Жылжып, өтіп жатқан уақыт... Кеше ғана кемеңгер, Жер жүзіне танымал механик-ғалым, Қазақстанда машиналар туралы ғылымның негізін қалаушылардың бірі, академик Ғахип Уәлиұлымен еліміздің ғылым мен жоғарғы білім саласындағы өзгерістер мен жаңалықтарды сараға салып, талқылап отырған едік.
Соңғы жылдарда Қазақстанның ғылым саласында түбегейлі өзгерістер мен тың шешімдер орын алуда. Бастысы, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыруымен Ғылым және технологиялық саясат жөнінде жаңа Ата Заң қабылданды. Ғылыми жобаларға бөлінетін қаражат көлемі ұлғайды, ғылыми қызметкерлер мен ғалымдардың еңбекақысы көбейді, ғылыми гранттардың саны мен түрі көбейді, ғылымға жастарды тартудың жолдары қолға алынды. Механика ғылымы іргелі ғылыми бағыт ретінде мемлекет тарапынан жеке бағдарламалар арқылы қаржыланып отыр.
Осындай түбегейлі шешімдердің ішінде көргені көп академик Ғахип Уәлиұлының көңіліне жаққаны – ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізу жолдары, сол үшін ғылыми институттардың материалдық базасын арттыру және заманауи дамыған ғылыми жабдықтармен қамтамасыз ету, жастарды ғылымға тарту болды. Бірде ол кісінің «Амандық, сенің Механика және машинатану Институтына келгенің жақсы болды. Институттың болашағы анықталды, базасы күшейіп, қажетті ғылыми жабдықтар алынып жатыр. Ғылыми тәжірибені жолға қойып, талай машина, механизмдер мен роботтардың түпнұсқаларын жинап, сынап жатырсыңдар. Институтта жұмыс істейтін қызметкерлердің жартысынан көбі жастар болды», – деп ағынан жарылғаны есімде.
Академик Ғ.Уәлиев – ғылым жолында өндіріске қажетті нәтижелерге көп көңіл бөлген, оларды пайдаға асыру жолдарын меңгерген тәжірибелі ғалым. Оның көптеген ғылыми зерттеулері СТБ автоматты тоқыма станоктарымен байланысты. Бұл тоқыма станогі Германияда жасалған, оны біздің елде меңгеру және пайдалану жолында қиындықтар болды, соның бірі «утаканың» өте жоғарғы жылдамдықпен ұшқан кезінде жіптің үзіле беруі. Осы есепті шешу үшін С.М.Киров атындағы ҚазМУ мен А-3698 п/я пен (Новосибирск қ.) ҒЗТКЖ-ға келісімшарт жасалды. Осы ғылыми топты басқаруды ректор, академик Өмірбек Жолдасбеков жас ғалым Ғахип Уәлиұлына тапсырды. СТБ автоматты тоқыма станоктарының қондырғыларының қозғалысын математикалық модельдеу және информациялық-өлшеуіш, бақылау-тіркеу және басқару қондырғылары мен арнайы құралдарды тапсырушының конструкторлық бюросымен бірге жасауда да едәуір ғылыми жетістіктерге қол жеткізді, мәселе шешілді. 1980 жылдары ССРО-да арнайы басқару жүйесімен және бақылау приборларымен жабдықталған СТБ станоктары жасалды. 1982 жылы Ғ.Уәлиевке осы саладағы ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстары үшін ҚазССР-ның ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді.
Жаңа құрылғылар мен тетіктерді жасау және оны өндіріске енгізу көп түсті приборлармен, технологиялық процестерді бақылау және басқару құралдарымен жабдықталған патент алуға мүмкіндігі бар автоматты тоқыма станогын жасауға мүмкіндік берді. Бұл станок ССРО-ның өнертабу және жаңалықтар ісі жөніндегі Мемлекеттік комитетінде (протокол №53. 18.08.85) Италия, Германияда, Мексика, Франция және Швейцария мемлекеттерінде лицензия сату және экспертті қорғау мақсатымен патенттік рұқсатқа ие болды.
Ғ.Уәлиев Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының «Легпром» Инженерлік орталығының бағдарламасы бойынша жеңіл өнеркәсіптегі машиналардың технологиялық процестерін автоматтандырудың жаңа құралдарын жасады. Тоқыма машина жасау өндірісімен бірлесе отырып жасаған осындай ғылыми-практикалық еңбегі үшін оған ССРО Орта машина жасау министрлігінің Құрмет грамотасы табыс етілді (1984 ж.). 1986 жылы «СТБ көп түсті приборлы станок-автоматтарының механизмдерінің теориясы мен оны жетілдіру әдістері» атты тақырыпта докторлық диссертациясын табысты қорғап шықты.
Ғ.Уәлиевтің өзінің айтуынша, оның ғалым-механик болып қалыптасуына үлкен әсерін тигізген – академик Өмірбек Жолдасбеков. Ұстазының бағытымен Мәскеуге оқуға барған жас маман, әлемге белгілі К.В. Фролов (Мәскеу), С.Н.Кожевников (Киев), И.И.Вульфсон (Санкт-Петербург), Я.И.Коритысский (Мәскеу) сияқты ғалымдардан дәріс алып, олардың ғылыми еңбектерін меңгерді. Бұл болашақта Ғахип Уәлиұлын механизмдер мен машиналар динамикасы, күрделі электромеханикалық жүйені математикалық модельдеу, серпімді түйінді машина және механизмдер динамикасы саласы бойынша дүниежүзінде және ССРО-да танымал, жетекші ғалым-механик ретінде қалыптастырды. Ол тәуелсіз қозғалысты иінтірек және жұдырықшалы механизмдердің математикалық модельдерін құрудың автоматизациялау әдістерін, алғаш рет қозғалысы сызықты емес үзбелі коэффициентті дифференциялық теңдеумен сипатталатын айнымалы құрылымды механизмдердің қозғалыс заңдылықтарын анықтаудың жаңа әдістемесін ұсынды, машиналар механикасын зерттеуге арналған приборлар, датчиктер және жабдықтар, ақпаратты және бақылаушы-тіркеу қондырғылары мен құралдарын жасады. Жоғары ғылыми және ғылыми-педагогикалық мамандар даярлауға белсенді түрде араласты. Оның жетекшілігімен машина және механизмдер теориясы саласында 20 кандидаттық, 10 докторлық диссертация қорғалды. Сол жылдары Ғ.Уәлиев еліміздің ғылым мен жоғарғы білім жүйесінде ҚазМУ-дің механика кафедрасының меңгерушісі (1973-83; 1995-99), механика және қолданбалы математика факультетінің деканы (1983-89), ғылым жөніндегі проректоры (1989-92) қызметтерін абыроймен атқарды.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік мекемелерді жаңадан қалыптастырып, соның ішінде, ғылымды дамыту және ғылыми мамандарды дайындау мен аттестациялау жүйесін құру қажет болды. Соның басында Ғ.Уәлиев тұрды, 1992-95 жылдары ҚР ЖАК төрағасының орынбасары болып жемісті қызмет атқарды, тәуелсіз Қазақстанда ғылыми мамандарды дайындау жүйесінің іргесін қалады.
Ғахип Уәлиевтің 2002-2008 ж.ж. Механика және машинатану ғылыми-зерттеу институты директоры қызметіне жеке тоқталған дұрыс. Қазақстанның тәуелсіздігімен қатар құрылған бұл институттың бірден аяққа тұрып кетуі оңай болмады, материалдық базасы, машиналар мен механизмдер жасауға, механикалық және техникалық сынақтарға құрал-жабдықтар тапшы болды. Институттың жұмыс істейтін тұрақты орны болмады, көшіп-қонып жүрді. 2002 жылы бас директор болып келген Ғ.Уәлиұлы институттың орнықты орын табуына ықпалын жасап, «Ғылым ордасы» ғимаратына орналастырды.
Академик Ғахип Уәлиев өмірінің соңғы күніне дейін институт лабораториясында қызмет етті, өзінің атындағы «Машина және механизмдер динамикасы» лабораториясының ғылыми бағытын және материалдық базасын дамытты. Ғ.Уәлиевтің жетекшілігімен «Динамикалық сипаттамасы жетілдірілген механизмдерді жобалау» тақырыбындағы ғылыми жұмыс қолданбалы ғылыми зерттеулер бағдарламасы (2016-2022) бойынша жасалды. «Робототехникалық жүйелердегі жоғары класты механизмдер негізінде айнымалы құрылғыларды жобалау» ғылыми гранты бойынша орындаушы және жетекші болды.
Соңғы жылдары Ғ.Уәлиев өз шәкірттерімен орындарының функциялары сызықты емес жоғары класты механизмдердің анализі мен синтезінің аналитикалық әдістерін жасау бойынша ғылыми ізденістік жұмыстарын жүргізді. Мұнда голономды емес байланыстардағы механикалық жүйенің қозғалысы құраушы бөліктердің қозғалыс заңдарын және кинематикалық жұптардағы реакцияларды анықтайтын байланыс теңдеулерімен шешіледі. ЖКМ орнының функциясы бірегей анықталмағандықтан, дифференциалды және алгебралық теңдеулер жүйесін шешуге тура келеді. ЖКМ динамикасының теңдеуінде байланыс теңдеулерін тек қана анық емес түрде жазуға болатындықтан, анықталмаған көбейткіштері және артық координаталары бар Лагранж теңдеулерінің ерекше түрін пайдалануды ұсынады. Бұл жұмыстардың нәтижелері жоғары класты механизмдерді динамикалық синтездеудің және жобалаудың практикалық әдістерін жасауға бағытталған. ЖКМ манипуляциялық жүйелерде кеңінен қолданыс табуда.
Ғ.Уәлиев 2022-2025 жылдарда орындалатын фундаменталды зерттеудің «Функционалды тәуелсіз қозғалтқышты параллель манипуляторларды анализдеу және синтездеу әдістерін жасау» ғылыми бағдарламасы бойынша «Механиканың және машинатанудың теориялық мәселелері» бағыты бойынша ғылыми жұмыстар жүргізді, ол «ПМ ФНП-ның құрылымдық кинематикалық анализдеу және синтездеу, кинетостатикалық және беріктігін есептеу әдістерін жасау және оларды эскиздік жобалау» ғылыми жобаның жетекшісі (2018-2021 ж.ж.) болды.
Ғ.Уәлиев жоғары ғылыми және ғылыми-педагогикалық мамандар даярлауға белсенді түрде қатысып келді. Міне, осындай жолдарға кафедра меңгерушісі (1973-83) және (1995-99), механика және қолданбалы математика факультетінің деканы (1983-89), ҚазМУ-дің проректоры (1989-92), ҚР ЖАК төрағасының орынбасары (1992-95) болған жылдарын жатқызуға болады. Ол Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті физика-математика факультетінің деканы (1999-2002 ж.ж.), 2002-2008 ж.ж. Механика және машинатану ғылыми-зерттеу институты директоры, 1999-2015 жылдары Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Механика және қолданбалы физика кафедрасының меңгерушісі. 2016 жылдан Абай атындағы ҚазҰПУ құрметті кафедра меңгерушісі. Ол 1985 жылы «ССРО жоғары мектебінің үздігі», ал 2000 жылы «Қазақстан Республикасы білімінің үздігі», медальдарымен марапатталды.
Академик Ғахип Уәлиұлының машина және механизмдер ғылыми саласын, Қазақстан ғылымы мен жоғарғы оқу мектебін дамытуға, ғылыми-техникалық мамандарды дайындауға қосқан үлесі зор. Академик қалдырған ғылыми мұра, еңбектері ғылымның әрі қарай дамуына, жастардың білімді меңгеруіне өз ықпалын тигізеді деп сенемін.