Алматы қаласының әкімдігіне хабарлама 8 ақпанда түскен. Онда қаланың экологиялық жағдайына алаңдаушылық білдіру мақсатында сағат 12.00-ден сағат 14.00-ге дейін Шоқан Уәлиханов атындағы саябақта митинг өткізу сұралған. Қатысушылардың болжамды саны 20-дан 60 адамға дейін. Басқарма хабарламасына сүйенсек, митинг «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң талаптарына сай.
Митинг 26 ақпан күні Ғылым Академиясының алдында, яғни Шоқан Уәлиханов атындағы саябақта өтеді. Равкат Мұхтаров, Дулати Алтынханов секілді экология белсенділері, «Таза ауа» экологиялық қозғалысы, HAQ, Almaty Clean Air and Water Action секілді т.б. азаматтық қозғалыстар қала басшылығынан экологиялық проблемаларды шешудің кешенді амалдарын жасауды талап етеді.
«Шараның мақсаты – Алматыдағы ауа сапасына көңілі толмайтын мамандарға, белсенділерге, азаматтарға өзінің наразылығын білдіретін алаң ұсыну. Сондай-ақ әкімшіліктен және мәслихаттан қордаланған экологиялық проблемаларды шешудің кешенді жолын табуды талап ету», – деді ұйымдастырушылардың бір Равкат Мұхтаров.
«Алматы атмосферасының ластануы жай адамның көзіне көрініп тұрады. Қыстың күні терезеңізден тау жаққа қарап көріңіз немесе жоғарыдан қалаға көз тастаңыз. Қысқы маусымда қалада дем алу өте қауіпті. Себебі жағылған көмір мен бензиннен кейін қалатын қалдықтарда улы әрі зиянды заттар бар. Ол заттардың концентрациясы ДДҰ нормасынан бірнеше есе көп. airkaz.org мәліметтеріне сүйенсек, қытың күні Алматының төменгі жағында ластану орташа есеппен 400 мкг/м3. Бұл дегеніміз нормадан 26 есе көп! Ал қаланың жоғары жағында, мысалы Медеу ауданында, орташа көрсеткіш 180 мкг/м3 көрсетіп тұр. Ал бұл нормадан 12 есе көп! Яғни қыстың күні Алматыда ауа сапасы жақсы, қауіпсіз жер жоқ», – деп жазылған петицияда.
Экобелсенділер әкімшіліктен 2020 жылы қабылданған Алматының экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша жол картасын орындау туралы есеп беруін талап етті. Ал осыған жауапты болып, жұмыс істемеген кінәлілерді жұмыстан қуу керектігін айтты.