалық шақтағы жоқшылық оны сараңдыққа емес, керісінше, мейірімділікке тәрбиелеген. Бір кездері өзі бір үзім нанға мұқтаж болған бала енді басқа бір баланың сондай күй кешпеуін тілейді. Мұнда гуманистік идея ерекше айқын байқалады. Ақын өткеннің қасіретін өшпенділікке емес, қайырымдылыққа айналдыра алған.
Өлеңнің кульминациялық тұсы – соңғы төрт жол.
Нан іздетпей анаңа, менен сұра,
...Менің анам нан іздеп кеткен еді.
Содан соң оралған жоқ.
Бұл – қазақ поэзиясындағы ең жүрекке жететін финалдардың бірі. Ақын анасының қазасын ашық баяндамайды. Ол тек «нан іздеп кеткен еді» дейді. Ал «Содан соң оралған жоқ» деген жалғыз сөйлем оқырманға бүкіл қасіретті өзі сезінуге мүмкіндік береді. Мұндай көркемдік тәсіл – психологиялық поэзияның ең биік үлгілерінің бірі. Автор оқиғаны емес, оның адам жүрегіндегі салдарын сөйлетеді.
Көркемдік тұрғыдан алғанда, өлеңнің басты ерекшелігі – қарапайым сөздердің үлкен философиялық мағынаға ие болуы. Ақын күрделі метафораларға немесе әшекейлі тілге ұмтылмайды. Керісінше, «нан», «жарты нан», «көрші», «ана», «көкем» сияқты күнделікті сөздер арқылы тұтас дәуірдің әлеуметтік портретін жасайды. Осындай табиғилық өлеңнің эмоциялық қуатын еселей түседі.
«Нан» – жоқшылық туралы ғана шығарма емес. Бұл – адамдық қадір-қасиет, ананың жанкештілігі, әкенің орны, балалық шақтың жарасы және мейірімнің мәңгілік құндылығы туралы толғаныс. Ақын бір үзім нанның құнын адам тағдырының өлшеміне айналдырады. Сондықтан бұл өлең оқырманды өткенді еске түсіруге ғана емес, бүгінгі тоқшылықтың қадірін түсінуге, өзгеге жанашыр болуға үндейтін терең гуманистік шығарма ретінде бағаланады. Мұнда бір отбасының тағдыры арқылы тұтас қоғамның тарихи жады мен адамгершілік құндылықтары көркемдік биік деңгейде жинақталған.
Бұл өлең – ананың өмір жолын, тағдырын, перзент алдындағы шексіз махаббатын және уақыттың адамды қалай өзгертетінін терең сезіммен бейнелеген лирикалық туынды. Ақын мұнда анасын асқақ пафоспен дәріптемейді, керісінше, оның өмірдегі қарапайым болмысын, күнделікті тіршілігін, төзімі мен мейірімін шынайы суреттеу арқылы оқырманның жүрегіне жол табады.
Өлеңнің алғашқы шумағы ананың бүкіл ғұмырын бірнеше жолға сыйғызғандай әсер қалдырады:
Өмірдің өтеуін өтеп,
Жадырап жайқалдың елге.
Перзенттің жетеуін әкеп,
Төртеуін қайтардың жерге...
Бұл жолдарда қазақ аналарының тағдырына тән үлкен қасірет жатыр. «Перзенттің жетеуін әкеп, төртеуін қайтардың жерге» деген тармақтар ананың жүрегіне түскен орны толмас қайғыны білдіреді. Ақын бұл трагедияны әсірелемейді, тек бір сөйлеммен жеткізеді. Бірақ дәл осы қарапайымдылық өлеңнің эмоциялық қуатын арттыра түседі. Бұл – өмірдің ауыр сынақтарын үнсіз көтерген қазақ әйелінің жиынтық бейнесі.
Келесі шумақта ананың барлық өмірінің өзегі – перзенті екені айқындалады:
...Содан соң бір суып, бір ысып,
Мен үшін ғана тыныстадың.
Бұл жерде ананың бүкіл өмірі баласының амандығына бағышталғаны көрінеді. «Мен үшін ғана тыныстадың» деген жол – әсірелеу емес, перзенттің ана алдындағы шексіз қарызын сезінуінен туған мойындау. Ананың өз өмірінен бұрын баласының өмірін ойлайтын қасиеті екі-ақ жолмен өте дәл берілген.
Өлеңдегі ең әсерлі көркемдік шешімдердің бірі – қайталанып келетін қарама-қарсылықтар.
Тамақ ішпесем ұрысып,
Арақ ішкенде ұрыспадың.
немесе
Мұңымды төккенде ұрыстың,
Шылымды шеккенде ұрыспай...
Алғаш қарағанда бұл жолдарда қайшылық бар сияқты көрінеді. Алайда дәл осы тұста ананың психологиясы ашылады. Ана кейде баласын сөкпейді, өйткені оның сыртқы қателігінен бұрын ішкі күйзелісін сезеді. Ол баласының мінезін емес, жанын емдеуге тырысады. Осы арқылы ақын аналық мейірімнің жазылмаған заңын көрсетеді: ананың кешірімі – ақылдан емес, жүректен туады.
Өлеңнің философиялық тереңдігі мына шумақта айқын байқалады:
Дана боп жүрдің де кеше сен,
Бала боп қалдың-ау бүгін...
Бұл – уақыттың заңдылығын бейнелейтін ерекше көркем ой. Кеше ғана әулеттің тірегі, ақылшысы болған ана бүгін қартайып, өзі баласындай қамқорлыққа мұқтаж жанға айналған. Мұнда өмірдің мәңгілік айналымы, ұрпақтар сабақтастығы мен уақыт алдындағы адамның дәрменсіздігі көркемдік тұрғыдан өте әсерлі берілген.
Өлеңнің соңғы шумағы ананың бейнесін нақты тұрмыстық детальдар арқылы толықтырады:
Күнің жоқ кешке демалған,
Жаралған жамалың неден?
Көзің-ай кестеден талған,
Сөзің-ай «қарағым» деген...
Ақын ана еңбегін үлкен ұрандармен емес, көздің кестеден талуы, тынымсыз еңбек, «қарағым» деген бір ауыз сөз арқылы ашады. Әсіресе соңғы жолдағы «қарағым» сөзі бүкіл өлеңнің эмоциялық түйіні іспетті. Бұл – ананың өмір бойғы мейірімі мен махаббатының символына айналған сөз.
Көркемдік тұрғыдан алғанда, өлеңнің басты ерекшелігі – оның табиғилығы. Ақын күрделі теңеулер мен жасанды бейнелерге жүгінбейді. Қарапайым тұрмыстық көріністерді философиялық деңгейге көтеріп, әрбір оқырманның өз анасын еске түсіретін шынайы лирикалық кеңістік қалыптастырады. Әр шумақтың соңында қайталанатын «Апа» сөзі де жай қайталау емес. Ол өлеңнің эмоционалдық өзегіне айналып, лирикалық кейіпкердің анасына деген сағынышын, құрметін, өкініші мен махаббатын үнемі тереңдете түседі.
Жалпы, ақынның жырлары адам жанының ең нәзік иірімдерін шынайы суреттеуімен, өмір шындығын боямасыз бейнелеуімен және ұлттық болмысты терең сезіндіруімен ерекшеленеді. Оның поэзиясында туған жер, ана, балалық шақ, жоқшылық, уақыт, сағыныш пен адамгершілік сияқты мәңгілік тақырыптар өмірлік тәжірибемен сабақтасып, көркемдік биік деңгейде өрнектеледі. Ақын күрделі философиялық ойларды қарапайым тұрмыстық детальдар арқылы жеткізіп, әрбір өлеңін оқырманның жүрегіне жол табатын шынайы сезімге негіздейді.
Жыр жинағының басты құндылығы – оның өмірдің сыртқы көрінісін емес, адам тағдырының ішкі әлемін, рухани толғанысын бейнелей алуында. Сондықтан бұл туындылар тек эстетикалық ләззат сыйлап қана қоймай, оқырманды өткенге ой жүгіртуге, адамдық қасиеттерді бағалауға, ата-ана қадірін, мейірім мен жанашырлықтың мәнін тереңірек түсінуге жетелейді. Ақынның шынайы болмысы, тіл тазалығы, көркемдік ізденісі мен ой тереңдігі оның қазіргі қазақ поэзиясындағы өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан талантты қаламгер екендігін айқын аңғартады!
Қанат АЛТЫНБЕК
жазушы, зерттеуші,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі,
ҚР Ұлттық кітапханасының
Ғалым хатшысы















