Тіршілігі төрт түлікпен біте қайнасқан ауыл тұрғындары үшін жайылым мәселесі қашанда өзекті болып келгені белгілі.
Бұл мәселені оңтайлы шешу мақсатында жуырда ғана жауапты бөлімдер мен жергілікті әкімдерге ауылды жердегі малы көп тұрғындардың төрт түлігін шалғайдағы жайылымға шығару, сондай-ақ ауылдан 5-7 шақырым радиуста орналасқан шаруа қожалықтардың иелерімен келісе отырып, иелігіндегі жерлерді мемлекет меншігіне өткізу жұмыстарын қолға алуды тапсырған болатынмын.
Аппараттық кеңесте осы мәселені кеңінен талқылап, жер қатынастары бөлімінің басшысы мен ауыл әкімдерінің сылбыр жұмысын сынға алып, жұмысты одан әрі ширата түсуді тапсырдым.
Күн тәртібіндегі күрделі мәселелердің бірі — аудан аумағындағы тозығы жеткен трансформаторлар болып отыр. Бүгінгі таңда аудан бойынша 638 трансформатор бар болса, олардың жартысына жуығы аудандық электр қуатын тарату жүйесі мекемесінің меншігінде, ал қалғандары жекеменшікке, білім мекемелеріне және ауылдық округтерге тиесілі.
Оның үстіне, аймақтағы электр бағаналарының 90 пайызының әбден тозығы жеткен. Соның салдарынан ауданда жарықтың жиі сөнуі орын алып, тұрғындарға қолайсыз жағдай туындауда. Аталған түйткілдер бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, трансформаторларды қоршау, электр бағаналарын кезең-кезеңімен жаңарту сынды жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, көктемгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстары бойынша жауапты мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне жұмысты жандандырып, кеткен кемшіліктерді жедел түрде ретке келтіруді тапсырдым.