Жарылқасын Әзіретбергенұлы, Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы:
Тұтас қоғам тәрбиеден ақсап тұр
– Сәуле Мешітбайқызы, Түркістанға қош келдіңіздер! Ақсақалдар алқасының жұмыстарын өткен жолғы сұхбатта біршама айттым. Алыстан іздеп келген екенсіздер, тағы да айтылмаған жағын қысқаша баяндап берейін.
Өткен жылы он жеті аудан бойынша «Ата-баба дәстүрі – тәрбиенің бастауы» атты байқау ұйымдастыруды жоспарладық. Облыс әкімшілігі бізді қолдап, төрт жарым миллион ақша бөлді. Барлық ауданнан 400 адам қатынасты. Олар осы кезге дейін сақталып келген ата-баба дәстүрінің таңдаулы үлгілерін көпшілікке көрсетті. Біреулері баяндап берді, біреулері қойылым арқылы көрсетті. Таңнан кешке дейін байқау жалғасты. Облыстағы 17 ауданның ішінде 9 ауданның байқауға қатысушылары бәйгеде орынға ие болды. Олар күшті дайындықпен келіпті. Біз білетін, тіпті білмейтін дәстүрлер көрсетілді. Жұрт қызыға тамашалады. Содан біз қала әкіміне, облыс әкіміне ұсыныс айттық. Осы байқауды бір жылмен ғана қоя салмай, әр жылы өткізіп тұратын дәстүрлі байқауға айналдырайық деп өтіндік. Сәтін салғанда әкімдер келісті. Биыл да әкіммен, қоғамдық даму басқармасының басшысымен келісіп жатырмыз. Бұл шараның қаржысы 17 шілдеде болатын мәслихаттың жиналысында шешіледі. Депутаттар келісім берсе, қаржы қарастырылса, біз жұмысты атқарамыз. Өткен жылғы төрт жарым миллион теңге аздық етті, биылға алты миллион тоғыз жүз мың теңге сұрап отырмыз. Мәслихат сессиясы мақұлдап, бекітсе, күзге дейін жақсылап өткізуге мүмкіндігіміз бар. Біздегі ең үлкен мәселе басқа емес, ұлттық тәрбие беру болып тұр. Ата-бабадан қалған ата-әжені, әке-ананы сыйлау деген қалып барады. Біз мұны ұрпақ жадына салып отырмасақ, қоғам бұзылады. Жастарда білім бар, қай жағынан алсаң да жеткілікті. Тұтас қоғам тәрбиеден ойсырап тұр. Биылғы жаңалық осы шараны 17 аудан алдымен өздерінде өткізіп, іріктеу жасайды. Таңдалып шыққан топтарды бізге жібереді.
Біз әрбір іс-шараны жасағанда қалалық, облыстық теледидардан, газеттен тілші шақырамыз, ресми хабар солар арқылы таралады. Онан өзге блогерлер бар, осы кезде әр адамның өз парақшалары бар, солар көрсетіп жатады. Ақсақалдар алқасының арнаулы бекітілген баспасөз қызметкері жоқ. Жұмыс бізден, ел өзі жазып, таратып жатады. Әр айда екі рет тұрмысы төмен, аз қамтылатын отбасылар үшін азық-түлік таратамыз. Көпбалалы отбасыларына киім-кешек береміз. Отбасылардың тізімі, мекенжайы, телефон нөмірлері анықталады. Оны Түркістан қаласындағы 10 сектордың жауапты адамдары, яғни біздің қоғамның мүшелері ұсынады, өздері ертіп әкеледі. Әрине, топырлатып кім көрінгенді әкелмейміз, іріктейміз, сараптаймыз, соңында шынайы мұқтаж отбасына береміз.
Ал, енді осы көмекке керекті қаржыны қаладағы демеушілер арқылы жинаймыз. Әр жауапты «ақсақал» өзінің аумағындағы кедейді де, байды да жақсы біледі. «Байдан алып, кедейге береміз». Қысқасы, мұқтаж отбасын да, демеушіні де сол аудандардың өзінен тауып отырамыз. Әр мөлтек ауданда 47-50 мың адам тұрады. Ол көшелерде қонақүй, мейрамхана, кәсіпкерлік нысандар болады. Әр жолы қала бойынша 40-50 отбасына жеткілікті мөлшерде азық-түлік таратамыз. Демеушілерді табу жағы, әрине, оңай емес. Біз ең әуелі қаладағы кәсіпкерлерді, базар иелерін, үкіметтік мекемелердің басшыларын шақырып, осы арада жиналыс аштық. Өзіміздің жарғымызбен таныстырдық, мұрат-мақсаттарымызды айттық. Олардың көзін жеткізіп, көңілін сендірдік. Содан қаладағы кәсіпкерлер, жоғары оқу орындары, сот, прокуратура, полиция қызметкерлері де қолдап шықты. Біз оларды кезекке қойдық. Кезегі келгенде оларға отбасының тізімін жібереміз, сол сан бойынша жететіндей етіп азық-түлік алып келеді. Кететін қаржы бір миллионнан кем болмайды. Жақында қалалық полицияның кезегі келеді. Бір жылда 12 ай, әр айға екі демеушіден бізге кемінде 24 демеуші керек. Осы 2024 жылға демеушілеріміз жеткілікті. Онан ары тағы көреміз.
Осы жылдың басында ең әуелі қаланың әкімі Нұрбол Тұрашбеков «Мен демеуші боламын» деп қол көтерді. Екінші Билер алқасының төрағасы Рысбек Қыдырәлі белсеніп шықты. Осыдан кейін 28 демеуші бірден табылды. Қаланы қалыпқа түсіріп алдық. Алыс аудандарда енді жалпыласады. Бұл бастаманы жуықта Сауран ауданы қолға алды. Қалада демеуші табуға болады. Аудандардан демеуші табу қиындау.
Ізтілеу Мұрат, төрағаның орынбасары, Ақсақалдар алқасының белсенді мүшесі:
– Басты мәселе, айта салса болды, жұмыс деген өзі жүріп кетпейді. Оны басқарып отырған адамның жеке белсенділігі, абырой-беделі маңызды. Шынына келсек, бұл жерде Жарылқасын ағаның абырой-беделінің арқасында жұмыс жақсы жүріп жатыр. Аудандардағы жұмыстың жандана алмай жатқаны дәл осы ақсақалымыз сияқты беделді тұлғаның болмауынан. Жарылқасын аға жұртты ілестіре біледі, біз қолдаймыз. Аудандарда жұмыс жүруі үшін Жарылқасын ағаның бойындағы іскерлік, жұмысқа деген ниет оларда да болуы керек. Сонда ғана жұмыста қозғалыс болады. Мысалы мынау отырған Бірлік, Балтабай, Райымжан секілді азаматтардың бәрі беделді кісілер. Айтайын дегенім, біріншіден, басшы адамда ниет болу керек. Екіншіден, бедел болу керек.
Жарылқасын Әзіретбергенұлы, Ақсақалдар алқасының төрағасы:
– Бәрі бірден бола қалмайды. Жігіттер жаман емес, ниет бар... Облыс орталығы Түркістан қаласынан басталған игі шаралар аудандарға да ақырындап жайылып жатыр. Былтыр әр аудан бір команда жасақтап бізге жіберген еді. Биыл өздері қаржы бөліп, шараны өткізіп барып, содан шыққан үздік топты бізге жібереді. Демек, биылғы шара жоғары деңгейде өтеді деген сөз. Осылайша қызметтің өзге түрлері де қосылады деп сенеміз.
Сәуле Мешітбайқызы, «Qazaqstan dauiri» ЖШС-нің Бас директоры:
Ұлт санасын оятып, жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеу – басты парыз
– Жаһандану үрдісі белең алған сайын салт-дәстүр мен ұлттық құндылық аяққа таптала бастады. Көп ұлттар аз ұлттарды жұтуда. Мұны ассимиляция дейді. Сол аз ұлттардың арасында жері кең, халқы аз қазақ ұлты да тұр. Жасыратыны жоқ, ұлт болып қаламыз ба, қалмаймыз ба, оның бәрі келешек жастардың тәлім-тәрбиесіне, тілі мен діліне, дініне байланысты. Егер жастар тілінен бет бұрып, өзге тілде сайраса, онда құрдымға кеткеніміз кеткен. Салт-дәстүр жойылса, ол да қауіпті. Ол да қазақтың жанды жері. Ұлтты қайтіп сақтаймыз? Жастарды, болашақ ұрпақты жаһанданудан құтқарып қалудың жолы қандай? Бұл – бүгінгі таңдағы ең өзекті проблема. Бұл – бүгінгі аға буынның, Мұқағали ақын айтпақшы, «Бірі мініп келместің кемесіне, бірі күтіп әнекей жағада тұр» дейтін қариялардың ұлы міндеті. Бұл – бүгінгі қоғамның басты бас ауруы. Күлтегін бабамыз айтпақшы, бүгінгі зиялы қариялар «Тоныкөк, Күлтегін» жазбасында (VIII ғасыр) айтқандай:
«Қызыл қанымды ағыздым,
Қара терімді төктім.
Түн ұйықтамадым,
Күндіз отырмадым,
Тізеліні бүктірдім,
Бастыны еңкейттім
Түркі болғаным үшін!» – дейтін кезең туды. Ұлт болашағы үшін! Әйтпесе бәрінен кеш қалуымыз әбден мүмкін. Дөңгелек үстелде көп мәселе қаралып, талқыланады деген ойдамын.
Менің бұл жаққа келгендегі мақсатым, біріншіден, алдыңғы екі санда шыққан сұхбатты сіздерге жеткізу, талқылау. Әкіммен тілдестім, ол бәрінен хабардар. Бұйыртса, орынбасарын жібереді.
Біздің мақсат – сіздердің еңбектеріңізді газет арқылы халыққа, билікке жеткізу. Сол арқылы қоғамдық пікір туғызу. Ұлттың санасын ояту. Жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеу. Өткізіп жатқан дөңгелек үстеліміз, құрып жатқан қозғалысымыз – жеке бастың шаруасы емес. Елдің қамы, жердің жайы, ұлттың болашағы, ұрпақ келешегі жолындағы өнегелі жұмыс деп санаймын.
Мен (шал емес) ақсақал іздеп жүрген адаммын, ақсақал арқылы ұрпақты тәрбиелеуді көздеймін. Тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік, киім-кешек таратып жатқандарыңыздан хабардармын. «Таза Түркістан» шарасын өткізіп жатқандарыңызды білдім. Ал, енді руханият жағы қалай? Ұлттық болмыстан ажыраған, өзге тілде сөйлеп қалжыраған, тәрбиесі нашар жастарға не істемек керек? Осы жайлы да білгім келеді.
Адамдардың тұрмысына көмектеріңіз көп екен. Бұл құптарлық дүние. Алайда олардың жан дүниесіне, рухани ашаршылығына қандай қайран бар? Қыздарымыз ерте жүктіліктен, халқымыз суицидтен әлем алдында көш бастап тұр. Жамбыл облысы, Маңғыстау облысы алда келеді деген ақпаратты оқып, жүрегім ауырды. Қайда барамыз? Түркістан облысы да бұл жағынан кенде емес.
Осыған дейін Жамбыл, Маңғыстау облыстарына әлденеше рет бардым, ал Түркістан облысына қанша рет келсем де ойымыздағыдай байланыс болмады... Міне, енді сіздерді таптым, халықтың өкілі сіздер пейіл беріп отырсыздар.
Біздің газет ұжымы өзім бас болып «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедиция аясында «Ұлттық құндылық – тәрбиенің қайнар көзі» тақырыбында кездесулер өткізіп, елді аралаумен, көргендерімізді, көңілге түйгендерімізді газетке жазумен келеміз. Баса айтқым келетіні, бізде бұл байқау емес, елдік жоба. Бұл руханиятқа жасап отырған қызметіміз. Ал, сіздерде қалай? Бұрыннан келе жатқан есті сөз бар: «Еліңде абыз ақсақал, қазыналы қария бар ма? Жігерлі жігітің бар ма?» деген. Мен осы бір есті сөздің жауабын, дәстүрдің жалғасын киелі Түркістан өңірінен таптым. Бұған қатты қуанып отырмын.
Кейде қатты айтып жатамыз, «не нәрсе шықса да Түркістаннан шығады» деп...
Бітпейтін жемқорлар, күніге ұсталуда, ерте жүктілік те осында, суицид те, лудомания, бір-бірін бопсалау қара үзіп озып тұр...
Бірақ, бір байқағаным, жұмыс та істеліп жатыр. Өте көп жұмыс... Қайтейін, «тентегін тектейтін, итіне кет дейтін» ақсақалдар азайып барады. Бұл өкінішім. Республикамызда ақсақалдар баршылық. Бірақ сол «дария кеуде, тау мүсіндерді» бастаушы болмай тұр. Еліміздің әр өңірінде қадірлі қариялар қаншама. Үндері естілмейді, жалтақ қариялар сөзін айта алмайды...
«Ардагерлер мен әжелер форумында», Жарылқасын аға, Сізді көрдім, сөзіңізді естідім. Тәнті болдым. Сол жолы Дана Орманованы да таптым. Данаға «мен ақсақал көрдім, ол сіздердің түркістандық Жарылқасын аға екен» деген болатынмын. «Бір айналып келемін, сол кісімен таныстыр» дедім. Өткен жолы реті келіп таныстым, қаламы қарымды журналисім Дәулетбек Байтұрсынұлын жібердім. Сұхбат газетке шықты. Айтқаныңызға да, тілшінің жазғанына да жаным семіріп қалды. Жалпы біздің ұлт қайда кетіп барады, ұрпақтың болашағы қалай болады? Бұған сіз секілді менің де алаңдап жүрген жайым бар, аға!..
Жарылқасын Әзіретбергенұлы:
– Көтермелеп айтқаныңызға рақмет! Біз 2017 жылы «Түркістанды арақ-шараптан таза қала етейік!» деген ұран тастаған едік. Қазірге дейін Түркістан өңірінде арақсыз ауылдарды көбейтіп келеміз. Өткенде бір ауылға барып дүкендерін сүзіп шықтық. Ауыл бойынша үш дүкенде арақ сатылады екен. Біз ол дүкендердегі барлық арақ-шарапты ақшасын төлеп сатып алдық. Сонан соң ауылдың сыртына апарып түк қалдырмай шағып, өртеп жібердік. Ауылдағы елді жинап, дүкеншілерге өтінішімізді білдіріп, имамдарға, әкімшілік қызметкерлеріне кеңесімізді ұқтырдық. Өйткені, түсіністік керек, күштеу заңға қайшы. Жұрттың тамырында тектілік бар емес пе, біздің бастаманы қолдаушылар көбейіп келеді. Сонымен облыс бойынша арақсыз 54-ауыл қалыптасты. Онан 2018 жылы қала әкімімен келісе отырып, «Түркістанды таза гүл қалаға айналдырайық!» деген шараны қолға алдық. Сол кездегі қала әкімі Рашит Аюпов біздің бастаманы қолдады. Алдымен көшесі таза болу керек, онан соң үйі таза болу керек. Сонда ғана орта тазалығынан, тән тазалығынан жан тазалығына өтеді деп бастадық. Көше бойына ағаш, гүл егуін қадағаладық. Жүйелі тәртіп орнаттық. Біз «Таза Қазақстан» жобасын елден бұрын бастап кеткен болатынбыз. Әне сол жобаны қаланың бүгінгі әкімдері де қолдап отыр.
Біздің сіздермен ұқсайтын тұстарымыз көп. Сіздер «Ұлттық құндылық – тәрбиенің қайнар көзі» десеңіздер, біз «Ата-баба дәстүрі – тәрбиенің бастауы» деп отырмыз. Екеуінің өзегі бір. «Тәрбие тал бесіктен басталады». Ақсақалдар мен әжелер қоғамға, өсіп келе жатқан ұрпаққа өнеге көрсетуге тиіспіз. Рухани ашаршылық жайлаған қоғамға тәрбиені тамырдан алып беруіміз керек. Білімді болуға бой ұрған қоғам тәрбиеден ақсап барады. Қабілетті болуға қамданған ұрпақ адам болудан қалып барады. Біздің де қиналатын тұсымыз осы.
Біздің қоғамға бір Құнанбай жетпей жүр
Сәуле Мешітбайқызы:
– Жасым болса, сексенге таяды, үйде отырсам да болар еді. Немере-шөберелерім бар. Артымда ұялмайтын ұрпағым өсіп келеді. Әлемге танымал ұлым да бар... Бірақ, барға малданып, жанымды күтіп отыруға намыс жібермейді. Ұлтымның келешегіне алаңдаймын. Тілдің жағдайы анау. Діннің жағдайы мынау, ала-құла. Ұлттық құндылық құлдырап барады. Қыздан қылық, ұлдан намыс қашуда. Осындай өлара кезеңде өмірлік тәжірибемізді ортаға салмасақ, көрген білгенімізді жастарға үйретпесек, ана дүниеге де қалай барамыз? Бізге аманаттап кеткен бабалар мұрасы, салт-дәстүрі көз алдымызда жойылып барады. Соны көріп тұрып, тым болмаса бір ышқынбасақ, жанайқайымызды Үкіметке естіртпесек, жеткізбесек, кім болғанымыз! Сондықтан газетімізді шығарып, сөзімізді айтып, мақаламызды жазып, ұлттың ертеңі жолында қызмет етіп келеміз. Батыс та, Шығыс та өзге өңірде жүргенде маған «Сіз оңтүстіктің қызысыз ғой, Түркістанда осындай жағдайлар болып жатыр екен» дегенде ұялғаннан бетіммен жер басамын. Келінімен бірге тұрып жатқан бүгінгінің «Қодары мен Қамқасына», бар айыбын ашып, күнәсін бетіне басар бір Құнанбай жетпей жүр.
Осы секілді келеңсіздіктің түп тамырын қия алмаспыз, бірақ ақсақалдық жолымен отбасымызға, қоғамға ықпал жасауға мүмкіндігіміз зор. Үлкен жоспарым бар. Ұлттық руханиятымызды, құндылығымызды қалай көтереміз?
Сізбен облыс әкімі де, қала әкімі де санасады екен, Жарылқасын аға. Ақсақалдарда Алладан тілеген дұға бар, белсенді идея бар. Оны әкімшілік, биліктегі жігерлі жігіттер қолдауы керек. Кешегі күннің ыстығында Түркістан қаласының көшелеріне ақсақалдар жұртты бастап шығып, «Таза Қазақстанға» үн қосып жатыр. Дұрыс, көше тазалығы жасалып жатыр, енді елдегі рухани тазалықты қалай жасаймыз? Бір жылда өткізетін бір ғана байқау ұлттық тәрбиенің өнімін бере ала ма? Кешегі Түркістан облысынан шыққан «Боқауыз завучтың» соты алаяқтық пен әдепсіздікке нүкте қоя ала ма? Ол әйел қылмысы үшін 6 жылға сотталды. Осы үкім боқауыздық пен тәрбиесіздікке тоқтау бола аларына кім сенер? Оның сотына қатынасып, газетте мақалалар бердік. Маған бұл жағдай өте ауыр тиді. Қазақ қызының соншалықты ұятсыздығын көрдім. Оны қолдаған төрт әпке-сіңлісін, шешесін көрдім.
Әттеген-ай, қайда барамыз?! Біздің отбасы құндылықтарымыз да жермен жексен болған екен. Міне, осындай кезеңде Түркістаннан елдің ақсақалын тауып отырмын. Көпке сөзі өтетін адамды көріп, қуанып қалдым. «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес заңы» бізге күшпен енгізіліп жатқанын бәріміз біліп отырмыз. Бірақ «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деп үн шығармаймыз. Айтып жатқандардың талабын өрге бастырмайды. Қауқарсызбыз. Қай қазақтың әйелі зорлық-зомбылықтан өліп еді. Бұл әйел мәртебесін көтеру емес, ерлердің мысын басу. Қазақ атамыз «Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» деп неге айтты? Дала академиктері бәрін білгесін айтты. Егер бұл бассыздық осылай жалғаса берсе, мына түрімізбен енді бес жылдан соң біз «еркектерді зорлық-зомбылықтан құтқару заңын» қабылдауымызға тура келеді.
Жарылқасын аға, әкім емессіз, бизнесмен емессіз. Бірақ Сіз, қазақтың танымындағы айтулы ақсақалсыз. Жұрт тыңдайтын, ел сыйлайтын адамсыз. Осындай кісілердің беделін көтеріп, берекесін жұртқа жаяйық. Былтыр біз газеттің экспедициясын Ұлытаудан бастап едік. Алла жазса, биыл киелі Түркістаннан бастағымыз келіп отыр. Түркі дүниесінің орталығы, көзіміздің қарашығы, Қожа Ахмет Йасауи баба жатқан рухани астанамыз. Елге үндеу таратайық. Шараларыңызға қатынасайық, меморандумға қол қояйық, «Ынтымақ үйінде» ынтымақтастыққа қол жеткізейік. Жасап жатқан істеріңіз, елге жетсін, жұртқа таралсын! Газетімізді алып келдік. Елге таралып кетті, сіздердің Түркістан да оқысын. Өкінерлігі сол, біз газет оқымаймыз, телефон көреміз, қағазға қарамаймыз, «жалғыз көзді жалмауызға» жұтылып барамыз.
Жарылқасын Әзіретбергенұлы:
– Мені ойландыратын, толғандыратын бір мәселе бар. Қоғамдық ұйымдарға берілетін ережелер мен құқық өте нашар дәрежеде. Әйтеуір он-он бес адамның басын құрап бір қоғамдық ұйым ашып алады. Сондай ұйымдар көп болған соң, онымен әкім де, прокурор да санаспайды. Бар ма, бар, олардың жұмысының қай деңгейде екенін сараптамайды. Мен осыдан 23 жыл бұрын «Ақсақалдар алқасын» құрған кезде, ережесін жазып, жарғысын түзіп жүйеледік. Сол кездің өзінде Өзбекстан Президенті Ислам Каримов қол қойған «Махалла комитеті» деген заң күші бар құжат шығып қойған екен. Сол заңды әкеліп қазақшалап, тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевқа хат жаздық. Сол «Махалла комитеті» бір жиналыс өткізсе, бір шара ұйымдастырса, аудан әкімі оған «мен бармаймын» деп айтпайды екен. Қоғамдық ұйым арнайы заңмен қорғалады. Басқа қоғамдық ұйымдардың алдында «Махалла комитетінің» беделі жоғары. «Махалла комитетімен» билік те, бұқара да санасады. Оның өзегінде ұлттық менталитет жатыр. Бізде ондай заң болмағандықтан, мен 2023 жылы Президентіміз Қ.Тоқаевқа хат жаздым. Ол хатта «Ардагерлер ұйымын» «Ақсақалдар алқасына» айналдыруды ұсындым. «Ардагер деген саяси терминнен арылып, ақсақал деген ұлттық құндылыққа өтуді» айттым. Қоғамдық ұйымдардың атқаратын жұмыстары ұшан-теңіз. Өзбекстанның заң күші бар құжатын көлденең тартып, бізге де осындай пәрменнің керек екенін айттым. Артынан хатымды қабылдап алғандары туралы жауап хат алдым. Қалайда билікке ой тастап, идея ұсындым. Нәтижесі қалай боларын білмеймін.
Ел ішіндеқазыналы қариялар көп...
Сәуле Мешітбайқызы:
– Ұрпақ қайда бара жатыр, немерелердің болашағы не болады? Бұл есі дұрыс, ақыл-ойы түгел қазақ қарияларын толғантуы тиіс мәселе. Әр ауылда Жарылқасын аға тәрізді аузы дуалы, көкірегі қазына ел ағалары баршылық. Тек оларды көре білу керек. Сенім арта білу керек.
Мен бүгін аға таптым. Өте қуанып отырмын. Ағаларым барда ел болашағына сену керек. Себебі тектілік қан қуалайды. Ұрпақ жағалайды. Жарылқасын ағаның шыққан жері, арғы тегі белгілі адамдар болыпты. Мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынның бауыры болып келеді екен. Қандай ғажап жалғастық!
Түсінген адамға бәріміз, елдегі ұрпақ болашағына алаңдайтын қариялар бір кеменің үстінде келе жатырмыз. Илегеніміз бір терінің пұшпағы. Көздегеніміз қазақтың қамы. Өз басым жұмыс істеуден, елді аралаудан шаршамаймын. Қайта күш аламын. Қуаттанамын. Шенеуніктердің бюрократтығынан, кісі болып кекірейіп тұрғанынан, бесіктен белі шықпаған баланың әкімге кірер жолыңды бөгеп, байланысыңды үзіп тұрғанынан шаршаймын. Егер баба жолы бойынша үлкенді сыйлауды, кішіні аялауды білетін адамға кездессем, көңілім шайдай ашылады. Біз «Жарылқасын» атты бір ағаны дәріптеп отырғанымыз жоқ. Оны көпке үлгі қылып отырмыз. Жақсының жақсылығын айту парыз. Біз ұлттың ақсақалын, ақылман қариясын құрметтеп отырмыз.
Иә, қыз тәрбиесі, ұлт тәрбиесі бәрінен маңызды. Біздің қыздар «боқауыз завуч» секілді әлсіздерді бопсалайтын, ортасын балағаттап былапыт сөз айтатын әдепсіз болмау керек. Ұлдың ұлағатты, қыздың әдепті болуы отбасынан. Біз осыны естен бір сәт те шығармауға тиіспіз.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков Жарылқасын ағаның жұмысын жақсы қолдап жүр екен. Осыған қатты қуанып қалдым. Ақсақалдың жұмысын олардың қолдағаны секілді біз де ақпараттық қолдаушы боламыз. Біз бірлікті, бейбітшілікті тілейміз. Билікке, саясатқа қарсы емеспіз.
Біз тәуелсіз газетпіз, бірақ тәуелсіз екенбіз деп, билік пен Үкіметті даттап отырған жоқпыз. Бірлесіп қызмет ету түпкі мақсатымыз. Деседе, сын айтатын жерде іркіліп қалған емеспіз. Отырыс барысында Жарылқасын аға айтқан «Қоғамдық ұйымдарды бағалау керек, салмағын сараптап ұлтқа, мемлекетке пайдалысын ажырата білу керек» деген ойын құптаймын. Біз осылайша меморандумға келісіп, бірлесе қимылдап жұмыс істейтін боламыз.
Дана Орманова, «Шұғылалы таң» қоғамдық қорының құрылтайшысы, Түркістан қаласының құрметті азаматы:
– Біз мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеп келеміз. Осы кезде қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік емес ұйымдардың істеп жатқан жұмысы да, атқарып отырған шаруасы да қыруар. Солардың қатарында біздің «Шұғылалы таң» ұйымының жұмысын да қосуға болады.
Жарылқасын Әзіретбергенұлы:
– Мынау жаңадан келген азамат Ақсақалдар алқасының мүшесі, соның ішінде «Үлес» қайырымдылық қорының жетекшісі Райымжан Қошқаров. Бұл бауырым басқарып отырған қор осы таяуда қиыншылығы бар отбасыларға баспана салып беру бойынша 43-отбасына үйдің кілтін тапсырамыз. Бұл бағытымыз бойынша қордың жұмыстарын журналист Дәулетбекке толық айтып бергенмін. Ол мынау нөмірлеріңізде жазылыпты. Мемлекетке алақан жайып отырмай, қоғамдық негізде жұмыс істеп отырмыз.
Бала тәрбиесі мен ұрпақ мәселесі алаңдатады
Сәуле Мешітбайқызы:
– Мен «девушка» десе мақтанатын орыстың «бабушкасы» емеспін. Мен апа десе арқаланатын, әже десе елеңдейтін қазақтың анасымын. Біз істеп жатқан жұмысты көрсетуге тиіспіз. Мәселе мақтан, марапат үшін емес, жақсы өнегені елге жаюды көздеуіміз керек. Сол тұрғыдан газетіміздің екі санында кеңінен жаздық. Өздеріңіз де танысып шығыңыздар. Райымжан бауырым, сен де газетті оқып көр. Өйткені бұл ізгі амалдарың нағыз қайырымдылық сауапты жұмыс. Бірлік бауырым, өзің болып өзбек пен қазақтың достығын, қара шаңырақ астындағы халықтың ынтымағын көрсетіп жүрген екенсіңдер. Бұл – Отанымыздың дамуы мен кемелденуіне үлкен күш. Нұрбол Тұрашбековтың атына көп жақсы сөздер естіп едім, міне, бүгін ақсақалдардың аузынан да тыңдап, риза болып отырмын. Мен ел аралап, жиын іздеп, сән іздеп жүрген адам емеспін. Мен халықтың күйін білуге, елдің дамуын көруге құштармын. Кездескен кедергілердің кесірінен сақтанып, келешегіміз даңғыл болсын деп аңсап жүрген Анамын. Ұлттық құндылығымыз жоғалып барады. Оның шуағын тұтас елге түсіндіргеніміз абзал. Мен «ЕлАна» деген атты сатып алған жоқпын. Оны халқым өзі берді. Біздің «Qazaqstan dauiri» ЖШС, облыстық «Ақсақалдар алқасы», «Шұғылалы таң» қоғамдық ұйымы үш жақты меморандумға қол қоялық. Түркістан қалалық және облыстық әкімшіліктің қолдауына ие болсақ, жобамыз алға жылжиды деген сенімдемін.
Құрметті Мекенхан Қозыханұлы, сенің келгенің өте жақсы болды. Бағанадан бері әкімшіліктен ешкім болған жоқ. Бұлай немқұрайлы қарағаны қалай болды екен деп ойланып қалып едім. Келіп қатынасқаныңа риза болып отырмын. Біз әркез бірлесіп қимылдауға тиіспіз. Менің өмірімнің көп кезеңі ұстаздық жолмен өтті. Сондықтан бала тәрбиесі, ұрпақтың дұрыс өсуі әркез күн тәртібімде тұрады. Сондықтан Дана Орманова ханымның жасап жүрген жұмысы маған да өте жақын. Бала тәрбиесі мен бала тағдыры кәсіп болмау керек. Ол тәрбиенің нысаны, әрбірімізге міндет, парыз есебінде көз алдымызда тұрғаны жөн. Мен Ақсақалдар алқасының атқарып жатқан жұмысына, «Шұғылалы таңның» іс-шараларына жанкүйер болып келдім.
Қырықбаев Мекенхан Қозыханұлы, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары:
– Сәуле Мешітбайқызы, өзіңізді жақсы білемін. Өткен жылы келіп, біздің өңірді аралағаныңызда қасыңызда болғанмын. Қазақ ұлтының ардақты аналарының бірі ретінде қатты құрметтеймін. Менің де анам қырық жыл ұстаз болған ардақты мұғалім. Ұрпақ үшін ағарған әрбір тал шаштарыңызды құрметтеймін! Қалада 74 мектеп, 52 мың оқушымыз бар. Сіз кездесуге келгенде өте маңызды тақырыптарды сөз еттіңіз. Қоғамдағы, елдегі өзекті мәселені қозғадыңыз. Алдағы уақытта да бірге боламыз деп ойлаймын. Біздер отыз жыл барысында ұлттық құндылықты, тәрбиені недәуір босаңсытып жіберіп алдық. Қабырғамыз қайысады. Ақсақалдар алқасының облыстық қызметіне ризамыз. «Ата-баба дәстүрі – тәрбиенің бастауы» – табылған тақырып. Мен былтыр қазан айында әкімнің орынбасары болып тағайындалдым. Содан бері ақсақалдармен ақылдасып, бірге жұмыс жүргізіп келе жатырмыз. Ақсақалдың бастамасын қолдау мақсатында бюджеттен қаржы құюға келістік. Ол былтыр оңды нәтиже көрсетті. Бұл шаруаны қолдаған қаланың әкімі Нұрбол Тұрашбеков екенін айта кетейін!
Биыл да батыл қолдаушылық көрсетіп отырмыз. Алда жоспар бойынша масштабы кеңейтілген көлемде атқарылады деген ойдамыз. Сіздер келіп қатынассаңыздар, тіпті жақсы, дабыралы болар еді. Облыстық шарамыз республикалық деңгейге көтерілер еді. Осы бастамалар Қазақстан бойынша ұлғайып, еліміздің рухани өзегіне айналса, тіпті керемет болар еді. Әлихан Бөкейханның «Кеудемде жаным барда, қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген дана сөзі – бәріміздің бағытымыз. Қаламызға келгеніңізге рақмет! Қош келіпсіз, қазақтың «ЕлАнасы» болып жүре беріңіз! Ақсақалдармен бірге тізе қосып жұмыс жасап жүрген Дана әпкеміздің ісіне де дән ризамыз. Біз бірге боламыз.
Газет-журнал, кітап оқуға перзенттерімізді үйретейік!
Сәуле Мешітбайқызы:
– Мекенхан мырза, саған аманатым бар. Қазір жазғы каникул кезі. Мектептерге бара алмаймыз. Дегенмен алдағы қыркүйек айында сіздер болып, біз болып, ақсақалдар болып ұрпақ тәрбиесінің нақты қадамдарын бірлеп, бірге жұмыс жасағанымыз дұрыс болар еді. Түркістан облысының ақсақалдар алқасы біздің экспедицияға мүше болып қатынасуын қалаймын. Былтыр ұлт ұясы Ұлытаудан бастап едік. Биыл киелі Түркістаннан бастағанды жөн көріп отырмыз. Шерхан Мұртаза аға маған батасын беріп тұрып: «Жақсыны жаз, жаманды жазатындар сенсіз де көп», – деген еді. Жақсылықтың жаршысы болайық. Ақсақалдарды, бізді сыйлап келгеніңе алғысым шексіз!..
Дәулетбек Байтұрсынұлы, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы:
– Мен басшымыз Сәуле Мешітбайқызының тапсырмасымен Түркістанға келіп Дана әпкені таптым. Одан ақсақалға бірге келіп, кеңінен сұхбаттасқан едім. Соның нәтижесі «Ата-баба дәстүрі – тәрбиенің бастауы» деген сұхбат газетіміздің екі нөмірінде жарық көрді. Осының өзі газетіміз халықпен, елмен, ауылмен тағдырлас, тыныстас екенін білдіреді. Айтылған мәселе, көтерілген проблема недәуір. Онда бүгінгі түрленген Түркістанның жағдайы, қаланың келбеті, әкімдердің атқарып отырған жұмыстары біршама көрсетілді. Осында отырған кісілер ғана емес, түгел түркістандықтар танысып шықсын.
Мекенхан Қозыханұлы, сіздерді Қазақстандағы барлық оқырмандарымыз танып, біліп отыр. Өзіңіз де газетпен танысып шығыңыз. Бұрын көрмесем де, Балтабай ағайды, Райымжан ұстазды ақсақалдың сөзінен танып, бүгін көрген жерден жазбай таныдым. Біз газет арқылы осы облыстың ақсақалдар алқасының игі бастамасын елге таратуға үндедік. Алматы шалғай болса да, жердің қашық болғанына қарамай, сіздерге газет әкелдік, жұмыстарыңызды көзбен көргіміз келді. Міне, енді көздеген мақсатымызға жетіп отырмыз. Қазақта «Айран сұрай келіп, шелегіңді жасырма» деген сөз бар. Мақсатымыз сіздерге алақан жаю емес, алдағы жазылу маусымы кезінде «Qazaqstan dauiri» мен «Мөлдір бұлақтың» таралуына қолдаушылық танытуларыңызды қалаймыз. Әрбір ақсақалдың артында ұялы терек, үлкен шаңырақ тұр. Өсіп келе жатқан ұрпақтар бар. Газет-журнал оқуға, кітап оқуға үйрету перзенттеріміздің адам болуына жол ашады. Сіздердің көтерген тақырып пен біздің ұстаным бір мәселеге келіп тоғысып жатыр. Мақсат бір, мүдде ортақ. Ертеңді ұрпаққа аманат етеміз, ол үшін саналы буын, салиқалы орта керек. Оларды бағыттау – бәріміздің борышымыз. Өткен екі нөмірдегі сұхбатты жазған журналист ретінде айтайын дегенім осы.
Жарылқасын Әзіретбергенұлы:
– Міне, бәріміз сіздердің «Qazaqstan dauiri» газетін көріп қуанып отырмыз. Біз осы оңтүстік өңірде 23 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Бір қаладан басталған шаруамыз билік пен халыққа ұнап, облыстық дәрежеге көтерілді. Сіздер бірінші болып қолдап-қуаттап, газетке шығардыңыздар. Біздің атқарып жатқан ісімізді халыққа жеткізіп, елге жайдыңыздар. Астанадағы биліктің тармақтары да, ауылдағы ағайын да бізді білетін болды. Алғысымыз шексіз, сіздердің ұжымға рақмет! Мен алдыңғы сұхбатымда айтқанмын, мұндай елге бүйрегі бұратын, бұқарамен тыныстас «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналын қолдаймыз! Ел болып жаппай жазылуға, оқуға шақырамыз!
ТҮЙІН: Ақсақалын қолдаған әкім халқына да жақын
Сәуле Мешітбайқызы:
– Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болады. Республикалық ардагерлер кеңесімен де бірнеше жылдан бері жақсы қарым-қатынастамын. Медиа тобының мүшесімін. Айтқым келгені, ел ақсақалдары мен ардагерлер ұйымына, ондағы салиқалы ел ағаларын бөлектегім келмейді. Екі жақтың да мақсаты мен мүддесі бір. Екі жақ та жастардың келешегіне алаңдайды. Ұлттық құндылықтардың дәріптелуіне жұмыс істейді. Сондықтан екеуін ешқашан бөлмеймін.
Мағжан ақын айтқандай «Түркістан екі дүние есігі» ғой, шіркін! Соның тағы бір айғағы, дәлелі, басқа ешбір облыста жоқ Ақсақалдар алқасын танып, оны Түркістан облысының әкімі мен қала әкімі ерекше қолдап, қадірлеп, Түркістанның төрінен «Ынтымақ» үйінен Ақсақалдар алқасына орын беріп отыр. Айлық болмаса да, байлыққа кенелгендей кең ниеттерін байқадым. Одан өзге ақсақалдардың ынта-жігері мен өз жұмыстарына деген адалдығы қандай! Алды сексеннен асқан, сөйте тұра, бұл ұйымға кез келген жастағы адамның кіруге құқы бар делінген ережеде.
Мен нені армандаймын? Елге белгілі азаматтардың ұлт болашағы үшін күресуін, осы жолда өнегелі істерімен жастарға үлгі көрсетуін көргім келеді. Қазына қарттарымыздың көп болғанын қалаймын. Қазақта «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, соңғы дөңгелегі сонда жүреді» деген мақал бар. Дұрыс айтылған. Елге бас болар, ақыл айтар азаматтарымыз мұздай киініп алып, шоудың жетегінде кетпесе деймін, кимешек киіп алған әжелеріміз сахнада ғана көрініп, жоқ болып кетпесе екен дегім келеді. Әлеуметтік желінің күші әлемді уысына салып, умаждап отыр. Оны мен үнемі айтып, жазып келемін. Қаншама мақала жаздым. Оу, ағайын, біздің ұрпағымызды да әлеуметтік желі тәрбиелей бастады. Өзгенің қаңсығы бізге таңсық болуға айналды. Бұлай кете берсек, кім боламыз? Артымызға қандай ұрпақ қалдырамыз? Бұған жүрегі ауырмаған қариялар елге ешқашан тұтқа бола алмайды. Себебі, әлеуметтік желі қоғамға үлкен әсер етуде. Тіпті оның зардабын тарта бастадық.
Келешекте де осындай дөңгелек үстелдер көп болса деймін. Белсенді жастарды ортамызға, жиындарға көптеп тартсақ, ұтарымыз көп. Сонымен қатар республиканың түкпір-түкпіріндегі ел ақсақалдарын оятсақ. Олар да жастармен, ұлттық құндылықтармен, салт-дәстүрлердің жандануы жолында қызу жұмысқа кіріссе деймін. Ол үшін бірлік керек. Қаншама ғасыр тапжылмай тұрған қазақтың отбасылық институты құрудың алдында тұрғандай көрінеді маған. Күмән мен күдік басым. Себебі жастар байлаусыз, ойлаусыз кетіп барады. Оларға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» керек. Ол біз боламыз.
Сондықтан ұлттық мүдде жолындағы күрес тоқтамауы керек. Өйткені әр күрестің артында сынақтармен қатар жеңіс тұрады. Онда ел ағалары, ақсақалдары, ардагерлері тізе түйістіріп, мемлекетке қызмет көрсетуге тиіспіз. Ұлттық идеологияны қалпына келтіруге күш салуымыз керек. Ол қолымыздан келеді. Тек ауызбіршілік, ынтымақ болсын! Алладан тілерім – еліміз аман, жұртымыз тыныш, ұлдарымыз намысты, қыздарымыз арлы болғай. Ел басындағы басшылар ұлтжанды, тілі мен діліне, қасиетті дініне адал болғай! Сонда бізді ешбір жау ала алмайды!
Дайындаған –
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
«Мөлдір бұлақ» журналының
Бас редакторы