ЖЕЛТОҚСАН – ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНЫҢ ЕРІК-ЖІГЕРІМЕН ЖАСАЛҒАН ҰЛЫ ЕРЛІК

ЖЕЛТОҚСАН – ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНЫҢ ЕРІК-ЖІГЕРІМЕН ЖАСАЛҒАН ҰЛЫ ЕРЛІК

 

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі – әр қазақтың жүрегінде. Әсіресе, сол тығырыққа тірелген тұста елім, жерім деп, жаураған жүрегін қолына ұстай айқайлап алаңға шыққан кешегі жастардың, бүгінгі аға буынның мәңгі көкейінде.

Иә, Желтоқсан – қазақ жастарының жастық жігерімен, тегеурінді күш-қайратымен жасалған ұлы ерлік. Оған қатысқан жас қазақтардың тағдыры да оңай болмады. Оқудан, жұмыстан қуылды, түрменің азабын тартқандар да аз болған жоқ, денсаулығынан айырылғандары қаншама! Ал, Желтоқсан қанша ауыр болса да, биліктің назарынан тыс қалған тақырып болып отыр. Белгілі ақын, көрнекті журналист-зерттеуші «Желтоқсан: рух дауылы» кітабының авторы Болат Шарахымбаймен осы мәселелер жайында әңгімелескен едік.

 

Шаштан сүйреді, итке талатты, мұздай су шашты...

 

 

 Болат аға, сізді Желтоқсан көтерілісіне қатысушы ретінде жақсы білеміз. Сол бір қабағына мұз қатқан ызғарлы күндерге қайта оралып, еске түсірейікші. Алаңға қалай тап болдыңыз?

 Ол кезде мен студент едім. Қазақстан Орталық Комитетінің кезектен тыс V пленумы өтіп, еліміздің ең беделді адамының бірі Д.Қонаевты шұғыл түрде құрметті демалысқа шығарып салып, орнына қазақ ортасына бейтаныс ресейлік Г.Колбин дегеннің сайланғаны туралы хабарды күндізгі сағат 12-лерде досымнан естідім. Естігенде, төбемнен жай түскендей болды, лықсып келген ашуым көмейіме тығылды. Өйткені, елге ерекше еңбегі сіңген адамды қызметінен оп-оңай шеттетіп, орнына көлденең біреуді отырғызудың себебін түсінбедім. Ол маған шектен шыққан кемсіту, ар-намысты аяққа таптау сияқты көрінді. Мәскеудің мұнысы қазақтың ұлттық сезімімен ойнау, қасақана жасалған қиянат еді. Республика өміріндегі ең маңызды мәселеде жергілікті халықтың пікірімен санаспай қалай өз бетінше шешім қабылдауға болады – біз осыны түсінбедік.

Алаңға кешке кездейсоқ тап болдым. Қасымда Талғат Жұмабеков, Барлыбек Тынбаев сияқты достарым бар еді. Күн ызғар шашып тұрды. Әлден уақыттан соң жаурай бастадық. Сосын жігіттер ертеңіне алаңға қайта шығатын болып сөз байласып, тарадық.

Уәде бойынша мен ертеңіне, яғни 17 желтоқсан күні таңертең алаңға қайта келдім. Бұл кезде сағат 10-даршамасы еді. Жан-жақтан ағылған жастар алаңға толассыз кіріп жатты. Алаң теңіздей толқып тұрды. «Қазақ басшы!», «Долой Колбина!» деп айқайладық. Қонаевтың өзі шығып сөйлесін деп талап қойдық. Шерушілер барған сайын молайып, жағдай күрделене түсті. Сағат кешкі 5-тер шамасында Назарбаев, Камалиденов, Мұқашев, Елемесов, генерал Нұрмағанбетов бастаған бюро мүшелері мінбеге көтеріліп, кезегімен сөйлей бастады. Олар басу айтудың орнына, доң-айбат көрсетіп сөйледі, жастарды жатақханаға қайтуға көндірмек болды. Одан ештеңе шықпады. Мінберге қарай атылған қар жентіктері жауып кетті. Дөкейге да жан керек екен, пальтоларының жағаларын көтеріп, қолдарымен жүздерін көлегейлеп, шегіншектеп бұрышқа тығылды. 

Қас қарая бастады. Осы кезде күтпеген жерден қарулы солдаттар лап қойды. Осыдан кейін алаң селдей тасып жүре берді. Солдаттар қыз-жігіт деп қараған жоқ, алдында тұрғанның бәрін қоғадай жапырды. Небір сорақылықтардыкөзіміз көрді. Жап-жас қыздар мен жігіттерді резеңке сойылмен ұрып құлатып, жабылып тепкілегенін де, шаштаналып сүйреп, итке талатқанын да, мұздай су шашқанын да, өңменнен өтердей суықта мұздай жерге отырғызып қойып, соққының астына алғанын да, тіпті арықта құлап жатқан бір өрімдей қызды көмектесудің орнына, бас-көзге қарамай тепкілегенін, оның бет-аузын қан жуған кейпін де көз көрді. Мұны көріп, ызадан жарылып кете жаздадық...

 Сіздің бір қазақ қызына араша түсемін деп, жазалаушылармен арыстанша айқасқаныңызды естеліктеріңізден оқыдық. Өзіңіз құтқарған сол қыздың кейінгі тағдырынан хабарыңыз бар ма?

 Өкінішке орай, ол қызды содан кейін кездестірген емеспін. Сол күні солдаттардың шеңгелінен аман құтылды ма, жоқ па – оны да білмеймін, мүлде бейхабармын. Әрине, оның тағдыры мені алаңдатқаны рас.  Қайткенде де, қазақтың қаршадай қызы ғой. Қайбір жылы «Желтоқсаншы қыз, сен қайдасың, аман-есен жер басып жүрсең, хабарлас!» деп баспасөз арқылы сұрау салып, іздестіргенім де бар. Бірақ, хабарласқан ешкім болған жоқ, тым-тырыс.

 

 

Қорланған, зорланған 168 адам қаза тапқан

 

 

 Қолға түскендерді қала сыртындағы қоқыс төгілген жерлерге апарып тастапты деген әңгіме айтылады. Қорланған, зорланған қыздар туралы да алып-қашпа әңгіме көп. Сіз бұған не дейсіз?

 Иә, адам сенгісіз нәрсе. Алайда, бұлар алып-қашпа әңгімелер емес. Алаңдағы қақтығыс кезінде ұсталған шерушілерді арнайы дайындалған жүк машиналарына тиеп, қоқыс төгетін полигондарға, адам сирек баратын сай-салаларға апарып төгіп тастаған. Өз басымнан өткен оқиға бойынша мысал келтірейін. Мен, жоғарыда сөз еткендей бір қызға араша түсемін деп, ұсталып қалдым. Екі жендет мені сүйреп апарып, машинаға мал сияқты лақтырып салды. Мен өлген шығармын деп ойлағам. Жоқ, адам жаны сірі болады екен. Бағыма қарай, мен милиция қызметкерлерін алып жүретін пазик-автобусқа тап болыппын. Бір кезде автобус жолға шықты. Бізді күзеткен екі милиционердің екеуі де өзіміздің қаракөздер екен. Қызметтік міндеттерін адал атқарып жүргендей көрінгенімен, қандастарына жаны ашитын сияқты. Соны сезіп, сәл есімді жиған соң оларға жақындап, көшеде кездейсоқ қолға түскенімді, үйде жап-жас келіншегім жалғыз күтіп отырғанын, кішкентай балам барын тәптіштеп айтып, жіберулерін өтіндім. Олар жібергісі келмеді, әрине. Алайда, мен де өлердегі сөзімді айтып болмадым. Бір кезде олардың мейірі оянды, бір көшеден өте бергенде түсіріп кетті. Қараңғыда қай жерде тұрғанымды бірден түстеп тани алмадым. Бажайлап байқасам,«Каменка» елді мекеніне кіре беріс тұс екен. Өлдім-талдым дегенде Ташкент-Сайын көшелерінің қиылысына жеттім. Әл-дәрменім құрып, ары қарай жүруге шамам жетпей, жол жиегіне отыра кеттім. Одан арғысы еміс-еміс қана есімде. Бір «Жигулидің» тура жаныма келіп тоқтағаны, одан бір ақсары жігіттің түсіп, қолтығымнан демеп машинаның артқы салонына отырғызғаны, жөн сұрағаны, тұратын жерімді айтуға әлімнің әрең келгені бүгінде бір көрген түс сияқты. Бар болғыр, менің құтқарушым болған жігіт, ләм-мим деместен Баянауыл-Матросовадағы жалдамалы пәтеріме жеткізіп салды.

Осыдан соң жас қазақ қыз-жігіттерін Алматы маңындағы қоқыстарға малша маңыратып апарып тастағанына қалайша сенбейсің! Жай ғана апарып тастаса жақсы ғой, қала сыртына барған  соң білгендерін істеген, қорлаған, зорлаған оқиғалар да болған. Тіпті оған да қанағаттанбаған, бір топ қызды тыржалаңаш шешіндіріп, қарға отырғызып қойған. «Сайқалдар, енді қазақ баласын тумайтын боласыңдар!» деп айқайлаған. Бұдан өткен фашизм бола ма?! Мысалы, кәмелеттік жасқа толмаған Эльвира атты қызды бір орыс милиционер Цирк маңындағы қалың ағаш арасына күштеп апарып, зорлап, есінен айырылған күйінде қар үстіне тастап кеткен. Бұл жантүршігерлік оқиға туралы баспасөзде жазылды, көп сөз болды. Бірақ, оның рас-өтірігін тексеруге тиісті орындар ешқандай әрекет жасамаған. Қылмыс сол күйі ашылмай қалды. Сол секілді Алматы мақта-мата комбинатында жұмыс істейтін Шолпан Орашева атты жас келіншек Абай даңғылында соққыға жығылып, толғағы қысқан соң Төле би бойындағы ауруханаға жеткізіледі. Бірақ, орыс дәрігерлер аяғы ауыр келіншекке көмек көрсетуден бас тартады. «Орысқа қарсы шыққан демонстрантқа көмек бермейміз» дейді үзілді-кесілді. Сөйтіп, дер кезінде дәрігерлік көмек алмаған келіншек сол күні ауруханада қиналып қайтыс болады. Бұл туралы да баспасөзде жазылды. Бірақ, тиісті орындар ешқандай шара қолданбаған. Төлеген деген досымды Қаскелең жаққа апарып, бір топ жігіттермен бірге шалажансар күйде жерге көміп тастапты. Есін жиғанда қараса, көзінің алды қап-қараңғы дейді. Топырақ астынан әрең дегенде шығып, қалаға жету үшін екі күн жүрген. Өлгендер қатарында саналған Ақкүміс деген қызды мәйітханаға апарып тастаған. Ол екі күн мәйіттердің арасында жатып, есін жиған соң,одан өз бетімен сүйретіліп шыққан. Тағы бір білетін дерегім, шеру кезінде қолға түскен  ҚазПИ-дің бір студент қызына прокуратура қызметкері: «Бір күн менімен түнеп шықсаң, саған көмектесемін, әйтпесе атыласың», – деп бопсалаған. Бұл оқиға да баспасөзде жарияланды. Біраққоғам тарапынан ешбір қозғалыс болған жоқ. Кейін Желтоқсан оқиғасы бойынша құрылған Парламент комиссиясының қорытынды тұжырымында алаңдағы қақтығыста 168 адамның опат болғаны жөнінде дерек мәлім болды. Өкінішке орай, ол да жабулы қазан күйінде қалды. Айта берсең, мұндай сорақылықтар өте көп. Алайда, күштік органдар бәріне көз жұмып қарады. Бұдан кейін заңды қадағалау органдарына қалайша жайбарақат қарауға болады?!

 

Көтерілістен соң «қазақ аулау» басталып, 

олар қуғынға ұшырады

 

 

 Әңгімеңізге қарап отырсақ, Желтоқсан нағыз қанды қырғынның алаңы болыпты. Одан сіз қалай аман қалдыңыз?

 Қалай аман қалғанымды өзім де білмеймін. Періштем қаққан шығар. Алаңда өрт сөндіруші машиналар пайда болып, шерушілерге су шашып өткенде мен сол судың астында қалдым. Үсті-басым малмандай болғаны өз алдына, бас киімімнің қайда қалғанын білмеймін. Күн болса азынап тұр. Ауырып қалуым оп-оңай еді. Осы кезде қайдан пайда болғанын, бір қыз келіп мойнындағы бөкебайымен су-су басымды орап берді. Бәлкім, ол қыз бейнесінде келіп құтқарған менің ақ қанатты періштем шығар... Сол сияқты жол жиегінде өлімші хәлде жатқанымда құтқарған жігіт те жүргізуші бейнесінде көрінген періштем болуы мүмкін ғой. Иә, бүгінде ештеңеге таңғалуға болмайды.

Ертеңіне адам аулау басталды. Жазалаушыларға ешкімді аямау туралы бұйрық беріліпті. Жүрегі қан жылаған қазақ жастарының аянышты хәлдері күні бүгінге дейін көз алдымда. «Үш әріптің» құрығына іліккен біраз жора-жолдастар мен таныстар қуғынға ұшырады, оқудан шығып қалды, жұмыстан қуылды. Кейін кейбіреулері не ауылына бара алмай, не қалада қала алмай қаңғыған бұралқы иттің кейпін кешкенін өз көзіммен көрдім. Солардың біразы жоғарыдан бір жылы сөз естімей дүниеден өтіп кетті...

 Тарихта өз халқының азаттығы үшін жанын құрбан еткендер аз болған жоқ. Бұрынғыны айтпағанда, кешегі Желтоқсан  86 соның жарқын бір мысалы. Бірақбүгінгі жаңа Қазақстанның жастары Желтоқсанның батырлары туралы көп біле бермейді. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

 Желтоқсан көтерілісін жасаған  біздің буын, өткен ғасырдың 60-70 жылдар жастары. Нағыз батыр ұрпақ. Бірақ олардың батыр болғанынан не пайда,  өкшесін басуға тиіс іні-қарындастары олардың бірде-біреуін танымайды, атын атап, түсін түстеп бере алмайды. Иә, бүгінгі ұрпақ бейбіт заманда өмір сүргенді ұнатады, алайда осы заманды өз қолымен жасап берген, қасық қанын төккен, жанын қиғанқайсар ағалары мен апаларын білмейді. Желтоқсан батырларын  танымайды. Батыр ағаларына қарағанда елтонаған тонаушылар мен ұрыларды, бандиттер мен қарақшыларды көбірек таниды. Масқара деген осы емес пе?!

Желтоқсан – жас қазақтардың ерік-жігерімен жасалған ұлы ерлік, ата-баба өсиетіне адал екендіктерін танытқан өшпес ерлік. Ең өкініштісі, біз Желтоқсан қаһармандарының жаппай жасаған осы ерлік ісін Ерлік мектебі ретінде пайдалана алмай отырмыз. Біз Отан соғысы, Ауған соғысы, Чернобыль қасіретін айтамыз. Сөз жоқ, ол соғыстарда да ерлік жасалды. Бірақ, ақиқатына жүгінейікші, қазақ ұлты үшін нағыз ерліктің үлгісі – Желтоқсан ғой! Неге десеңіз, біздің қыз-жігіттеріміз Желтоқсанда ұлт мәселесін көтеріп алаңға шықты, айқайлап теңдік сұрады, сол үшін таяқ жеді, итке таланды, ақырында тағдырлары тас-талқан болды. Жүз шақтысы сотталды, түрменің азабын тартты. Бірақ, соның бәрін біле тұра оны мойындауға биліктің ықыласы жоқ.

Керек десеңіз, Қазақ елінің тәуелсіз ел болуына, аяғынан тұруына қатысы бар желтоқсаншыларды мемлекеттің өзі кеудесінен итеріп отыр. Желтоқсаншылар бізді  мемлекет ресми мойындамай отыр деп қынжылатыны сол себептен.

 Сонда Желтоқсанда қазақ жастары алаңға өз еріктерімен барды дегіңіз келеді ғой? 

 Иә, Желтоқсан – алаңға шыққан қазақ жастарының жаппай қаһармандығының көрінісі. Ол жерге ешкім де «шақыру қағазымен» барған жоқ, есіктен санап кіргізген жоқ. Алаңда шеруге шыққандардың барлығы өз еріктерімен, өз жүрек әмірімен барды. Өз ерік-жігерлерініңарқасында қақаған ызғарға қарамай үш күн тұрды. Ұлт мәселесінде жастар бірауызды болды. Осыдан асқан ерлік бола ма?!

 

Көзі тірі қаһармандарды жастармен кездестір, өнеге ет!

 

 Бүгінгі ұрпақтың Желтоқсан туралы түсінігі өте таяз, ақпараты аз. Тек Қайрат Рысқұлбеков сияқты бір-екі адамнан басқаны білмейді десе де болады.

 Желтоқсан айы басталғанда бізді түрлі мекемелер, мектептер, ЖОО-ы кездесулерге шақырады. Шақырған жерден қалмауға тырысамыз. Сонда қай мекемеге барсаң да,ұрыс алаңында шейіт болған үш-төрт ұл-қыздардың суреттері ғана тұрады. Тіпті соған етіміз үйреніп кетті. Олар кімдер? Олар – Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сабира Мұхамеджанова. Желтоқсан қаһармандары дегенде, бүгінгі жастар осы төртеуінен басқа ешкімді білмейді десе де болады. Кездесу барысында ұсынатын сахналық көріністерде де негізінен осы төрт кейіпкермен шектеледі. Рас, бұлардың төртеуі де қайсарлықпен, қаһармандықпен ажал құшты, нағыз ерлерше жас жандарын құрбан етті. Оны мойындаймыз және құрметтейміз. Бірақ біздің арамызда көзі тірі Желтоқсан қаһармандарының жүргенін неге ескермейміз? Олардың істеген ерлік істері құрбан болғандардан бір де кем түспейді. Өмірден озғандарының артынан сөз айтпау керектігін біз де жақсы білеміз, жандары жаннатта болсын!Алайда, ұлтты, ұрпақты тәрбиелеуде бізге көзі тірі қаһармандардың да керек екенін естен шығаруға болмайды. Тек қақтығыс кезінде шейіт болған батырлардың суреттерін іліп қойып, солар туралы ғана айта бергенше, көзі тірі қаһармандарымызды да жас аудиториямен кездестіріп, болған оқиғаны өз аузынан тыңдату әлдеқайда әсерлі, пайдалырақ болар еді деп есептеймін.

 Сіздің біраз уақыттан бері арамызда  аман-есен жүрген көзі тірі Желтоқсан батырларына Халық Қаһарманы атағын беру туралы ұсыныс айтып жүргеніңізден хабарымыз бар. Соған тағы бір тоқтала кетсеңіз.

 Мен бүгінде көзі тірі жүрген Желтоқсан батырларына Халық Қаһарманы атағын не үшін беру керек, оған кімдер лайық және жастарымызды тәрбиелеуде көзі тірі батырларымыздың арамызда жүруі қаншалықты тиімді және оның қандай пайдасы бар екенін тәптіштеп жазып, бірнеше рет баспасөзде жарияладым. Оны бұл жерде қайталап жатқым келмейді. Ең бастысы, бізге Желтоқсаннан үрейленбеу керек, керісінше құрмет көрсетуді қолға алуымыз керек. Керек десеңіз, Желтоқсан көтерілісіне мүлде жаңа мінез, жаңа көзқарас, жаңа қарым-қатынас қажет.  «Отанға, ұлтқа қызмет ету  білімнен емес, мінезден» деп Әлихан Бөкейхан айтқандай, ұлттың мінезін қайта тәрбиелейтін уақыт жетті. «Қазақ тәуелсіздік үшін ештеңе істеген жоқ» деп ұлтты жерге ұра беруге болмайды. Қайта қолдап, арқадан қағып, оның қаншалықты ержүрек батыр екенін есіне салып, қолтықтан демеу керек. Сонда қазіргі басқа түсіп отырған қиындықтарды да оңай еңсеріп шығуға септігі тиеді. «Ауруын жасырған – өледі» деген сөз бекер айтылмаған. Ол үшін Желтоқсан туралы әрдайым жүйелі, ашық әңгіме қажет. Біз қандай мәселеге де байыппен, асқан төзімділікпен, сақтықпен қарайтын халықпыз. Ал, арамыздағы көзі тірі желтоқсаншыларымызға Қаһарман атағын беру жас ұлттыңелім, жерім деген асқақ мінезін тәрбиелеуде аса жауапты да қажетті алғышарт болатыны сөзсіз.

 

Төрт батырдың бейнелері сомдалып, 

Желтоқсандағы қаһармандықты паш етсе...

 

 Желтоқсанға лайықты ескерткіш тұрғызу мәселесінде де пікіріңізді ашық айтып жүрсіз...

 Ауызды құр шөппен сүртуге болмас. Бүгінде Желтоқсан қаһармандарына арналып қойылған ескерткіштер жоқ емес. Семей, Қызылорда, Өскемен, Тараз, Түркістан облысы Темірлан қаласында ескерткіштер қойылған. Алматыда да тұрғызылған, бірақ көңіл толмайды. Біріншіден, елеусіз жерде тұр. Екіншіден, оны көрген адам еріксіз ауыр мұңға батады. Өйткені, ескерткіште қарулы топтың аяғының астында қоғадай жапырылып, жығылып жатқан қазақ жастары бейнеленген. Желтоқсанға арналған ескерткіш бұлай болмау керек деп ойлаймын. Ал, Желтоқсан-Сәтбаев көшелерінің қиылысында орнатылған ескерткіш билікке бас көтеріп, қарсы шыққандардың кез келгені осылай табанға тапталып, аяусыз жанышталады деген емеурінді білдіріп тұрғандай әсер қалдырады. Ал, Желтоқсан ерлігіне арналған ескерткіш шар қайрақтай ширыққан қазақ жастарының мұқалмас рухын әйгілеп тұруға тиіс емес пе?!

Осы жерде Желтоқсанға арналып тұрғызылған кешендіескерткіштің ортақ символы немесе орталық кейіпкері болуға қандай оқиғаларды атауға болады, оған кімдер лайықты деген сұрақ туады. Біздіңше, Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін ату жазасына кесіліп, кейін абақтыда жұмбақ жағдайда опат болған Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың бейнесін Желтоқсанға тұрғызылатын ескерткіштен бөлек қарастыру мүмкін емес. Олай болса, кешенді ескерткіштің негізгі ортақ және орталық идеясы ретінде көтерілістен кейін тұп-тура алты ай өткенде, яғни 1987 жылы 16 маусым күні өздеріне шығарылған сот үкімін қаймықпай қасқайып тыңдап тұрған Қайрат бастаған Түгелбай Тәшенов, Жамбылбек Тайжұмаев және Қайыргелді Күзембаев сияқты төрт батырымыз бейнеленген фотосуретті таңдау керектігі туралы ұсыныс тастағанмын. Ол  ҚазТАГ-тың тілшісі Ю.Беккердің түсірген суреті. Онда жігіттердің тұрысы, өздерін ұстауы сұмдықОл фотосуретте жазалаушылардың жала жауып тұрғаны, жастардың ақ-адал екендіктері паш етіліп тұр. Сурет емес, шедеврСуреттегі жас қазақтардың тұрысыталай адамды сүйсінтті, күш-жігер берді, үміт сыйлады. Әлі күнге дейін күш-жігер сыйлап келеді. 

Осы жерде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Зоя Космедемьянская бастаған жас гвардияшылардың ерлігі еске түседі. Сол ерлік өнегесімен қаншама ұрпақ тәрбиеленді. Олар жайында қаншама көркем шығармалар жазылды, кинофильмдер түсірілді, спектакльдер қойылды, өлеңдер арналды, картиналар салынды. Жұртшылық жас гвардияшылардың аттарын жаттап өсті. КСРО-дай алып елдің барлық қалаларында олардың есімдерімен көшелер аталды, ескерткіштер қойылды. Алматыда да солардың атында көше болды. Қазір де бар шығар, оны білмеймін. Біле-білсек, Желтоқсан көтерілісі мен сол үшін сотталған төрт жігіттің істеген ерліктерінің мән-мағынасы да біздер үшін сол жас гвардияшылар ерлігінен бір мысқал да кем емес, қайта жоғары.

Айтпағым, сол жас гвардияшылардың дар алдында тұрған сәтін бейнелейтін көркем картина бар еді, атын ұмытып отырмын. Картина өте әсерлі шыққан. Онда режиссер жас гвардияшылардың ерлік ісін шарықтатып көрсету үшін көркем бейнелер мен әсерлі ситуацияларды қолдан жасаған, оқиғаларды ойдан құрастырған. Ал, сот алдында әділетсіз үкім тыңдап, қасқайып тұрған желтоқсандық төрт қаһарманның бейнесі бір түйір қоспасы жоқ шындық! Олардың тұрысы жас гвардияшылардың тұрысынан артық болмаса, кем емес. Қайта ерекше әсерлі. Міне, осынау фотосурет жастарымыздың жадында сақталып, жүрегінде жатталса, азаттық аңсаған Желтоқсан ерлігінің рухы оларды әрқашан желеп-жебеп, жігер беріп тұрар еді. Дәл осы сурет тас ескерткішке айналып, Алматының ең бір көрнекті жерінде қасқайып қарап тұрса, Желтоқсанның даңқын да алысқа жаятын еді.

Бұл көптен көкейімде жүрген арманым, бірақ арманым тек арман күйінде қала ма деген қауіп те жоқ емес.

 Енді бүгінгі ұрпақ қамына оралайық. Өкше басар ұрпақты Желтоқсан көтерілісінің ерлік өнегесімен тәрбиелеу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

 Желтоқсан – тарихи-саяси мәні бар ерекше құбылыс. Сондықтан мұны қолданғанда өте абай болу керек. 

Әдетте, тарихта елдік маңызы бар үлкен оқиғаларға қатысқан ірі тұлғалардың жазаға тартылған күні айрықша есте сақталып қалады. Оларға үнемі тағзым етіліп, құран бағышталады, ерліктерін еске алады. Мұның бәрі өкшебасар ұрпақтың тарихтан тағылым алуы үшін жасалады. Жазаның да түрі көп болған – біреу отқа жағылған, екіншісі дарға асылған, үшіншісі ату жазасына кесілген, енді біреулер ұзақ жылға сотталып, каторгығаайдалған, жер аударылған тағысын тағылар. Міне, сондай жігерлі жандардың нақақ жазаға кесілген күндері айрықша есте қалады. Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларға да билік сондай жаза қолданды. Оларға ресми түрде сот болып, қатаң жазаға тартылған үкім шығарды. Айтайын дегенім, Желтоқсан оқиғасы кезінде «жасақшыны өлтірді» деген желеумен жала жабылып, істі болған 4 батырымызға үкім шығарылған 16 маусымды (1987 ж.) жыл сайын еске алып, олар туралы кеңінен сөз қозғауды дәстүрге айналдырсақ, бұл қаһармандарымызға деген құрметтің өзгеше көрінісі болар еді. Сондай-ақ мұның жалпы Желтоқсан көтерілісінің мән-маңызын көтере түсуге де септігі тиер еді.

Әрине, өздеріне нақақ жаза қолданғанда еңселері түспей қасқайып қарап тұрған батырлардың бұл фотосуреттерін мұрал өнеріне айналдырып жатса, құба-құп. Суретті үлкейтіп, бильборд жасап көше-көшеге іліп қойса да артықтық етпес еді.

Бұл күнде Желтоқсан көтерілісіне байланысты өзін батыр, көсем санайтындар, өздеріне айрықша құрмет көрсетілуін талап ететіндер көбейген кез. Ал, нағыз батырлар кімдер еді? Олар – 1987 жылы мамыр-маусымда өткен соттанақақтан жала жабылып жауапқа тартылған осы жігіттер еді. Оларды репрессиялық жазалау машинасы кездейсоқ «іріктеген» жоқ. Ең алдымен осыны білген жөн. Мына нәрсені де естен шығармау керек: 1986 жылы кім жазаға кесілсе, бүгінгі құрмет те негізінен соларда болуы тиіс. Әрине, бұдан елім, жерім деп алаңға шыққан басқа желтоқсаншылар мұндай құрметке лайық емес деген пікір тумауы тиіс, ондай ойдан аулақпыз. Ел басына күн туғанда кім алаңға шықса, соның бәрі қаһарманқұрметке лайық.

 Ендеше Желтоқсан қаһармандығының қасіреті мен қасиетін өз деңгейінде жеткізу үшін бізде не жетіспейді?

 Меніңше, қарапайымдылық жетіспейді. Болған оқиғаны айтқанда, бояуын жақпай, тым әсерлемей, өзін асқан батыр етіп көрсетпей, шынайы күйінде баяндауды үйренсек,бүгінгі жастарға тамаша үлгі болар еді. Желтоқсан тарихы әсіре мақтауды қажет етпейді, тек айта білу керек, сонда Желтоқсанның қадірі өзінен-өзі арта түседі.

 Дегенмен, алдан үмітімізді үзбейік. Ашық әңгімеңізге рақмет!

                                                                     Әңгімелескен ШАРГҮЛ ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ

 

 

30.05.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 16
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 23
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 5
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 10
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 14
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 11
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 23
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 23
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 250
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 245
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 870

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8941
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8333
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11561
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9319
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10545