ТОҚТАМАЙТЫН ТОҚТАҒАЗИН (Ескірмес эссе)

ТОҚТАМАЙТЫН ТОҚТАҒАЗИН  (Ескірмес эссе)

Қазақ медиакеңістігінде өзіндік орны бар азамат, Республикалық Бас редакторлар клубының бірінші вице-президенті, республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің бас редакторы, Құрмет орденінің иегері  Мұратбек Тоқтағазин асқаралы 60 жасқа толып жатыр. Әріптесіміз сонымен қатар еліміздің басты оқу ордаларының бірі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің профессоры ретінде де жас журналистерді шыңдауға тікелей үлесін қосып жүрген практик-ғалым.

 

– Сендер, қазақтар, осы ұлтшылдықтарыңды қашан қоясыңдар? Тәуелсіздік алдық деп тіпті құтырып кеттіңдер ғой. 

– Виталий Иванович, сіз қандай ұлтшылдықты айтып отырсыз? 

– Енді біздің сүйікті қаламыз Целиноград деген атын неге өзгертеміз деп жатырсыңдар? Сендердің  қазақша... немене деуші еді анау? Акык.. черт знает, тіпті дұрыс адамның тілі де келмейтін бірдеме... Солай деп атаймыз дегендерің немене? Вот ұлтшылдар! 

Мынаны естіген сәтте Мұратбек өзінің орнынан қалай ұшып тұрғанын да білмей қалды. Қызу қанды жігіт бір шамырқанса, атының басын оңайшылықпен тежей алмай, арындап кететін. Бұл жолы да сөйтті. 

Қалалық мәслихаттың кезекті жиналысының үстінде отырғанын да жадынан шығарып алғандай. Тіпті орысшаны кейде кідірістеп сөйлейтінін де ұмытып кеткен. Мүмкін, арасында кейбір қателер де кетіп жатқан шығар. Бірақ дәл осы сәтте ар жағынан тепсініп келген ойларды тежеуге мұршасы жоқ еді. Мәслихаттың өзге депутаттарын қаңтарып қойып, әй, бір көсіліп берді дейсің: 

– Сіз Виталий Иванович, Целиноградты тарихи атау деп отырсыз ба? Сүйікті қалаңыз болса, соның тарихын білуіңіз керек қой. Іргесі  1843 жылы қаланған бұл қаланың бастапқы атауы Қараөткел болған. Одан кейін Ақмола аталған. 1961 жылға дейін осылай аталып келгенінен неғып хабарыңыз жоқ?

Виталий Иванович болса иығын қиқаңдатып: 

–  Целиноград!.. Целиноград! – дей берді басқа сөз аузына түспей. 

– Білмесеңіз, сізге қала тарихынан кішкене хабар берейін. Ал біліп тұрып, ұмытып қалсаңыз, есіңізге түсірейін. 1954 жылы Кеңес одағының сол кездегі басшысы Никита Сергеевич Хрущев Қазақстанның солтүстік бес облысының жерінде тың көтеру идеясын ұсынды. Сонан кейін егін егу үшін тың жатқан қазақ даласына түрен түсті. Осы өңірлерді тың жерлерді жаппай жырту басталды.

– Виталий Ивановичтың әке-шешесі де сол жылдары Қазақстанға келген, – деп қалды депутаттардың бірі. – Жаңағы сіз айтып отырған тың көтеру науқанына белсене араласқан. 

– Қаланың тарихи Ақмола атауы, міне, сол кезде өзгерді. Сол Хрущевтің ұсынысымен «Целиноград» болып аталғаны 1961 жылдан бері қарай ғана. 

Мынандай әңгімеге шыдамай кеткен Виталий Иванович дауысын көтере: 

– Ал сонда қаланың жаңағы Ак... Акм... деп аталғанына қандай дәлеліңіз бар? Ол Совет өкіметінің қолдан берген атауы ғой, – деп еді, оны қостаған басқа да депутаттардың дауыстары шығып жатты. 

Сол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мәслихат құрамында орыстілді депутаттар басым болатын. Олардың ішіндегі қазақша сөйлеу ойларында жоқ кейбір қазақтар да  Целиноград атын өзгертпеу керек деп тұрып алысты. 

– Мен сіздерге айтайын, – деді Мұратбек алғашқыдай емес, енді екпінін тежеңкіреп, салмақты дауыспен. – Сол он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында осы қалада «Акмолинские ведомости» деп аталатын газет шығып тұрған. Керек болса мен сіздерге ксерокөшірмесін әкеліп көрсетемін.

Мұратбек қанша шырылдағанымен, Ақмола тарихи атын  қайтарып беруді мақұлдаған депутаттар қатары аз болды. Былайша айтқанда, бастамашыл топтың ұсынысы өтпей қалды. Бұл кезде Целиноград қалалық Советінің депутаты Мұратбек Тоқтағазин қалалық кеңестің Ақмола атауын қайтару жөніндегі қоғамдық пікірді зерттеу комиссиясының қосалқы төрағасы еді. Өзінің алғырлығымен, пысықтығымен ұлты үшін осынау қажетті даулы шаруаның басы-қасында жүруден сонда да алғашқы жеңілістен кейін тартынған жоқ.

Алған мақсатынан оңайшылықпен қайта қоймайтын Мұратбек атқа мініп алып, шайқасқа шыққан батыр аталарындай бір күй кешті. Қол жеткен бастықтарға айта жүріп, Ресейдің Горький (Кеңестер одағы ыдырағаннан кейін бұл қалада өзінің Нижний Новгород атауын қайтарып алды) қаласына жол тартты. Оның бұл жаққа аттануына себепкер болған – Ақмола тарихына қатысты бірсыпыра құжаттар осы қаланың архивінде жатыр екен деген хабар. 

Бұл сапардан іскер жігіт құрқол қайтқан жоқ. Бір жағы журналистік мамандығы бойынша алған тәжірибесі де, қаламының ұшқырлығы да кәдеге асты. 

Сөйтіп көптеген айтыс-тартыстың нәтижесінде қаланың «Ақмола» деген тарихи атауы қалпына келтірілді. Әрине, осынау маңызды істе Мұратбек Балқыбекұлы жалғыз емес еді. Қолдаушылары, жақтастары да әрекет жасап бағуда болатын. 

Осыдан кейін қаладағы қазақ басшыларының бірі: «Бұл Тоқтағазинды тоқтату оңай емес екен», – деп қалды қалжыңға сүйеп. Қалжың болса да, түбі шындық еді. 

Мұратбектің осал жаңғақ емес екендігін бірге оқыған курстастарын былай қойғанда, әр жылдары бірге қызметтес болған әріптестері де мойындайды. Бүгінде алпыстың асуына ілігіп отырған ұстаз әрі қаламгер ініміздің күш-қайраты, отаншылдық болмысы, шығармашылық қуаты  маған әлі сол қалпында болып көрінеді. Лайым, қателеспейін. 

Алға тарта бер, тоқтамайтын Тоқтағазин!

Нұрдәулет АҚЫШ, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, Алматы қаласы
09.11.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 18
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 564
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 679
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 590
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 601

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8736
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8137
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11366
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9118
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10349