2025 жылғы 29-30 мамырда Астанада өткен Астана халықаралық форумы (AIF) әлемдік көшбасшылар, сарапшылар мен бизнес өкілдерін біріктіріп, жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұруда көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды. Форумның басты тақырыбы – «Ойларды біріктіру, болашақты қалыптастыру» – қазіргі заманның күрделі мәселелерін шешуде бірлескен әрекеттердің маңыздылығын айқындады. Осы форумда жасыл экономика мәселесі де талқыға түсті.
Климаттың өзгеріп, ресурстардың түгесіліп бара жатқаны әлем халықтарын, соның ішінде бизнесті тұйыққа тіреп отыр. Көміртегі шығарындылары мен басқа да ресурстарды тиімсіз пайдалансақ, осы әрекетімізбен экожүйеге қауіп төндіреміз. Экологиялық факторларды ескермейтін компаниялардың көміртегі салығы енгізілген Еуропалық одақ сияқты нарықтарда бәсекеге қабілеттілігін жоғалту қаупі бар. Ал «жасыл» экономика табиғи ресурстарды тұрақты пайдаланып қана қоймай, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға ықпал етеді. Осы арқылы табиғат ластануының алдын алуға болады.
Халықаралық «жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының басқарма төрағасы Дидар Қарымсақов былай дейді:
«Елімізде жаңартылатын энергия көздері секторы жедел дамып келеді. Бүгінде энергетикалық баланстағы ЖЭК үлесі 4,5%-ды құрайды. Енді осы көрсеткішті 2030 жылға қарай 15%-ға, 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізу міндеті тұр. Бұдан бөлек, Жамбыл облысындағы Қордай жел электр стансасы, Алматы облысындағы күн стансалары сияқты ірі жобалар іске асты. Еліміз Еуропалық одақтың көміртегі реттеуіне (CBAM) сәйкес келетін көміртегі салығын енгізуге дайындалып жатыр. Мұны біз елдегі компанияларды «жасыл» технологияларды енгізуге, көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға ынталандыруға бағытталған қадам деп түйдік.
Елде «жасыл» технологияларды қолдаудың маңызды элементі саналатын GCIP-Kazakhstan бағдарламасының болашағы баянды. GCIP-Kazakhstan – таза технологиялар саласындағы стартаптарды қолдауға бағытталған бірегей бағдарлама, елімізді қоса алғанда 16 мемлекетті қамтитын жаһандық бастаманың бір бөлігі. Бағдарлама инновациялық «жасыл» шешімдерді әзірлейтін стартаптарды қаржыландырып, сараптама алуға, халықаралық нарықтарға шығуға көмектеседі.
– Бағдарламадан өткен жеңімпаздарға 3 млн теңгеге дейін грант беріледі. Сондай-ақ стартаптарға Global Cleantech Days, БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі Жөніндегі Конференциясы (COP29) сияқты жаһандық іс-шараларға қатысуға міндетті түрде қолдау көрсетіледі. Бағдарламаны іске асыру аясында өткен екі жылда 200-ден астам өтінім берілді. Оның ішінде 10 стартап грант алып, бірнеше халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды. Мысалы, Ozen-М стартапы Аустриядағы Global Cleantech Days 2024-те 2-орынға ие болды. Демек бұл – стартаптарды танытып, бүкіл әлемде инвесторлармен, серіктестермен байланыс орнатуға тамаша мүмкіндік, – деп түйіндеді Д.Қарымсақов.
Қазақстанның жасыл экономика моделіне көшуі – елдің орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз ету стратегиясының негізгі элементі.