Жамбылда жасалған

Жамбылда жасалған

Өңірдің экспорттық әлеуетін арттыру жобалары аз емес

Жамбыл облысы – еліміздің оңтүстік аймағындағы ауылшаруашылығына қолайлы, түстіктегі көршілерге тауар экспорттауға қолайлы аймақта орналасқан облыс. Сондықтан мұнда өндірісті, сауда-экономикалық қатынасты дамытудың перспективалық мүмкіндіктері жақсы қалыптасқан. Соңғы жылдары бұл салада ілгерілеушілік байқалады.

Қордайлық «Eco chiсken» экспортқа сұранып тұр

Ресми статистика облыс тұрғындары тұтынатын тауық етінің 67 пайызы жергілікті жерде өндіріліп, қалған бөлігі өзге елдерден жеткізілетінін көрсетіп отыр. Жалпы, еліміз бойынша да импорттың үлесі өте жоғары екендігі байқалады. Тіптен тауық етінің бір бөлігі мұхит асып АҚШ-тан келетін көрінеді. Сондықтан алдағы уақытта жергілікті тауар өндірушілерге барынша қолдау көрсетіп, жамбылдық өнімдерді экспортқа шығарудың да тиімді тетіктері қарастырылып келеді.

Antibiotic Free, Organic Chicken and Seafood – Mawai OrganicsСоңғы жылдары тауық етін өндіру, импортты алмастыру саласында өзгерістер байқала басталды. Ал Қордай ауданы бұл бағытта алғашқылардың бірі болып отыр. Біз осы мақалада «Eco chiсken» атты бройлер балапандарды өсіру өндірісі туралы айтқалы отырмыз. Жоба өндірістік кооператив түрінде іске асып отыр. Бұл – жеке кәсіпкерлер өзінің кішігірім бройлер фермаларында бірыңғай технология бойынша жұмыс істеп, нарыққа үлкен көлемде тауық етін шығарады деген сөз. Бұл бастама шағын және орта бизнес үшін өте ыңғайлы, мемлекеттің шағын және орта бизнесті дамыту саясатына сай келеді.

Аталмыш жоба мемлекет тарапынан қолдау тапқандықтан, біз өндірістік кооператив басшысы Талғат Сәрсембаевпен кездесіп, жобаның іске асу барысын біліп қайттық

– Бұл істі қолға алу бұрыннан ойымда жүрген. Біз жері кең, халқының жартысына жуығы ауылда тұратын мемлекетпіз. Еліміздің табиғи-климаттық жағдайы алуан түрлі, ауылшаруашылығын жанжақты дамытуға ыңғайлы. Ал енді осындай байлығымыз қолымызда тұрған кезде сырттан ет сатып алуды ұят деп санаймын. Әрбір жұмысты бастар алдында негізін қалап алу керек. Сондықтан алдымен жемшөп базасын жасап алу қажет болды. «Қордай жем» компаниясын ашып, мал мен құсқа арналған жем жасай бастадық. Содан кейін құс өсіруге көштік. Жалпы, құс шаруашылығы – табысы мол іс. Қазіргі заманғы технологияларды пайдаланып, өнімділігі жоғары балапандарды алсаңыздар тез өсіріп, тез семіртуге болады. Ал халықтың диеталық етке деген сұранысын ескерсеңіз, етті тіптен тез өткізуге болады, – деп атап өтті кәсіпкер.

Кооператив басшысымен еменжарқын әңгімеміз құс фермаларының бірінде өткен еді. Сондықтан құстарды өз көзімізбен көріп, қолымызбен ұстап көруге мүмкіндік алдық. Қасымызда жүрген ферма қызметкерлері барлық технологиясын айтып берді. Құс фермасы 120 шаршы метр (20х6) аумақты алып жатыр, бір фермаға 1500 құсқа дейін сыйып кетеді. Құс фермасында барлығы автоматтандырылған, жұмысшыларға арнайы бункерге жемін салып, температурасын тексеріп отырса жеткілікті. Арнайы табақтарға жем мен су автоматты түрде өзі толтырылып отырады. Равиль есімді жұмыскердің айтуы бойынша, екі сағат сайын ол фермаға кіріп, жемінің таусылып қалмауын және су түтіктерінің бітеліп қалмауын қадағалап отырады. Құс фермасында арнайы бейнекамера да орнатылған, сол камера арқылы қашықтан да бақылап отыруға болады. Құрамында 5 тауық фермасы бар кешен «Красный партизан» ықшамауданына жақын жерде орналасқан. Бұл кешеннің жұмысын екі бақылаушы кезекпен қадағалап отырады.

– Менің жұмысым – барлық көрсеткіштердің бекітілген параметрлерге сай болуын қадағалау. Температура көтерілсе, басқару панеліндегі батырманы басамын, арнайы вентиляторды қосып, ауаны салқындатып, ылғалдандырамын. Кейде су түтіктері бітеліп қалуы мүмкін, соны тазалап қоямын, – дейді Равиль.

Құс фермасындағы жұмыс циклдерге сәйкес ұйымдастырылған. Әрбір 45 күн сайын өсірілген құс сойылады. Ферманың өзі осы кезде тазаланып, дезинфекциядан өтеді. Осыдан кейін жаңа балапандар алынып, цикл қайталанып отырады. Талғат Сәрсембаевтың айтуынша, бір жылда 6 цикл өтеді. Бір құс фермасының құны – 7 миллион теңге, құрал-жабдықтар қазақстандық, қытайлық және ресейлік өндірушілерден сатып алынады. Оған қоса балапанын, жемін сатып алуға, газ бен электр қуатын төлеу үшін қаражат болуы керек. Қазіргі таңда өндірістік кооперативте 12 мүше бар. Болашақта олардың санын 100 адамға дейін өсіру жоспарланған. Сол арқылы өндірілген өнімді көбейтіп, үлкен нарыққа шығуға мүмкіндік артады.

Әрине, бірден қомақты қаражатты таба қою оңай емес, сондықтан кәсіпкерлерге мемлекеттің қолдауы зор серпін берді. Микроқаржылық ұйымдар арқылы 7 миллион теңгеге дейін 2,5 пайыз үстемеақымен несие беруге келісті. Бұл – үлкен көмек, қазіргі кезде кооператив мүшелері несие көлемін 20 миллион теңгеге дейін өсіруді сұрап отыр. Жоба облыс әкімінің жеке бақылауында, тәжірибе сәтті болса, облыстың басқа аймақтарына да тарату жоспарлануда.

– Негізі, бұл тек қана бізге пайда келтіретін жоба емес. Егер біздің кооператив кеңейіп, 100 құс фермасын ашсақ, 45 күннің ішінде 150 мыңға жуық құс өсіре алатын боламыз. Осы құстарға мыңдаған тонна жем қажет болады. Ол жемді біз өзіміздің шаруалардан сатып аламыз. Көп адамның кәсібі өрге домалайды. Мемлекеттік бюджетке қосымша салықтар түседі, өйткені өндірістік кооператив салық төлейді. Егер үлкен көлемде ет шығарып, жақсы танылып жатсақ, ірі сауда желілеріне шығып, өнімімізді соларға өткіземіз. Қазіргі кезде шығаратын өнім аз болғандықтан, олар бізбен жұмыс істегісі келмейді. Айтпақшы, алғашқы кезде біз 500 тауықты өткізе алмай әуре болған едік. Қазіргі таңда 20 мыңын өткізіп жатырмыз. Әрине, мұның барлығы үлкен еңбектің нәтижесі. Біздің кооперативтің өнімдерінің барлығы бірыңғай «Бастау» брендімен шығып жатыр. Қордайда өзіміздің фирмалық дүкеніміз де бар, – деді кооператив басшысы Т.Сәрсембаев

Бүгінгі таңда кооператив мүшелері мемлекеттік органдармен белсенді түрде жұмыс істеп келеді. Кооператив мүшелері өнімін мемлекеттік мекемелер тарапынан сатып алуға ықпал етуді сұрап жатыр. Егер осындай қолдау болса, өндірісті ұлғайтып, импортты ығыстырамыз деп уәде беріп отыр

Қазақстан мен Литваның бірлескен жобаларының болашағы жарқын

 Өңірдегі сауда-экономикалық қатынасты нығайтып, инвестиция тарту ісімен бас қатырып, жауапкершілік жүгін барынша сезінетін бір адам болса, ол – облыс әкімі. Сондықтан әкімдік қызметке жақында ғана келген аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтың алдында бұл бағыттағы жұмыстар таудай болып үйіліп жатыр. Жуырда облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Литва Республикасының Бас консулы Гвидас Керушаускаспен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады

– Біз үшін өңірлік деңгейдегі байланыстарды нығайтудың маңызы зор. Біз өзара ынтымақтастық ауқымын кеңейтуге дайынбыз, инвесторлар санын арттыруға мүдделіміз. Өңдеу өнеркәсібінде, ауылшаруашылығында, жаңартылатын энергия көздерінде бірегей жобаларды жүзеге асыруға барлық мүмкіндіктер бар, – деді Нұржан Нұржігітов.

Литва Республикасының Бас консулы облыс әкіміне жылы лебізі үшін алғысын білдірді. Ол Жамбыл облысы мен Литва арасындағы экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастығын нығайтуға ниетін білдірді.

Кездесу барысында CNC Group басшысы Норкус Ирмантас қоғамдық тамақтандыру саласында қызмет көрсету жобасымен таныстырды. Кездесуге қатысушылар мектеп оқушыларын, аурухана пациенттерін және компания қызметкерлерін ыстық тамақпен қамтамасыз етуде литвалық тәжірибені пайдалану мәселелерін талқылады.

Нұржан Нұржігітов 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішінде біздің облыс өзін қарақұмық пен күріштен басқа барлық дерлік түрімен қамтамасыз ететініне назар аударды. «Жоспарланған жоба сәтті жүзеге асса, жергілікті өнім пайдаланылып, жамбылдықтар жұмыспен қамтылуы тиіс», – деді облыс әкімі.

Тараптар өзара ынтымақтастық аясында сауда-саттық, инвестиция тарту, бизнес-жобаларды жүзеге асыру бағытында жұмыс жандана түсетініне сенім білдірді.

Инвесторлардың ұтымды ұсыныстары

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов әкімдіктің кезекті кеңестерінің бірінде инвесторлармен кездесіп, саладағы көп жайтты ортақ талқыға салды. Инвестициялық штабтың бұл отырысы «Бизнеске арналған үкімет» орталығында өтті.

Ұсынылған инвестициялық жобалардың ішінде керамогранит бұйымдар шығаратын зауыт, су электр стансасы, алтын рудасын өңдейтін өнеркәсіптік кешен құрылысы төңірегіндегі ұсыныстар көбірек қызығушылық тудырды.

Сондай-ақ, бірқатар инвесторлар инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жер телімдерін бөлу мәселелерін шешуді сұрады.

Аймақ басшысы жергілікті атқарушы органдардың инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін айтып, айтылған ұсыныстарды жан-жақты зерделеу бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, жиында штабтың өткен отырыстарында берілген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды.

Әйелдер кәсіпкерлігіне де қолдау бар

Жамбыл облыстық «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы мен «Анаға тағзым» мекемесі арасында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы жобасы аясында ісін жаңадан бастаған әйел кәсіпкерлерді, әсіресе ауылдағы бизнес-әйелдерді қолдау мақсатында үлкен жиын өтіп, онда бірлескен іс-шаралар мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжатқа облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев пен «Анаға тағзым» орталығының басшысы Эльмира Мырза-Ғали қол қойды.

Жалпы, жиында өңірдегі жұмыс істеп тұрған 33 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілерін әйелдер басқаратыны, бұл облыстағы кәсіпорындардың жалпы санының 46,7 пайызын құрайтыны, сондықтан әйелдер кәсіпкерлігін дамыту өңірлік палата қызметінің негізгі бағыттарының бірі екені айтылды. Осыған орай 2015 жылдың маусым айында палата жанынан Іскер әйелдердің өңірлік кеңесі құрылған. Биыл кеңес үш ірі жобаны жүзеге асырып жатыр

Оның біріншісі «Бір ауыл – бір өнім» деп аталады және ол – пилоттық жоба. Осы жылдың наурыз айында басталды. Жоба нарықта сұранысқа ие тауарлар мен өнімдерді жалғыз емес, бірігіп өндіргісі келетін ауыл әйелдеріне белсенді қолдау көрсетуді қарастырып, үй шаруасындағы әйелдердің болашағына жол ашады. Оған қатысу үшін кәсіпкер әйел үш кезеңнен өтуі керек, оның бірі – арнайы курстарда оқу. Және сол арқылы үйде отырып-ақ кәсіппен айналысуға мүмкіндік ашылады.

Екінші ірі жоба – сәуір айында басталған «Өз қалауындағы трансформация». Оған қандай да бір себептермен қиын жағдайға тап болып, кейін өз-өзіне келіп, аяғынан тұрып, қоғамға пайда әкелгісі келетін әйелдер қатыса алады.

Үшінші жоба – облыстық кәсіпкерлер палатасының базасында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығын ашу. Жаңадан бастаған және жұмыс істеп тұрған іскер әйелдер қаржылық емес қызметтердің толық спектрін, сондай-ақ өз жобаларын жүзеге асыруда практикалық көмек ала алады. Әртүрлі қызметтер мен кеңестерді пайдалана алады, тренингтерге қатыса алады, бизнесті дамыту стратегиясын әзірлеуде көмек ала алады. Бизнестегі ынтымақтастық пен әлеуметтік кәсіпкерліктің тиімді әдістерін меңгеру, қаржыландыруды тартуға қажетті білім алуға да мүмкіндік қарастырылады.

Орталық директоры Эльмира Мырза-Ғали «Анаға тағзым» КММ-де қызметтердің тегін көрсетілетінін, сұранысқа ие мамандықтардың қыр-сырын меңгергісі келетін кез келген қыз-келіншек жүгіне алатынын атап өтті.

– Бізде тігін курстары, аспаздық үйірме бар. Бастапқыда әйелдерге курстарда негізгі білім алуды ұсынамыз. Бізге келген көпбалалы аналар, облыстық кәсіпкерлер палатасының көмегімен бастапқы дайындықтан өткен әйелдер кәсіби деңгейде оқып, тігін немесе аспаздық өнердің нағыз шебері болып шығады. Бөлімшеге кәсіби жұмысқа әлі дайын емес, бірақ тігін тігуді, тамақ әзірлеуді үйренгісі келетін әйелдер келеді екен. Енді олар бізге жолданады. Аптасына бір рет «Анаға тағзым» орталығындағы кәсіпкерлер палатасының маманы әйелдерге кеңес беріп отырмақ, – дейді Э.Мырза-Ғали. Орталыққа қызмет алуға негізінен 17 мен 40 жас аралығындағы әйелдер жүгінеді.

– Жоспарланған жұмыстар әйелдердің әлеуетін бұдан да кеңірек ашуға септігін тигізіп, өзін-өзі жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, өңір мен еліміздің экономикасының дамуына зор үлес қосатынына сенімдімін, – деп түйіндеді сөзін кәсіпкерлердің өңірлік палатасының директоры Е.Атымтаев.

Бес айда 6,2 пайыз экономикалық өсім байқалды

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтың төрағалығымен аппараттық кеңес өткен болатын. Күн тәртібінде түрлі мәселелер қаралған жиында ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және бюджеттің атқарылуы, 6 айдағы болжамдық көрсеткіштер туралы айтылды.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, қаңтар-мамыр айларының қорытындысымен өңірде экономикалық өсім 6,2 пайызды құраған

Аталған басқарма басшысы қаңтар-маусым айларымен негізгі экономикалық көрсеткіштердің күтілу мәндеріне талдау жүргізілгенін жеткізіп, Қордай, Мойынқұм, Сарысу аудандарында инвестиция көлеміне қатысты жоспардың төмен орындалу қаупі бар екенін жасырмады.

Қаржы басқармасының басшысы Жақсылық Сапаралиев 2022 жылдың 1 маусымына облыс бюджетінің кірістері 207,4 млрд теңгеге немесе 106,1 пайызға орындалғанын атап өтті. Жалпы, облыс бойынша бюджеттік қаражаттар 208,5 миллиард теңгеге немесе 99,4 пайызға игерілген.

Жиын барысында Нұржан Нұржігітов барлық көрсеткіштер толығымен орындалу керектігін, оған мүмкіндік те, әлеует те жететінін баса айтты. Басқосуда азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың бағалары мен қамтылуы жайы да қаралды.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, облыста жыл басынан бері жалпы инфляция 8,5 пайызды құраған. Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы апта ішінде 0 пайызды, жыл басынан бері 18,5 пайызды құрап, 2 тауар түрі бойынша өсім, 2 тауар түрі бойынша төменделу қалыптасқан. Дегенмен, жалпы облыс бойынша 17 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары республикалық деңгейден төмен.

Аймақ басшысы баға әрдайым бақылауда болу керектігін баса айтып, төрт бағыт бойынша жұмыстарды күшейте түсу керектігін жеткізді.

Сондай-ақ, «Тараз» ӘКК-сы тұрақтандыру қорындағы қалған өнімге талдау жасап, қандай тауар сатып алу керектігіне ұсыныс әзірлеуі тиіс, сауда орындарындағы үстемеақы бойынша бақылауды күшейтіп, жиі мониторинг жұмыстарын жүргізуге барынша ден қою керек. 

– Дүкендер, соның ішінде әлеуметтік дүкендер барлық әлеуметтік маңызы бар тауарлармен қамтылып отыруы қажет.

Азық-түлік немесе азық-түлік емес тауарлар бойынша да бірыңғай алгоритмге сәйкес әрекет еткеніміз дұрыс.

Бағаны бақылауда ұстау – біздің жұмысымыздың басты бағыттарының бірі. Бұл тұрғыдағы жұмыстарымыздың нәтижесі тек қағаз бетіндегі көрсеткіштерде ғана қалып қоймай, оны халық сезінуі тиіс, – деп, Нұржан Нұржігітов жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. 

Жасұлан СЕЙІЛХАН, Жамбыл облысы
23.06.2022

Ұқсас жаңалықтар

АРЫСҚА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР КЕЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 28.03.2024 60
ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ – ДОМБЫРА
Дәулетбек Байтұрсынұлы - 28.03.2024 111
ОТАНСЫЗ ЖЕТІМ, ДІНСІЗ БАҚЫТСЫЗСЫҢ
Нұрлан Байжігітұлы - 28.03.2024 45
АППАРАТТЫҚ КЕҢЕСТЕ
Шу ауданы әкімдігі - 28.03.2024 35

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 339
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6441
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 8153
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6522
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 6657