Құрама Штаттардың қайтадан сайланған Президенті Дональд Трамп Ақүйдің төріне жайғасып отырмай жатып биліктің бишігін үйіре бастады. Трамп жыл соңына қарай өзінің твиттер парақшасында шулы жазбалар қалдырумен жұртты айран-асыр қылып отыр.
Оның Канададан көздегені не?
Ол 2024 жылы 18 желтоқсан күні өзінің жеке парақшасында анау-мынау емес Канада мемлекетін «АҚШ-тың 51 штаты болып қосылуға» шақырды. Дональд Трамп кезекті жазбасында: «Біз Канадаға жыл сайын 100 миллион доллардан астам субсидия беруіміз керек дегенге ешкім жауап бере алмайды? Бұның мағынасы жоқ. Канада АҚШ-тың 51-штаты болып бірігуі керек», – деп салды. Трамптың бұл сөзі алғаш рет айтылып отырған жоқ. Ол қазірге дейін Канаданың АҚШ-қа қосылуы туралы пікірлерін ашық білдірген. Бұл канадалық БАҚ-тар мен кейбір саясаткерлердің наразылығын тудырған. Британдық БАҚ Трамптың неліктен 100 миллион долларды айтқаны белгісіз екенін, бірақ ол 2018 жылы әлеуметтік желіде Канаданың Америка Құрама Штаттарымен жасаған саудадан «шамамен 100 миллиард доллар» тапқанына шағымданған екен.
Трамп бұдан дейін заңсыз иммиграция мен есірткі мәселелерін шешу үшін Канада мен Мексикаға 25% баж салығын енгіземіз деп қорқытқан. Екі ел бір-бірінің ең ірі сауда серіктесі екенін ескерсек, мұндай тарифтер Канаданың да, Мексиканың да экономикасына қатты әсер етеді дейді АҚШ сайттары.
Осы мақсатта Канада премьер-министрі Трюдо 29 қарашада АҚШ-қа тосын сапармен барып, Трамппен екі ел арасындағы қарым-қатынасты талқылайды. Бұл кездесу барысында «Канаданың Америка Құрама Штаттарының 51-ші штаты болуы керектігін» бетіне айтыпты.
Бұл мәселеге қарата әлеуметтанушылар ашық сауалнама да жасап көріпті. Жақында жүргізілген сауалнама канадалықтардың 13%-ы Канаданың Америка Құрама Штаттарының штаты болғанын қалайтынын көрсетті, ал 82%-ы бұл идеяға қарсы екендіктерін жасырмапты.
Осы жерде неліктен Трамп Канаданың Америка Құрама Штаттарына «тәуелді» болуын қалайды?» деген сұрақтың туатыны сөзсіз. Біз біраз материалдарды ақтарып мынадай жауаптар тапқандай болдық.
Ең әуелі көршілес отырған Канаданың «ешқашан тәуелсіз ел болмағандығына» дәлел айтушылар да көп. Олар әскери жақтан АҚШ-қа тәуелді екендігін алға тартыпты. Америка Құрама Штаттары Канадаға ядролық қаруды бөлісуге рұқсат берген ел. Бұдан бөлек АҚШ-тың әскерлері Канаданың әуе қорғанысын қорғау жауапкершілігін өз мойнына алған. Ұялы байланыс саласында Канаданың өз ел коды жоқ, тек Америка Құрама Штаттарымен бөліседі екен. Мұндай жағдайларды ескере отырып Канаданы егемен ел деуге келмейді деп санайтындар да бар.
Ал Трамптың тосын мәлімдемелерінің астарында Қытайдан келетін сауда ағынын тоқтату жоспары бар болуы мүмкін деп санайтындар да бар. Себебі АҚШ, Канада, Мексика үш ел өзара еркін сауда аймағын қалыптастырған. Қытай тауарларына кедендік баж салығын жоғарылатқанымен, өзге екі мемлекетке еркін еніп алған қытайлық тауарларды ешқандай салықтық тосқауылдарға ұшыратпай АҚШ нарығына енгізуге мүмкіндік бар екен. Жоғарыда «Канаданың Америка Құрама Штаттарымен жасаған саудадан шамамен 100 миллиард доллар пайда тауып отыр» деген күйініштің астарында осындай себептер жатса керек.
Гренландияны АҚШ-тың қосып алуы ақылға сыя ма?
Трамптың тағы бір сөзі жұртты таңғалдырып отыр. Президенттің ұлықтау рәсіміне жақындаған сайын Трамп тосын мәлімдемелерін боратып жатыр. Ол жақында тағы да «Данияның шетелдегі аумағы болып табылатын Гренландияны күшпен басып алу мүмкіндігі» туралы ойын жайып салды. Дегенмен шетел басылымдары «Трамптың Гренландияға деген қызығушылығы соңғы күндері газеттерде болғанымен, оның аумақ туралы ойлары жаңалық емес. 2019 жылы сол кездегі президент Трамп оның әкімшілігі Гренландияны Даниядан сатып алу әрекетін қарастырып жатқанын мәлімдеген, сол кезде АҚШ басшысы бұл идея «стратегиялық тұрғыдан қызықты» екенін атап өтті. Мүмкін осы сәттен бастап Трамптың Гренландиядағы (және басқа жерлерде) аумақтық амбициялары бірнеше сатыға көтерілген болар» деп баға беріп жатыр.
Отқа май құйғандай болған тағы бір әрекет Трамптың ұлы кіші Дональд Трамп 7 қаңтарда жеке ұшағымен Гренландияға туристік сапармен келді, ол жолыққандарға «Гренландияны қайтадан ұлы ет» деген ұран жазылған бас киімдер таратқан.
Трамптың бұл мәлімдемесіне қарата Дания корольдығы қатаң айыптаулар жариялап, оның жөнсіз сөздеріне тойтарыс берді. Данияның премьер-министрі Метте Фредериксен 8 қаңтарда АҚШ-пен Гренландияны беру туралы келісімге келу мүмкіндігін жоққа шығарды. Керісінше, аймақтың болашағын оның халқы анықтайды. «Гренландия сатылмайды», – деді Фредериксен.
Шын мәнінде, АҚШ әскері Дания үкіметінің рұқсатымен бір ғасыр бойы Гренландияның шекарасын күзетіп келе жатыр. Кеңес одағымен екі арадағы Қырғи қабақ соғысы жылдарында АҚШ Гренландия аумағына маңызды әскери нысандарын молайтқан екен. Осы кезден бастап Гренландия мен Кеңес Одағына жақын аймақ есептелетін бұл өңір Америка Құрама Штаттары үшін Кеңес Одағына қарсы ядролық соққы беруге, сондай-ақ ертерек ескерту радарлары мен жойғыш ұшақтарды құру үшін тамаша трамплин болып келген. Сарапшылар жыл өткен сайын Гренландияның стратегиялық орталық ретіндегі маңыздылығы күшейіп, бүкіл Арктика аймағына әскери әсері артып келеді деп отыр. Бұдан бөлек АҚШ-тың ең маңызды стратегиялық әскери форпосттарының бірі сол жерде орналасқан екен. Яғни Гренландия аумақтық тұрғыдан Данияға қарасты болғанымен, әскери жақтан 100 жылдан бері АҚШ-тың бақылауында тұрған аймақ.
Қырғи қабақ соғыс аяқталғаннан кейін әуе базасының стратегиялық маңызы төмендесе де, Арктикадағы геосаяси жағдайдың дамуы бұл аймақтың маңыздылығын арттыра түсті. Арктикалық шеңбердің үстінде және Солтүстік полюстен небәрі 1524 шақырым жерде орналасқан бұл қашықтағы жұмыс ортасының қолайсыз табиғаты өзгерген жоқ.
Қырғи қабақ соғыс Арктиканы әскери стратегияның негізгі саласына айналдырғанымен, аймақтағы теңіз мұзының шегінуінің жалғасуы оның экономикалық дамуы үшін маңызы арта түсетіндігін көрсетті. Себебі Арктика арқылы теңіз саудасы саяхат уақытын және Солтүстік жарты шарда жүктерді тасымалдау шығындарын айтарлықтай қысқартатын көрінеді. Сонымен қатар, кең-байтақ аумақтағы ресурстар теңізде мұнай бұрғылау, теңіз түбінен сирек жер металдарын өндіру және табысты балық шаруашылығы үшін жаңа мүмкіндіктердің мол екендігін көрсетіп отыр.
Арктикада қызып келе жатқан әскери бәсекелестік және әлемнің осы шалғай түкпірінде Ресеймен және Шығыспен бәсекелесуге ұмтылу үшін бұл аймаққа деген АҚШ-тың «қызығушылығын» төмендетпесі анық.
Мексика шығанағына қатысты мәлімдеме
Трамп жақында Мексика шығанағының атын «Америка шығанағы» деп өзгертуді ұсынады. «Біз Мексика шығанағының атын «Америка шығанағы» деп өзгертеміз... Бұл атау әдемі және өте орынды», – деді Трамп баспасөз мәслихатында. Содан кейін ол Мексиканы АҚШ-Мексика шекарасы арқылы заңсыз иммиграцияның алдын алу үшін жеткілікті әрекет жасамағаны үшін тағы да айыптады және Мексикаға 25% тариф енгізуге уәде берген» болатын. Трамптың бұл оғаш ойларына қарата бірден наразылық білдірген Мексика саясаткерлері «Атау өзгермейді» деді қысқа ғана...
Трамп өз сөзінде атауды өзгерту туралы қосымша мәліметтер берген жоқ. Шулы мәлімдемеден соң көп ұзамай Трамптың ұзақ жылдардағы одақтасы республикашыл конгрессмен Грин әлеуметтік желіде қызметкерлерге шығанақ атауын өзгерту туралы заң жобасын әзірлеуді тапсырғанын хабарлады.
Америка құрлығының картасына үңілер болсақ, Мексика шығанағы шамамен 1,55 миллион шаршы шақырымды алып жатқан үлкен аумақ екендігін, әрі Солтүстік Америкадағы ең үлкен және маңызды сулардың бірі екендігін байқайсыз. Ол АҚШ-тың Техас, Луизиана, Миссисипи, Алабама және Флорида штаттарын солтүстікке және Тамаулипасқа байланыстырады. Мексиканың оңтүстігінде Пас, Веракрус, Табаско, Кампече және Юкатан жерлері бар. Тарихи деректерде «Мексика шығанағы» атауы алғаш рет карталарда 16 ғасырдың ортасында пайда болды», – дейді шулы мәлімдемеге терең үңілген сарапшылар.
Америка Құрама Штаттарында Мексика шығанағы «Үшінші жағалау» ретінде белгілі. Ұлттық мұхиттық және атмосфералық басқарманың деректеріне сәйкес, Америка Құрама Штаттарының мұнай өңдеу және табиғи газды өңдеудің жартысына жуығы Мексика шығанағы жағалауында орналасқан және бұл аймақ сонымен бірге елдің теңіз өнімдеріне сұранысының 40%-ын қамтамасыз етеді екен.
Бұған қоса, Трамп баспасөз мәслихатында Америка Құрама Штаттарының «экономикалық қауіпсіздік қажеттіліктерін» ескере отырып, «әскери немесе экономикалық мәжбүрлеу» арқылы Панама каналы мен Гренландияны бақылауға алу мүмкіндігін жоққа шығармайтынын мәлімдеген. Трамп Панама каналының АҚШ әскері үшін салынғанын және «біздің ел үшін өте маңызды» екенін айтқан. Ол сонымен қатар Дания Гренландияны бақылаудан бас тартуы керек, әйтпесе жоғары тарифтерге тап болады деп қорқытқан. Яғни Трамптың түпкі мақсаты – АҚШ-тың экономикалық мүдделері үшін жоғарыда аталған аймақтарды өздеріне басы бүтін қосып алудан тайынбайтындығын ашық мәлімдеуі болды.
Панама Сыртқы істер министрі Мартинес-Ача 7 қаңтарда Панама каналының егемендігі Панама халқының күрес тарихының бір бөлігі екенін айтты. «Каналды басқаратын жалғыз қолдар – панамалық қолдар және бұл ешқашан өзгермейді», – деді ол.
PS: Ақүйге қайта жайғасатындығына барынша сенімді болған Трампты Илон Маск секілді «үлкен адамдар» барынша қолдап отыр. «Егер мен Президент болып сайланар болсам, Ресей-Украина соғысын 24 сағаттың ішінде тоқтатар едім», – деп ашық айтқан Трамп, «есегі судан өтіп алғасын» ол уәдесін ұмытып та кеткендей. Соғыс тоқтаған жоқ. Украинаны барынша қолдап келе жатқан Байденді қатты сынаған Трамп, алдағы уақытта Киевке деген қолдаулардың көлемін азайтып жіберуі мүмкін деп алаңдап отыр саясаткерлер. Путиннің Украинаға деген зұлымдығын барынша сынап келген әлем жұрты, енді Дональд Трамптың жоғарыдағы сөздерінен кейін «әлемнің сақшыларына» деген сенімдерін біржолата жоғалтқандай...