Сайын даланың әрбір бұтасы, әрбір тасы тұнып тұрған тарих. Есік қаласынан табылған «Алтын адам» ескерткішінен бастап, Орхон-Енисей тас жазулары, әр аймақтан табылып жатқан көне сәулеттік ескерткіштер, қолөнер туындылары, бағалы жәдігерлер Қазақ мәдениеті тарихтың тым тереңде жатқанын аңғартады.
Бүгінде археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған алтын, күміс, қола, темірден соғылған бұйымдардың жасалу шеберлігі шетелдіктерді де таңғалдыруда. Мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыздың қолынан шыққан ат әбзелдері, қару-жарақтар мен сан алуан әсемдік әшекейлері баға жетпес құндылығымыз болып отыр. Ғылыми деректер Қазақстан жерінде қолөнер кәсібі алты жарым мың жыл бұрын пайда болып дамығанын көрсетеді.
Сәндік бұйымдар бізге өткен ғасырлардағы әдет-ғұрып, салт-дәстүр, халықтың хал-ахуалынан мол мәлімет береді. Мәселен, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінде сақтаулы тұрған үйсін ханшайымының алтын диадемасы біздің дәуіріміздің III ғасырындағы Орта Азия өнеріне тән. 1939 жылы Алматы қаласы маңындағы Мыңошақты трассасынан (Қарғалы шатқалы) табылған бұл жәдігер штамптау әдісімен жасалып, асыл тастармен қапталған. Ұзындығы 35 см, ені 4,7 см болатын алтын диадеманың ішкі өрісі гүлдермен әшекейленген, оған жануарлар, құстар мен адамдардың бейнелері шебер тоқылған. Осындай құнды жәдігерлердің бірнеше түрі «Ұлы Дала елі» орталығының қорында да сақтаулы тұр.
– Археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған бұл жәдігер – әйелдерге арналған әшекей бұйым. Сақ дәуіріне тиесілі. Латун және алтынның қоспасынан жасалған әшекейдің орта бөлігі жуан келген, қалыңдығы 3 мм шамалас, екі ұшы жіңішке. Бір ұшы ілгекке арналған, жалпақша келген кертігі бар, кертігінің ұшы сынған, – дейді «Ұлы Дала елі» орталығының қызметкері Д. Тауасарова.
Қолөнер – ғасырлар бойы дамып, қалыптасып келе жатқан қастерлі өнер, атадан балаға мұра ретінде бізге жеткен халық шығармашылығының сарқылмас қайнар көзі. Қазақтың зергерлік өнері қай кезде де ұлттық мәдениетіміздің тарихындағы орнын жоғалтпақ емес.