Халықтың талабын ескермеген биліктің болашағы бұлыңғыр. Келешегі күмәнді. «Шыдамның да шегі бар» деп қазақ бекер айтпағаны анық. Соңғы уақытта ел ішінде кикілжің көбейіп тұр. Ашынған жұрттың бір бармағы бүгулі. Мұны жоғарыдағылар да сезетін сыңайлы. 4 шілде күнгі ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен мемлекеттік органдардың тәуекелдерді талдау мен болжамдық қызметін күшейту мәселесі бойынша өткен кеңесте «Кез келген мәселе уақытында шешілмесе, халықтың наразылығын туғызады», – деп Ералы Тоғжановтың айтуында үлкен мән бар.
Айта кету керек, кеңес жұмысына орталық мемлекеттік органдар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыс әкімдіктері қатысты. Күн тәртібінде мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің халықты алаңдататын сұрақтарды алдын ала болжап, оларды шешу бойынша нақты алгоритмдерді әзірлеу мәселелері талқыланды. «Кез келген мәселе уақытында шешілмесе, халықтың наразылығын туғызуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік органдар тәуекелдерді үнемі талдап, оларды шешуге әрдайым дайын болуы керек», – деп атап өтті вице-премьер. Кеңес аясында мемлекеттік органдардың жалақы бойынша қарыздары, коммуналдық тарифтер, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен өнімдердің бағасын реттеу, электр энергиясын өндіру, көмір жеткізу, ЖЖМ-мен қамтамасыз ету, қоқыс полигондары және басқа мәселелерді шешу жөніндегі есебі тыңдалды. Кеңес барысында оқу-ағарту министрлігіне және әкімдіктерге педагогтерге жалақыны уақытылы төлеуді қамтамасыз ету, ауылшаруашылығы министрлігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін өндіріс пен тұтыну теңгерімінің нақты болжамын әзірлеу тапсырылды.
Е.Тоғжанов балаларды жаңа оқу жылына дайындау маусымы жақындағанын және бұл халық шығынының ұлғаюына әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Сондықтан бағаны тұрақтандыру үшін қолданыстағы нарықтық құралдардың мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажет. Кеңес қорытындысы бойынша барлық мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктерінің алдына келесідей міндеттер қойылды: жалақы бойынша берешектің пайда болуына жол бермеу; барлық ықтимал тәуекелдерді тұрақты негізде талдау және саланың проблемалық мәселелерін шешу бойынша қадамдық іс-қимылдар алгоритмін әзірлеу; проблемалық мәселелер болған жағдайда олардың шешімін айрықша бақылауға алу; мемлекеттік органдардың ақпараттық, түсіндіру жұмыстарын күшейту, әлеуметтік желілердегі алаңдарды белсенді түрде жүргізу, сондай-ақ халықтың сұрақтарына уақытылы жауап беру.