Ұлт мүддесінде Тұрысов ешқашан шегінген емес

Ұлт мүддесінде Тұрысов ешқашан шегінген емес

Қаратай Тұрысов ұлтын сүйген кешегі алашордашыл ғазиз ағаларымыздың жалғасы еді. Үлкен лауазымдағы еңбек жолы коммунисшіл қоғамда өтсе де, саналы ғұмырын елдің тұтастығы мен бірлігіне арнады. Еңбегін міндетсінбеді. Тек қазақ деген ұлттың мүддесіне қызмет қылды. «Елдің берекесі мен халықтың ынтымағы ауызбіршіліктен басталады. Кіші үлкенді сыйлап, үлкен кішіні құрметтесе, қазақтың ағайындығы артпақ. Бұл небір қилы заманда ұлтымызды аман сақталып қалуының темірқазығы дейтін». 

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде: «Біз қазір Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сондықтан өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беріп отыруымыз керек», – деп, азаттық жылнамасындағы көптеген тұлғаның есімін құрметпен атап өткен. Елін сүйген ерлердің отаншылдығы және олардың ұлт мүддесіне адалдығы әрдайым кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Біз тарихи әділдік жолын берік ұстануымыз керек дей келе біздің кейіпкеріміз Қаратай Тұрысовты да атап өткен.

Қаратай Тұрысов 1934 жылы 2 ақпанда Жамбыл облысының Талас өзенінің бойындағы Жас өркен деген кішкентай ғана ауылда дүниеге келген. Өзімен бірге туған үш ағасымен бір үйде өскен. Туысқан үш ағасы екінші дүниежүзілік соғысқа атанып, екеуі ғана елге мүгедек болып оралады. Жастық шағы өмір үшін күрестің азабымен өтті. Сол өмір сабағын ешқашан жадынан шығармады. «Нарықтық экономика деп халыққа әлеуметтік қолдауды азайтпайық, соған барынша мұқият болыңдар» деп, Үкімет мүшелері мен депутат әріптестерін қадағалап отыратын. Қарекең Мәжілісте Экономика және бюджет комитетін басқарған тоғыз жылда Парламент мыңнан астам заң қабылдады. Соның 60 пайыздан астамы экономикаға қатысты. Үкіметтің «бір қайнауы ішінде» болған заң жобалары да Қ. Тұрысовтың сүзгісінен өтпей, Парламенттен талай рет қайтарылған. 

Сенатор Әбіш Кекілбайұлы айтқан еді: «Парламенттің бірлескен отырысында Қарекең: «Қырдағы ауылдың балалары ішіп отырған сапасыз судан келешекте өмірге келер ауру ұрпақ бізді кешірмейді» деп мәселе көтерген соң, «Таза ауыз су» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды». Мұндай бүкіл ел үшін шешуші маңызы болған мысалдарды ондап емес, жүздеп келтіруге болады. 

Қаратай Тұрысұлы 1987 жылы Кеңес Одағының арнайы делегациясын Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының бас Ассамблеясына басқарып барғанда ең өзекті мәселе ретінде Семей ядролық полигонының жергілікті тұрғындарға келтіріп отырған зардаптарын айтты. Ядролық қауіп мәселесін тездетіп шешпесек, жер бетіндегі тіршілікке қауіп төндіретінін көтерді. Семейдегі ядролық полигонның зардаптары әлемдік мінберде сонда алғаш айтылған. Ұлтына адал қызмет еткен азаматтың бүгінгі 90 жасқа толған күні Астанада Парламентте кеңінен аталып өтуде. Осыдан жиырма жыл бұрын да көзі тірісінде Парламенттің бірлескен отырыс залында ұлттың ұлағатты ұстазының 70 жылдық мерейтойы дәл осылай салтанатпен аталған еді. Онда да Үкімет толық құрамымен, Президент Әкімшілігінің басшылығы және Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары әріптестері Қаратай Тұрысовқа ерекше құрметтерін білдірген. Жақсының аты өшпейді, ізгілікті істері ұрпақтары тәлім алар өнегелі өрелі өсиет жолымен жалғаса береді деген осы болар.

 

Қаратай туралы ыстық лебіздер

 

Әбіш Кекілбайұлы, Қазақстанның Халық жазушысы: 

«Қаратай Тұрысұлы ұлт үшін туған сабаздардың сойынан еді. Ол мені көрген сайын сөйлеспей ұғысып, арқамнан қаққан ыстық алақанымен, қолтығымнан құшырлана қысқан қуатты білегімен, қарқылдап күле отырып айтқан қалжыңымен сабырға шақырып, жігерімді қайрап, көңілімді демеп отырғандай көрінетін. Жан баласын жамандамай, «тұқымың көбейгір» деп бастайтын салиқалы әңгімесі талайға көмек болып дарып, шапағат болып жұғып жататын-ды... Қарекеңдер, ойлап қарасаң, баяғыдағы Абай аңсаған өзгелермен тең болуды толығымен жүзеге асырып, одан бергі Әлихан мен Ахмет аңсаған іргелі ел болуды да шындыққа айналдыруға жан аямай атсалысып үлгеріпті. Жаңарып жатқан өскелең қауымымыздың егдесіне аға, жеткіншегіне ата болатындай абыройға ие болды. Қабырғалы қайраткер, тарлан ғалым, ұлағатты ұстаз болып, төл тарихымыздың төріне шыға алды».   

 

 

Шерхан Мұртаза, Қазақстанның халық жазушысы: 

«Мен оны қазақтың Қаратайы дейтін едім. Соғыстан соң, 1948 жылы Тараз қаласындағы қазақ орта мектебінің интернет-пансионатында оқыдық. Сыныптағы ең кішіміз Қаратай еді. Еңкішіміз ә дегеннен бәрімізден күшті болып шыға келді. Әсіресе, алгебра, геометрия, тригонометрия дейтін сабақтардан алдына жан салмады-ау, азамат! Сол Қаратай мектепті медальмен бітірді. Москвадағы геология институтына баратын болды. Мен де сенен қалам ба деп, тәуекел етіп Москва полиграфия институтына бірге аттандым. 1953 жылы «күн көсем» Сталин қайтыс болды. Елу бесінші жылы Қаратай оқуын бітіріп, дипломын алып, Қарағанды тарапына кетті. Бір жылдан кейін, тағдыр екен, «Лениншіл жас» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі болып, Қаратаймен қайта табыстым. Қаракемнің өрлеу жолы сол Қарағандыдан, Қарағайлы дейтін геологтар экспедициясынан басталды... Алпыстың асқарынан асқанда Парламенттің Мәжілісінде Қаратаймен қатар бір партада отырдым. Баяғы-баяғы Әулие-Тараз мектебінде партада бірге отырғандағыдай».

Фариза Оңғарсынова, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: «Тарихымыздың сан ғасырлық шежіресіне зер салсақ, сол замандарда билер мен батырлардың әр айтқан сөзі халықтың құлағына пайғамбардың нақылындай қабылданатын ақсақалдар болған ғой. Осы қазіргі біз өмір сүріп отырған уақытымыздың ХХ-ХХІ ғасыр тоғысында сондай айтулы тұлғалардың біреуі деп, мен Қаратай Тұрысовты айтар едім. Халқымыздың қымбат та қасиетті салт-дәстүрін бойына сіңірген ерекше мінезді, бір көрген кісіні өзіне құрмет тұтқызбай қоймайтын».

Оралбай Әбдікәрімов, Мемлекет және қоғам қайраткері: 

«Жақсылардың досында есеп болмас» дегендей, Қаратай Тұрысовтың осынау тірлікте досы көп болды. «Досыңа достық – қарыз іс» деп аталарымыз айтқан асыл қағиданың бір парасын мен осы кісіден көрдім. Көп нәрсені көңілге түйдім, көп жағдайларға куә болдым... Осы қатар жүрген қымбат жылдарымды еске алғанда, мен оның қазақ баласын руға, жүзге, елге бөлмейтін ерекше мінезін баса айта кеткен орынды деп ойлаймын. Мұндай ағалар бізге осындай жақсы қасиеттерімен қымбат. Әсіресе, жастарды жанына тартып, жүзін сұрамай қамқорлыққа алып, руын сұрамай қасына ертіп, баулып, үлкен лауазымды қызметкерге әкелгенін талай рет көрдім. Сол қамқорлыққа алған адамдарының көбі оның сенімін ақтап, күні бүгінде еліміздің игілігі мен өркендеуі жолында жемісті жұмыстар атқарып жүр».

Қуаныш Сұлтанов, Мемлекет және қоғам қайраткері: «Қаратай Тұрысовтың көп бастамашылдығына Дінмұхамед Қонаев дер кезінде қолдау көрсетіп, екпін беріп отырды. Партия кеңес активі алдында да Қарекеңнің беделі мықтап өсті. Қарекеңді жергілікті кәсіпорын басшылары, инженер-техникалық қызметкерлері іш тартып сыйлайтын, білімді маман, адал және біздің адам деп жұмыста қолдайтын. 1986 жылғы әйгілі Желтоқсан көтерілісінен кейін Колбиннің солақай, әпербақан саясатынан қиянат көріп, қуғындалған көптеген азаматтар қорған іздеп, тым болмаса мұңымды айтайын деп Мәскеуге барып, Қарекеңе соғып қайтушы еді. Мәскеудегі үлкен шаңырақта ол кісінің сүйікті жары Әскергүл Жамайбекқызы жеңешеміздің есіктері ашық, қонақжай, дастарқандары дарқан, берекелі, барған адамды жылы қарсы алып, әңгімесін тыңдап қадірлеп, құрметтейтін. Көңілі жарым адамға осындай адамгершілік назар, ықылас – дәтке қуат, санаға міндет. Сондай дидарласудың бір сәті маған да түсіп, Қарекеңе телефон соқсам, күтіп отырғандай «келе қал» дегені. СОКП Орталық Комитетіне бұрынғы қызметімде Д.Қонаевтың тұсындағы басшы кадрлар туралы «кезекті» түсініктеме беруге шақырылғанмын. Барсам, Қарекеңнің төрінде көптен көрмеген Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков отыр. Өмірбек Арысланұлы «домалақ арызбен» қуғындалып, партия қатарынан шығарылып, жауапқа тартылып, жазықсыз әуре-сарсаңға түсіп жүр еді... Қарекеңнің жанында жақсы адам үйіріліп, азаматтардың басын қосып, үндестіріп, үйлестіріп жүретін. Үшеуіміз үш түн отырып, тамаша рухани сырластық. Сондай бір қысыл-таяң заманда Мәскеуде қазақтың үлкен шаңырағында бір ұмытылмас кездесу болған еді».

РЫСҚҰЛОВТАН КЕЙІН МӘСКЕУДЕ ЖОҒАРЫ ҚЫЗМЕТТЕ БОЛҒАН

Соғыстан кейінгі ұрпақтың өкілі Қаратай Тұрысовтың геологтық мамандықты таңдауы әлемдік масштабтағы ғалым Қаныш Сәтбаевтың Қазақстандағы жер асты қазба байлықтарын дүниежүзілік аренаға шығарған еңбегіне тікелей байланысты болды. Дүниеде 3 мың түрлі минерал бар. Қарекең Орталық Қазақстанның кенді аймақтарының геологиялық картасын жасау ісіне сегіз жыл бойы үлес қосты. Көктасжал кен орнын ашты. Одан Қаражол, Қарағайлы, Жәйрем, Бетпақдаланың тау-тасын кезіп, жаңа кен орындарын іздеді. Отызға толмай «Қазақстанның құрметті кен барлаушысы» атағын алды. 

Партиялық басқару қызметіне кіріскен соң, Қарекең аудан тұрғындарының проблемаларын зерттеді. Ең бастысы – адам факторы мен оның әлеуметтік жағдайы. Біз не жасасақ та, тек адамдарға жақсы болуын ойлап жасауымыз керек деген қағидат оның өмірлік кредосы еді.

Бірінші хатшы, қазіргіше өндірісті қаланың әкімі болып сайланған Қаратай Тұрысов орталық Мәскеудің нұсқауымен сыртқа кетіп жатқан қаржының біраз бөлігін жергілікті жерде қалдыруға қол жеткізді. Қаражалға ауыл жастары келе бастады. Жұмысшы мамандығын игерді. Ата-бабалары білмеген кәсіпті қолға алды. Соңынан әйгілі Жәйрем полиметалл кен орны ашылды. Қаражал дамыды, өркендеді. Біртіндеп қаладағы балабақшалар, мәдениет үйі, мектеп, жазғы парк, бірнеше тұрғын үйлер Қарекеңнің кезінде көтерілген құрылыстар болып жұрт жадында сақталып қалды. Көп батасын алды. Қызметі ары қарай ілгерілеп өсті. 1971 жылы Қарекең елдегі ең жоғары билік – Қазақстан Орталық комитетіне қызметке шақырылды.

1974 жылы жаңадан ашылған Торғай облысында Сақан Құсайынов, Мақтай Сағдиев, Өзбекәлі Жәнібековтермен бірге жарық жұлдыздай болып Қаратай Тұрысов та басшылық етті. 13 мың ғана тұрғыны бар Арқалық қаласы аздаған жылда 80 мыңға жуық тұрғыны бар ірі қалаға айналды. 1971-80 жылдардағы Торғайдағы ауылшаруашылығының даму қарқыны республикалық орташа көрсеткіштен екі есе артық болды. Ал тау-кен өндірісінде боксит қорының жаңа көздерін ашу, қоңыр көмірдің негізінде электр стансаларын салу, темір кендерін игеру үшін Есілде металлургия зауытын тұрғызу сияқты алып жұмыстардың ұйытқысы болып Қаратай Тұрысов жүрді. Бұл жастайынан бойына сіңірген «алдымен Адам бол, сосын еліңнің мүддесін ойла» дейтін әке аманатына адалдығы еді.

Торғайдағы қызметінен соң Қаратай Тұрысов Мәскеуде білімін жетілдіріп, экономика ғылымының кандидаты, сосын докторлық монографиясын жазып қорғайды. Алматыға оралып, республикалық Орталық Комитетінің өнеркәсіп саласын бақылайтын хатшысына тағайындалады.

Қаратай Тұрысовтың көп бастамашылдығына бірінші хатшы Дінмұхамед Қонаев дер кезінде қолдау көрсетіп, екпін беріп отырды. Партия кеңес активі алдында да Қарекеңнің беделі мықтап өсті. Қарекеңді жергілікті кәсіпорын басшылары, инженер- техникалық қызметкерлері іш тартып сыйлайтын, білімді маман, адал және біздің адам деп жұмыста қолдайтын.

Өзі де ақсақалдық уақыты келгенде ел тірегі болар жастарды қолдады. «Астана – жаңа елорда. Ал, Алматы ұлт мәйегінің бесігі ғой. Біздің қанатымызды Алматы қатайтты. Сендер ертеңнің ережесін Астананың сәулетті салтанатымен жалғастырыңдар» дейтін.

Мектепте, сосын Мәскеуде бірге оқыған, одан кейін Қарағандыда қызметтері түйіскен, кейін Парламентте қатар отырған Шер-аға: «Қазақтың Қаратайы жөні бөлек жан еді. Советтер елі деген державада Тұрар Рысқұловтан кейін Мәскеуде ең жоғары қызметте болған азамат» деп жазғаны бар. Коммунисшіл мемлекеттің 120 миллион мүшесі бар Орталық кәсіподақтарының хатшысы болды». 

Желтоқсан көтерілісіне Мәскеудегі ұлт жанашырларын жібермеді

«Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген Әлихан Бөкейхановтың өсиетті өнегесінен Қаратай Тұрысов ұлт алдындағы жауапкершілік жүгін қара нардай көтере білудің үлгісін үйренді. Мәскеудегі қызметі кезінде ортақ қазынаның қаржысын еліне бұрды. Кәсіподақтар миллиардтарына Қазақстанда ондаған емдеу-сауықтыру санаторийлері, жұмысшылар мен еңбеккерлердің демалыс үйлері салынды. Алматы мен облыс орталықтарында бірнеше қонақүйлер тұрғызылды. Қазақстандағы жағдайы нашар шалғайдағы 30 ауданның әлеуметтік әлеуетін жақсарту туралы Одақтық Орталық Комитеттің арнайы Қаулысын қабылдатты.

Қаратай Тұрысовтың Мәскеудегі қызметі туралы естелік жазған сол жылдардағы Бүкілодақтық Кәсіподақты ұзақ жылдар басқарған Степан Шалаев пен орынбасары Наталья Подшибякина былайша жазған екен: «Қаратаймен жұмыс істеу керемет еді. Кез келген тығырықтан дәл керек шешімді дөп табатын. Батыл адам болды. Жұмысшылар мен еңбеккерлердің құқығын жасқанбай қорғайтын. Сондықтан СССР деген елдің завод-фабриктеріндегі адамдар оны қолдайтын. СОКП Саяси Бюросының мүшелері ел аралап, проблемалық өңірлерге сапармен барғанда жанына Қаратай Тұрысовты ертіп алатын. Өйткені оның абырой-беделі барар жерде керек екенін білетін. Ол талай жерде тығырықтан алып шыққан білікті азамат болатын».

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі басталған күні Мәскеудегі аузы дуалы, сөзі уәлі әр ұлт өкілдерін жиып Алматыға ұшты. Бірақ Мәскеудегі Қауіпсіздік қызметі ол самолетті Қарағандыға қондырды. 18 желтоқсанда Бас хатшы Горбачев «Алматы зиялылары мәскеуліктерді араластырмай, алаңға шыққан жастармен өздері мәселені шешеміз» деп хабарласқан соң, Мәскеуге оралған. Бұл тәуелсіздік жоқ кез еді. Соған қарамастан, ұлтын сүйген алаш азаматы қазағына ешбір жасқанбастан адал қызмет ете білді. Бұл жайттармен осы мақаланың авторы Қаратай Тұрысов туралы осыдан 20 жыл ертеректе телефильм дайындау барысында Мәскеуге барғанда естіп білдім. Сол кезде 120 миллион мүшесі болған Кәсіподақ басшыларымен кездескенде куә болдым. «Тұрысовтың інісі келіпті» дегенді естіп, қызметтес болған барлық әріптестері Кәсіподақ мекемесіне жиылыпты...

 Әлі де алда Қаратай аға туралы жазылар дүниелер аз емес. Ол алдағы уақыттың еншісінде...

Қаратай Тұрысовтай елін сүйген ерлердің отаншылдығы және олардың ұлт мүддесіне адалдығы әрдайым кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Бұл біздің мақсат еткен тарихи әділдік жолын берік ұстануымыздың темірқазығы. Қазір халықтың сана-сезімін, өркениеттілік деңгейін көтеруге, таным-түсінікті кеңейтуге бағытталған бірқатар ақпараттық жұмыс жүргізілуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Толық адам», «Адал азамат» деген идеяларды ұсынды. Қаратай Тұрысов – жас ұрпақ өмірінен өсиет алар өнегелі азамат. Тұлғаларымыздың тұғырын биіктетейік.

Махат Садық
25.01.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 30
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 61
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 21
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 26
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 31
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 27
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 58
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 61
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 262
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 258
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 880

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8954
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8350
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11575
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9332
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10560