Әйелдің ары – азамат ары білгенге

Әйелдің ары – азамат ары білгенге

Қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Марфуға Айтхожина 

Жанайым Ауғанбайқызының жырларына сүйсініп, пікір білдірген болатын. Оның топтама өлеңдері біздің газетте жарияланды. «Студент дәптері», «Ақ орамал» жыр жинақтарын шығарған психосоматолог Жанайым философиялық ой толғамдарын ұсынды. Өмірден ойып алғандай ой толғамдарының оқырмандарымызға берері мол, тәрбиелік мәні зор екен.

 

 Мейірімсіз адамнан мейір күткенің нәрсіз ағаштан жеміс күткенмен бірдей.

 

 Жетім бала жылай да алмайды. Өйткені адам ең жақынына ғана жас төгеді емес пе?

 

 Жырымнан аттап кетсең де, жанымнан аттай алмайсың...

 

 Асылды асыл жандар ғана бағалайды.

 

  Әйел бұзылса, әлем бұзылады.

Әйел күлсе, әлем күледі.

Әйел бақыты – әлем бақыты.

 

 Жақсы сөзді түсінбейтін күмәншіл көздің артында көзі ашылмаған жүрек тұрады.

 

 Жақсы кітапқа бас қою өмірдің жақсы кезеңін бастан өткізіп жатқанмен бірдей сезім береді.

 

 Сырты бүтін, іші түтін жандар жапырағы тоналған ағаш секілді. Одан пана да, жылулық та, әдемілік те таппайсың.

 

 Бала ата-анадан көргенін ұмытпайды әрі қайталайды.

Баламыз болашақты жаралы көзбен қабылдамас үшін, рухы сау ата-ананы көріп өсуі керек.

 

 Өзіне сенімсіз жан өзгеге де, әлемге де сенбек емес. Адамның өзіне сенімі Жаратушымен жақын болуына қатысты. Өйткені ондай адам сенім тізгінін өзгеден емес, өзінен табады.

 

 Кейбіреу екінші біреуді өз қалауы бойынша қолдан құйып шыққысы келеді екен.

 

 Мен бүгінімді қастерлеуге тырысамын.

 

 Көңілді жүру – денсаулықтың алғы шарты.

 

 Әркімнің ішінде өз қазаны қайнап жатады...

 

 Біреудің көңілін жаралау өте оңай, ал сол жараланған көңілді қайтару өте қиын. Себебі жерге түсіп сынған айнаны қайта құрастыра алмайсыз. Құрасаңыз да, бүтін айна шықпайды.

 

 Тынымсыз соққан желден мезі болатыныңыз сияқты тынымсыз сөйлей беретін мазасыз адамнан да, әрине, мезі боласыз. Сондықтан ауыз жаппай көп сөйлегеннен, арасында бір дөп сөйлеген артық.

 

 Ашумен іс тындырам демеңіз, айқаймен біреуді қорқытамын демеңіз, күшпен шамаңыздан тыс іске кіріспеңіз, былапыт сөзбен біреуді жеңемін демеңіз, біреуден түбінде кек аламын демеңіз.

 

 Мен ешқашан демеймін кереметпін,

Десе біреу сенбеймін «кереметсің». 

Ар-ожданым, ұятым маған жолдас, 

Өмір өзі көрсетер керемет кім?!

 

 Өзгені жеңдім деп өзегіңді талдырмай-ақ қой, мықты болсаң өзіңді-өзің жеңіп көр.

 

 Жақсы адам ештеңеден тарықпайды,

Жаман менен жақсыны парықтайды.

Меніңше, бала күнінде жақсы тәрбие алмаған қыз, болашақта жақсы келін болып жарытпайды.

 

 Арлы адам біреуді таптамайды,

Шыншыл адам жалғандықты жақтамайды.

Жүрегі таза адамдар кір жұқтырып,

Жүрегіне ешқашан кек сақтамайды.

 Басқа тілде шүлдірлесе кей досым,

Басқа ұлттың көрем одан бейнесін.

Анасынан арлы болып туғандар

Ана тілде тұнық сайрап сөйлесін.

 

 Ақ орамалымды ардақтай алмасам, сөзімді салмақтай алмасам, қатігездікті қармақтай алмасам, арсыздықты ауыздықтай алмасам, ана болып жарытпаспын!

 

 Мен досым түгілі дұшпаныма да жамандық тілемеймін, тіпті ойлай алмаймын да. Өйткені Алладан қорқам.

 

 Жақсы сөз жан сұлулығынан туындайды. Жаны сұлу, ойы терең, көреген адам ешқашан аузын былғап, абыройын төгіп жатпайды.

 

 Мен сұлулықты сүйемін, мен сүйетін сұлулық – жанның сұлулығы, ар-ождан, ұят-намыстың сұлулығы. Мұндай сұлулықты әлемдегі ешқандай әдемілікпен айырбастай алмайсыз. Сондықтан да осындай сұлулықты сүйетін сұлу жүрек сіз бен біздің кеудемізде болсын!

 

 Далама гүл бергім келеді,

Жан-жағым құлпырып тұрсын деп;

Балама күн бергім келеді,

Маңдайы жарқырап жүрсін деп;

Жарыма түн бергім келеді,

Ұйқысы тыныш болсын деп;

Өзіме күш бергім келеді,

Қуатым ғұмырыма жетсін деп, 

Үнім алысқа кетсін деп.

 

 Қызғанышы көп жүрек тұрған кеуде ешқашан ақаусыз болмақ емес. Өйткені қызғаныш – қан тамырымызды айналдырып тұрған жүректі жұлмалап жейтін  ащы  дерт қой. Жүрегімізді қызғаныштан сақтайық, жүрегімізді сақтағанымыз – өмірімізді ғұмырлы сақтағанымыз!

 

 Өмірдің өзі сынақтардан тұрады, адамның өзі көз, ауыз, құлақтардан тұрады. Құлағымызға кірер сөз бен аузымыздан шығар сөзге ие болып, көзіміз көрсоқыр болмаса, өмірімізде тамаша болар еді. Бәрін билейтін жүрегіміз бен миымыз өзімізге жарасар еді.

 

 Егер жүрегіңізде басқаға деген қызғаныш оты тұтана қалса, дереу Алладан кешірім сұраңыз! Сабыр сақтап, қызғанышқа бой алдырмаңыз, қызғаныш таяғы басқаның белін уақытша бүктіре алғанымен, сындыра алмайды. Ол келіп өз маңдайыңызға тиеді. 

 

 Әйелдің ары – адамзат ары білгенге,

Бұлттанар аспан бір әйел қабақ түйгенде.

Қар-мұзың еріп, жер-әлем бірден көктейді,

Көздері күн боп, шуақ боп әйел күлгенде!

Әлемнің өзі гүл болып жайнап құлпырар,

Әйел біреуді сүйгенде.

 

 Алтын қайда жатса да жарқырап жатады, сол сияқты жақсы адамды алаласаң да, қараласаң да, жараласаң да бәрібір, ол жан-жағына нұрын шашып тұрады. Жақсыдан тек шарапат күт, жамандық күтпе!

 

 Таяз жүрек  – тамырсыз сөйлейді.

Терең жүрек  – түпсізді тербейді.

Көзсіз жүрек – асылды көрмейді.

Асыл жандар – ұятын бермейді.

Қыран жандар – тек биікке өрлейді.

 

 Дарақылық   даңқыңды дарға астырады.

Арсыздық  абыройыңды айрандай төгеді.

Көре алмаушылық   көкірегіңді көлге көмеді.

Надандық   намысыңа нан сұратады.

 

 Келмеске  кеткен  күндеріңізді   жоқтап  отырғанша, бүгініңізге тоқтап, ертеңгі күніңізге жол салып үйреніңіз!

 

 Біреуге жол беру үшін жүректегі менмендік айқайламау керек. Біреуді кешіру үшін, кеуде кекшіл болмау керек. Біреуді сүю үшін оның қателігін сезімді жүрекпен кешіре білу керек.

 

 Биік мақсатта жүрген адамдар ешқашан ұсақ-түйекке мән бермейді. Ал ұсақ-түйекті теріп, басқаның бойынан қыл-қыбыр жинайтын адамдар ешқашан биік мақсатқа жетпек емес.

       

 Бос сөз, бос күлкі, бос жүріс – маған жараспайтын қылықтар. Өйткені мен болашақ ұрпақ тәрбиешісі  – анамын, менің бүгінім – ұрпағымның ертеңі. Сондықтан да мен қалай ғана ұрпағымды бос белбеу, жатып ішер, құр мылжыңдыққа тәрбиелемекшімін?!

 

 Көк тудың бетіне тура қарай алу үшін де көп нәрсе дұрыс болу керек. Біріншіден, ана тілге деген кіршіксіз, таза махаббат керек. Мен қайда жүрсем де, кім маған келіп соқтықса да, кім менің ана тілімді лайлауға кіріссе де, берілмеген таза жүрегіме айтар алғысым шексіз! Ана тілім – менің адам болып тұруымдағы ең асыл қасиеттерімнің бірі.

 

 Арман ауыз жүзіндегі сөз ғана, армандай білу – ойдың орамдылығы, сол арманға мақсат қою – қадам  басқандық. Сол мақсатқа жету үшін нақты әрекет жасау – нағыз жетістікке жетудің кілті!

 

 Мен ойлаймын: әр дәуірде аз санды ғана адамдар елі, жері, ұлты, тілі, діні жолында тер төгетін сияқты. Әрине, олардың еңбектері ерекше ұлы. Сондықтан да ұлылық қадірлі шығар.

Жанайым Ауғанбайқызы
15.11.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 78
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 600
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 717
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 629
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 639

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8776
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8176
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11405
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9159
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10390