Қазақтың тойы көптің назарында. Көз алдымызда әртүрлі той, әр алуан оқиғалар өтіп жатыр. Біз екі дәуірді басымыздан өткіздік. Социалистік кеңестер одағының заманында, капиталистік тәуелсіз дәуірімізді де бастан кешірдік. Тоқшылық пен баршылық жақсы, «Құдай тойдан айырмасын» деген сөз де құлаққа жылы естіледі. Дегенмен, «Атамның шоты асып- асып тиеді» деп, бүгінгі тойлар шеңберінен асып, дарақылықтың, ысырапшылдықтың, ұятсыздықтың жарыс алаңына айналып барады. Той ұлттың мінезіне сай, қоғамның қалыбына үйлесімді болу керек. Той тізгіні асабалар мен жүргізушілердің қалауынша бұрмаланып, олардың ақша табу кәсібі болып кетті. Той туралы не елден, не биліктен, не заңнан тиым болмай, «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмай барады. Тойдан қалатын салдар – қарыз қайтару, несие төлеу, отбасының ырың-жырың кикілжіңіне ұласып кетеді.
Осындай жағдайды әлдеқашан сезіп білген Түркістан қалалық ақсақалдар алқасы 2015 жылы Түркістан қаласы бойынша тойды реттеу, ойын-сауық отауларын жүйеге түсіру туралы бүкіл республикаға үндеу жариялаған болатынбыз. Бұл үндеуді іске асыру үшін, барлық әрекетімізді жасап, ережелерін белгілеп, жүйелеп жазып, елге, билікке үндеу тастаған болатынбыз. Бірақ, үндеу жарияланған соң, «Атамекен» ұлттық палатасы «Кәсіпкерлердің құқығына қол сұғуға болмайды» деген сылтаумен біздің бастамамызбен шығарылған үндеуімізге кедергі келтіріп, іске асыртпай тастады. Міне, енді бізден кейін араға он жыл салып, жақында Жамбыл облысының ақсақалдары, атқамінер азаматтары, мәслихат депутаттары той мәселесін реттеу туралы жаңадан үндеу жариялады. Жұрт болып жиналып, өз тілектерін облыс әкіміне жеткізіпті, оны облыс әкімі тыңдап, құлақ асқандықтан, қолдаушылық танытқанын естідік. Іле-шала Жамбыл облысының әкімі Қарашөкеев Ербол Шырақпайұлы Астанада өңірлер бойынша өткізілген брифингте осынау той мәселесін көтеріп, облыстың бастамасын баян етті. «Ештен кеш жақсы», Жамбыл облысының бұл үндеуін оқып, біз қатты қуандық. Бұл үндеуді бірден қолдай жөнелген «Qazaqstan dauiri» газеті болды. Арнайы бет беріп үн қосты. Газет бұл игі бастаманы онан ары насихаттап, халықтың дауысын ақпарат кеңістігіне шығарды. Себебі қазіргі кезде той мәселесін, ойын-сауық отауларын, құмар ойындарын реттеу өте қажет болып тұр.
Жас ұрпағымызды тәрбиелеу үшін, артымыздан еріп келе жатқан ұрпағымыздың дұрыс жолмен жүруі үшін, қазіргі таңдағы той-думанды өткізу тәртібін бір қалыпқа түсіріп, ортақ ережеге бағынуымыз қажет. Сонымен бірге түнгі ойын-сауық отауларын, құмар ойнайтын жерлерді де тәртіпке шақыру қажет-ақ. Міне, бұл мәселе жөнінде шын мәнінде қатты ойланып, толғанып, бір жағына шығатын уақыт жетті. Әйтпегенде, Абай Хакім айтқандай, «Қарыны тоқтық, қайғысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген күйге түсіп, құлдырауға бет аламыз. Тойдың асқынған әуресін бәсеңдетіп, тасқынның бетін қайтарып, арнасына түсіруге тиіспіз. Біз осы арқылы рәсуа болған уақытты пайдалы жұмыспен өткізуге, той мәзіріндегі шектен тыс ысырапшылдықты тежеп, үнемшілдікпен өмір сүруге, ішімдіктен, улы шегімшілдіктен арылып, салауатты өмір салтын орнатуға, жастардың бұзылып жолдан шығып кетуінен сақтануға қол жеткіземіз. Артымыздан ерген ұрпағымыз түзу жолмен жүрсін десек, біз бесігімізді түзеуіміз керек. Бесігімізді түзеу деген – ұрпақтарымызды ата-баба жолына салу деген сөз. Ұлттық дастарқанымызды да, салт-дәстүрімізге лайықтап жасауға тура келеді. Ұрпақ тәрбиесі мәселесін жаппай қолға алуымыз керек. Артымыздан келе жатқан ұрпағымыздың ертеңгі күні бұлыңғыр болмауы үшін, осы мәселені жақсылап көтерген дұрыс. Жастарды бейберекет бетімен жіберу болашағымызға залал алып келеді. Санасы биік, білімі жоғары, тәртібі түзу ұрпақ қана елдің ертеңіне ие бола алады.
Шығыс халықтарында тойды дүрілдетіп өткізу бұрыннан бар екені анық. Сол дәстүр соңғы кезде жаңарып, жамалып, шектен асып бара жатыр. Соны байқаған оңтүстіктегі көрші Өзбекстанда той мәселесін мықтап қолға алыпты. Парламентте талқыға салып, арнайы заң күші бар жарлықтар шығару арқылы мемлекет бойынша бірізділікке түсіріпті. Оларда ұлттық құндылықтарын алға тартып, тойда өтіп жатқан дарақылықтар мен шектен шығушылықтарды тыйып, таңдаулы дәстүрлерді орындауды дәріптеп отыр. Біз олардың шығарған құжаттарын алдырып, қазақ тіліне аударып зерттеп көрдік. Үлгі етіп алатын тұстары баршылық. Ендеше, біз де жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге тиіспіз. Ұлтымыздың өнегелі салттары жеткілікті. Асыл дініміздің көркемдік көкжиегі кең. Ендеше, елдің ертеңі үшін жұрт болып жұмылайық.
Жамбыл облысының тойды лайықты дәрежеде өткізу туралы көтерген мәселесін, олардың бастамасын Түркістан облыстық ақсақалдар алқасы қатты қуанып қабылдайды және қолдайды. Біз бұл мәселені қуаттай отырып, тойды реттеуді ерте бастан қолға алғанымызды, ашық айтқымыз келеді. Біздің Түркістан облыстық ақсақалдар алқасы да, осы мәселе жөнінде жалпы жиналыс шақырып той мәселесін үйлестіруді ақылдасамыз, оны жаңаша жасасақ деген ойымыз бар. Осы мәселені шындап қолға алған Жамбыл облысының ақсақалдарына, облыстық мәслихат депутаттарына, оны қолдаған облыс әкіміне ризалықпен рақмет айтамыз. Ендігі жерде бұл сөз күйінде қалып қоймай, шұғыл шаралар арқылы жүзеге асуын қалаймыз. Бұған Парламент депутаттары да үн қосады деген үміттеміз.
Жарылқасын ӘЗІРЕТБЕРГЕНҰЛЫ,
Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы