Түркияның Орта Азияға ықпалы

Түркияның Орта Азияға ықпалы

Аймақтағы төртінші ойыншы

Эксперт: США и Турция реализуют на Каспии концепцию передовых военных баз  :: Новости :: StanRadar - новости Центральной АзииКеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі жылдары Орталық Азия аймағы әлемдік геосаясатта маңызды орны бар АҚШ, Қытай және Ресей сынды үш алыптың мүдделері өзара ашық және жасырын бәсекеге түсетін алаңына айналып шыға келді. Мұндағы маңызды фактордың ең басында Орталық Азияның Еуропа мен Азияны, Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азияны жалғап жатқан жерлік ерекшелігі болса, келесі фактор табиғи ресурстарға өте бай болып келетін даласы еді.

Орта Азияның көлік-транзиттік әлеуеті, шылқыған мұнайы мен газы, бағалы кендері, құнарлы топырақта өскен ауылшаруашылығы өнімдері болсын, барлығы да айнала жұрттың аңсарына айналды. Кеңестер одағы құлағаннан кейін-ақ бұл аймаққа табан тіреуді мақсат еткен АҚШ-тың барлық мақсаты орындала қойған жоқ. АҚШ бұл аймақта экономикалық тұрғыдан басты ойыншылардың бірі саналғанымен әскери қимылдары Ауғанстанмен ғана шектеліп қалды.               Қырғыз еліндегі Манас әуежайын пайдалану туралы келісімдерінің бұзылуы, бұл өңірге Ресейдің әскери ықпалы күштірек екендігін анық көрсетті. Ресейдің әскери жақтан Орталық Азияны өз ықпалында ұстауы- Кеңестер одағының мұрагері болудай ерекшелігімен байланысты екендігі баршаға түсінікті болса керек. Ал Қытайдың сауда-экономикалық жақтағы ықпалы да осал соқпай тұр. Тек қана шикізат экспортына сүйеніп күндерін көріп отырған жас мемлекеттер үшін Қытай сынды алып базар таптырмас орай еді. Ал құжынаған халқын асырау үшін де Қытайдың көршілеріне ісі түсетіні белгілі. Осындай қажеттіліктерге бола Қытай мен Орта Азия елдері арасында қазіргі таңда ажырамас қатынас орнап үлгерді. 

Қытай мен Қазақстан 2005 жылы стратегиялық әріптестік орнатуға келіссе, 2010 жылы жан-жақтылы стратегиялық серіктестік орнатуға уағдаласты. Осы тектес стратегиялық серіктестік туралы құжатқа Қытай мен Өзбекстан 2012 жылдың маусым айында қол қойды. 2012 жылдың 11 қыркүйегінде Қытай мен Қырғызстан стратегиялық серіктестік орнатты. Ал териториялық жақтан «біртүрлі» келісімдерге барып жүрген тәжіктер мен қытайлар екі елдің достығын нығайта түсу үшін 2013 жылдың мамыр айында көпжақтылы стратегиялық серіктестікті дамытуға келісті. Бейтарап ел ретінде көп нәрсеге араласа бермейтін түркімендер де 2013 жылы қыркүйекте Қытай-Түркіменстан стратегиялық серіктестік келісімдерін жасап, Қытаймен арақатынасын тұрақтандырып алды. 

Осылайша АҚШ пен Қытай экономикалық жақтан дендеп кірсе, Ресей Кеңестен қалған қару-жарағы және армиясының бұрынғы даңқына арқа сүйей отырып, аймаққа ықпалы аса күшті алпауыттардың қатарына енді. Қазіргі таңда Ресейдің Орталық Азия елдері аумағында көптеген әскери базалары жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек ТМД, ҰҚШҰ тектес халықаралық ұйымдар арқылы да аймаққа ең беделді әскери күш ретінде орнықты. Осы аталған алпауыттардың қатарында төртінші болып қосылған Түркияның Орталық Азияға ықпалын қазіргі таңда төмен  бағалауға келмейді. Кеңес Одағы ыдырай сала, тәуелсіздіктерін жариялап жатқан бауырлас елдерді Түркия Республикасы бірден мойындады. Мойындап қана қоймай, жан-жақтылы қолдауын жылдан-жылға молайта берді. Дегенмен Ислам Каримовтың түріктермен қатынасы өзара сыйластық деңгейінен жоғарылай қойған жоқ. Эконмикалық байланыстардан бұрын білім және ғылым саласындағы байланыстар мен руханият әлемін жандандыруды көздеген түріктерді өзбек диктатордың өзі өмірден өткенше еркіне жібере қоймады...

Түркіменстанның жабық саясатының салқыны 1000 жыл бұрын Орта Азия даласынан Анадолы жеріне қоныс аударып кеткен туыстарымен қоян-қолтық араласуға мүмкіндік бере қоймады. Түркі елдерінің ұйымдарына да Түркіменстан билігі аса белсенділік танытпай отырған керенаулығымен салыстырғанда Мажарстанның (Венгрия) түркі дүниесіне деген бауырмалдығы мен ынтасы таң қаларлық деуге болар еді.

Тұралаған экономика, билікке деген наразылықтан туындаған бірнеше реткі халықтық толқулардың зардабы Түркия мен Қырғыз республикасы қарым-қатынасының дамуына белгілі деңгейде тұсау болып келді. Дегенмен екі елдің өзара байланысы және түркі дүниесі интеграциясына деген белсенділігі қырғыздардың бауырлас елдер ортасындағы абыройын төмендеткен емес.

Түркия Орталық Азиядағы бауырлас елдермен болған сауда-экономика, энергетика, білім беру саласы, мәдени қарым-қатынас жақтарындағы өзара байланыстары жылдан-жылға тереңдеп келе жатыр. Осылайша 30 жылдық барыс-келіс, Түркия Республикасын Орталық Азиядағы елдермен саяси, сауда-экономика, мәдени-гуманитарлық байланыстары нығайған төртінші ықпалды күш ретінде тарих сахнасына алып шықты.

 

 

Экономикалық әсері

Түркияның Орталық Азиядағы елдерге қаратқан орасан зор экономикалық инвестициясы – ірі түрік компанияларының қатысуымен басталды. Мысалы Қазақстанда жұмыс істеп жатқан Түркияның мұнай компаниялары, АҚШ, Еуроодақ елдерінен келген компанияларымен қатар еш кедергісіз өндіріске араласып кетті. Ал ірі құрылыс компаниялары Қазақстанның жаңа астанасындағы аса маңызды нысандарды салып шықты. ТМД аумағында шетел инвестициясын ең көп тартқан ел Қазақстанға тартылған инвестициялардың басты нысандары мұнай-газ секторы, түсті металлургия, қара металлургия, энергетикалық кешендерге, тамақ өнеркәсібіне бағытталды. Бұл салалардың барлығында да Түркия компаниялары араласып жүрді. Әр жыл өткен сайын оның түрлері де өзгеріп, алуан түрлі салаларға ойысып жатыр.

Түркия мен Өзбекстан арасындағы байланыс өте күштіӨзбекстан мен Түркия арасындағы экономикалық байланыстар жыл өткен сайын жанданып келе жатыр.  Екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік қатынастардың жолға қойылғандығына биыл 5 жыл толды. Қазір Түркия-Өзбекстан арасындағы сауда және инвестиция саласы жедел дамып, өзара тауар айырбастаудың жалпы құны 3,6 миллиард долларға жетіпті. Ресми деректерге қарағанда 2000-нан астам біріккен кәсіпорындар жұмыс істеп жатыпты. 

Түркия президенті 2022 жылы 29 наурызда Ташкентке келген сапарында сауда-экономика, инвестициялар, транспорт, тоқымашылық, энергетика, ауылшаруашылығы, мәдени-гуманитарлық қатынастар жағындағы байланыстарды арттыруға уағдаласып қайтты. Жоғары дәрежелі Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің екінші жиналысының қорытындысы бойынша біріккен мәлімдемелерге қол қойылды. Ердоған мырза өз сөзінде «Түркия мен Өзбекстан арасындағы сауда көлемі 2021 жылы 3,6 миллиард доллардан асып, 72 пайызға артты. Әрине сауда көлемінің мақсаты бұл деңгейде тоқтап қалмайды. Бірлескен қадамдар арқылы біз тауар айналымын 10 миллиард долларға жеткіземіз», – деп мәлімдеді.

Ал Қазақстан Президентінің жақында ғана Анкараға жасаған ресми сапары кезінде Қазақ-Түрік қарым-қатынасына жоғары баға берген Түркия басшысы «Түркия мен Қазақстан арасындағы сауда көлемі 58 пайызға өсіп, 5,3 миллиард доллардан асты. Енді одан әрі бірге қадам басып,  10 миллиард долларға жетеміз деп үміттенеміз», – деді.

Қазіргі таңда Қазақстанға инвестиция салып отырған шетелдіктер арасында Түркия алдыңғы бестіктің ішінде тұр. Ал Қырғыз Республикасына тартылған шетел инвестициясы көлемі жағынан Түркия Қытайдан кейінгі екінші орынды иелейді екен. Соңғы деректер бойынша Қырғыз Республикасы мен Түркия арасында 300-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатыпты. Бейтарап саясат ұстанып отырған Түркіменстанның мұнай-газ саласында түріктер белсене қызмет істеп жатыр. Соңғы жылдары нарықтық экономикасының жандана түсуімен көзге түсіп келе жатқан Өзбекстанға да Түркия айырықша ықылас танытып отыр.

 

Туыстардың табысуы

Түркия Кеңестер одағы ыдырап жатқан тұста, Орта Азиядағы бауырлас елдер тәуелсіздіктерін жариялай салысымен бірден дербес мемлекет екендігін мойындап, тез арада дипломатиялық қатынастар орнатқан мемлекет. Осылайша бұл аймақта жасап жатқан түркі тілдес бауырластарымен ортақ мәдениет және тығыз тарихи байланыстарды қайтадан гүлдендіруге бет бұрды.

Қазіргі таңда аталған елдер мен Түркия арасындағы сауда-сатық байланыстары қарапайым іскерлік қатынастардан дамып, көлемді инвестиция салу, ірі энергетикалық жобаларды игеруге ұласып кетті. Дегенмен 1990 жылдардың басындағы бауырлас елдер шұрқырасып табысып жатқан тұста, Кеңес одағының шекпенінен шыққан елдердің басшылары Түркиямен өзара қарым-қатынасқа аздап сақтық танытқаны жасырын емес. Нұрсұлтан Назарбаевтің «Әділеттің ақ жолы» атты кітабында Тұрғұт Озалмен болған әңгімесін баяндайтын тұстары бар. Онда Түркия басшысы Түрік елдері одағы секілді бірлестік құру туралы ой қозғайды. Назарбаев бұған мәдениетті түрде құптамайтындығын айтыпты. «Бұл дегеніңіз бір ағаны мойыннан түсіріп, екіншісін қайта мінгізгенмен бірдей ғой...», – дейді Қазақстанның тұңғыш президенті. Ал Ислам Каримов Өзбекстандағы түрік оқу орындарын жапқызып тастады. Әндіжан оқиғасынан кейінгі діни салаға болған қатаң бақылау кезінде түріктер ашқан медреселер де жабылды. Яғни рухани-гуманитарлық байланыстар ары қарай дамымай қалды. Өзбектермен салыстырғанда Қазақстан мен Қырғыз республикасы Түркиядан келетін мәдени, рухани байланыстарға кедергі келтірген жоқ. Екі елде де түрік лицейлері жұмыс істеп жатты. Алматыда С.Демирел университеті, Бішкекте Түрік-Қырғыз бірлестігі нәтижесінде құрылған Манас халықаралық университеті күні бүгінге дейін жұмыс істеп келеді. Түркия ЖОО-лары Орталық Азия елдеріне келетін студенттер үшін гранттар көлемін барынша арттырды.

Қазіргі таңда жалпы Орта Азия елдері мен Түркия арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстар, ғылым-білім, денсаулы сақтау саласындағы байланыстар өте қарқынды дамып келе жатыр.

 

Түркі елдері интеграциялануы мүмкін бе?

Түркияның Орта Азиямен байланыстары қазіргі күнде қауіпсіздік және саяси салаларға да кеңейді. Түркияның Таулы Қарабах қақтығыс кезіндегі Әзірбайжанға көрсеткен күшті қолдауы айнала жұртқа ой салғаны белгілі. Әскери өнеркәсіп саласында қарқынды дамып келе жатқан Түркия Таяу Шығыстағы соғыстарда террористерді аластауға белсене араласып, Оңтүстік Кавказ аймағындағы әскери, саяси күштер арасындағы балансты өзгертуге ықпал етті. Сонымен қатар бауырлас елдермен жасалған келісімдер негізінде екіжақты қорғаныс бағдарламалары арқылы Орталық Азия елдерінен жүздеген әскери қызметкерлерге оқу орындарынан білім алуына жағдай жасады. Сондай-ақ аймақтың көптеген елдеріндегі әскери модернизация жобаларына белсенді түрде қатыса бастады.

Ресей ықпалы мен жаһанды алаңдатып отырған «Қытай қаупі» мәселесі аталған елдердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағында шығар жол іздеуге итермелегені жасырын емес. Ал Ресейдің Украинаға басып кіруі, төңіректі толғандырған аса күрделі мәселеге айналды. Бұл өз кезегінде НАТО-ның мүшесі болып отырған Түркиямен қауіпсіздік мәселесін ортақ талқылаудың маңыздылығын ортаға шығарды. Сөйтіп «бір ағаны мойынға мінгізгісі келмеген» көңіл-күй, біртіндеп берік одаққа бірігудің қажеттігін тудырғандай болды. 

Соңғы жылдары Түркі халықтарының бірлігін нығайтуды көздейтін ұлтшылдар тарапынан «Тұран одағын» құру, Түркі әлемінің интеграциясы секілді терминдер көптеп айтылып жүр. Алайда аймақтағы державалардың саяси және экономикалық ықпал күштері арасындағы баланс қысқа уақыттың ішінде реттеліп, түріктердің пайдасына шешіле қоймасы белгілі. Дегенмен мұндай қадамға Орталық Азия елдерінің өздері мүдделі болып отырғандығын ескерсек, Түркиямен болған қатынас аса жоғары деңгейге жететініне күмән жоқ. 

Ердоған билікке келгелі жүргізген экономика, әскери, мәдениет және т.б. салалардағы кешенді саясаты және агрессивті геосаяси дипломатиясы көптеген нәтижелерге қол жеткізді. Алайда Түркияның алдында да түрлі кедергілер көп. АҚШ және ЕО-дан келетін түрлі кедергілер Анкараның адымына тұсау салатыны бар. Сондай-ақ Орта Азия мәселесінде Ресеймен «қатты келуге» түріктердің жүрегі дауалай қоймайды. Бұған басты себеп Ресей-Түркия арасындағы экономикалық байланыстардың маңызды тұстарына тәуелді болып отыр. 

PS: Америкалық саясаттанушы Джордж Фридманның «Алдағы 100 жыл: 21 ғасырға болжам» атты кітабы бар. 2009 жылы баспадан шыққан кітап жыл өткен сайын болжамдарының дәлдігімен оқырмандардың ықыласына бөленіп келеді. 

Онда Ресейдің Украинаның шығысына басып кіретіндігі әрі осыдан туындаған салдардан Ресейдың қатты құлдырайтындығы айтылған екен. Джордж Фридман Ресейден бөлек Қытай экономикасыынң 2040 жылдарға қарай қазіргідей даму қарқынынан айрылатындығын жазған. Осы себептерді алға тарта отырып Түркияның күшейе түсіп, Орталық Азияға айырықша ықпал ететіндігін тіпті билігін жүргізетіндігін болжаған екен. Былай қарасаңыз, қазіргі болып жатқан геосаяси өзгерістер мен экономикалық тоқырау және біртіндеп оңалу секілді көптеген жағдайлар осы қадамға жетелеп бара жатқандай. 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
19.05.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 84
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 604
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 721
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 633
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 643

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8781
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8180
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11409
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9163
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10394