Тотыдайын таранған Тараз

Тотыдайын  таранған  Тараз

Ежелден Ұлы Жібек жолы арқылы аты әлемге танылған Тараз қаласы уақыт ағымымен түрленіп, дамып, туристерді тамсандырар мекенге айналып келеді. Көне шаһардағы көз жауын алып, көңіл өсіретін жауһарларды көпке таныту мақсатында ұйымдастырылып, қолға алынып жатқан шаралар аз емес.

Әрине, қаланы туристік орталыққа, мәдени ошаққа айналдыру бағытындағы жұмыстар өз алдына бір бөлек. Ал қала болған соң, оның тұрғындарына жайлы жағдай жасау, экономикасының еңсесін тіктеу, коммуналдық жүйесіндегі қат-қабат шаруаның тетігін тауып, қаланың тіршілігіне жан бітіру жұмыстары да кезек күттірмейді. Осы орайда шаһар басшысы Ержан Жылқыбаевпен сұхбат құрудың сәті түсіп, көкейіміздегі біраз сұраққа жауап алдық. 

 

Бес бағытты жоспар

– Ержан Жұматұлы, Тараз қаласының әкімі ретінде қазіргі таңдағы күрделі де маңызды мәселелерді атап бере аласыз ба?

– Мен қала әкімі лауазымына тағайындалған сәттен бастап әлеуметтік желілерде тұрғындар маған құттықтаулармен қатар қала өміріне қатысты өтініштері мен шағымдарын да қатар жазып жатты. Бұл талап-тілектердің басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тазалық пен абаттандыру, инфрақұрылымды дамытуға қатысты болды. Алдымен, мен тұрғындарға Үндеу жасадым. Онда тараздықтарды қала тазалығын жақсарту мен сақтау шараларына бірге қатысуға шақырдым. Қала құрылысы, көшелер мен аулаларды безендіру, абаттандыру жұмыстарында бірізділіктің жоқтығы көп айтылды. Сондықтан қала ғимараттарының сыртқы келбетін біріздендіру үшін «Дизайн код» жобасы мақұлданды. Бұдан былай сыртқы жарнама, тұрғын үйлердің қасбеттерін әрлеу және қаланың сәулетіне қатысты барлық жоба сол стильде орындалатын болады. Сондай-ақ «Қоршаусыз қала» тұжырымдамасы аясында қалада 150-ден астам қоршаулар мен 500-ге жуық бейберекет орналасқан жарнама белгілері алынып тасталды.

Біз қоғам қайраткерлерімен, БАҚ өкілдерімен, жастармен бірқатар кездесулер өткіздік. Онда біраз проблемалар талқыланып, қаланы абаттандыру бойынша ұсыныстар енгізілді. Әр түрлі саланың басшылары мен қызметкерлерімен кездесулерде шұғыл және ретімен шешуді қажет ететін мәселелердің тізімі жасалды. Нәтижесінде үш түрге бөлінетін жоспар құрылды – қысқа мерзімді, орта және ұзақ мерзімді міндеттер.

Қаланың 11 ауданының инспекторлары мен учаскелік полиция қызметкерлерінің есептерінен тұрғындардың 90 пайызын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және қоғамдық көлік мәселелері мазалайтыны белгілі болды. Нәтижесінде жедел шешуді қажет ететін түйткілдер бойынша «Жол картасы» әзірленді. Ал ауқымды міндеттерді кезең-кезеңімен шешу үшін 2021-2023 жылдарға арналған бес бағытты жоспар құрылды. Атап айтсақ, жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру, аулаларды абаттандыру, сумен жабдықтау және кәріз желілерін тарту, суару арықтары мен лотоктарды реттеу. Онда жұмыстың қай көшеде және қай жылы орындалатыны көрсетілген. Бүгінде мен қала әкімі ретінде күн сайын қалаға шығып, жұмыс сапасын бақылап тұрамын.

Барлық шағынаудандағы тұрғындармен кездесулерде көп мәселенің шеті шықты. Тұрғындарды түгел тыңдадық. Бұл жұмыс қала экономикасының қазіргі күйіне көз жеткізу үшін де қосымша көмегі болды. Қоғамдық қабылдаулар барысында тұрғындар жеке мәселелерін де, өз аймағының шешімін күткен, күрмеуі қиын мәселелерін де көтерді. Қоғамдық қабылдауларда 352 тұрғын қабылданып, 582 мәселе айтылды. Бірде-бір мәсле жауапсыз қалмады. Мәселен 28 саяжайда, қаланың шетіндегі тұрғын алқаптарда (Құмшағал, Көлтоған, Қызыл-Абад, Барысхан, Қайнар) кәсіпкерлік нысандарының ең азы – азық-түлік дүкендері, шаштараз, қоғамдық монша, дәріханалар екені айтылды. Сондықтан біз «100 бизнес-жоба» арнайы жобасын мақұлдадық. Жалпы, тұрғындар азық-түлік сатып алу немесе жуыну үшін неліктен орталыққа сабылуы керек? Сондықтан біз кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие алуға, жер беруге, кәсіпкерлік нысандар ашуға көмектеспекпіз. Егер біз үндеу арқылы тұрғындарды тазалықты сақтай отырып, қаланы абаттандыруға атсалысуға шақыратын болсақ, кәсіпкерлерді әлеуметтік жауапкершілікке селқос қарамауға үндеп отырмыз. Осы ретте көптеген кәсіпкердің өз төңіректерін тазалап, жақсартқанын атап өткім келеді. Біздің басты міндетіміз – азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін жақсарту, бизнеске қолайлы жағдай жасау. Біз ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жұмыс істеп келеміз. Тұрғындардың өтініші бойынша бекітілген жоспарлар негізінде мұндай жұмыстар жүйелі түрде жүргізіле бермек. Нәтижесі – уақыттың еншісінде.

 

«Таразға тарту»

– Қаланың қазір келбеті ажарлана түскенін, «Таразға тарту» жобасы аясында аллеялар мен скверлердің көбейіп келе жатқанын көріп жүрміз. Алдағы уақытта облыс орталығының сәулеттік келбетін арттыру мақсатында қандай жобалар қолға алынғалы отыр?

– Әрине, облыс басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Таразға тарту» жобасымен ауыз толтырып айтарлық біраз шаруа атқарылды. Ең бастысы, бұл жоба елдің бірлігін, аудандардың облыс орталығына деген ерекше ілтипатын көрсетті. Биыл Tәуке хан көшесінің бойынан «Оқушылар сарайының», көркем гимнастика және үстел теннисі орталығы, Қазыбек би көшесінің бойынан «Анаға тағзым» орталығының құрылыстары басталып, «Оқушылар сарайы» мен «Анаға тағзым» орталығының құрылыстары аяқталды. 14-шағынауданда онкологиялық аурухананың құрылысы аяқталды.

Келесі жылы, Tәуке хан көшесінің бойынан Мұз сарайы, Жеңіл атлетикалық манежі, Бокс орталығының құрылысы, 14-шағынауданда 250 жатын орындық көпсалалы аурухананың құрылысы жоспарланып отыр.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Таразға тарту» жоба аясында Тараз қаласының аумағында 42 саябақ құрылысы жоспарланған, оның 39-ның құрылыс жұмыстары аяқталды, 

«Ұшбұлақ», «Қарасу» каналдарының бойы және «Ана мен бала» саябағының көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.

«Зербұлақ» су қоймасының іргелес аумағында демалыс орнының құрылысы жүргізілуде. Бұл әлеуметтік жоба «South Holiday» ЖШС-мен іске асырылуда.

Қазіргі таңда «Сәби» қайырымдылық қоры «Жайлау» шағынауданындағы тұрғын үйдің ауласында балалар алаңының, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ «Арай-2» шағынауданындағы тұрғын үйдің ауласында балалар мен спорт алаңдарының құрылысы жүргізілуде.

Бүгінгі күні қаланың тарихи орталығын құру жұмыстарының басым бөлігі жүзеге асырылды. 2013 жылдан бастап, қаланың тарихи орталығын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған.

2013 жылы көне Тараз қалашығының археологиялық қазба жұмыстарының аумағында орналасқан орталық базар бұзылып, «Kөне Тараз» археологиялық кешені, «Туризм орталығы», «Қала мұражайы», «Көрме залы», «Art Gallery», «Тарихи-танымдық орталығы» халық игілігіне тапсырылды.

Сонымен қатар «Арбат-1», «Арбат-2», «Арбат-3» жүргіншілер мен жаяу аллеялар ұйымдастырылды.

– Тарихи деректерге сүйенсек, ежелгі Тараз ішімен бірнеше канал ағып өткені айтылады. Олардың біразы әлі күнге дейін бар. Десе де соңғы жылдары қаладағы жасыл желекті суару жүйесі проблемаға айналды. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?

– Қала аумағында жалпы ұзындығы 82,5 шақырым болатын 8 суару жүйесі, яғни канал бар. Ал ірілі-ұсақты арық-атыздарды қоса есептегендегі барлық суару жүйелерінің жалпы ұзындығы 1398 шақырымды құрайды. Одан бөлек қалада 115 ирригациялық құдық, 1600 гидротехникалық құрылыс пен шағын шлюздер бар. Әрине суару қызметі вегетациялық кезеңде каналдарды, арықтар мен тоғандарды және каналдардың көпірі астын тазарту бойынша жұмыстарды үнемі жүргізіп отырады. Бұл ретте тараздықтардың тазалық мәдениетіне де қатысты айтарымыз бар. Өйткені каналдар мен арықтарға бітеліп қалған қосқыстарды сырттан біреу тастап кетіп жатқан жоқ. Өз тұрғындарымыздың әр жерге лақтырып кеткен қоқыстары су ағысының ықпалымен үлкен үйіндіге айналып шыға келеді.

Суару арықтары желісін қалпына келтірудің 3 жылдық жоспарының арқасында арықтар қалпына келтіріледі. Бұл қаланың барлық ықшамаудандары мен сегіз тұрғын алқабындағы және 46 мыңнан асатын жеке үйлерге арық бойымен су жеткізіп, тіршілік нәрімен қамтамасыз етеді деген сөз. Қысқасы, аталған жоспарды жүзеге асыру арқылы бүкіл қаланы және оған жақын орналасқан аудандарды суармалы сумен қамтамасыз ете аламыз. Су бөлу құлақтарын орнату жұмыстары қазірдің өзінде қаладағы біраз арық, каналдардың бойына «қан жүгіртіп», су деңгейі көтеріліп қалды. Осылайша Телеорталық, Тонкуруш, Сәтбаев, Химия кенті тұрғын алқаптары тіршілік нәріне қол жеткізді. 29 көше бойымен су ағып жатыр. Айта кету керек, Телеорталық, Тонкуруш тұрған алқаптарында бұрын-соңды суармалы су жүйесі болмаған.

Көгалдандыру мәселелері де қала билігінің, әсіресе коммуналдық қызметтің күн тәртібінде тұр. Күн сайын таңертең әрқайсысына 12 тоннадан су құйылған 11 КамАЗ, 5 тонналық суы бар жеті ЗИЛ көлігі жоспарланған бағыттар бойынша жасыл желекті суаруға кетеді. Олар 6-7 рейс жасайды. Айтпақшы, биыл біз араға көп жыл салып, жазғы аптап ыстықта көшелерді күндіз суару тәжірибесін қайта енгіздік.

– Жоғарыда айтып өткен «Таразға тарту» жобасы туралы қысқаша айтып өтсеңіз? Бұл жоба қала көркіне көп өзгеріс әкелгенін білеміз.

– Ағымдағы жылы облыс әкімінің бастамасымен «Таразға тарту» жобасы аясында қаладағы скверлер, саябақтар және ойын алаңшалары демеушілік есебінен абаттандырылып, жаңа көрініске енді. Негізі жоспарланған 42 нысанның 39-ын абаттандыру жұмыстары толығымен аяқталып, халық игілігіне берілсе, үшеуінің абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Жыл соңына дейін «Үшбұлақ» және «Қарасу-3» каналдарын абаттандыру жұмыстарының аяқталуы күтілуде. 

 

Жүргіншілерге арналған жағалау

– «Үшбұлақ» демекші, осы каналдың жылдар бойы қамыс басып, құрбақалардың мекеніне айналғаны жанымызға батып жүр еді. Қазіргі кейпін көріп, қалалықтар қуанып қалды. Мұндағы жұмыстар қашан аяқталады?

– Осыдан бірнеше жыл бұрын «Жеңіс» саябағын кесіп өтетін «Үшбұлақ» каналы жаңғыртылып, әдемі жағалау жасалып, тұрғындар мен қонақтар үшін тамаша демалыс орнына айналды. Алайда жаңғырту жұмыстары тек Қонаев көшесін қиып өтетін жерге дейін ғана жасалған еді. Енді «Таразға тарту» жобасы аясында «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен 350 миллион теңгеге «Жеңіс» саябағы аумағынан «Зербұлақ» көліне дейінгі «Үшбұлақ» каналының бойына жағалау жасалуда. Қазіргі уақытта судағы өскіндер тазаланып, қамысы орылып, канал бойы мен жағалауы механикалық тазартудан өтуде. Сол жағалауда ені 2 метр болатын жаяу жүргіншілер жолы салынып, Қонаев көшесі мен көлге дейінгі жол асфальтталады. Арнаның топырақ беткейлерін арнайы құралдармен нығайтып, көгалдар мен жас ағаштар отырғызылатын болады. Сондай-ақ каналдың үстіндегі көпір де заманауи үлгіде жаңа кейіпке енеді. Спорт және балалар алаңдары салынып, шағын сәулет нысандары орнатылмақшы. Жоспарлы жұмыстар қарашаның аяғында аяқталады деп жоспарланған. Ал «Зербұлақ» көлінің аумағында бой көтеретін демалыс орнын жеке кәсіпкер өз қаржысына салып, демалушыларды ақылы қабылдайтын болады. 

Айта кетерлігі, қазір қалада көше жолдарын жөндеу ісі де қарқынды жүргізіліп жатыр. Тараз қаласының көшелерін орташа жөндеу жөніндегі 2021 жылға арналған жұмыс жоспары аясында 26 көше мен оған іргелес тұйық көшелерді жөндеу жоспарланған. Үш жылдық жоспарға сәйкес, облыс орталығының аумағында 150 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қырық жылдан бері асфальты болмаған Панфилов көшесінде қазір қарқынды құрылыс жүріп жатқанына куә болдық. 

Ал тұрғын үй аулаларынан биыл 17 балалар алаңы салынады деп жоспарланған. Алаңның 12-сі қалалық бюджеттен, 5-еуі демеушілер тарапынан жасалады. Үш жылдық жоспарға сәйкес Тараз қаласында 150 аула абаттандырылған.

– Болашақта қала аумағын үлкейту, қала ішінен аудан құру туралы әңгімелерді жұрт жиі айтып жүр. Бұған алып-қосарыңыз бар ма?

– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 22 ақпандағы №104 Қаулысымен «Жамбыл облысы Тараз қаласының Бас жоспары бекітіліп, Тараз қаласы аумағының жер телімі 18787 гектар, халық саны 365000 құрайды.

Қазіргі таңда, Тараз қаласының Бас жоспарына өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізілуде. Тараз қаласының Бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу барысында қала аумағына Байзақ ауданынан 3 елді мекен, Жамбыл ауданынан 11 елдімекен қосып алу қарастырылуда. Жамбыл және Байзақ аудандарына қарасты 14 елді мекеннен аумағы 10 422,5 гектар жер телімі және 44 504 адам қосылу көзделіп, қаланың халық саны 408 235 құрайтын болады. Бас жоспарға сәйкес қала аумағы – 29 209 гектарға ұлғаяды.

«Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 2-бабына сәйкес, елдi мекендердің құрамдас бөліктері – қаладағы аудандар, яғни облыстық маңызы бар қаладағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы аудан, қаладағы аудан. Облыстық маңызы бар қаладағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы аудан халық саны 400 мың адамнан астам болған кезде құрылады делінген.

Осыған байланысты  Тараз қаласының халық саны 400 мыңнан асып, қала аумағы 2 әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкке бөлінуі жоспарлануда. Бұл жұмыстар Тараз қаласында әкімшілік бірліктерді құру, басқару тиімділігін арттыра түседі деген ойдамыз.

 

«Асарлатып үй салу» жобасы

– Былтыр облыс әкімі Б.Сапарбаевтың ұсынысымен, бастамасымен өңірде «Асарлатып үй салу» жобасы жүзе асып, баспанаға мұқтаж болып отырған жүздеген отбасының өз қонысына кіргені үлкен қайырымды іс болды. Биыл да бұл бастама жалғасын тауып келеді. Таразда бұл шаруа қалай еңсеріліп жатыр?

– Биылға жоспарланған 134 үйдің 15-і Тараз қаласында салынуда. Тараз қаласының «Шалғай Қарасу» тұрғын алқабынан 15 үй асарлатып салынып жатыр. Құрылысына қажетті материалдар күрделі жөндеуден өткен және қайта салынған әлеуметтік нысандардан шыққандардан алынды. Одан бөлек демеушілердің есебінен де қосылды. Әркім өз шамасына қарай үлесін қосып жатыр. Әрине, бұл үйлер мұқтаж отбасыларға беріледі. Әзірге кімдерге берілетіні белгісіз. Өтініш бергендер көп. Арнайы комиссия құрылып, шешім шығарылады. Ал 15 үйдің жобасы бірдей. Құрылысы аяқталғанда ауласы да қоршалады. Бұл жерге барлық инфрақұрылым тартылған. Дәл қасынан жаңа мектеп те бой көтеріп жатыр. 

Тараз қаласынан өткен жылы асарлатып, 2 үй берілген еді. Міне, биыл күн суытпай, 15 баспана өз иелеріне тапсырылмақ.

– Әңгімеңізге рахмет! 

 

Жасұлан СЕЙІЛХАН, Жамбыл облысы
08.10.2021

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 235
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 373
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 370
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 602
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 544

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9247
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8643
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11870
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9641
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10852