Қоршаған ортаның жай-күйін зерттейтін зертханалардың берген деректеріне сүйенсек, облыс орталығында ластағыш заттардың концентрациясының жоғарылауының жиі қайталануы байқалуда. Қала аумағындағы ауада диоксидтің құрамы қалыпты жағдайдан 3 есеге, ал шаң-тозаң 4 есеге артыпты. Қала бойынша шектеулі рұқсат етілген концентрациядан құмырсқа қышқылы 2,7 есе және азот тотығы 1,25-1,5 есеге артса, ал Лермонтов – Ташкент, Төле би – Абай, Рысбек батыр – Ниетқалиев көшелерінің қиылысқан аумағында құмырсқа қышқылы 2,5 есе және азот тотығы 2,5 есе, көмір тотығы 3,5 есеге жоғарылаған.
Ауаға тексеру жүргізген гидромет мамандары қала атмосферасының ластануының негізгі көздері – автокөліктер мен қатты отын жағу болып отырғандығын айтады.
Ал, Тараз қаласы аумағындағы қоршаған ортаны ластап отырған кәсіпорындардан жылына орта есеппен 28,5 миллион тонна зиянды қалдықтарды ауаға таратып отыр. Облыс көлемінде өткен жылы ауаға тараған лас қалдықтар көлемі 5 пайызға яғни, 82,7 мың тоннаға артқан. Шаң концентрациясы мен азот диоксиді, фтор, формальдегидтің едеуір артуы байқалған. Ауаға тексеру жүргізген мамандар осындай қорытындыға келіп отыр. Ел аумағында 7 зауыты бар алпауыт кәсіпорындардың бірі – «Қазфосфат» химиялық тыңайтқыш шығарумен айналысады. Ал, Жамбылдағы кәсіпорын негізінен аммофос өндіріп отыр.
Мысалы, өткен жылы «Қазфосфат» зауытында өндірістік қалдықтар бір мезгілде шығарылып, ауаға фтор қосылыстары тарай бастаған. Оның көлемі екі-үш есеге көбейген. Қала тұрғындарының басым көпшілігінің өздерін жайсыз сезінгенін, тамағы қышып, басы айналғанын әлеуметтік желілерде жаппай жарияланған болатын. Қала атмосферасының шектен тыс ластану дәйегі содан бергі кезеңдерде де бірнеше рет орын алғандығын тұрғындар айтып жүр.
Мамандардың айтуынша, зауыттан ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың зардабы қала аумағында айына 3-5 күнге дейін ауа райының қолайсыз күндері болатындығына себеп болуда. Кейде қышқыл жауын жауатын болды. Атмосферада улы заттардың көбеюінен тұрғындар арасында аурудың саны мен түрлері артуда. Атап айтсақ, жүрек талмасы, бүйрекке тас байлану, әйелдердің рак ауруы, балалар өлімі көбейген.
Бұл туралы «Тараз қаласы мен оның маңындағы елді мекендердің экологиялық жай-күйіне» арналған қоғамдық тыңдауда Тараз қалалық Қоғамдық кеңестің хатшысы Сәкен Қондыбаев мәлімдеді.
Тараз қалалық Қоғамдық кеңестің ұйымдастыруымен өткен жиынға қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил, қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов, Қоғамдық кеңес комиссиясының төрағасы Марат Жұманқұлов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров, қалалық мәслихаттың төрағасы Кенжебек Олжабай қатысты.
Әуелі күн тәртібіне қойылған мәселе – қала аумағында қоршаған ортаны қорғаудың, атмосфералық ауаның жай-күйі, оның сапасын ҚР Экологиялық Кодексі талаптарына сәйкес жақсарту шаралары туралы Тараз қалалық Қоғамдық кеңестің хатшысы Сәкен Қондыбаев баяндама оқыды.
Оның айтуынша, химия зауыттары күндіз-түні Жамбыл, Байзақ аудандарының шаруашылықтарының қызылша, басқа да көкөніс дақылдарын өндіретін құнарлы жерлерін ластап, уландырып жатыр. Қазір шұғыл шаралар қолданбаса бұл екі ауданның жері келешекте пайдаланудан қалу қаупі бар. Сонымен қатар, базарлар нағыз былық орнына айналған. Өкінішке қарай, мұнда санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуы сын көтермейді. Бұл орайда, анықталған кемшіліктер бойынша тек айыппұлмен шектелу нәтиже бермейді.
Жиында сонымен бірге қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі, «BAYTAQ» жасылдар партиясы облыстық филиалының төрағасы Серік Қойбақов өз ұсынысын ортаға салып, экологиялық проблемадан құтылудың жолдары туралы сөз етті.
Сұрақ-жауап кезеңінде тұрғындар көкейлерінде жүрген, толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды.
Отырысты қорытындылаған Қоғамдық кеңес комиссиясының төрағасы Марат Жұманқұлов жиында айтылған ұсыныс-тілектер назардан тыс қалмайтынын жеткізіп, кезекті қоғамдық кеңестің отырысында жан-жақты талқыланатынын айтты.