ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың назарына
Құрметті ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мырза, мен сізге бірнеше сұрау қойып, жауап күтемін: Мен 83 жастағы зейнеткермін. Сұрауларыма өзіңіз жауапты тікелей эфирден беріп, сол арқылы бүкіл елге таралуына көңіл бөлсеңіз.
Бірінші сұрақ: Еліміздің оқу-ағарту саласының, білім берудің басты бағыты қалай еді? Бұл сұраудың туындауы – мейлі, қай дәрежедегі болса да, мектеп бітірген кейбір оқушылардың моральдық, адамдық, мінез-құлық, әдеп, тәртіптерінің нашарлығынан жүрегіміз ауырады. Мысалы: біздің көшедегі бір үлкен отбасының немере қызы орта мектепті қызыл аттестатпен бітіріп, жастары сексеннен асқан ата-әжесінен көрімдік сұраған. Әжесі құтты болсын айтып, он мың теңге көрімдік берген. Ал, атасы «Жақсы, немерем, құттықтаймын. Дәл қазір қалтамда екі мың теңге ғана қалыпты, осыны ала тұр» деп, екі мың теңге берген. Бұған ашуланған немересі тас-талқан болып, отбасын ойрандай жаздаған. Аузынан «ақ ит кіріп, көк ит шығып», естіген адамның жаны түршігерлік лас сөздермен балағаттағанымен қоймай, ата-әжесіне пышақ алып жүгірген. Туған анасы мен сіңілісінің, інісінің ара түсуімен әрең ажыратқан. Ол атасы мен әжесіне: «Бұл үйден кетіңдер, түбінде сендерді өлтіремін!» – деп үрей салған. 17 жасқа келген енді толған бұл қыз бұдан бұрын да отбасымен бірге тамақтанбайтын. Ал, әкесі: «Не де болса шатақ шығармасын» деп, әр күні сұраған ақшасын бере салатын. Ол ақшаға көшеден тамақтанатын. Отбасы мүшелерімен бірге отырмайтын, әңгімелеспейтін. Сөздерін де тыңдамайтын сияқты, аса тәкаппар, сұмдық сұрқия мінездері де болатын-ды. Осы жолғы арпалыста жұмыстан шаршап келген туған анасы арашалап жүріп талып құлаған. Атасы мен әжесі де жалаңдаған пышақтан қорқып үрейі ұшқан. Ол қыз үнемі бөлмесінен шықпай жатып алып, көбіне орысша кітаптар оқитын. Әлеуметтік желілердегі қайдағы бір бейәдеп адамдарды тыңдайтын, көретін еді. Ойлануға татиды. Екінші сұрақ: Мектеп бітіру салтанаты орасан үлкен, мән-мағынасыз ырду-дырду болатыны несі? Оқушы бір күн ғана киетін көйлек үшін шатақ шығарып, отбасына ауыртпалық салады. Бір ай бойы көйлек таңдайды. Әрең бір көйлекті ұнатып, қымбатқа ұрындырады. Ол бір-ақ күн киіледі, қалады. Оқушылар арқылы отбасыларына ауыртпалық келтіру неге тежелмейді? Үшінші сұрақ: 11-сынып бітірген оқушылардың «мұғалімге сыйлық», «Бір-біріне сыйлық», «салтанатты дастарқан» сияқты отбасына салынатын салық, ауыртпалықтар қалайша көп? Бұл неге тоқтатылмайды? Төртінші сұрақ: Жаңа оқу жылында мектеп директорлары мұғалімдердің орнын толықтырады. Ал бір пәнге алатыны бір мұғалім. Оған өтініп жүргендер 10-15 адам. Ал, осыны пайдаланып, «мәселені ақша шешеді, ақшаны директор тіке алмайды. Мен оның сыныптасымын... мен оның досымын... сен ақшаңды маған бер. Мен арқылы өткізсең, ісің шешіледі» дейтін алаяқтардың қаптап кететіні несі? Бұған неге тыйым салынбайды? Аяғында қабылданған бір ғана адам. Алданып параға делдалға берген ақшасынан айырылып, сан соғып қалғандар әлденеше адам. Мектептегі жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа тыйым бола ма? Бесінші сұрақ: Шетелден келген қандастар неге шетқақпай көреді? Жоғары білімді, ұзақ жыл өз саласында еңбек еткен бір қандасымыз былтыр бірнеше мектепке жұмысқа тұруға өтінішпен барды. Барлық құжаттары сай болса да, ол жұмысқа қабылданбады. Тіпті, алаяқтардан зардап шекті. Бұл оның шетелден келгендігі үшін болған қақпай емес пе? Қайта, шетелден келген тәжірибелі мамандармен өзара тәжірибе алмасып, қызмет сапасын арттырған жақсы емес пе?! Мұны қалай шешу керек? Алтыншы сұрақ: Шетелден келген қандастардың баласын оқуға қабылдауға салқындық таныту қашан тыйылады? Өткен жылы менің шетелдегі қызым бір ұлын оқуға екі ай кешіктіріп әкелді. Себебі, Үрімжідегі виза ашу қиындап кеткені. Үш ай уақыт баланың визасын ашқызып, Қазақстанға аңсап, арып-ашып әрең жетті. Олар баланы үйдің іргесіндегі мектепке алып барды. Директор қажетті құжаттардың толық екенін көрді. Қытайда тоғызыншы сыныпты жақсы нәтижемен бітіріп келген баланы жетінші сыныпқа қабылдамақ болды. Директорға ертіп барған адамдар қаншалықты жағдаймен таныстырса да ол елең қылмады. Қызым мен баласы үйге келе рухани соққыға ұшырағанын айтып қатты жәбірленді. Тәуелсіз қазақ елім, Отаным деп келгенде, көргенім осы болды ма?! Енді баланы ертіп, жердің үстімен келіп, астымен қайтатын болдым-ау» деп бордай егілді. Біз оларды тоқтатып: «Бұл бір адамның ісі екен ғой. Басқа мектептерден жақсы адамдар шығып қалар» деп тағы бір мектепке ертіп бардық. Олар баланы оныншы сыныпқа қабылдады. Үйдің іргесіндегі мектеп алмаған, бала қыстай алыс мектепке жаяу барып, қинала жүріп оқыды. Оныншы сыныпты жақсы нәтижемен бітірді. Міне, осы мысалдан-ақ шетелден келген қандастар өз қазағынан қақпай көріп отыр деуге болады. Жетінші сұрақ: Мектептер маңы, ауласы неге абаттандырылмайды? Бұрындары біз көрген мектептердің ауласы, атырабы жасыл ормандармен, сан алуан гүл, шөптермен көмкерілген болушы еді. Мектеп маңына, ауласына келген адамдар бір жасыл ортаға келгендей болатын. Онда топтоп болып жүрген, сабақ қарап отырған қалың жасөспірімдерді көріп, жаңа дүниеге енгендей бір жасап қалушы еді. Ал, елімізде қазіргі мектептердің айналасынан ауласына дейін қу тақыр, жылан жалағандай құлазып тұрады. Оның себебі неде? Мұнда келген адамдар қарадай қарны ашып, жан дүниесі жұтап, жатырқап, құлазып кетеді. Сегізінші сұрақ: Жақсы істер неліктен мектептерден өрістеп, қанат жаймайды? Бұрында біз көрген мектептерде «үшті сүю» (Отанды, халықты, еңбекті) үндеу тәрбиесі дәстүрге айналатын. Осы өзекті мәселе қанат жайып, өнім беріп, шартарапқа жақсы істер таралып жатушы еді. Қазіргі мектептерде осы сынды маңызды тәрбие-тағылымдар қалайша жолға қойылмайды? Егер жолға қойылған болса, оның өнімі сөзсіз қоғамда көрініп, әсері мол болар еді.
«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дейді ұлы ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби. Хакім Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі, надандық. Екінші, еріншектік. Үшінші, залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы. Дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса адамнан бөлінеді. Бір жыртқыш хайуан қатарына қосылады» (38-қара сөз). Сондай-ақ қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов «Ұлт пен ұлтты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – ғылым» деген. Осы жоғарыдағы үш ғұламаның тағылымына алдымен өздеріңіз терең бойлап, жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне қолдансаңыздар.