Әлемді белгісіз бір үрей кезіп жүргендей... Ол ең алдымен Америка Құрама Штаттарының айнала жұртқа азуын ақсита бастаған озбырлығының ашыққа шыға бастауынан туындап отырғаны белгілі. Ал қазақ елі үшін төңіректің төрт бұрышымен татулықтан басқа талғамы да, шығар жолы да жоқ екені анық. Дегенмен көпвекторлы саясат ұстанатын ел ретінде алыстағы АҚШ-тың аңысын аңдып, іргедегі Ресей мен шығыстағы Қытайдың қимылына көз қиығын сала жүру артықтық етпейтін тағы бар. Қазір алпауыт елдер арасындағы стратегиялық бәсекелестік жоғары деңгейге көтеріле бастады. Соның бір саласы – АҚШ пен Қытай арасындағы болжауы қиын бақталастықтар.
Әлемдегі көптеген елдерді кедендік баждың тарифтерімен қорқытып келген Трамп әкімшілігі 15 қаңтар күні Тайваньмен «тарихи сауда келісіміне» қол қойғандықтарын жаһанға жария етті. Сенімді дереккөздердегі ақпараттарға қарағанда, аталған келісім екі жаққа да тиімді болған секілді. Өйткені Тайваньнан АҚШ-қа экспортталатын тауарларға тарифтер төмендетілетін болған, сондай-ақ Тайвань Құрама Штаттарға ірі көлемде инвестиция салуға келіскен екен.
АҚШ Сауда министрлігінің мәліметі бойынша, келісім Тайваньның АҚШ-қа экспорттайтын тауарларының көпшілігіне тарифтерді 20%-дан 15%-ға дейін төмендетеді; генерик дәрі-дәрмектер, ұшақ бөлшектері және белгілі бір табиғи ресурстар сияқты кейбір негізгі өнімдерге тарифтер нөлге дейін төмендетіледі. Келісім сонымен қатар Тайваньның АҚШ-қа экспорттайтын тауарларына, мысалы, автомобиль бөлшектері мен ағашқа тарифтерді 15%-ға шектейді.
Келісімде АҚШ үшін тиімді шарттар да бар. Яғни, Тайвань компаниялары жартылай өткізгіштер, энергетика және жасанды интеллект өндірісін дамыту үшін АҚШ-қа 250 млрд доллар инвестиция салуға уәде берген. Оның ішінде TSMC компаниясының 2025 жылға дейін 100 млрд долларлық инвестиция салуға міндеттеме алыпты. Тайвань сонымен қатар АҚШ-тың ішкі жартылай өткізгіштер жеткізу тізбегін дамытуға көмектесу үшін 250 млрд доллар несиелік кепілдік береді.
Тайвань әлем бойынша озық чиптер мен жартылай өткізгіштерді көптеп өндіретін аймақ болып табылады. АҚШ сарапшылары «сауда соғысы» басталғаннан бері АҚШ-та зерттеліп жасалғанымен, шетелдерде өндірілетін осындай тауарларды өз елдерінде өндіру туралы пікір көтеріп келген болатын. Ендігі жерде сол жоспарды орындауға кіріскен сыңайлы.
АҚШ Сауда министрі Ховард Лутник әлеуметтік желі X платформасында: «Бұл Тайвань келісімі АҚШ тарихындағы ең ірі жартылай өткізгіштерді репатриациялау міндеттемесін білдіреді. Бұл жартылай өткізгіштерге 250 млрд доллар инвестиция салуды ынталандырады, сонымен қатар АҚШ-та шағын және орта жартылай өткізгіштерді жеткізу тізбегін құру үшін Тайвань үкіметінен 250 млрд доллар қаржыландыруға қол жеткізіп отыр. Бұл келісім АҚШ-тың озық өндірісімен бірге чип өндірісін елге қайтарады, жоғары жалақылы жұмыс орындарын ашады және алдағы ондаған жылдар бойы экономикалық және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Бұл Трамп әкімшілігінің «Америка бірінші» сауда саясатының «қайтадан жұмыс істеп жатқанын» дәлелдейтін «ірі сауда келісімі», – деп жазды. Ал CNBC арнасына берген сұхбатында Лутник АҚШ-тың мақсаты «Тайваньның чип жеткізу тізбегінің 40%-ын» АҚШ-қа тарту екенін мәлімдеді.
Тайвань басшысы, президенті Лай Цин-те (Lai Chin-te) де АҚШ пен Тайвань арасындағы қол жеткізілген сауда келісімін жоғары бағалады. Ол X платформасында бұл «маңызды келісім Тайвань тауарларына салынатын тарифтерді 15%-ға дейін төмендетеді. Екі тарап та негізгі салалардағы экономикалық интеграцияны тереңдетіп, жоғары технологиялық ынтымақтастық пен екі жақты инвестицияларды нығайтып, берік серіктестік пен гүлденген болашаққа жол ашады», – депті.
Екі тараптың ортасындағы бұл келісімнің астарына үңілген кейбір сарапшылар, АҚШ – Тайвань ортасындағы мұндай жақындық құрлықтық Қытай мен АҚШ арасын тіпті де ушықтырып жіберуі мүмкін деген болжамдарын ортаға салып жатыр. Біздің ойымызша, бұл талай жылдан бері айтылып келе жатқан «Азияның шығыс бөлігінде туылуы мүмкін соғыстың» білтесі бола қоймайтыны анық.
Бейжің ұзақ уақыт бойы «бұғаздың екі жағалауындағы бауырлардың бейбіт түрде бірігуін» дәріптеп келді. Кейінгі ширек ғасырда Қытайдың экономикалық қуатының жылдам өсуіне байланысты әскери әлеуеті қарыштап дамыды. Міне, осыдан кейін барып ресми Бейжің «Отанның тұтастығы үшін қарулы күш қолданудан бас тартпайтындығын» ашық айта бастады. Соңғы жылдары Азаттық армия жауынгерлері Тайвань аралының іргесіне дейін барып, әскери жаттығулар өткізіп қайтатынды шығарды. Мұндай кезде АҚШ-тың әскери кемелері де Тайвань маңына жүзіп келгені бар. Қысқасы, екі алпауыт «қырғи қабақ соғысты» бастан өткеріп жатқандай болатын. Оған «сауда соғысы» қосылды. Кейінгі тариф текетіресі де отқа май құйғандай әсер етіп жатқаны анық.
Әлемнің әр аймағындағы «саяси жауырыншылардың» көпшілігі АҚШ пен Қытай Тайвань үшін соғысады деп күтіп отырса, Құрама Штаттардың өзінде отырған кейбір саясаттанушылар мұндай болжаммен келіспейтіндіктерін айтып, соғыс қаупін жоққа шығарып отыр.
Вашингтондағы Куинси институтының аға ғылыми қызметкері, Қытай қауіпсіздігі, АҚШ – Қытай қарым-қатынасы және Шығыс Азия халықаралық қатынастары саласында маманданған Америка Құрама Штаттарындағы ең беделді ғалымдардың бірі Майкл Д. Свейн мырза бұл тақырыпта бірнеше сараптамалық мақалалар жазып, жан-жақты талдау жасаған ғалым. Свейннің пікірінше, «Тайвань үшін құрлықтық Қытаймен соғысу АҚШ-қа мүлде тиімсіз әрі экономикалық тұрғыдан өзін-өзі ақтамайтын қимыл» екен.
«Тайвань Америка Құрама Штаттары мен Қытай арасындағы тікелей соғыстың ең ықтимал себебі болып табылады. Сондықтан Тайваньның Америка Құрама Штаттары үшін өмірлік маңызды мүдде болып табыла ма деген сұраудың жауабын жақсылап зерделеп алу өте маңызды. Тайвань Америка Құрама Штаттары үшін маңызды, бірақ Қытаймен соғысуға тұрарлық мүдде емес.
Америка Құрама Штаттары мен Қытай арасында соғыс болса, зардабы зор болар еді және әлемдік экономикаға үлкен зиян келтірері сөзсіз. Бұл Америка Құрама Штаттарын ауыр әскери шығындарға ұшыратып қана қоймай, ядролық эскалацияға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар АҚШ-тың жеңіске жету мүмкіндігі белгісіз болар еді. Мұндай тәуекелді ақтау үшін Тайвань шынымен де өмірлік маңызды мүдде болуы керек», – деген ғалым Америка Құрама Штаттарының Тайваньды кез келген жағдайда қорғауын жақтайтындар Тайваньның стратегиялық құндылығын және Қытайдың Шығыс Азияға әскери қаупін асыра сілтейді деген тұжырымын айтыпты.
Шығыс Азияның тұрақтылығы және аймаққа төнетін Қытай қаупі туралы пікір айтқан ғалым Американың бұл өңірдегі одақтастары мен Тайваньды салыстырған.
– «Жапония мен Оңтүстік Кореяның келісімшарттық одақтастарына қатысты қауіпсіздік міндеттемелерінен айырмашылығы, Америка Құрама Штаттарының Тайваньды әскери тұрғыдан қорғауға ресми міндеттемесі жоқ. Вашингтонның Токио мен Сеулге қатысты қауіпсіздік міндеттемелерін орындауға маңызды мүддесі бар – екі елдің де экономикасы мықты және технологиялық инновациялық мүмкіндіктері айтарлықтай, ал олардың геостратегиялық маңыздылығы Тайваньға қарағанда әлдеқайда жоғары. Тайвань өзінің жоғары технологиялық мүмкіндіктеріне байланысты үлкен құндылыққа ие, әлемдегі ең озық жартылай өткізгіштердің 60%-ын өндіреді. Дегенмен, бұл өндірістік қуатты Америка Құрама Штаттарында және басқа да батыс елдерінде қайталау құны Тайвань үшін Қытаймен соғысқа бару құнынан әлдеқайда төмен болар еді. Тайвань соғысқа тұрарлық маңызды мүдде немесе Америка Құрама Штаттарының келісімшарттық одақтасы болмаса да, Америка Құрама Штаттары Қытайдың Америка Құрама Штаттарымен одақтасқан бұл демократияны мәжбүрлеуіне жол бермеуге әлі де үлкен қызығушылық танытады».
Осы тұста АҚШ-тың Тайваньға үнемі қару-жарақ жеткізіп, оларды әскери тұрғыдан барынша қолдап келе жатқандығы еске түседі. Анығында, алақандай аралда отырған аз халықтың 1,4 млрд халқы бар, миллиондаған тұрақты армиясы, ядролық қаруы бар әскери күшпен соғысуға дәрмені жете ме? Біздің ойымызша, Қытай тарпа бас салуға АҚШ-тан именіп отырған сыңайы бар. Тайвань АҚШ-тың әскери одақтасы немесе қауіпсіздігіне АҚШ тарапы кепілдік берген аймақ саналмайды. Дегенмен, 1979 жылы қабылданған АҚШ-Тайвань қатынастары туралы заңда «Тайваньға қорғаныс қаруын беруге міндетті» деген тармақтарына сәйкес оларға әскери жақтан үнемі қолдау көрсетіп келе жатыр. Бұл өз кезегінде Қытайды сескендіріп отырған басты кедергі екені даусыз.
Майкл Д. Свейн осындай жағдайларды ескеріп, «Вашингтон Тайваньға барлық саяси, экономикалық және әскери қолдауды тоқтату арқылы Тайбэйден жай ғана бас тарта алмайтыны анық. Мұндай радикалды қадам көпшілік үшін сатқындық ретінде қарастырылады, бұл Американың әлемдегі моральдық мәртебесіне және демократияны қолдау ұстанымына дақ түсірері анық. Сонымен қатар Қытайдың қауіп-қатеріне қарамастан Тайваньға қару-жарақ сатуды тоқтату Тайвань қатынастары туралы заңды бұзады. Сондықтан Америка Құрама Штаттары Бейжіңнің Тайбэйге мәжбүрлеуін немесе шабуылын тоқтату үшін – провокациядан аулақ бола отырып – және Тайвань мәселесінің бүкіл Азия аймағын тұрақсыздандыруына жол бермеу үшін барын салуы заңды және мүддеге негізделген міндеттемеге ие», – деген қорытынды жасапты.
PS: Егер соғыс бұрқ ете қалса, ол әскери істерге ғана емес, тұтас экономика үшін мүлде қолайсыз жағдайларды туғызар еді. Алмағайып заман туса, Қытайда ішкі тұрақтылықты сақтаудың өзі қиынға түсері анық. Алайда Қытайда билік құрған бірнеше ұрпақ басшылардың барлығына арман болған Тайваньды қосып алу жоспары қандай жолмен жүзеге асатынына ешкім де болжам жасай алмай отыр.















