Аманатқа қалған қос ұл
Екі жасында анасынан қалған Жанаргүл бүлдіршін әкесі Омардың көл-көсір мейіріміне бөленіп өсті. Анасының жоқтығын білдірмей, ана орнына ана бола білген қамқор әкесі дегенде шығарда жаны басқа еді. Бойжетіп өзге ошақтың отын жаққанда да әкесін көруге асығатын. Мектепте 8-сыныпта оқитын кезі. Бірде дастархан басында Жанаргүл:
– Әке, маған аяқкиім керек. Басқа қыздардың бірнеше туфлилері бар. Менде біреу-ақ, – деді бұртиып.
– Жарайды, қызым, керегіңнің бәрін алып беремін. Сабағыңды жақсы оқы.
– Уайымдамаңыз, сабағымды жақсы оқып жүрмін.
Сәл ойланып Омекең сөз бастады:
– Сендер бақытты ұрпақсыңдар ғой. Алла бақыттан айырмасын. Ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда дегендей.
– Бақыт деген немене, әке? – деді әлі мектепке бармаған кіші ұлы.
– Бақыт деген – еліңнің амандығы, жұрттың тыныштығы, қайғысыз бақуатты өмір кешу. Ал мен… деді даусын көтере отырғандардың назарын өзіне қарата сөйлеп, – Көргенімді дұшпаныма да тілемеймін. Ел басына төнген нәубетті де көрдім. Жетімдіктің тақсіретін тарттым. Жантәсілім еткен шағында анамның басын құшақтап шырқырағаным есімде. Әкем Қыбырайдың ауырып жатып айтқан сөзі бала болсам да, жүрегіме шаншудай қадалған сонда. «Қайда барсам да, Қорқыттың көрі. Отбасымды патша жендеттерінен аман сақтап қалу үшін Қытай астым. Біздің келгенімізді күтіп тұрғандай-ақ бұл жақта жолындағының бәрін жалмап улы тілін жалаңдатып жұқпалы ауру бізге де жетті. Қатерлі індеттің тырнағына ілініп өмірлік қосағым Мақпал дүниеден озды. Маған да ауыз салды. Мейлі өлсем де өкінбеймін. Мақпалдан жаным артық емес. Жат жерде қалатыным ғана өкіндіреді. Тек Алладан екі ұлымды артымда қалдыра гөр деп жалбарынамын. Жалғыз тілегім-сол».
Көзі жасаурап Омекең сәл үнсіз қалды. Терең күрсініп: «Көп кешікпей сол дерттен әкем де ана дүниеге аттанып кете барды. Сөйтіп тұлдыр жетім қалдық. Ержетіп атжалын тартып мінгенімде соғыс басталды. Қан кешіп жүріп Отанымды қорғадым», – дейді.
Қазақтардың жан-жаққа тарыдай шашырап жатжұрттықтарды паналауының бір себебі – 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы екені тарихтан белгілі. Мұздай қаруланған патша әскері қаншама қандастарды жер жастандырды. Егер солар жер басып жүргенде ұлтымның саны осыншама құлдырамас еді-ау деп қынжыласың.
Сөйтіп Қыбырай отағасы жұқпалы дерттен халі нашарлап, тіршіліктен үміті үзілген шақта сыйласып жүрген екі отбасыны шақырып, екі ұлын аманаттап тапсырады. Сонда үлкені Омар небары 5-те, кішісі Шоңқай 3-те еді. Елде қалған туыстары қаралы хабарды естіп: «Тұқымымызды жат жерде, бөтен адамдардың қолында қалдырмаймыз», – деп атпен іздеп барып, балаларды тауып, қоржынның екі басына екеуін отырғызып, елге аман жеткізеді.
Екі туысы екі баланы асырап бағады. Омар ерте есейеді. Еті тірі, әр нәрсеге ебі бар, өжет болып өседі. Жастайынан аң аулауға әуес болады. Сай-саланы аралап, тау-тасты кезіп аң аулау сүйікті ісіне айналады.
Соғыстан соңғы күрес
Ержетіп Гүлбану есімді қызбен көңіл қосып, екеуі шаңырақ көтереді. Тұңғышы Захар дүниеге келеді. Атын орыс көршісі қойыпты. 1941 жылы соғыс басталып, Омар соғысқа аттанады. Бұларды Сталинград майданына қарай бағыттайды. Бір жерлерге келгенде бір айдай жаяу жүруге тура келеді. Фашистердің бомбасынан сақтанып, күндіз әр жерде тас сияқты қимылсыз жатып, түнде ғана жүріп отырады. Сусыз шөлді жерлерді де басып өтеді. Батпақты саз жер кездесіп қалса шөлден қаталағандары сондай батпақты сорады екен. Азық-түліктері де таусылады. Алдымыздағы ауылдан тамақтанамыз, – дейді, бірақ ауыл біткенді тып-типыл етіп, жермен-жексен ғып тастағандарын көріп, жауынгерлердің жауға деген өшпенділігі арта түседі. Жолды, аштықты, шөлді көтере алмай, талай боздақтар қайтпас сапарға аттаныпты. Омар тау-тасты кезіп жүріп әбден шыныққандықтан Сталинград майданына аман-есен жетіпті. Майданда мерген (снайпер) болады. Бұл аң аулау, нысанаға дәл тигізіп машықтанғанның нәтижесі екені анық. Көп дұшпанның көзін жойып, жаудан тайсалмайтын батылдығымен, оғы нысанадан мүлт кетпейтін мергендігімен танылады. Ерлігін жоғары бағалап, комунистік партия қатарына өткізеді. Бірнеше мәрте медальдармен марапатталады. 1943 жылы оң көзі мен саусағына снарядтың жарықшағы тиіп жарақаттанады. Госпитальға түседі. Оң көзін снарядтың жарықшағымен қосып алып тастайды. Саусақтарын кесеміз деген екен кескізбепті. Соңынан елге қайтарады.
Елге келген соң аң аулау кәсібіне қайта кіріседі. Қақпан да салады. Қысқасы, бір ауылды аң етімен асырайды. Біршама уақыттан кейін Омарды қайтадан соғысқа шақырады. Дәл сол мезгілде үкіметтің: «Аң аулап тұтынушылар қоғамын етпен қамтамасыз ететін адам соғысқа жіберілмесін», – деген жарлығы шығып соғысқа жіберілмейді. Өкінішке қарай, Омекеңнің жұбайы Гүлбану 25 жасында ауыр науқастан қайтыс боп кетеді. Тұңғышы Захар 7 жаста, Жанаргүл 2 жаста қалады. Омар екінші рет Гүлхан есімді келіншекпен отбасын құрады. Гүлхан бес ұл, бір қызды дүниеге келтіріп 39 жасында ауырып дүние салады. Алты баланың кішісі 6 айлық, ана омырауынан ажырамаған.
Отағасының шарадай басы шақшадай боп, қайғыдан қан жұтады. Амал нешік, тірі адам тіршілігін жасайтыны заңдылық. Балаларға ана да, пана да болатын өмірлік серік іздейді. Ожан деген кісімен түсінісіп бас құрайды. Басқа түскен қыруар қиыншылық денсаулығының нашарлауына әкеп соғады. Денсаулығын түзейтін жол іздейді.
Күндердің күнінде Медеу ауданындағы Алатау поселкесінен үй сатып алып, қоныс аударады. Жаңа қонысының жерінің аумағы үлкен екен. Бақшасында жеміс-жидектің көптігі сондай төгіліп жатыр.
Шиеттей бала-шағамен жан бағысы қалай болар екен деп ауылдастары күмән келтіреді. Бұнда келісімен құлынды бие сатып алып, бие байлап, қымыз ашытады. Саумал ішеді. Бұнымен де қоймай сиыр сатып алады. Сары май, сүт, айран, қатық жасап бүкіл отбасымен ақ ішеді. Үйінде бәрі болды. Елден келген ағайындар Омекеңнің мына тіршілігіне қайран қалды.
Омар үнемі ерлік жасап, таңдандырумен келеді деп оның ісін ерлікке балады. Сөйтіп Омар отағасы жеміс-жидек тұтынып, саумал ішіп сырқатының бетін қайтарды. 1986 жылы Қыбырайұлы Омар дәм-тұзы таусылып мәңгілік мекеніне аттанады. Әйелі Ожан анасынан жетім қалған шиеттей бала-шағаны жеткізіп, солардың қуанышына бөленіп, 105 жасап қайтады.
Әкесіне тартып туған қыз
Жанаргүлді 8 жасында әкесі орыс мектебіне береді. Қақпақ (Нарынқол ауданы) орыс жұрты қалың шоғырланған ауыл. Будденный атындағы мектептің 9-сыныбында оқып жүргенде бұрын бір-екі рет сөйлескен Жамбыл ауылының тұрғыны Сұмағұлов Тұрғанбек (Тұқан атанып кеткен) деген жігіт алып қашып кетеді. Оқушы әлі он сегіз жасқа толмағандықтан мектеп директоры бастаған бір топ мұғалім қызды алып кету үшін қуып келеді. Жігітті полиция қамап қояды. Қыз қайтып кетуден ұялып бармайды. Тұқанның туған-туыстары, ата анасы қыз әкесінің аяғына жығылып кешірім сұрайды. Омар отағасы оларды аяғандықтан: «Қызым он сегізге толған, куәлікті кеш алдық» деп қолхат береді.
Тұқанның әкесі де соғыс ардагері екен. Бір аяғынан оқ тиген мүгедек. Тұқанның да туған анасы он екі жасында қайтыс болып кетіпті. Кейінгі шешесі бар екен. Тұқан адамгершілігі мол өте жақсы адам боп шығады. Жанаргүлдің атын тура атамай Жанатай деп еркелететін. Тұқанның мамандығы шофер. Колхоздағы жалғыз жүк көлігінің жүргізушісі. Күндіз-түні тыным жоқ. Малшыларды жайлауға көшіру, қырқылған жүнді Алматыға тасу, ең аяғы біреу алыстан келін түсірсе, құдалыққа баратындарды жеткізу де мойнында. Кейінірек колхоз председателі Шындалиев Атамқұл Тұқанды өзіне жеке шофер етіп алады.
– Келін боп түсе салысымен жұмысқа шығамын деп жұмыс іздедім,- дейді Жанаргүл өткенін еске алып. Малшы балаларына арналған интернатқа аспаз боп орналастым. Жұмыс тым ауыр. Бәрі қолмен істеледі. Күнде үлкен тегеш нан ашытып, тандырға нан жабамын. Байынқол өзіненен иін ағашпен үш-төрт рет су тасып, үлкен қазанға су ысытамын. Түнде интарнаттың кірлеген заттарын жуамын. Таңғы сағат 6-да тұрып интернатқа барамын. Балаларға таңғы ас дайындап тамақтандырамын. Үйдің жұмысы да маған қарап тұрады. Ата-енемнің алдынан қиып өтпей келіндік міндетімді дұрыс атқаруға тырысамын. Үйге келіп ата-енемнің шайын беріп, төсек-орындарын жинап, үй тазалаймын. Енемнің мінезі жайсыз, бірақ мен көңілін таба білдім. Тік сөйлегеніне кешіріммен қарап, ізет сақтадым. Бетіне тура қарау әбестік деп білдім. Қысқасы ренжуге жол бермедім. Сыртымнан ауыл адамдары сөз етеді екен. – Жап-жас боп Сұмағұлдың келінінің пысығы-ай! Бесіктеп белі шықпай жатып тандырға нан пісіруді қайдан біледі десеңші! Бақытты болатын ер-азаматқа осындай әйел тұс келеді, – деп сыпсыңдайтын көрінеді.
Сөйтіп Жанаргүл бір әулеттің ғана емес бүкіл ауылдың үлгілі келіні атанды. Туыстары: «Келініміз сен сияқты болса, арманымыз жоқ», – дейтін. Үлкен кіші Жанаргүлге құрметпен қарайтын. 1967 жылы Жамбыл ауылында ( Партсъезд деп атайтын) тұңғыш рет пошта ашылды. Пошта меңгерушісіне орысша білетін адам керек боп сол орынға Жанаргүлді шақырды. Сол 1967 жылы Семейдегі поштаның алты айлық курсын өте жақсы бітіріп Алғыс хат алады.
Қай жылы екені есімде жоқ, Мәдінің қызметі ауданға ауысты. Бәтестің орнына мен қалдым.
Сол кезде пошта жұмысының көптігінен бас ала алмайтынбыз. Сонымен қатар сақтандыру кассасын да біз қосып атқаратынбыз, – дейді Жанаргүл атқарған ісі туралы. Жұмысты ұңғыл-шұңғылына дейін біліп, аудан бойынша алдыңғы қатарлы пошташы атанады.
– Тұқан екеуміз алты балалы болдық. Үш ұл, үш қыз. Тұқан бала тәрбиесіне қатты мән беріп, көп көңіл бөлетін. Тәрбие адам тағдырын шешеді деген рас,-дейтін. Басылымдардан бала тәрбиесіне арналған тақырыптарды оқып, оқығанын өмірде қолдана білетін. Адамның қалыптасуы бала кезден басталады. Жақсылық та адам бойына нақ сол кезде егіледі деген бір ғұлама. Осы бастан балаларға ғибратты әңгімелер тыңдауға үйретіп, саналарына сіңіре білуіміз керек, – дейтін. Сабаққа дайындықтарын қадағалап отыратынбыз. Ұлдар да, қыздар да шетінен алғыр боп өсті. Оқуды өте жақсы оқыды. Тұңғышымыз Гүлнар 7-сыныптан кейін Жәутіков атындағы физика-математика мектебіне түсіп оны ойдағыдай бітірген соң политехникалық университетке түсті. Оқуды үздік тәмамдап, мамандығы бойынша еңбек етуде. Күйеуі Игенов Серік полковник. Жұлдыз есімді ұлдары, Мадина есімді қыздары бар. Жұлдыз Лондонда университет бітіріп, қазір қызмет істеп жүр. Екінші ұл Бекболат энергетик, Гүлжұпар есімді қызымыз бухгалтер-экономист, Ләззат педагог-психолог, Жанболат бухгалтер-экономист, қазір кәсіпкер. Кенжеміз Есіл әскери академияны бітірген. Ол да кәсіпкер.
Үлкен келінім Нұргүл, ортаншы келінім Айман, кенже келінім Аяулым, бәрі де жоғарғы білімді, өнегелі, тәрбиелі, кішіпейіл. Келіндеріме ризамын. Мені құрметтеп үлгі тұтады. Гүлжұпардың күйеуі Болат архитектор, Ләззат есімді қыздың өмірлік қосағы Бекболат ұстаз. Ұл-қыздарымнан 10 шақты немере, 5-6 шөбере көрдім. Тұқан кенже ұл мектепте оқып жүргенде 59 жасында қайтыс болды. Жаны жәннатта болсын, – деп аяқтады сөзін Жанаргүл.
Іштей нағыз әкесіне тартып туған қыз екен деген ой келді басыма.