Өздеріңізге белгілі, Шымкент қаласында автобустарда жүру электронды билет ақысына көшкелі жолақысынан түсетін қаржыны бақылау, жолаушылар тасымалы саласындағы табыстың дұрыс есептелуі өз нәтижесін бере бастаған. Жолаушылар үшін де «Төлем» картасымен есеп айырысу тиімді болып шықты. Енді міне, «Төлем» компаниясы тарапынан тұрмысы төмен отбасылардың балаларына жеңілдік ретінде оқушыларға арналған «Төлем» картасын тегін беру ісі басталды. Атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасының балалары картаны мектептің әлеуметтік педагогы арқылы ала алады.
Мектеп қайсы оқушы «Төлем» картасына мұқтаж екенін анықтап, тізімін жасайды. Өз кезегінде «Төлем» компаниясы сол мектепке тегін карталарды жеткізіп береді. Шымкентте мектеп оқушылары үшін (7-ден 15 жасқа дейінгі балаларға арналған мектеп картасы бойынша) жол жүру ақысы 35 теңге. 15-тен 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мектеп картасы бойынша жолақысы 50 теңге. «Төлем» картасы арқылы автобуста тек осы сома ғана алынады. Ал «Төлем» картасы жоқтардан автобус кондукторлары 100 теңге алатыны белгілі. Бұл жалпы жолаушыларға (арнайы картасы жоқ) белгіленген жол ақысы.