Әділ Қазақстан: Әлібидің азабы

Әділ Қазақстан: Әлібидің азабы

ҚР Жоғарғы сотының назарына!

Жеке-дара билік – қоғамға ғана емес, мемлекетке бірден-бір жау. Өйткені мемлекеттік органдары өзіне тән міндетінен тайқып, халықтың басына әңгіртаяқ ойнатады. Әсіресе Сот жүйесі.  Тауық ұрлаған абақтыда ғұмырын сарп етіп, ал түйені түгімен жұтып, миллиардтарды тонағандар, кісі өлтіргендер шартты мерзіммен босап кете бермек, сөйтіп қоғамның іріп-шіруі геометриялық прогрессиямен өршиді. Бұған сот жүйесіндегі парақорлық пен сыбайлас қылмыстық топтарды қосыңыз. Орныққан сыбайлас топтың типтік бейнесі былайша қалыптасқан: прокурор айыптайды, судья соттайды, қорғаушы осыларға қолбала рөлін ойнайды. Ал тергеу саласы бұларға жемтік аулайтын аңшының қақпаны секілді «қылмыскерді» қақшып түседі.

Құқық күзетіне түскен кез келген іс араны ашылған албастыға жемтік секілді. Әу бастағы әділдік пен теңдік, заңдық принциптері далада қалады. Әлдеқандай іс түссе, оны үрлеп, қампайтып, ақша алу үшін ота жасауға жеткізетін «саудагер медиктер» сықылды, бұлар да түймедей істен түйедейін қолдан жасайды. Одан әрі құтылу үшін саудаласу керек, болмаса басыңа түскенді көріп, құрбан болып кете бересің... 

 

22 жасында түрмеге түсіп,  25 жасын абақтыда атап өткен өксіген өмір

Әліби Өтепбергеннің басына түскен «іс» 26.07.2019 күні тіркелген. Содан бері Табышевтар әулетіне зауал төнгендей күй кешіп, сергелдеңге түскендеріне 3 жыл болды. Қылмыстық істің ешбір айғағы мен дерегі жоқ, бірақ қылмыскер бар, салдар: түрмеге 22 жасында түсіп, 25 жасын абақтыда «атап отырған» қыршындай жас Әліби... 

Не болған? 22.07.2019 жылы Әліби ақтөбелік жазғы лагерьге уақытша тәрбиеші болып орналасады.  25.07.2019 ж. күні бір топ ата-ана үстінен арыз жазып, оған «педофил» жейдесін кигізіп, түрмеге тоғытады. Бірақ ешбір айғақ, негіз, дәлел жоқ! Ақтығыңды дәлелдеп көр!

Әлібидің сорына сол кезде екі «тарихи» негіз болған: бірі дискотекаға жібермеген бір «мықтының» ұлы онымен ерегіскен; екіншісі – осы қарсаңда Қазақстан әлемдегі педофилдерге қарсы еларалық заңнаманы қолдап, заңды нықтайды, әділдігін «күшейтеді», бұған қатысты қырағылығын нығайтады. Қылмыстық кодекске 124 баптың 2 бөлігін ауырлату туралы өзгерту –  Қазақстан          Республикасының 01.04.2019 жылғы №240-VІ ҚРЗ заңымен енгізіледі.  Былайша айтқанда, «трендке» тап болады... Әрбір мұндай бап әділетсіздік жайлаған қоғамда өзінше бір «науқан» – елестен қылмыскер табу қажет... Қысқасы, тергеу үдерісі істің ақ-қарасын ажыратуға бас қатырмайды –  «қылмыскер қолда», бітті! Әліби 2020 жылы 26 наурыз күні «бала зорлаушы» ретінде 10 жылға сотталып кете барады.

Тергеу мен сот үдерісін тексеріп шыққан елімізге белгілі адвокат Абзал Құспанның анықтамасынан бір ғана үзік келтірейік, Әлібидің жазықсыздығын содан-ақ аңғаруға болады: «Бірінші сатыдағы сот өз Үкімінде (сөзбе-сөз) «08 қазан 2019 жылғы хаттама бойынша, куә А.Ташпентаевтан алынған оқиға болған күні «WhatsUp» желісі арқылы ата-аналар арасында жазылған хабарламаларға қарау жүргізілген. (т.5 і.б.5-15)», – дей тұра, сол желіде айтылған әңгімелердің мазмұнына әдейі тоқталмай кеткен, ал ол әңгімелер арасында балалардың Әлібиге жала жапқаны, оқиғаның ойдан шығарылғандығы туралы да айтылған болатын!» 

Бұл – бірінші сатыдағы «әділ сот», ал оның қатесін түзететін басқа сатыдағылар неге тырп етпейді? Ол жазылмаған заң – «қарға қарғаның көзін шұқымайды», осы жерде әділдігің қараң қалады... Бастапқы тергеушінің әумесерлігі де, қатесі де қаралмайды! Арам қат! Біздегі әділдік әзірге осы!

Бұл не? Құқық күзетінің немқұрайлығы ма, адам тағдырын ойыншық еткендігі ме, сот саласының әділетсіздігі ме?.. Оны, оқырман, өзіңіз қорытыңыз!  Қазақтың тағдыр-талайын жалмауыздай жалмаған мына әділетсіздікке ауыздық болмаса, талайыңды жалмайды. Бұл материалды сол үшін жариялап отырмыз. Ал Әліби болса, әлі де күресуде. Алланың жазғанын көрер. Бірақ біз қалай ел боламыз?!

Төменде адвокат Абзал Құспанның сот үкіміне қатысты анықтамасын беріп отырмыз. Әділ  Қазақстан сотының әділетсіз үкімін оқып, «қарық» боласыз.

С. Әбдірешұлы

 

А Н Ы Қ Т А М А

Әліби Өтепбергенге қатысты қылмыстық іс бойынша

 

- Қылмыстық іс Ақтөбе қаласының №4 қалалық полиция бөлімімен тергелген, СТБТ/ЕРДР тіркелген уақыты: 26.07.2019 ж.  

- Қылмыстық кодекске 124 баптың 2 бөлігін ауырлату туралы өзгерту –  Қазақстан Республикасының 01.04.2019 жылғы № 240-VІ ҚРЗ заңымен енгізілген.

- Сот Үкіміне сәйкес, Ә.Өтепбергеннің тәлімгер ретінде жұмысқа орналасқан сәті: 22.07.2019 ж. 

- Арыз берілген сәті: 25.07.2019 ж.

- жәбірленушілер саны – 4, оның 2-і кейін жауаптарынан бас тартты, қалған біреуінің басынан бастап талабы жоқ. 

- Куәлер саны – 16, оның ішінде тергеу және сотпен жауапталғаны – 6, ал 10 куә жауапталмады.

- Куәлердің барлығы да жауаптарын бірауыздан сотталғанның пайдасына берген!

- Іс бойынша осы кезге дейін Әліби Өтепбергенді қорғаған 9 адвокат ауысқан, ол сөзсіз қорғау сапасына, бірізділігіне әсер ететін фактор!

Оқиғаның қысқаша фабуласы: тағылған айыпқа және сот үкіміне сәйкес, «2019 жылғы 22 шілдеде Ә.Өтепберген күнделікті күн тәртібі бойынша жұмыс атқару барысында «Ақбөбек-Восток» лагерінде, әкімшілікпен бекітілген суға түсу кестесі бойынша сағат 14:00-де жуынатын жерге №7 отрядтың ер балаларымен бірге кіріп, 30 наурыз 2008 жылы туылған А.Ә.Нағашыбайдың он төрт жасқа толмаған көрінеу жас бала екенін анық біле тұра, тәлімгер ретінде өзіне жүктелген міндеттерін атқару кезінде, сексуалдық ниетпен және өзінің жыныстық құмарлығын қанағаттандыру мақсатында, үстіндегі киімдерін шешіп тастап, А.Ә.Нағашыбайға өзінің жыныстық мүшесін көрсетіп, соңғыны қорқытып жіберген». 

Осыған ұқсас әрекеттерді кейін 23.07.2019 жылы Д.Бисентаевқа қатысты, ал 24.07.2019 жылы  А.Турехан мен О.Қайратовқа қатысты жасады деп айыпталған. 

Анықтама 5  бөліктен тұрады; 1. Жәбірленушілердің жауабы. 2. Куәлердің жауабы. 3. Жәбірленуші жауабын сақтау (депонирование). 4. Сараптама заңдылығы. 5. Басқа да сәйкессіздіктер.  

 

1. Жәбірленушілердің жауаптары

Жәбірленушілердің өздері сотқа қатыстырылмады, олардың атынан ата-аналары өкіл ретінде қатысқан, олар:

1. Д.А.Бисентаев – өкілі Б.С.Исмагулова,

2. А.Н.Турехан – өкілі Н.Т.Алмаханов,

3. А.Ә.Нағашыбай – өкілі А.Н.Жумабеков,

4. О.Қ.Қайратов – өкілі К.К.Айтмағамбетов.

Айыптау Үкімі тек қана осы 4 жәбірленушінің жауаптарына құрылған! Олардың кәмелетке толмағаны себепті, «психикасына зиян келеді» деген желеумен тергеу кезінде сақтау, яғни депонирования өткізіп, кейін сол соттағы бейнебаян негізінде сараптама жүргізілген. 

Одан басқа іс бойынша ешқандай дәлел-дәйек жоқ! Бірақ бұл дәлелдердің де объективтілігіне күмән тудыратын жағдайлар анықталды, атап       айтқанда: 

Аталған  4 жәбірленушінің 3-і басынан бастап сотталушыға қатысты ешқандай талаптары жоқ екендерін айтады, оған себеп: балалар кейін өз ата-аналарына біресе оқиға болды, біресе болмады деп жауап берген. 

Ал екінші саты, апелляция алқасында  2-жәбірленуші бірінші сатыдағы сотта берген жауаптарынан мүлдем бас тартқан! Олар: Д.А.Бисентаев және О.Қ.Қайратов, ол туралы апелляцияда соттағы өкілдері, ата-аналары Исмагулова мен Айтмағанбетов айтты. 

Аталған жәбірленушілердің бірінші және    апелляциялық сатыдағы сот отырыстарына қатыстырылмауы, іс бойынша сөзсіз анықталуы керек объективті мән-жайларды анықтауға кедергі келтірді. Өйткені олардың жауаптары куәлермен және өзара берген жауаптарымен және іс материалдарымен қарама-қайшылыққа толы.  

Мысалы, Тергеу алды жауап алу барысында кәмелет жасына толмаған жәбірленуші Олжас Қайратов және Ақниет Нағашыбай өз жауаптарында: «Душқа түсіп жатқан кезінде Шадияр деген балаға сотталған Ә.Қ.Өтепберген өзінің жыныстық мүшесін артқы жағынан тақады», – дейді. Алайда бұл мән-жайды Жекендиев Шадияр өз жауабында мүлдем теріске шығарады! 

Сонымен қатар, кәмелет жасына толмаған жәбірленуші Алишер Туреханның жауаптарында сотталған Ә.Қ.Өтепберген душқа түсу кезінде балалардың бәрінің жыныс мүшелерін ұстап шығады, алайда өзінің киімін шешпейді, сыртқы киіммен жүреді деген. Бірақ бұл деректер іс бойынша басқа да куәлердің жауаптарымен мүлдем расталмады! 

 

2. Куәлердің жауаптары

Іс бойынша куә деп танылып,  жауапталған куәлер тізімі:

1. А.Ғ.Ташпентаев – «Ақбөбек - Восток» лагерінің басшысы,

2. В.М.Кинжибаев – аға тәлімгер,

3. Н.А.Бахитжан - №7 отрядтың тәрбиешісі,

4. А.О.Ахметов - №5 отрядтың тәлімгері.

Апелляция сатысында тағы 2 куә қосылды, олар: 

5. В.В.Сафина.

6. М.Ж.Ожанов.

Аталған куәлердің барлығы да Әліби Өтепбергеннің ондай іс-әрекет жасамағанын, аз уақыт ішінде (үш күн!) ондай белсенді әрекетке баруы мүмкін емес екенін, арыз жазылатын сол 25.07.2019 ж., Әліби Өтепберген ол балаларға тәртіпсіздіктері үшін жаза ретінде дискотекаға жібермегендігі, сол үшін балалардың бір тобы Әліби ағайларының өзін  жазалаймыз деген, іс үшін өте маңызды ақпараттар тергеу кезінен айтылса да не тексерілмейді, не құқықтық бағасы берілмейді!   

Мысалы, куә Бахитжанның мына жауабы: «2019 жылы 25 шілде күні аталған 7-ші жасақтың ұлдары өздерін тәртіпсіз ұстағандықтан, сотталған Ә.Қ.Өтепбергенмен екеуі бірге жаза ретінде кешкі би кешіне жібермеу туралы шешім қабылдаған. Келесі күні, яғни 2019 жылдың 26 шілдесінде балаларға ата-аналары келгенде, Н.А.Бахитжан корпус ішінде Турехан Алишер, Қайратов Олжас және басқа 1-2 баланың өз араларында сөйлесіп тұрған сәттерінде, арасында бір баланың «Біз Әліби ағайды соттатайын деп жатырмыз, сонда мен басты рөлде ойнаймын», – деген сөздерін естіген. Кейін бұл әңгімелерді естіген 7-ші жасақтың бірнеше қыздары тәрбиеші                 Н.А.Бахитжанға келіп, «Әліби ағайдың кінәсі жоқ, балалар дискотекаға жібермегені үшін осындай шу шығарды» деп мәлімдеген».

Істің мән-жайын түгелдей өзгертетін қыздардың айғақ-деректері мен куә Н.А.Бахитжанның баяндаған мәліметтері сотқа дейінгі тергеп-тексеру процесінде мүлдем тексерілмеген, сот отырысында да ескерілмеген. Нақтырақ айтқанда, кәмелет жасына толмаған жәбірленуші Алишер Турехан және Олжас Қайратовтан  жоғарыда аталған мәлімет бойынша жауап алынбаған.

Сонымен бірге, жәбірленуші Алишер Турехан және Олжас Қайратовтың жанындағы кәмелет жасына толмаған басқа балалардың кімдер екені анықталып, жауап алынбаған, бұл фактіге байланысты тергеу амалдары жасалмаған.  

Куә Н.А.Бахитжанға келіп сотталған Ә.Қ.Өтепбергенге ұл балалардың жала жапқандары туралы ақпаратты берген 7-ші жасақтағы қыз балалардың кімдер екендігі анықталмаған, олардан аталған мәлімет бойынша жауап алынбаған.

 

Тергеу мен сотқа әділдік қажет емес еді. Неге?

Тергеу органдарымен анықталмаған, қорғау жағы анықтаған, бірақ іс бойынша жауапталмаған куәлер тізімі:

1. Ата-ана: Қанатова Мөлдір. Қызы: Есқайыр Мадина. 2. Ата-ана: Мамбеталиева Ақнұр. Қызы: Інжу. 3. Ата-ана: Нұршалов Нұрсейт. Ұлы:         Төребек. 4. Ата-ана: Оңғаров Серік. Ұлы: Өтеулі Темірлан.  5. Ата-ана:       Ермуханова Алтынай. Қызы: Ақсана. 6. Ата-ана: Сатығалиева Гүлзипа. Қызы: Айсұлу. 7. Ата-ана: Исмагулова Баян. Ұлы: Диас. 8. Ата-ана: Төлеуова Ардақ. Қызы: Ақерке. 9. Ата-ана: Жекендиев Мұқансері. Ұлы: Жекендиев    Шадияр. 10. Ата-ана: Байкенов Нұрболат. Қызы: Асемай.

Бұл тізім түпкілікті емес, қорғау тарапының анықтай алғаны ғана, тергеу және сот оларды анықтауға, жауап алуға құлықсыздық танытты! Мысалы, осы куәлердің ішінен Жекендиев Шадиярдың әкесі Жекендиев Мұқансерінің Жоғарғы Сотқа және Бас прокуратураға жазған арызындағы мына жерлері назар аударуға тұрарлық; ол басында у-шу болып жатқан кезде өзі де арыз жазғанын, кейін баласы шындықты айтқан соң, арызын  қайтып алғанын және баласы осының бәрін Ақтаудан келген Батырбай Дархан деген бала 25.07.2019 жылы  ұйымдастырғанын, себебі осының алдында, Әліби Өтепбергенге дейін тәлімгер болып небары бір күн істеген жас жігітті балалар арызданып, жұмыстан шығарып жіберген (!), бұл жолы да Әлібиге солай істесек, жұмыстан шығарады деген ұсыныс болып, оны кейбір балалардың қолдағаны, кейбірінің қарсы болғаны айтылады!

Осы бір іс үшін өте маңызды ақпарат не тергеушіні, не екі сатыдағы соттар үшін ешқандай маңызы болмағаны түсініксіз. Ең бастысы, Жекендиевтің ол айтып отырғаны іс материалдарымен үндеседі, Әлібиге дейін сол отрядта тәлімгер боп істеген азамат небары бір күннен соң жұмыстан балалардың талабымен қуылған...   

Жауапталған да, жауапталмаған да куәлер бұрын-соңды Әлібиді танымайды, ал лагерьде өте аз уақыт көлемінде таныс, онымен ешқандай туыс емес, дос емес, бірге оқымаған, неге, не үшін олардың БАРЛЫҒЫ  өтірік айтулары, сот Үкімінде «куәлер өзінің осы жауаптарын сотталушы Өтепбергеннің жауапкершілігін жеңілдету мақсатында берген деп есептейді» деп жазылғанындай, Әлібиге көмектесуге тырысады? 

Сонымен қатар, бірінші және апелляциялық алқа соттарының «куәлер болған оқиғаны көрмеген» деген желеумен, олардың жауаптарын басшылыққа алмағандары да  өте қызық. Тергеу де, сот та ең әуелі сондай оқиға болды ма, жоқ па, соған көз жеткізулері керек емес пе?.. 

Оның орнына екі сатыдағы да судьялар, сотталушының және куәлердің тарапынан тергеу кезінен бері айтылып келе жатқан ең негізгі версия – балалардың дискотекаға жіберілмеуі себепті, Әлібиге олардың тарапынан жала жапқандығына қанша дәлел-дәйек келтірілсе де, оны тексеруден үзілді-кесілді бас тартуда. 

 

3. Жәбірленуші жауабын сақтау 

Кәмелетке толмаған жәбірленушілердің жауаптарын сақтау (депонирование) кезінде ҚР ҚПК-нің өрескел бұзылған.

Қылмыстық істің қолымызда бар материалдары негізінде көзімізді жеткізген жайттың бірі, кәмелетке толмаған куәлер мен жәбірленушілердің жауаптарын сақтау кезінде прокурор оларға сұрақтар қойып, сол сұрақтарға өзі жауап беріп отырғандығы және ілеспе сұрақтар қоятыны нақты көрініп тұр. Тіпті істі жүргізуші судья көз алдында өтіп жатқан өрескел осы жағдайға байланысты прокурорға бірнеше мәрте ескерту жасаған.   

ҚР ҚПК-нің 217 бабына сілтеме жасай отырып, тергеу судьясы кәмелетке толмаған жәбірленушілердің психикасын жарақаттап алмау үшін, оларды қайта жауаптауды тоқтатқызған. Алайда осы қылмыстық істі тергеу судьясы кәмелет жасына толмаған жәбірленушілер А.Ә.Нағашыбай, Д.А.Бисентаев, О.Қ.Олжасов және А.Н.Туреханнан кейіннен жауап алу олардың психикасына жарақаттаушы әсер тигізеді деп, қандай объективті мәліметтер негізінде тұжырымдап отырғаны белгісіз. Себебі ондай шешім қабылдауға негіздеме болатын жайлар іс материалында көрсетілмеген.

Сонымен қатар, сол кезеңде іске қатысушы адвокаттар тарапынан да белсенді қорғау әрекеті болмағаны кейіннен айыптау Үкімін шығаруға өз әсерін тигізді. Бірақ адвокаты әлсіз болса болды, адам сотталып кете бермеу керек, сот қандай жағдайда болмасын кез келген күдік-күмәнді сотталушының пайдасына шешіп, істі объективті қарау керек!

 

4. Сараптама заңдылығы

Сотқа дейінгі тергеу барысында кәмелет жасына толмаған жәбірленушілерге тергеу судьясымен сақтауға қойған айғақтары бойынша олардың психо-эмоциялық жағдайларын анықтау мақсатында сот психологиялық-криминалистік сараптама тағайындаған.

Аталған сараптама қорытындысы бойынша, қойылған сұрақтарға «жауап беру мүмкін емес» деп тұжырым жасалынған. Себебі зерттеу объектісінің вербальді емес және вербальді мәліметтері бейнекамерада көрінбейтін жағдайда түсірілген. Негізінде, кәмелет жасына толмаған балалар  сараптамаға өздері қатысуы тиіс еді.

Бұл сараптама тұжырымы істі дұрыс шешуге өте маңызды еді. Себебі сот психологиялық-криминалистік сараптама шеңберінде тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде және адамның психо-эмоциялық күйін өзгерту мақсатымен әсер ету фактілерін анықтау; тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде адамның психо-эмоциялық күйін анықтау сұрақтары шешіледі. Сол себепті жоғарыда көрсетілген кәмелет жасына толмаған жәбірленушілерден бейнежазба қолдану арқылы қайта жауап алынып, оларға психо-эмоциялық сараптама тағайындалуы қажет еді.

Одан басқа, іс бойынша тергеу тарапынан сот-психологиялық-психиатриялық сараптамалар тағайындалып, оны жүргізу сарапшылар Г.Е.Тасиева, Ж.К.Мусенова, И.В.Волковаларға тапсырылған. Сот Үкімінде «сараптама жүргізу кезінде олар әр жәбірленушімен бөлек сөйлескендерін, олар болған оқиғаның барлық мән-жайларын айтып бергендерін. Оларда қиялдауға, жалған сөйлеуге, жоғарғы сенгіштікке бейімділіктері анықталмағанын көрсетті»  делінген. Алайда аталған сарапшының екеуі қазақ тілін дұрыс білмейді, ал Волкованың мүлдем білмейтіні анықталды! 

Одан басқа, сараптама тағайындау туралы Қаулы тұрмақ, оның қорытындысымен қорғаушыларды тергеу аяқталған соң бір таныстырған. Нәтижесінде, қорғау тарапы сарапшылар алдында сұрақ қою, сараптама барысына қатысу туралы өтініш білдіру, оларға сенімсіздік білдіру сияқты құқықтарын жүзеге асыру мүмкіндігінен айырылған. Бірақ апелляциялық алқа өз Қаулысында бұны заңбұзушылық деп санамайтынын көрсеткен!

Сонымен қатар, бұл жерде тағы да тергеу кезінде іске қатысқан адвокаттардың әрекетсіздігі көрініп тұр, бірақ бұндайды өмірінде көрмеген Әліби Өтепбергенді сол үшін соттауға бола ма?

 

5. Басқа да сәйкессіздіктер жетіп артылады

ҚР ҚПК  194 б нормаларына сәйкес, 2019 жылғы 26 шілдедегі Жедел Тергеу тобын (бұдан әрі – ЖТТ) құру туралы қаулымен  Әліби Өтепберген тек 2019 жылғы 26 қараша күні танысқан (том1. 7-8 і.п., том 8. 80-84 і.п.)

Бұдан басқа, Ақтөбе қ. 4-інші қалалық полициясының тергеу  бөлімінің бастығы   Н.Зиннолдаев өзінің қызметтік құзыретін асыра пайдаланып, өзіне заңсыз түрде өкілеттік алып, ЖТТ құру туралы қаулы шығарған. Оның құрамына заңсыз түрде Ақтөбе облысы Тергеу басқармасының аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі        А.Бижановты қосқан (том 1, 7 п.). 

Осылайша аса маңызды істер бойынша аға тергеуші А.Бижанов келесі тергеу әрекеттерін заңсыз жүргізген. Ол  кәмелетке толмаған (том 1. 27-28 і.п., 35 і.п.), Нағашыбай Акниет Асетулын (том 1, 60-61 і.п.), Нуржаубай Муратжан Адильжанұлын (том 2. 40-41 і.п.) және Бисентаев Диас Асылбекулын жәбірленушілер деп танып, олардан жауап алған.

Сонымен қатар, А.Бижанов 2019 жылдың 26 шілдесінде кәмелетке толмаған Нуржаубай Муратжан Адильжанұлының заңды өкілі ретінде оның әкесі Нуржаубай Адильжан Нуржаубайұлын танып (том 2. 38-39і.п.) және одан заңсыз түрде жауап алған.

Тергеушілер жәбірленушілердің бәрінен психологтың, педагогтың және адвокаттың қатысуларынсыз жауаптар алған. Бұл жәбірленушілердің өкілдерінің (ата-аналары) жауаптарымен және апелляциялық алқаға қорғаушы тарапынан ұсынылған құжат – ҚР Бас Прокуратура жанындағы ҚСжАЕА (УКПСиСУ) алынған ресми анықтамамен расталып отыр. Оған сәйкес, тергеу кезінде жәбірленушілерден жауап алу барысында қатысты делінген психолог А.М.Дүйімбаева сол күні полиция бөліміне кірмеген! Алайда апелляциялық алқа (сөзбе-сөз) «Ақтөбе қалалық №4 полиция бөліміне кіргені журналға тіркелмей қалуы мүмкін» деген ақылға сыймайтын уәж келтірген!

Біріншіден, сот актісі болжамға негізделмеу керек! Екіншіден, ол фактіні сол күні балаларымен бірге тергеу ісіне қатысқан ата-аналары «бізден басқа ешкім болған жоқ» деп көрсетіп отыр. Үшіншіден, осының өзі тергеу мен бірінші саты тұрмақ, апелляциялық алқаға да істің қаншалықты формальды қаралғанын көрсетіп тұр емес пе?!

Сонымен қатар кәмелетке толмағандардан жауап алулар бойынша фальсификация фактісі орын алған. Ол деректер бойынша  бір тергеуші жәбірленушілердің бәрінен бір күні, бір уақытта жауап алған. 

Іс бойынша маңыздылардың бірі болып  «Акбөбек-Восток» лагерінде жүргізілген қарау барысында, тергеушілер лагерьдің бар периметрінде және корпустардың ішіндегі орнатылған бейнебақылау камераларында түсірілген барлық жазбаны тәркілеген. Сол жазбалардың біреуінде де Әліби Өтепбергеннің демалушы балаларға қатысты қандай да болса құқықбұзушылық жіберген фактілері бейнежазбаларда түсірілмеген. 

Балалардың жауаптары бойынша Әліби Өтепберген оларға қатысты бөлме-жайлардың ішінде де, сыртында да күш көрсету әрекеттерін жасаған деп жауаптар берген.

Бірінші сатыдағы сот өз Үкімінде (сөзбе-сөз) «08 қазан 2019 жылғы хаттама бойынша, куә А.Ташпентаевтан алынған оқиға болған күні «WhatsUp» желісі арқылы  ата-аналар арасында жазылған хабарламаларға қарау жүргізілген. (т.5 і.б.5-15)» дей тұра, сол желіде айтылған әңгімелердің мазмұнына әдейі тоқталмай кеткен, ал ол әңгімелер арасында балалардың Әлібиге жала жапқаны, оқиғаның ойдан шығарылғандығы туралы да айтылған болатын.

Бұндай сәйкессіздер мен заңсыздықтар іс бойынша өте көп.

Анықтама жасаған – Абзал Құспан, заңгер
30.06.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 39
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 102
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 32
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 39
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 46
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 38
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 98
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 102
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 296
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 290
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 912

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8985
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8380
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11605
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9363
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10589