12 сәуір – ғалым-геолог, академик Қаныш Сәтбаевтың туған күні. Бұл күн елімізде ғылым саласы қызметкерлерінің күні ретінде атап өтіліп келеді. Осы атаулы күнге орай Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде ғалым-геолог, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «Ғылым, зерттеулер, білім: даму тенденциялары» атты XXIV халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Университеттегі «Ғылым айлығы-2024» іс-шарасы аясында ұйымдастырылған конференцияға профессор-оқытушылар құрамы, шетелдік ғалымдар, докторанттар мен ізденушілер қатысты. Алдымен сөз алған ғылым жөніндегі проректор Әлжан Шәмшідін жиынның маңызына тоқталып өтсе, ғалым-ұстаз Сәрсенбек Монтаев Ұлттық ғылым академиясының негізін қалап, өзі соның тұңғыш президенті болған Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ғылымға сіңірген еңбегінен хабардар етті.
Конференция жұмысына қатысқан Польша еліндегі Познань жаратылыстану ғылымдары университетінің ауыл шаруашылығы ғылымдарының профессоры Роман Холубович әлемдегі және поляк еліндегі тұқым шаруашылығының дамуы туралы баяндады. Ал АҚШ-тағы Кембридж университетінің халықаралық қатынастар магистрі Калла Ли халықаралық қатынастар, политология ғылымы, соның ішінде жұмсақ саяси күш пен сандық құрылғылар туралы әңгімеледі.
Басқосуға қашықтықтан қосылған ресейлік ғалым, Ю.А.Гагарин атындағы Саратов мемлекеттік техникалық университетінің профессоры Иван Артюхов агроөнеркәсіптік кешенде жоғары жиілікті технологияларды қолдану перспективалары туралы Жәңгір хан университетінің жас ғалымы, доцент Ербол Ербаевпен бірге дайындаған баяндамасы төңірегінде ой қозғады.
Университет ғалымдарының бірі – техника ғылымдарының докторы, профессор Ермек Айталиев әріптестерін ғылым қызметкерлері күнімен құттықтап, конференция жұмысында оқылған баяндамалардың өзектілігіне назар аудартты.
Конференция жұмысы бұдан әрі институттарда түрлі тақырыптардағы секциялық отырыстармен жалғасуда.
Білім мен ғылымның ордасына айналған Жәңгір хан университетінің ғылыми жетістіктері аз емес. Соңғы бес жылдың өзінде университет ғалымдары айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. 50-ге тарта өнертабыстық патенттерді иеленді. Отандық және халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орындарымен ғылым мен білім беру саласындағы әріптестік әлеуеті артып келеді. Индустриалды-технологиялық институтының жанынан ашылған Уфа мемлекеттік мұнай технологиялық университеті өкілдігі – сондай жүйелі жұмыстардың жемісі.
Бүгінгі таңда университетте 344 профессор-оқытушы жұмыс жасайтын болса, олардың қатарында 12 профессор, 15 ғылым докторы, 25 доцент, 70 ғылым кандидаты, 47 PhD ғалымдар бар.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы