Алаң сыртындағы шайқас

Алаң сыртындағы шайқас

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі тілге тиек болғанда, оның бастауында кімдер тұрды, наразылық шеруіне бірінші болып кімдер шықты, алаңда алғашқы болып кімдер бой көрсетті деген сауал алдан шығады. Желтоқсан оқиғасына түпкілікті баға беру жөніндегі  мемлекеттік  комиссияның қорытынды құжатында, сондай-ақ  зерттеу мәліметтерінде көтерілістің бастауында студент жастардың тұрғаны айтылады. Демек, көтерілістің бастаушы күші Алматыдағы түрлі жоғары оқу орындарында білім алып жүрген жастар екеніне көз жетеді. Сондай оқу орнының бірі – Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институты, қарашаңырақ ҚазПИ (қазіргі атауы – ҚазҰПУ).

 

Желтоқсан аласапыраны кезінде қазпилік студенттер шерушілердің алдыңғы сапында жүріп, өжеттілігімен, белсенділігімен ерекшеленді. Көтерілістен кейін олардың көпшілігі жазықсыз қуғынға ұшырады – комсомол мен партиядан шығарылды, оқудан қуылды, қатаң сөгіс алды, тіпті жаза арқалап, бірнеше жылға сотталып кеткендер де болды. Тоталитарлық жүйе ешкімді аяған жоқ. Бұл орайда аталған оқу орнында табаны күректей елу жыл үздіксіз ұстаздық етіп келе жатқан педагогика ғылымдарының докторы, профессор, университет Ардагерлер кеңесінің төрағасы Берікжан Әлмұхамбетовтың көпшілікпен бөліскісі келетін әңгімелері бар болып шықты.  

Екі иығына екі кісі мінгендей зор денелі, балуан тұлғалы, еңсегей бойлы ағамыз бір қарағанда көп сөзге жоқ, біртоға болып көрінгенімен, шын мәнінде әңгімешіл кісі. Сөз әдібін байыппен бастап, бірте-бірте ширатып ұзаққа шабатын жарау аттай көсіліп сала берді. Әнебір жылдарға сапар шегіп, өзі көрген, оқиға ортасында жүріп куәсі болған жайттарды соншалық көп әсерлемей-ақ, шашпай-төкпей нақпа-нақ жеткізіп отырды.

– Әлі есімде, – деп бастады ол әңгімесін. – 1986 жылы көктемде өткен Қазақстан Компартиясы ОК Пленумында еліміздің бірінші басшысы Д. Қонаевқа ащы сын айтылды. Сын айтқан кім дейсіз ғой, Министрлер Кеңесінің төрағасы Назарбаев, Димаш Ахметұлының өз «өнімі». Содан көп өтпей орталықтан шығатын «Известия» газетінде «Паутина» деген Қазақстан басшысының жұмысын қатты сынға алған мақала жарияланды. Онда Қонаевтың өзіне және оның айналасына аямай күйе жағады. Мен ол кезде Көркем-сурет факультеті деканының орынбасары едім, әңгіменің қай жаққа бастап бара жатқанын ішім сезді. Бірақ, ширек ғасыр бойы бес орденді Қазақстанды табысты басқарып келген, жиырма жыл Саяси Бюроның мүшесі болған, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған, атақ-даңқы бір басына жетерлік Қонаевты 18 минуттың ішінде жұлып алып, орнына басқа жақтан адам әкеліп қояды деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген еді. Бүкіл бір елдің тағдырын шешу үшін Орталыққа небәрі 18 минут-ақ керек болды. Бірақ, бұл қателікті тарих кешірген жоқ. Қазақ халқының тағдыры қандай космостық жылдамдықпен шешілсе, «зұлымдық империясы» да сондай жылдамдықпен құлады.

Ол уақыт Кеңес Одағының дүркіреп тұрған кезі. 1986 желтоқсаны кәдімгі күндердің бірі болып басталды. Күнделікті бітпейтін абыр-сабыр қарбалас тіршілік, студенттер алдағы сессияға дайындалып жүрген. Ол уақта қоғамда болып жатқан оқиғалар куратор сағаттарында талқыланатын, одан қалса комсомол, партия, кәсіподақ жиындары бар, белсенділер түрлі мәселені ортаға салатын, кейде болмашыға бола қызыл кеңірдек болып айтысып-тартысып тарқасатын жағдайлар да кездесетін. Сондай пікірталаста Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Қонаевқа қатысты да құлаққа жағымсыз тиетін гу-гу әңгімеге жол берілетін болды. Әсіресе, КСРО Орталық Комитетіне Бас хатшы болып М. Горбачев келгелі қазақ басшылығына көңілі толмайтындар мен оның жұмысына сын айтатындар тым жиілей түсті. Ақыры желтоқсан айының ортасында «жасының ұлғайғанын және жұмыстан өз еркімен бас тартуына байланысты» деген сылтаумен Димаш Ахметұлын орнынан апыл-ғұпыл алып, бірінші басшылыққа Қазақстанды картадан ғана көрген, ешкімге белгісіз Колбин деген біреуді тағайындайды. Кезектен тыс өткен пленум Орталық ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдап қол көтерді. Міне, отқа май құйған сәт осы жерден басталған. Ә дегенде студенттер Мәскеудің шешіміне түсінбей, жаңсақ кеткен шығар деп ойлайды, түсінгенде... дүр сілкінді. «Жергілікті халықтың пікірімен санасқысы келмейтін билікпен біз неге санасуымыз керек?!» – деді олар. Шынында да, жас қазақ демократиясының талабы орынды еді. Алайда, «өзімбілемдікпен» ауыратын Мәскеу оларды тыңдамады, тыңдауға өресі жетпеді. Алдымен дүмпу Алматыда басталып, оқиғаның анық-қанығын білу үшін Брежнев алаңына қарай ағылды. Анығында қазақ оянды. Әрине, оның әсері әркімде әртүрлі болғанымен, ең бастысы бұрын іштей арпалысқа түсетін ұлттық намыс атойлап сыртқа лықсыды. «Қазақстанды қазақ басқару керек!» деп талап қойды олар. Шын мәнінде, бұл жас қазақ демократиясының нақты саяси талабы болатын. 

Жасыратыны жоқ, мен биліктегі саяси ойындардың осындай бір аласапыранмен аяқталатынын ішім сезіп жүрді. Сондықтан жастардың өз құқтарын талап етіп шеруге шыққанына соншалық таңғала қойғаным жоқ. Мені таңғалдырған нәрсе қазақ жастарының қайсарлығы мен өжеттігі болды. Мұндай ержүрек өрендері бар елдің сағын ешкім ешқашан сындыра алмайды, соған көзім жетті.

Сол күні-ақ ректорымыз Құлжабай Қасымов бәрімізді жинап, жиналыс өткізді. Ол барлық құрылым басшыларына бүгіннен бастап өз студенттерінің арасында болып, жатақханадан шығармауға, қатаң бақылауда ұстауға нұсқау берді. «Бастарыңмен жауап бересіңдер» деп ескертті. Осыдан кейін үйге баруды қойдық, біржола жатақхана күзетшісіне  айналдық. Сол күндері біздің көзімізді шұқымаған адам қалмады. Көшедегі көк аттыларды былай қойғанда, көресіннің көрін өз әріптестерімізден көрдік... «ишь свободу захетели, хрен тебе»... дегенді де естідік... «Қазақтар бір балабақшаға басып кіріп, орыс балаларын терезеден лақтырыпты» деген жаланы да құлағымыз шалды...

Біздің ректорымыз сол кездегі Қазақ ССР оқу-ағарту министрі Қожахмет Балахметовпен жақын қарым-қатынаста еді, көп мәселеде сол кісіге арқа сүйеді. Оған сол күндері өзім де куә болдым.

Бұл 17 желтоқсан болатын. Түске таяу «Сізді ректор тез келсін деп жатыр» деген соң, ұшып бардым. Есіктен кірер-кірмес: «Екеумізді министр Балахметов күтіп отыр, соған барамыз», – деді Қасымов. ҚазПИ мен министрліктің арасы алыс емес еді, тез жеттік. Балахметов сыртта күтіп тұр екен. Көліктен түсіп, қол беріп амандастық. Балахметов: «Жігіттер, жағдай ушығып барады. Жастардың қайтатын түрі жоқ, – деп, екеумізге сұраулы жүзбен кезек-кезек қарап алды да. – Алаңдағы жағдайды өз көзіммен көрмесем, көңілім бір түрлі тыншымай отыр. Екеуіңді шақырған себебім, маған серік бола ма дегенім ғой...».

Министрдің өзі ұсыныс жасап отырғанда бізде не жан қалсын, «барсақ барайық» дедік.

Сонымен алаңға тарттық. Көлікті Абай көшесіне қалдырып, өзіміз Фурманов арқылы жоғары көтерілдік. Алаңға келсек, иін тірескен жастарға лық толып тұр екен. Айқай-шу, ұрандаған дауыстардан құлақ тұнады. Қайран, сондағы қазақ қыз-жігіттерінің батылдығы-ай! Бойларында өрлік пен ерлік, намыс пен жігер тепсініп тұрғанын көрдім. Оларды әскери формадағылар айналдыра қоршап алыпты. Өңіміз түгілі түсімізге кірмеген көрініске тап болған біздер аузымыз ашылып, аң-таң болып біразға тұрып қалдық. Есімізді жиғанда Балахметов ректорымызға бұрылып:

– Мынадай көп қазақтың жиналғанын бұрын-соңды көріп пе едің? – деп сұрады ішкі толқынысын жасыра алмай.

– Жоқ, Қожеке, талайды көріп едім, бірақ мұндай нөпірді көрген емеспін.

– Мұндайда не деуші еді әлгі... ақсарбас деуші ме еді?!

– Иә, солай дейтін қуанғанда...

– Ендеше, ақсарбас деп қояйық, Құлжеке! Қазақтың күні туатын күн алыс емес сияқты...

Сол жерде жиырма минуттай аялдадық. Кенет қарама-қарсы беттегі қазіргі «Хабар» телеарнасы орналасқан үйдің алдында жай тұрған өрімдей жас қыз-жігіттерді солдаттар ай-шай жоқ шықпыртып сабай бастады. Сәл болмаса бізге де төніп қалатын болды. Осы жайттың бәрін қалт жібермей бақылып тұрған Балахметов: «Жігіттер, бұл жерде біз араласатын ештеңе қалмапты, жастардың еріктері білсін. Көрдіңдер ме?..» – деп, иегімен қос қапталдағы биік үйлердің жоғарғы балкондарына құзғындарға ұқсап «қонақтап» алған фототілшілерді нұсқады. – Ертең мұның арты үлкен дау-дамайға ұласатын сияқты. «Сақтықта қорлық жоқ» деген, сақ болайық!». 

Желтоқсанда өзім куә болған оқиғаның бірі – осы. 

Осы жерде профессор Құлжабай Қасымов туралы бір-екі ауыз сөз айтсам деймін. Құлжекең жай іскер басшы ғана емес, қазақ десе жанып түсетін шын намысшыл, патриот азамат еді. Оның тұсында (1980-1987 ж.ж.) Абай институты мейілінше жарқырап көтерілді. Ең алдымен мамандардың тұрмыстық жағдайын жақсартып, институттың материалдық-техникалық базасын нығайтуда көп күш жұмсады. Мысалы, Достық даңғылы мен  Қазыбек би көшесінің қиылысында орналасқан ҚазҰПУ-дың бас әкімшілік ғимаратын осы кісі салдырған. Төле би мен Пушкин көшелері қиылысындағы қызметкерлер үшін тұрғызылған 64 пәтерлі тұрғын үй, екі жатақхана бой көтерді. Оның біріншісі Қазыбек би көшесінде орналасқан бес қабатты жатақхана болса, екіншісі «Айнабұлақ» мөлтекауданындағы отбасылы студенттер мен жас мамандарға арналған шағын пәтерлі жатақхана болатын.

Ректор Қасымовтың осы бағыттағы игі істері жалғаса беретін де еді. Алайда Желтоқсан көтерілісінен кейінгі жазалау машинасы оның игілікті бастамаларының бәріне нүкте қойды. «Жастарға интернационалдық тәрбие беруде елеулі кемшіліктер жіберді» деген сылтаумен 1987 жылы қызметінен босатты. Негізгі тағылған айыптың бірі «қызметін асыра пайдаланды, өзі басқаратын оқу орнында қазақ жастарын шектен тыс көп оқытуға жол берген, басқа ұлттардың мүддесіне орасан зор зиян келтірген» дегенге саяды.

Шын мәнінде, институтта ұлтшылдықтың иісі де жоқ болатын. Бұл ешқандай ақылға сыймайтын жала еді. Ол кейін дәлелденді де. Бірақ, арнайы тапсырма алған тексерушілер оған құлақ аспады. Кейін Қасымовтың орнына Тоқмұхаммед Садықов келді.

...Студенттерде үш күн бойы маза болмады. Біз қанша жерден қатаң бақылауда ұстадық десек те, жастарды алған бетінен қайтару мүмкін емес еді. Ебін тауып қашып шығады да алаңға барады, шерушілерге қосылып ұрандатады. Алаңнан қашып келіп жатақханаға тығылады, әйтеуір бір тыным болмады. Алаңнан қашқан студенттердің соңынан солдаттар қуып жетеді. Студент деген аты болмаса, олар да өз балаларымыз ғой. Өз балаларымызды жауға қалай ұстап береміз, жасырып тастаймыз, сосын дым білмеген бола қаламыз. Қуғыншылар келіп «Осы жатақханаға кіргенін өз көзіммен көрдік, бұл жерден сайтан болмаса көрінбей шығып кету мүмкін емес. Жаныңның барында айт, қайда кетті олар?» – деп зіркілдейді маған. Мен «Ешкімді көрген жоқпын» деп құтыламын. Шатырды да, жертөлені де түгін қалдырмай түгел тінтіді, ешкімді таба алмады.  Рас қой, солдаттардан қашқан жастар жатақханаға дейін келеді де, ішке енген соң зым-зия жоқ болып кетеді. Құдды жер жұтып кеткендей... Бұл кезде біз қыздармен  бірінші қабатта әдеби кеш, концерт қойып жатамыз дым білмегендей. Таң қалатын жағдай ғой. Анығында солдаттан қашқан студенттерді адам баласы таба алмайтын жерге тығып тастайтынбыз. Ол былай болған еді. Жатақхананың астында жертөле бар, жертөленің астында тағы бір жертөле – «бомбаубежище» бар болатын. Бірақ, оны көп адам біле бермейтін. Қашқан студенттерімізді біз сол «бомбаубежищеге» жасырып жүрдік. Солдаттардың тінтімеген жері қалмады, бірақ оған ешкім мән бермеді. 

Түк қорықпадым десем, өтірік айтқан боламын. Қорықтым, зәрем зәр түбіне кетіп жүрді. Студенттерім үшін де, өзім үшін де... Біліп қалса немесе біреу-міреу байқамай сыр ашып қойса, саудамыз бітті ғой, жазасыз қалдырмайды. Абырой болғанда, барлығы сәтімен аяқталды. Қазір сол бір үрейлі күндерді есіме алсам, төбе шашым тік тұрады, сонда қалай батыр болғанбыз деп ойлаймын. 

Қазір сондағы студенттеріммен кездесіп қалсам: «Аға, сол «бомбаубежище» бар ма?» деп сұрайды. «Бомбаубежище» бар ма, жоқ па, білмейді екем. Ол жатақханаға бас сұқпағалы да біраз болыпты.

Желтоқсан дүрбелеңі нағыз үрей туғызған уақыт болды. Алматы облысы партия комитетінің бірінші хатшысы М. Меңдібаев Абай институтын қатаң бақылауға алды. Ол Н. Волков деген жандайшабын бізге айдап салды. Волков өзі бір балық сияқты жылп-жылп еткен пысық неме екен. Ол студенттерді ғана емес, оқытушылардың да әрбір жүріс-тұрысын аңдумен болды. Ұлттық намысқа тиетін боқауыз сөздер айтып, қазақтарға қарадай қара күйе жақты.

Студенттерімізді қанша қорғаштасақ та, бәріне бірдей қорған бола алмадық. Көпшілігін комсомолдан, партиядан шығарды, оқудан қуды, қайсыбірін айтасың. Сондағы үш қыздың оқиғасы есімнен кетпейді. Ол былай болып еді.

Желтоқсанның 22-сі ғой деймін, деканатқа милициядан телефон соқты. Тұтқаны көтерсем, арғы жағынан қырылдаған өктем дауыс: «Сіздердің бұзақылықпен айналысқан жезөкшелеріңіз біздің бөлімшеде отыр. Жылдамдатып алып кетіңіз, әйтпесе арты жаман болады», – деді. Хабарлаған мекенжай бойынша жетіп бардым. Тергеуші В. Осадчий деген майор екен. Ол менің көзімше қыздарды түрлі жаман сөздермен балағаттап, аузына келгенін құсты. Мен қаным қайнап тұрса да, сабыр сақтадым. Бірдеңе десең қыздарды жібермей ұстап қалатын түрі бар. Қыздарды көріп шошып кеттім, шаштары алба-жұлба, киімдері жыртылған, біреуінің көзі көгерген, екіншісінің ауызы қан-қан... Кейін білдім ғой, «бұл қаншықтарды ұрпақ сүймейтіндей етіп жазалау керек!» деп ұлтабардан теуіп, қорлапты, жауыздар. Белгілі себептермен ол батыр қыздардың атын атауға жүрексініп отырмын, өйткені олардың кейінгі тағдырлары не болды, қалай қалыптасты, хабарым жоқ.

Әрине, кекшіл болған дұрыс емес. Дегенмен, қыздарға тіл тигізіп, қорлаған тергеуші В. Осадчиймен көп жылдан кейін жолымыз тағы түйісті. Сонда оның сазайын әбден бердім. Ол: «Уақыт солай болды, біз тек тапсырма орындадық», – деп түлкі бұлаңға салып әрең құтылды.

Осылай дүрбелеңге толы үш күн де өтті. Жастар қуып таратылды. Қоқан-лоқы содан кейін басталды. Күнде жиын, комсомол, партия, кәсіподақ жиналыстарында жастардың мәселесі қаралып жатты, не керек, опортунистер шамалары келгенше күйе жағып бақты. Ең қиыны орыс әріптестермен жүздесу болды, бізді көргенде олардың атарға оғы болмайтын. Үрейде өткен күндер еді ол. Ана факультеттің студенті оқудан шығарылыпты, комсомолдан қуылыпты, мына факультеттің баласын партиядан аластапты, ісі тергеуде жатыр екен деген суық сөздерді күнде еститін болдық. Олар туралы газеттерде жарыса жазып, телерадио хабарлар таратты. Әрине, студенттерге жанашырлықпен қараған оқытушылар да болды, алайда мансап үшін ар-ұятын сатқандар аз болған жоқ. Мысалы, филология факультетінің деканы Л. Рубилина өз студенттерін ұстап беріп, соның ақысына кейін институт проректоры орынтағына жайғасты.

Желтоқсанның 20-ларында түрлері суық екі адам келді, ҰҚК-нің «жарқанаттары» деп топшыладық. Олар бірнеше фотоальбомды алдымызға қойды. Іші толған өзіміздің балалардың суреттері! Әлгілердің сөзіне қарағанда, «асықпай қарап, танитындарымыз болса, айтуға тиіс екенбіз». Тергеушілердің сөзіне еріп, өз шәкірттерін көрсеткендер болса, болған шығар, менің әріптестерім ондай иттікке барған жоқ. Қайта біздер сол бір аласапыран күндері бір-біріміздің қадірімізді түсіндік, ұлттық санамыз өсті, бір сөзбен айтқанда, Желтоқсан оқиғасы қазақтарды біріктірді, тұтастандырды десе болады.

Арадан бір апта өтер-өтпес институттың партия жиналысына шақырды. «Қатысу міндетті!» деп ескертті. Мен КПСС мүшесі едім. Бармауға болмайды, баршаға бірдей тәртіпке мойынсұну керек. Жиында тарих факультетінің студенті Ақтаевтың, филологиядан екі қыз, біздің факультеттен Мұратбек Баетовтың мәселесі қаралды. Байғұс балаларды ары сілкіді, бері сілкіді, тіпті қарабет қылып тынды. Партия ұйымының хатшысы Нұрханов қыза-қыза: «Мұндай сілімтіктерге біздің арамызда орын жоқ, партиядан шығарып, оқудан қуу керек», – деді. Мен шыдамай кеттім, орнымнан атып тұрып: «Бұлар да өз балаларымыз емес пе, неге сонша өшігеміз?.. Олардың қателігі – біздің де қателігіміз. Сондықтан, ағайындар, барынша кешіріммен қарайық, ешкімді бөліп-жармайық», – деп жастарды қолымнан келгенше қорғап бақтым. Тарих факультетінің деканы Шәбдан Әділханов мені қостап сөйледі. Бірақ, студенттерімізге бәрібір араша бола алмадық. Ол кезде бәрі алдын ала шешіліп қоятын, жоғарыдан түскен нұсқауды орындамауға болмайтын. Ақыры, оларды партиядан шығарып тынды. Партиядан шыққан адам, тәртіп бойынша бірден оқудан да қуылатын. Солай болды да. Біз қолымыздан келгенді жасадық, менің орнымда басқа біреу болса да сөйтер еді деп ойлаймын. Мен ұстаз ретінде өз адамгершілік міндетімді атқардым, шәкіртімді қорғап қалуға бар күшімді салдым. Алайда, мемлекеттік машинаға қарсы тұруға шамам жетпеді. Болғаны сол! 

Желтоқсанда жастарды бұзақылық істер жасауға биліктің өзі арандатты деп айта аламын. Бейбіт шеруге басынан бастап ұлтаралық сипат беруге барын салды. Орыс ұлтын қазақтарға қарсы қоюдың барлық амалдарын жасады. Көше-көшемен басына дауыс күшейткіш аппарат орнатылған машина жүріп өтіп: «Алматыда қазақ жастарынан құралған маскүнемдер, нашақорлар, бұзақылар орыс балабақшаларына басып кіріп, өртеп, қиратып, балаларды тірідей терезеден лақтырып жатыр... Орыс тұрғындарды ұрып-соғуда...» – деген жантүршігерлік хабар таратып жүргенін өз құлағыммен естідім. Екі ұлт арасындағы өшпенділік осы жалған хабардан кейін қатты өршіді. Кейін оның қасақана жасалған дизинформация екенін орыстар білді, бірақ екі ұлттың арасын жарастыратын ешқандай әрекет жасалған жоқ.

Уақыт өте қазақ жастарының іс-әрекеті заңды екені дәлелденді. Алайда, жастарға жала жапқан, сатқан, көзге шұқыған, зорлаған, қорлаған, соттаған екіжүзділер әлі күнге дейін тайраңдап арамызда жүр. Беттері бүлк етсеші!.. Сол шіркіндерде ар-ұят, намыс болса, ақиқат алдында бас иер еді ғой. Сондағы ойланбай айтқан сөздері үшін, байыбына жетпей істеген әрекеттері үшін кешірім сұрар еді. Өкініштісі, соны жасата алмай жатырмыз... Сондықтан мұндай жағдай қайталанса, өз басым таңғалмаймын.

Айтпақшы, Желтоқсан дегенде, мына бір оқиғаны айтпасқа болмайды.

Қазақстанның бірінші хатшысы болып тағайындалған Г. Колбиннің отбасы 1987 жылы Алматыға біржола көшіп келді. Колбин өзі бір бақытсыз бейшара адам екенін кейінірек естідік қой. Байғұстың екі қызы болыпты. Біреуін Грузияда екінші хатшы болып тұрғанда, Тбилисиде өлтіріп кетіпті. Сол қыздан бір ұл бала қалған екен. Он бір жасар сол бала жаман кеселге душар болып, көп ұзамай Алматыда қайтты. Мүрдесі орталық бейітке қойылған деп естиміз. Ал, екінші қызы орыс тілінің маманы екен, ҚазПИ-ге филология факультетіне орналасты. Ұмытпасам, аты-жөні Людмила Геннадьевна Колбина болатын. Оны жұмысқа арнайы көлікпен әкеліп, алып кететін. Біз тамсанып қарайтынбыз. Бір күні партком жиналысына шақырды. Сөйтсек, Людмила Геннадьевна Ульяновскіде жүргенде партия мүшелігіне кандидат болып өтіпті, енді мүшелікке қабылдауымыз керек екен. Партком жиналысына сол үшін шақырыпты. Партия мүшесі ретінде оған мен де қатысып отырдым. Жиналыста емес, құдды бір театрда отырғандай әсерде болғанымды несіне жасырайын? Ұйым хатшысы мипаздап, біріншінің қызының астына көпшік қоя сөйлеп, қолдау мәселесін көтергені сол екен, қол көтерушілер жан-жақтан жамырап, маңырай жөнелді. Н. Бобырь, М. Бейлинсон сияқты «белсенділер» Колбиннің қызын өздері көтеріп өсіргендей көсіліп берді дейсің!.. Олардың өтірік бөспелерінен қарап отырып мен қысылдым. Мақтаудың да, жағымпазданудың да реті, жөні болу керек емес пе?! Ал, мына бейшаралар бұл мәселеде бәрін жолда қалдырды. Бұл шеберлік емес, шектен шыққандық қой. Олардан қазақ әріптестеріміз де қалысқан жоқ. Не керек, Л.Колбинаны партия мүшелігіне бірден-бір лайықты адам ретінде қолдап, бірауыздан дауыс беріп, жиналысты аяқтадық.  

Қысқасы, әріптестерімнен қатты көңілім қалды. Неткен екіжүзділік, дарақылық! Людмила жұмысқа қаласа келіп, қаламаса келмейтін. Бірақ, бірде-бір басшы немесе партия мүшесі «Қарағым, сенікі дұрыс емес!» демеді.

Біреудің сыртынан сөз теру дұрыс емес екенін білемін, мен өз көзіммен көріп, куә болған жайттарды ғана сөз еттім, жанымнан ештеңе қосқам жоқ.

Бұл күнде бәрі көрген түстей болып артта қалды. Бірақ Желтоқсанның талай жұмбағы ашылмай жатыр. Мысалы, Боралдай жақта қаншама қазақ жастарының мәйіттері топырақ астында бүркеулі жатыр деп естимін, сол жерде қаншама қыздардың абыройы төгіліпті, оның да құпиясы жер астында. Құзырлы орындар мұндай ақпараттың рас-өтірігін тексеріп, анықтау керек, Желтоқсанның ашылмаған құпиясы қалмауы тиіс.

Жас өскіндерге айтарым бар. Өз басым қазіргі еркіндігімізге күрес арқылы жеттік деп ойлаймын. Күресе білмеген, алдына үлкен мақсат қоя білмейді. Алдына үлкен мақсат қоя білмеген ұлт – өлген ұлт. «Саяси өлік» деп жатамыз ғой, сол секілді өлімтік. Күрескерлік – қазаққа атадан қалған мұрат. Олай болса, ары үшін барын салатын, бағы мен тағы кетсе де намысын қорлатпайтын, ұлт ұраны, ұрпақ тұрағы, әр нәрсенің бар сұрауы дегендей обал мен сауапты алға оздырып, ақылдың кеніне, сөздің жөніне ден қоятын жастарымыз көбейіп, ел үшін болатын кез келген күреске дайын болса екен деп тілеймін.

Ордалы ой айтып, ұтқыр сөзбен аяқтаған Берікжан ағаның әңгімесін сол күйі өзгертпей беруге тырыстық. Өзінің айтуынша, «ұлтшылдар» мен «маскүнемдерді» қорғап, солардың сөзін сөйлеуге әрекет жасағаны үшін ол қызметінен алынып, қатардағы мұғалімдікке дейін төмендетіліпті. Шәкірттерінің айтуынша, Бекжан мен Жасұлан ағайлар, Зәуреш апай – нағыз қаһармандар. Олар өз бастарын қатерге тігіп талай студенттерді жазықсыз жаладан құтқарып қалған. Алла разы болсын! Берікжан елу жылдан аса уақыт осы қарашаңырақ астында қызмет істеді. Осы жылдар ішінде кафедра меңгерушісі, факультет деканының орынбасары,  деканы, институт директоры сияқты сеніп тапсырған қызметтерді абыроймен атқарды. Бүгінде Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Ардагарлер кеңесінің төрағасы қызметінде. Жасы 70-тен асса да өмірде белсенді, шәкірттерінің аяулы ұстазы. 

 

БОЛАТ ШАРАХЫМБАЙ
20.07.2023

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНДА ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМ САХНАЛАДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 27
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАСТАРЫ ҮШІН БИЫЛ АРНАУЛЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНА 15 500 ГРАНТ БӨЛІНЕДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 26
ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ҚАЗЫҒҰРТТА КӘСІПКЕРЛІКТІ ЖАНДАНДЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 32
 СОЗАҚ АУДАНЫ ӨНЕРКӘСІП ӨНІМ КӨЛЕМІ БОЙЫНША ОБЛЫСТА КӨШ БАСТАП ТҰР
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 02.05.2024 28
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА БІРНЕШЕ АУЫЛҒА ГАЗ БЕРІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 27

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1186
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7233
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11097
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7297
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7442