Ақпараттың ағыны тасқын судай жайпап тұрған мына заманда, жұртты алжастырудың, дүрбелең туғызудың, бүкіл қоғамды әбігерге салудың сан алуан қитұрқы тәсілдері басылмай тұр. Оның зияны мен зардабының салмағын, қоғам алдындағы жауапкершілігі мен құқықтық тұрғыдағы жауапкершілігінің адам тағдырына әсер ететіндігін, өкінішке қарай, біраз адамдар ескермейтін сияқты. Екінші бір күдігіміз әлдебір сыртқы күштердің зымияндық жоспарларымен де қатысы бар ма деген ой келеді. Ондай сыртқы жаулардың мақсаты – ел ішінде шу туғызу, сол арқылы билік өкілдері мен лауазымды тұлғалардың қоғам алдындағы беделін әлсіретіп, қазақстандықтардың құзырлы мекемелерге деген сеніміне селкеу түсіру болса керек. Төменде сондай жалған ақпараттар туралы азырақ ой бөлісуді жөн көрдік.
«Тұтқындалған» министрлер
Жақында қазақстандық сайттардың бетінде «ҚР Премьер-министрінің орынбасары, ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Г. Гаджиев және ҰҚК-нің бұрынғы және қазіргі бір топ қызметкерлері ұсталыпты... Мұрат Нұртілеудің тапсырыспен адам өлтіру ісіне қатысы бар екен...» деген қауесет желдей есіп ала жөнелді. Дақпырттың алғаш таралған қайнары көзі «Orda.kz» ақпараттық сайты еді. Елді елең еткізген бұл «жаңалыққа» ең алдымен жауап берген ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева болды. Аида Ғалымқызы бұл хабардың жалған екендігін айтып, әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырды. Арада бірер күн өткенде СІМ-нің украиналық әріптестерімен тілдескені туралы хабарлар таралып жатты. Яғни «Orda.kz» сайты «ұстатып» жіберген министріміздің қызмет бабымен қарбалас шаруа жетегінде жүргендігі аңғарылды. Ең қызығы, 8 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жарияланатын күні болды. Парламент ғимаратына кіріп келе жатқан СІМ Мұрат Нұртілеуді көрген журналистердің таңданысы мен онан сұхбат алуға лап қойған көрінісі Жолдау алдындағы «елеулі оқиғаға» айналған еді.
Осылайша Мұрат Әбуғалиұлы 2025 жыл басталғалы бері «тұтқындалды» деген екінші министр ретінде есте қалды. Естеріңізде болса, осыған дейін Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов ұсталды деген қауесет тарап барып басылған еді. Ғаламтор кеңістігінде «2025 жылғы 10 маусымда бұрынғы Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов қамауға алынып, Астана қаласының уақытша ұстау изоляторына жеткізілді. Министрді ҰҚК ұстады. Оның қаржы жымқыруға қатысты болуы мүмкін...» деген анықтауышы да бар еді. Әуелде жұрттың сеніп қалғаны рас. Себебі жел сөздің таралуынан екі күн бұрын, нақтылап айтсақ, 2025 жылы 8 маусым күні Ақорданың баспасөз қызметі Президенттің Жарлығымен Руслан Фатихұлы Жақсылықов Қорғаныс министрі лауазымынан босатылғанын хабарлады. Дегенмен саққұлақ әріптестеріміздің біреуі экс министрдің телефонын тауып, өзіне тікелей қоңырау шалып үлгерді. Руслан Фатихұлы өзінің дін аман отбасында екендігін, қысқа мерзімді демалысқа шыққандығын түсіндірді. Әрі жалған ақпарат таратқан азаматтарды сотқа беретіндігін де жасырған жоқ... Руслан Жақсылықов «ұсталғаннан» мөлшермен екі-үш апта өткенде Ақорданың баспасөз қызметі «Мемлекет басшысының өкімімен Руслан Фатихұлы Жақсылықов Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды» деп хабарлады...
Жалған ақпаратпен күрес
Жалған ақпарат ғаламтор бетінде фейк жаңалықтар, дезинформация деген атаулармен танымал. Елімізде жалған ақпараттармен күрес саласы заңмен реттелген. Мемлекетіміз сонымен қатар ақпараттық түсіндіру жұмыстарына да баса назар аударып отыр. Осы тұста құқықтық жауапкершіліктің Қылмыстық кодекстің ішіндегі 274-бап – «Көрінеу жалған ақпарат тарату» дейтін арнаулы бөлігімен қузастырылатындығын айта кеткен жөн. Заңда белгіленген тармақтар бойынша кінәлі азаматтар «бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» немесе «үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп анық жазылған. Бұл бап әлеуметтік желілердегі, мессенджерлердегі және БАҚ-тағы жалған хабарламаларға қолданылады.
Бұған қоса 2023 жылғы қыркүйекте қолданысқа енген «Онлайн-платформалар және онлайн жарнама туралы» заңды да айта кеткен жөн. Аталған заңда жалған ақпаратты орналастыру және таратушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылған. Мұнда қылмыс құрамы мен зардабына қарай отырып 20-дан 250 AEK-ға дейін айыппұл салуға болады. Ал аталған құқықбұзушылық тағы қайталанса, кінәлі азамат қамауға алынуы мүмкін екендігі айтылған.
Жалған ақпараттармен күрестегі тағы бір жұмыс – министрлік құзырындағы «StopFake.kz», «Factcheck.kz» секілді сайттар арқылы жалған ақпараттарды жедел түрде теріске шығару. Бұдан бөлек ресми мекемелердің белгілі бір хабарларға қарата «Фейк» деген жарнамалары да жылдам айналысқа енеді. Сонымен қатар 2025 жылы тамыздан бастап ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде жалған ақпаратқа қарсы күрес жөніндегі орталық жұмыс істей бастады. Оның басты мақсаты – жалған ақпаратты анықтау және оны жоққа шығару, азаматтарды маңызды тақырыптар бойынша объективті, тексерілген деректермен қамтамасыз ету, ақпаратты жауапкершілікпен тұтыну мәдениетін дамыту.
Жалған ақпараттармен күрес қызметінде Құқық қорғау органдары да қауырт жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда Ішкі істер органдары әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді жіті бақылап, «фейк» таратып отырған адамдарды анықтаумен де айналысып жатыр. Міне, осындай қатаң бақылаулардың арқасында елімізде көптеген қылмыстың беті ашылып, қоғамға лаң салуды көздеген талай алаяқтың қолына көзір салынды.
Мемлекет бұл жалған ақпаратпен күресуде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына да айрықша көңіл бөліп келеді. Мұнда Мемлекет Басшысының ұсынысымен ресми мекемелердің барлығы әлеуметтік желілерден арнаулы парақшалар ашып, өздеріне қатысты ақпараттармен бөлісіп, қоғаммен кері байланысты қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ халықтың сауаттылығын арттыруды көздейтін түрлі дөңгелек үстелдер мен семинарлар да жиі ұйымдастырылып тұрады.
Қылмыстың өтеуі – жаза
Қысқа мақаламызда жалған ақпараттардың зардабы мен құқықтық жауапкершілігі және мемлекеттік саясаттың бағыты туралы қысқаша тоқталып өттік. Осы арада есімізде қалған бірнеше мысалдарды да айта кетейік.
Әлемді әбігерге салған COVID-19 пандемиясын ешкім ұмыта қоймаған болар. Осындай алмағайып шақта әлеуметтік желі беттерінде вакцинаның зияны мен оған қарсы тұруды насихаттайтын біраз хабарлар ерекше көзге түскені бар. Құзырлы мекемелер мұндайда қауесеттен гөрі ғылыми дәлелдер мен Денсаулық сақтау министрлігінің нақты мәліметтерін негізге алудың жөн екендігін түсіндіріп бергеннен кейін, жалған ақпарат таратумен айналысқан бірнеше азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Келесі бір мысал «Қаңтар оқиғасы» кезінде көзге түсті. Сол тұста әлеуметтік желілерде жұртқа үрей туғызатын әрі халықтың наразылығын қозғайтын түрлі қауесеттер қарша борап жатты. Кейін біржолата тәртіп орнап, жұрт тынышталғаннан кейін құқық қорғау органдары жалған хабарлама таратқан біраз адам жауапкершілікке тартылды.
Бұдан бөлек жұрттың есінде қалған «пәлен жерге жарылғыш зат қойылды» деген хабарламалар адамдарды ауық-ауық әбігерге салып тұратындығын айтпай кетуге болмас. Мысалы үшін 2021 жылы қаңтарда Ақтөбелік мектептердің біріне бомба қойылды деген хабар келіп түскен соң, қызметкерлер эвакуацияланып, біраз дүрбелеңге түскен. Көп өтпей бұл хабардың жалған екендігі мәлім болды.
2023 жылы қыркүйекте Жетісу облысы Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылындағы Н.Алдабергенов атындағы орта мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама тараған. Қатысты тараулардың қызметкерлері жедел әрекет етіп, мектепте ондай қауіптің жоқ екендігін анықтаған еді.
Ал, 2025 жылы ақпанда Атырау қаласындағы №3 мектепке жарылғыш зат қойылғаны жөнінде хабарламаның жалған екендігі анықталды. Қаскөй мұндай жалған хабарламаны сол мектептің бір мұғаліміне жолдаған. Әрі одан 80 млн теңге сұрап, банк картаның нөмірін жіберген. Өкінішке қарай, бізде мұндай ақпараттарды көптеп санауға болады екен...
PS: Шағын мақалада жалған ақпараттың зардабы мен құқықтық жауапкершілігіне тоқталып өттік. Ерекше айта кетерлігі елімізде жалған ақпаратпен күрес саласы ең әуелі заңмен нақты реттелген сала. Оның қылмыстық жауапкершілігі де оңай емес. Бұдан бөлек қоғамда жалған ақпараттардан сақ болуға шақырған үндеулер мен халықтың сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған түрлі іс-шаралардың көптеп ұйымдастырыла бастағандығы да көңіл қуантады дер едік. Алайда жалған ақпаратқа тез иланып қалатын азаматтарымыздың қатары қалың екендігін де жасыра алмаймыз. Сондықтан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығы мен құзырлы мекемелердің ақпарат таратудағы ашықтығы, жылдамдығы және қоғаммен кері байланысының маңыздылығы шешуші рол атқаратындығын естен шығармаған жөн.