Ұлытау облысына келе сала «Аманат» партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Мырзабеков Ерлан Батырбекұлы күтіп алды. Басшының алдында баратын өңірдің жолы белгіленіп, жоспар жасалды. Жаңаарқа ауданына жасаған экспедициялық сапарымыз жүйелі өтті. Ұлытау ауданының жерінен өтіп, Жаңаарқаның территориясына кіргеннен-ақ көш бастап жүрген көргенді жігіттер алдымыздан шығып күтіп алды. Жол бойы жаңарған ауыл, тіршілікке икемді шаруалармен кездестік. Жезқазған қаласынан Жаңаарқа ауданы орталығына жеткенге дейін «Азат», «Едіге», «Мирас», «Медет» шаруа қожалықтарына, Бидайық ауылдық округі, Ақтайлақ елді мекені «Ұлы дала» ЖШС ет комбинаты консервілеу цехына тоқтап, ауылдың, елдің жайын білдік. Қожалық басшыларымен сұхбаттасып, сұрақтарымызға жауап алдық. «Аманат» партиясының аудандық филиалының төрағасы Түсіпов Амангелді Бақышұлы, Ауыл шаруашылық бөлім басшысы Баязитов Сәрсенбек Амангелдіұлы және Түгіскен, Ақтүбек, Байдалы атты үш ауылдың әкімі қасымызда болды. С.Сейфуллин ауылының әкімі Нұртас Әбдиков азанда Жезқазғаннан алып, күні бойы 300 км жолда алып жүріп, кеште Жаңаарқаға жеткізді. Жол бойы академик Серік Қирабаев ағаның ауылынан, жазушы Ақселеу Сейдімбек ағаның елінен, ақын Ғалым Жайлыбай ағаның туған жерінен, баспагер Қымбат Әбілдақызының өскен елінен, ақын Танагөз Толқынқызының ата-анасы тұрған ауылдан өттік. Жаңаарқа тұнып тұрған шежіре, өнерлілер мен дарындылардың мекені. Өмір Кәріп, Төкен Әлжан, Сәбит Бексейіт секілді жазушы ағаларым туралы әңгіме өз алдына. Өзім жақсы білетін кісілер туралы ғана айтып отырмын. Әйтпесе, тізіп жазар болсам, ол ұзаққа созылады. Түстен кейін аудандық Мәдени-сауық орталығына келіп, өнер адамдарымен кездестік. Соңғы нүктесін Жаңаарқа ауданы әкімінің кеңсесімен аяқтадық. Әкім Қожықаев Қанат Шубайұлы жылы қабылдап, танысуымыз ілтипатпен басталды. Экспедиция мақсатын түсіндіріп, «Qazaqstan dauiri» ЖШС-нің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызының атынан ресми хатты тапсырдық. «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналын қолына бердік. Осылайша «Ауыл аманаты – Ел аманаты» экспедициясы өз жұмысын онан ары жалғастырды. Ертесі Жәйрем кентіне бағыт алып, Қаражал қаласының аумағына өттік. Ұлытау облысындағы экспедициямызды басшымыз Сәуле Мешітбайқызы өзі бастап жүрді. «Аманат» партиясымен төрт министрлік қолдап отырған «Ауыл аманаты – Ел аманаты» жобасы өз мақсаты бойынша Жезқазған қаласынан Жаңаарқа өңірі мен Қаражал қаласы, Жәйрем кентінде болды. 18 қазан Жәйрем кентінің кіре берісінде «Аманаттың» басшысы Айгүл Мауленина ханым мен Кәсіпкерлер палатасының басшысы Гаухар Отыншина қарындасымыз күтіп алды. Онан Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымовтың қабылдауында болып, Жәйремдегі іс жоспарымызды ақылдасып алдық. Біздің «Мөлдір бұлақ» журналымен көп жылдар бойы шығармашылық байланыста келе жатқан №30 мектепке бардық. Мектеп директорымен жүздесіп, жайымыздан хабар беріп, журналымыздың оқырмандары мен жас авторларымызбен кездестік. Кітапханашы Жеңісгүл Смайлова балалардың жарық көрген шығармаларымен біздің журналды мұқият түптеп архивке сақтап қойған екен. Мектеп кітапханасына жаздырумен ғана шектелмей, оқушылардың жазылуына да ықпал жасапты. Біздің мектепке баруымыз оларға, сақталған журнал архиві бізге тосынсый болды. Онан шыға жеке кәсіпкерлікпен шұғылданатын «Әбіловтерге» барып, кәсіпкерліктегі басып өткен жолдарымен таныстық. Тереңінен сұхбат құрып олардың ашқан «Тұран» дәмханасынан шәй іштік. Түстен кейін Жезқазғанға жеделдете жүріп, уағдаласқан уақытта облыстық әкімдікке жеттік. Сәуле Мешітбайқызы екеумізді жаңа, жас әкім Рыспеков Дастан Адайұлы қабылдады. Екі жақтылы жылы сұхбат болды. Осылайша үш күнге созылған экспедициямыз өз мәресіне табыспен жетті.