10 Ұлттық жоба Президент Қ. Тоқаевтың жарлығымен бекітілген болатын. Соның бірі – Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту туралы ұлттық жоба. Бұл ұлттық жоба 2011-2025 жылдарға арналған. Мақсаты – еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, халықты отандық өндірістің негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету, өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін жеткізу. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге көбейту, 7 ірі экожүйе қалыптастыру мен инвестициялық жобаларды іске асырып, 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыруға қол жеткізуге жоспар жасалынып отыр. Орталық коммуникациялар қызметіне арнайы келген еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жобаның Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленгенін, ол күш-жігер мен ресурстарды шоғырландыратын нақты, тораптық міндеттер мен жобаларды шешуге бағытталғанын түсіндірді.
«Ұлттық жобаны әзірлеу барысында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік трендтер, бұдан бұрынғы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру қорытындылары ескерілді. Ұлттық жобаны әзірлеуге Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы халықаралық FAO азық-түлік ұйымының сарапшылары, салалық одақтардың, қауымдастықтардың, ғылымның өкілдері тартылды», – деді ол. Министрдің пайымынша, тұқым шаруашылығын мемлекеттік қолдау іс-шараларын іске асыру, тұқымдарды қадағалау жүйесін құру, сондай-ақ тұқым өсіру шаруашылықтарын қазіргі заманғы техникамен және жабдықтармен техникалық жарақтандыру есебінен дамыту есепке алынып отыр. Ал минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін көбейту үшін өнеркәсіптік өндірістің органикалық тыңайтқыштарын субсидиялау және агрохимиялық қызметтің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының қызметі мен материалдық-техникалық базасын жетілдіру жоспарлануда. «Осы іс-шаралардың қабылдануы жоғары сапалы тұқымдарды пайдалану үлесін қажеттіліктің 93 пайызынан 98 пайызына дейін, минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін 20 пайыздан 29 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде дәнді дақылдардың өнімділігі 10-15 пайызға артады», – деді ол.
Е.Қарашөкеевтің айтуы бойынша, техникалық жарақтандыру деңгейін арттырып, инвестициялық субсидиялау жалғасады. Ауыл шаруашылығы техникасы лизингінің бағдарламалары кеңейіп, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі 4 пайыздан 6 пайызға дейін көбейеді. Су үнемдеу технологиясын қолдану, су беруді субсидиялау тетігін жетілдіру жөнінде іс-шаралар іске қосылуда. Елімізде демонстрациялық фермалар желісін құру мен қуаты жылына 1 000 қондырғыға дейінгі қазіргі заманғы суару жүйелерін шығаратын зауыт салу жобасы жоспарлануда. Ол дегеніміз су үнемдеу технологиялары қолданылатын алаңдарды 450 мың гектарға дейін көбейту деген сөз. «Импортқа тәуелділікті төмендету және мал шаруашылығы өнімінің экспортын арттыру мақсатында қарқынды мал шаруашылығына көшу жалғастырылады. Ол үшін фермерлік шаруашылықтарға мал сатып алуға кредит беру көлемін ұлғайту, азық өндірісін ынталандыру, шалғайдағы мал шаруашылығын және жайылымдардың инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ селекцияның қазіргі заманғы әдістерін, оның ішінде жасанды ұрықтандыру мен эмбриондарды телуді енгізуді ынталандыру жоспарлануда. Бұл өңдеуші кәсіпорындардың қуаттылықтарын 100 пайыз жүктемемен қамтамасыз етуге, сондай-ақ мал мен құстың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Облыстық деңгейде құзыреттілікті дамыту орталықтары және аудандық деңгейде ауылдық ақпараттық-консультациялық орталықтарды жаңғырту есебінен, сондай-ақ фермерлердің біліктілігін қашықтықтан арттырудың қазіргі заманғы нысандарын енгізу арқылы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін білім тарату жүйесімен ауқымды қамту жолымен білім тарату жүйесі жетілдіріледі», – дейді министр.
Е.Қарашөкеевтің есебінше, аграрлық ғылымды қаржыландырудың жеткіліктілігін қамтамасыз ету жұмысы жалғастырылады. Салалық гранттық қаржыландыру енгізіледі. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешенге кешенді талдау жүргізу, перспективаларын бағалау, дамуын болжау үшін министрліктің Ахуалдық-талдамалық орталығы құрылып, жұмыстар атқарылады. «Коронавирус пандемиясы ішкі нарықты қамтамасыз ету басты міндет екенін көрсетіп берді. Сондықтан басым экспорттық саясатпен қатар, импортты алмастыру мәселелері де кешенді түрде шешілетін болады. Министрлік ең көп импортталатын позицияларды айқындады. Олар – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант пен балық. Бүгінгі таңда осы бағыттардың әрқайсысы бойынша нақты инвестициялық жобалар айқындалып, іске асырылуда. Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар мемлекеттік қолдау іс-шаралары, оның ішінде жеңілдікті кредит беру, субсидиялау, жер ресурстарымен, инфрақұрылыммен, ішкі нарықты қорғау шараларымен қамтамасыз ету іске асырылатын болады. Нәтижесінде 2024 жылға қарай қантты қоспағанда, осы өнім түрлері бойынша қамтамасыз етілу 100 пайызды, ал қант бойынша 80 пайызды құрайды», – деді министр.
Ол Ұлттық жобаның басым бағыттарының бірі өңделген ауылшаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен экспортын дамыту болатындығын атады. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды толық жүктеуді, сондай-ақ қазіргі заманғы кәсіпорындар салуды және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуды көздейтін іс-шаралар кешені әзірленген. Бүгінде инвестициялық жобалар пулында 194 жоба бар екен. Олар өндірістің қосымша өсуін және тиісінше қосымша экспорт көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өңдеу жөніндегі жаңа жобалар болып саналады. Аталған жобалар агроөнеркәсіптік кешен экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту туралы мақсат қойылды. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық жобаның басымдығы ет, жеміс, көкөніс, қант, дәнді, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру мен өңдеуді қоса алғанда, ірі инвестициялық жобалардың айналасында 7 экожүйе қалыптастыру болмақ. Бұл қосылған құны жоғары түпкілікті қазақстандық өнім жасауға қатыса алатын кемінде 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын іске тартуға мүмкіндік береді. Жалпы, 5 жыл ішінде 4,1 трлн теңгеге 582 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде бес жыл ішінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету, осылайша 1 млн ауыл тұрғынының табысын арттыру жоспарлануда», – деді министр.