АЭС САЛУ- АЗС САЛУ ЕМЕС... Түркия сапарынан оралдық. Не көрдік, не ой түйдік

АЭС САЛУ- АЗС САЛУ ЕМЕС... Түркия сапарынан оралдық. Не көрдік, не ой түйдік

 Әлемде салынып жатқан ең үлкен АЭС-ке сапар

Қашанда журналист үшін ел көру, жер көру, сол сапардан жолжазбалар жазу өте қызықты дүние екені рас. Әлемге әйгілі әдемі қалаларды көрдік, теңіз көрдік, Түркияның тамаша табиғатына тамсандық. Оның бәрі алдағы уақытта да жазыла жатар. Бұл сапардағы біздің мақсатымыз – АЭС салынып жатқан қала маңындағы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін білу, пікірлесу, әңгімелесу, ойларын білу болатын. 

Бірден айту керек, осы сапарды демеушілердің көмегімен ұйымдастырған Жамбыл облысының әкімдігі «тек АЭС-ті қолдайтын пікір жинаңдар, тек соны ғана жазыңдар, тек сондайды ғана көрсетіңдер» деп өз мүдделерін тықпыштап, тапсырманы үйіп-төккен жоқ. АЭС салынып жатқан маңдағы қала тұрғындарымен сөйлесіп, тұрмыс-тіршіліктерін, ойларын біліңіздер, атом стансасына дейінгі және кейінгі тіршілігі қалай болды екен, жағдайды шынайы көрсетіңіздер деген әңгіме болды.

Сонымен сейсенбінің таңында Анталья қаласына ат басын тіреп, жыл сайын 15 миллиондай турист қабылдайтын әйгілі шаһардан таңғы ас ішіп алып, Мерсин қаласына жолға шықтық. Екі ара 500 шақырымнан астам екен. Алдымен Алания қаласына жетіп, Жерорта теңізін жағалап жүріп отырып, биік таудан да өттік, қалың орманнан да өттік. Таудың төбесінен асып түсетін асфальт жол салып тастаған. Кейбір тұсында тауды тесіп тунельдер жасапты. Таудың басына көліктер ирелеңдеген жолмен түсіп шығады. Жолдың шетіндегі төменге қарасаң, зәре иманың ұшады. Етекте Жерорта теңізі шалқып жатыр. Біздің қауіпті саналатын Қордай, Күйік асулары мынаның қасында пыр етіп шығып, пыр етіп түсетін жәй төбе сияқты. 

Кешке дейін Жерорта теңізі оң жағымызда бірде алыстан жылтырап, енді бірде қол созым жерде толқыны жағаға ұрып, бірге ілесіп отырды. Жолдары керемет. Бірақ барлық жерде көліктің жылдамдығын 90-нан асыруға болмайды. Біздегідей трасса бойында қаптаған камера, жол полициясын да көргеніміз жоқ. Дегенменде барлығы дерлік жылдамдықты 90-нан асырмайды екен. Жолда тоқтап тамақ ішкені, намаз оқығаны бар, теңізді тамашалағаны бар, 500 шақырым жолды он сағаттан астам уақыт жүріп, Мерсин қаласына кешкі сағат 9-дан аса жеттік. 

Айтпақшы, бір байқағаным, бұл жақтың қалаларында біздегідей арка, қақпа деген болмайды екен. Кей шаһарлар бір-бірімен жалғасып жатқандықтан, қай қаладан шығып, қай қалаға кіргеніңді білмей де қаласың. Тек қаланың аты жазылған бір тақтайша тұр, болды.

Ертеңінде Мерсиннен 160 шақырым қашықтықта орналасқан Аққұя қаласына бардық. Әлемдегі ең үлкен атом стансасының құрылысы Мерсин облысының Гюлнар ауданы, осы Аққұя қалашығы маңындағы таудың арасынан соғылып жатыр. 

«Ақ құя» деген сөз түрік тілінен аударғанда «Ақ құдық» деген мағынаны білдіреді екен. Шынында, Аққұя биік таулардың етегінде, шыңырау түбінде жатқан қалашық. Биік-биік таулар жан-жағынан төніп тұр. 

Әдетте бөтен елге барғанда алдымен көлік жүргізушісімен әңгімелесіп, там-тұмдап мәліметтер ала бастайсың ғой. Біздің делегацияны алып жүрген «Мерседес-спринтер» көлігінің жүргізушісі ақжарқын кісі екен. Арамыздағы аудармашы арқылы тілдесіп, әңгіме қыза келе АЭС туралы да пікірін сұрағанда қабағы түйіліп кетті. Осыдан-ақ көлік жүргізушісінің АЭС-ке көңілі толмайтыны байқалды. 

Толмағанда АЭС-тің не екенін, қаншалықты қажет екенін, бұл құрылыстың елдің экономикасын дамытуға қаншалықты қауқарлы екенін түсініп отыр екен. 

Атом стансасы туралы түріктер не дейді?

– Тура іргемізде салынып жатыр және әлемдегі ең ірі атом стансасы болады дегеннен кейін интернет арқылы әбден оқыдым, зерттедім. Сөз жоқ, АЭС бізге өте керек. Оның елге беретін пайдасына ешқандай күмәнім жоқ. Дәл қазір құрылысы қызып жатыр. Ешқандай қарсылығым жоқ. Бірақ шынымды айтайын, дәл осы алып құрылысты Ресей мамандарының салып жатқанына көңілім толмайды. Бізге басқа варианттар іздеу керек еді. Ресей осы АЭС-ті салып беріп, болашақта біздің елге ықпалын жүргізе ме деген де күдігім бар. Қалай айтсақ та, ең үлкен АЭС-ті бұл салада мол тәжірибесі бар басқа ел салғанда дұрыс болар еді, – деп, көлік жүргізушісі ағынан жарылды.

... Аққұя қаласында шынында құрылыс қызып жатыр екен. Таудың төбесінде шаң бұрқырап, жүк көліктері тынымсыз тас, топырақ тасып жатыр. АЭС салынып жатқан биік төбенің бірін тұтасымен цементтеп тастап, белдеуінен бірнеше жол салыпты. Етектегі алақандай қалашықта қаптаған жаңа үйлер, жаңа құрылыстар салынып жатыр. 

Жалпы алғанда, бүгінде бұл алып құрылыста 20 мыңнан астам адам еңбек етуде. Оның біразы өзіміздің қазақтар, өзбектер. Бауырларымыз жатақхана, тұрғын үй құрылыстарын салуға көмектесуде. 

Жалпы алғанда, Түркия елінің азаматтары шетінен еркін ойлы екен. Аққұя қалашығында біз кездестірген тұрғындардан, құрылысшылардан АЭС туралы ойларын сұрағанда ешқайсысы пікірін іркіп қалған жоқ. Бойларында «Осы пікір білдіргенім үшін бастығым ұрса ма, жоқ, айтқаным саясатқа дұрыс болмай қала ма?» деген қорқыныш білінбейді. Әркім өз ойын еркін айтатынына және әркім басқаның пікіріне құрметпен қарайтынына куә болдық. 

Дәл қазір бұл қалада құрылыс қайнап жатқандықтан, АЭС туралы сұрағымызға кейбір тұрғындар таңданыспен қарағаны рас. 

– Міне, көріп отырсыздар ғой, бұдан бірнеше жыл бұрын бұл жер айдала болатын. Осы АЭС құрылысы басталғалы бері қалашық салынып, түрлі нысандар бой көтеруде. Ол құрылыста қаншама жергілікті тұрғындар жұмыс істеп жатыр. Бұл жағынан жергілікті жұрт риза. Ал экология мәселесіне келетін болсақ, АЭС туралы ақпараттарды өзіміз де әбден оқып білдік. Әрине, қорқыныш, үрей болған. Бірақ ел үкіметі қауіпсіздік жағына қатты мән беріп, құрылысты қатаң қадағалап отырғанын жақсы білеміз. Сондықтан біз бұл атом стансасының болашағына үлкен үмітпен қараймыз, – дейді тұрғындар. 

Ал, Буюкеджели қаласы Аққұяның тура іргесінде үлкен трассаға жақын орналасқан. Біз барғанда қаланың ішіндегі шағын кафеде өңкей ер-азаматтар жиналып шай ішіп отыр екен. «Ассалаумағалейкүм!» деп амандасып кіріп барып, аудармашымыз арқылы әңгімеге тарттық. Бізді көріп олар аң-таң.

Әрине, түрік тілі қазақшаға жақын. Кейбір сөздеріне мән беріп қарасаң, қазақ пен түріктің тілінің түбі бір екенін байқайсың. Бірақ сөйлеп жатқан түріктің сөзін түсіне қою қиын. Яғни, жылдам сөйлегендіктен сөздерін айыра алмайсың. Ал көше бойындағы жазуларын оқысаң, қазақ тілінде де аудармасы тура солай екеніне көзің жетеді. Мысалы, көше бойындағы дөңгелек қызыл жол белгісіне «DUR» деп жазып тастаған. «Дуры несі?» деп ойланып жүрдім. Кейін білдім, бұл қазақ тіліндегі «ТҰР», яғни «СТОП» деген сөзі екен.

Сонымен әлгі кафедегі жігіттер аудармашымызға көп нәрсе айтты. Тіпті, қатты-қатты айтты. Қолдарымен таудың арасындағы АЭС-ті көрсетіп, саусақтарын шошайтып-шошайтып қояды. Ойпырмай, анау атом стансасын жеті атасынан боқтап жатыр екен ғой деп ойлап қалғанымыз рас...

Сөйтсек, бұл кісілер жергілікті билікті, нақтырақ айтсақ, АЭС басшыларын жазғырып жатыр екен.

Жанындағы қалаларға жан беріп, жұмыссыздықты азайтқан

Аудармашының сөзінен түсінгеніміз «АЭС салуды бәріміз қолдадық, бірақ жақсылықтың бәрін Аққұя қаласы көріп жатыр. Сол қаладан жаңа құрылыстар салынып, біздің Буюкеджели қаласы тоқалдан туды ма, неге бізге де жаңа құрылыстар салмайды? Тіпті жолымызды да жөндеп берген жоқ. АЭС тек Аққұяға ғана жақын емес, бізге де тиіп тұр. Пайда, зияны екі қалаға бірдей. Сондықтан басшылар жағдай жасауда екі қалаға бірдей қарасын» деп айтыпты әлгі кісілер. 

Шынында қатар жатқан қаланың біреуіне бар жақсылықты үйіп-төгіп екіншісін ұмытып кетсе, жергілікті тұрғындар қалай ашуланбасын... Қатар тұрған екі талдың біреуіне су құйып, екіншісіне құймай кеткен сияқты дүние ғой бұл. Мұны қызғаныш деп түсінбеу керек. Мұны сол Буюкеджели қаласы тұрғындарының жақсылыққа деген ұмтылысы, өз қаласына деген жанашырлығы деп түсіну қажет шығар. 

Бұдан кейін біз Йесилова қаласында болдық. Бұл Аққұяға жақын, Жерорта теңізінің жағасында орналасқан қала. Осы АЭС құрылысы басталғалы бері бұл қалада үлкен теңіз порты және цемент зауыты салыныпты. Содан жұмыс орны көбейген. Алып құрылыс басталғалы бері бұл қалада тұрғын үйлерге деген сұраныс тіптен көбейіп, дәл қазір бүтіндей ықшам аудандар салынып жатыр. Тіпті осы АЭС-тің құрылысын жандандыру үшін таудың кейбір тұстарын тесіп, ұзын тунельдер салған. Кейбір тунельдердің ұзындығы екі шақырымға жуық.

Бұл қалада да тұрғындармен, жұмысшылармен сөйлестік. 

Жалпы алғанда, Түркияның Аққұя қаласында әлемдегі ең үлкен АЭС-тің құрылыс жүріп жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды ғой. Ол туралы интернетте мәліметтер, ақпараттар толып тұр. Сондықтан оның бәрін тәптіштеп жазуды жөн көрмедім. Иә, рас, әлеуметтік желілерде АЭС туралы қым-қиғаш пікір айтылып жатыр. Осы жазбам жарық көргеннен кейін мені де жазғырып, жерден алып жерге салатынына күмәнім жоқ. Бірақ мен осы сапарда көргенімді, ойға түйгенімді ғана жеткізуді мақсат тұттым. Кім не айтса да, кім не жазса да пікіріне құрметпен қараймын.

Түркия сапарында, жалпы түрік ағайындармен әңгімелесу барысында байқағаным – салынып жатқан АЭС-тің болашағынан үлкен үміт күтеді. Жасыратыны жоқ, кей кезде біздің сұрағымыз да артық болған сияқты. «АЭС туралы ойыңыз қалай?» деген сұраққа көбісі таңданыспен қарады.

«АЭС-тің салынып жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды ғой. Ол туралы ойыңыз қалай деген сұрағыңызға таңғалып отырмын. Мен қарсы болғаннан енді оны тоқтатпайды. Және тоқтатудың да қажеті жоқ. АЭС біз үшін өте қажет. Біз бұл құрылысқа тек үлкен үмітпен қараймыз. Байқаған шығарсыз, біздің елдегі көпқабатты үйлердің төбесінде су бөшкелері орнатылған. Мұндағы мақсат – күннің көзі арқылы суды жылытып, тұрмысқа пайдалану. Міне, көрдіңіз бе, біздің азаматтар энергия үнемдеудің бар жолдарын қарастыруда. Әрине, бұл шағын ғана мысал. Энергия мәселесінде елде осындай жағдайлар баршылық. Сондықтан біз АЭС-тен тек жақсылық күтеміз. Түркия АЭС-і 50 жыл бойы үздіксіз қызмет етеді. Ол сағатына 15 млрд квт электр энергиясын өндіреді. Бұл дегеніңіз 15-20 млн халықты жарықпен толықтай қамтуға жеткілікті».

Міне, түрік ағайындардың әңгімесінің түйіні осындай болды. 

Әрине, АЭС салу – АЗС салу емес. Бұл өте үлкен мәселе. Қым-қиғаш пікір. АЭС-ті қолдағандарға сен маман емессің деп жатыр. Меніңше, АЭС-ті жамандау үшін де маман болу керек сияқты. 

Ал, мен осы жазбамда АЭС-ті мақтамаймын да, даттамаймын да. Журналистік кәсібіме сай көрген-білгенімді, түйген ойымды жаздым. Алдағы уақытта Түркия сапарындағы ерекше жағдайларды тағы да пост қылып салып отырармын. Әзірге осы...

Оралхан ДӘУІТ
25.09.2024

Ұқсас жаңалықтар

СӘБИДІҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 11.10.2024 195
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 1066
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1105
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1086

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 6081
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5523
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8707
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6514
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7721