Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Оразалин : «Облыстың агроөнеркәсіптік кешені бойынша бесжылдық жоспар әзірледік»

Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Оразалин : «Облыстың агроөнеркәсіптік кешені  бойынша бесжылдық жоспар әзірледік»

Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі қандай? Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын көтеру, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жөніндегі тапсырмасы өңірде қалай орындалып жатыр? 

ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында  бұл сұрақтарға Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жауап берді. Өңір басшысы алдымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі өткен жылдың қорытындысын айтып, кейін журналистердің сұрақтарына жауап берді.  

 

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өнімі – 1,4 триллион

Оңдасын Оразалиннің айтуынша, Ақтөбе облысында барлық негізгі көрсеткіш бойынша оң динамика қамтамасыз етілген.  Оған статистика дәлел: өңдеу өнеркәсібінің көлемі –  102,7%, инвестиция – 120,6%, құрылыс – 104%, тұрғын үйді пайдалануға беру – 113,6%, сауда 104,8%-ға орындалған.

– Өңір экономикасының негізгі үлесі, шамамен 37%-ы  өнеркәсіпке тиесілі. Өнеркәсіп өсімін қамтамасыз ету үшін өңірде жаңа кәсіпорындар пайдалануға беріліп, жұмыс жасап жатқандары жаңартылуда. 2021 жылы өңірге 842,6 миллиард теңге инвестиция тартылды. 

Жыл соңына дейін 80 миллиард теңгеге энергетика, мұнай өңдеу, азық-түлік өнеркәсібі, цифрландыру және басқа салаларында 23 инвестициялық жобаны енгізу және шамамен 1,2 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр, – деді Оңдасын Оразалин.

Өңірде шағын және орта бизнес саласын дамытуда оң динамика сақталып отыр.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша жұмыс істеп жатқан субъектілер саны 6,8%-ға өскен, бүгінде облыста 65 992 субъект кәсіп жүргізіп отыр.  Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері шығарған өнім көлемі 1,4 триллион теңгеге жетті (өсім – 21,7%).

5300-ден астам шағын және орта бизнес жобасы мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы механизмдерін пайдаланды, бұл 2020 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда екі есе көбірек. Соның ішінде «Бизнестің жол картасы» аясында 4030 ШОБ жобасы қолдау тауып, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында – 74, «Еңбек» бағдарламасы аясында 1261 жоба мақұлданды. Аймақ басшысының айтуынша, биыл да бизнес субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларымен қамту жұмыстары былтырғы межеден кем болмайды.  

 

1,3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі

Ақтөбеде 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі

Ақтөбе облысындағы 900 мыңнан астам тұрғынның 500 мыңнан астамы облыс орталығында тұрады. Соңғы жылдары өңірде адам санының өсуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына байланысты тұрғын үй құрылысы қарқыны да артқан. Биыл облыста соңғы бес жылдағы көрсеткіштермен салыстырғанда әлдеқайда көп тұрғын үй пайдалануға беріледі. 

– Соңғы үш жылда облыста жыл сайын кемінде 1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылы 1,2 миллион шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталды. Бұл – бес жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есеге көп және ең жоғарғы көрсеткіш. Ал биыл облыста 1,3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Биылғы бес айдың өзінде өңірде 300 мың шаршы метр тұрғын үй бітіп, иелері қоныстойын тойлады, – деді О.Оразалин. Ол құрылыстың дамуы – экономика өсімінің негізгі драйвері, ал биылғы өсім рекордтық көрсеткіш екенін жеткізді. 

 

Облыста 580 шақырым жол жөнделеді 

Жыл сайын 5 мың шақырым жергілікті жол жөнделеді

Оңдасын Оразалин Орталық өңірдегі жол құрылысы туралы да айтты. Ақтөбе облысы – жер көлемі жөнінен еліміздегі ең үлкен өңір. Географиялық орналасуы да қолайлы: Ақтөбенің үлкен көлік торабы және көлік хабы ретінде дамуға әлеуеті зор. Бүгінде бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. 

– Тұрғындар, кәсіпкерлер мен өндіріс мекемелері тарапынан өңірдегі автожолдардың сапасына қатысты наразылықтары бар. Айта кету керек, басқа өңірлермен салыстырғанда бастапқыдағы жақсы жолдардың үлесі біздің өңірде өте төмен болды,  2011- 2021 жылдар  аралығында, яғни 10 жыл бұрын өңірде жақсы жолдардың үлесі 43% ғана болды, осылайша республикадағы 16-орында болдық. Аталған мәселенің маңыздылығын ескере отырып, осы жағдайды түзету үшін тиісті шараларды қабылдап келеміз. 2011-2018 жылдары, яғни 8 жыл ішінде жолдарды жөндеуге 36 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалып, жергілікті жолдардың жақсы жағдайдағы үлесі 11%-ға артса, соңғы 3 жылда шамамен дәл осындай көлемде қаражат бөліп, (36,7 миллиард теңге) жақсы жағдайдағы жолдар үлесін 13,7%-ға ұлғайта алдық. Бұл мәселе Үкіметтің қолдауымен республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың арқасында, оған қоса дәл сондай көлемде паритеттік негізде жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Ал биыл барлық кезеңмен салыстырғандағы ең ауқымды қаржы – 34,5 миллиард теңге қарастырылды. Оның ішінде 20,6  миллиард теңгеге жуығы жергілікті жолдарды жөндеуге, ал 13,9 миллиард теңгесі көшелерді жөндеуге жұмсалады. Жалпы, осының арқасында 583 шақырымнан астам жолдарды қамту жоспарланып отыр, –   деді облыс әкімі.

Осындай жұмыстардың нәтижесінде биыл нормативтік жай-күйдегі жергілікті жолдардың үлесі 66,7 пайыздан 72 пайызға дейін артады.

 

Ауызсумен қамту мәселесі 100 пайызға шешілмек

Ауыз су мәселесі қашан шешімін табады?

Ақтөбе облысында Президенттің халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр. Келер жылы бұл бағыттағы жұмыстар толық аяқталады.

– Бүгінде облыс халқының 97,2 пайызы таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Мәселен, өткен жылы жалпы халық саны бес мың адам болатын он ауылды сапалы ауызсумен қамтамасыз еттік. Биыл 23 мыңға жуық халқы бар 11 ауылды орталықтандырылған ауызсумен және 39 ауылды кешенді блок-модульдермен қамту жоспарланып отыр. Біздің алдымызда мемлекет басшысының тапсырмасына сай 2025 жылы халықтың 100 пайызын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Дегенмен қабылданып жатқан шаралардың арқасында біз бұл көрсеткішті алдымыздағы 2023 жылы орындауды жоспарлап отырмыз, – деді облыс әкімі. 

Қазіргі таңда облысымыз халықты газбен қамту көрсеткіші жағынан республикада көш бастап тұр. 2021 жылы 10 мыңнан астам халқы бар 16 ауыл газбен қамтылса, биыл 9 ауылға көгілдір отын беріледі. Келер жылы газбен қамтылған халықтың үлесін 93,4 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. 

 

Ауылшаруашылығы  техникасын жаңартуда көш басында 

АӨК көрсеткіштерінің тұрақты өсімі және бизнес жүргізудің көшбасшы  позициялары — Түркістан облысының 2020 жылғы даму қорытындылары - Қазақстан  Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы

Ақтөбе өңірінің агроөнеркәсіп кешеніндегі бүгінгі ахуал тұрақты. Облыстың қолайлы климаты мен кең байтақ алқаптардың болуы малшаруашылығы мен егіншаруашылығын дамытуға және еліміздің батыс өңірінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ өнімдерді шетелдерге экспорттауға мүмкіндік береді. 

– 2019 жылы біз Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бойынша бес жылдық жоспар әзірледік. Сол жоспарға сәйкес 2020-2021 жылдары жергілікті бюджеттен бұрын-соңды болмаған жемшөпті субсидиялау үшін 12,7 миллиард теңге және ауылшаруашылығы техникасын жаңартуды субсидиялауға 7,2 миллиард теңге қаражат қарастырдық. Яғни техника алуға республикалық бюджеттен беретін 25 пайыздық субсидияға қосымша жергілікті бюджеттен 10 пайыз көлемінде қаражат бөліп отырмыз. Нәтижесінде ауылшаруашылығы техникасының жаңартылуы қарқынды жүруде. Мәселен, 2019 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 3,9 пайыз болса, былтыр 5,9 пайызға жетті. 2021 жылдың қорытындысына сәйкес біз осы бағыт бойынша өзге облыстар арасында алдыңғы орында тұрмыз, – деді О.Оразалин.

Осындай жұмыстардың нәтижесінде ауылшаруашылығы техникасын жаңартуда іргелі жұмыстар жүргізілді. Мәселен, 2019 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 3,9% болса,  2021 жылы 5,9%-ға жетті. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес аталған бағыт бойынша біздің өңір облыстар арасында алдыңғы қатарда.

Сондай-ақ,  соңғы 2 жыл ішінде 700 млрд теңгеден астам көлемде ауылшаруашылығы өнімі өндірілді, жылқы басы 38%-ға өсті, ірі қара мал басы – 19,3%-ға, ұсақ мал басы – 7,1%-ға, құстар саны 4,5%-ға ұлғайды. 

– Мал басының артуына байланысты жемшөппен қамтамасыз ету үшін 2020 жылдан бастап Үкіметтің қолдауымен республикалық  бюджет есебінен 25 мың гектар көлтабанды және 10,6 мың гектар үнемі суармалы жерлер қалпына келтіріліп жатыр.  Жалпы жоспарға сәйкес алдағы үш жылда қолданыстағы суармалы жерлердің алқабын 100 мың гектарға дейін жеткіземіз, – деді Оңдасын Оразалин. 

Атқарылып жатқан осындай жұмыстардың нәтижесінде Ақтөбе облысы 32 негізгі азық-түліктің 24-імен өзін-өзі қамтамасыз етіп отыр, оның ішінде ұн, нан өнімдері, сүт, ет өнімдері, жұмыртқа және көкөніс түрлері бар. 

Алдағы үш жылда өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үлесін арттыру үшін агроөнеркәсіптік кешенінде 315 млрд теңгеден астам қаражатқа 75 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. 

Журналистер Ақтөбе облысы әкіміне ауылшаруашылығы саласы, малшаруашылығы, соның ішінде Мұғалжар жылқысының санын көбейтуге, етті бағыттағы жылқы малын өсіруге, мал азығын дайындау, жалпы осы салада алда атқарылар жұмыстар туралы сұрақтар қойды.  

– Облыста мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде жылқы малы саны қарқынды өсіп келеді. Соған сай, жоғарыда айтқанымдай, әр мал басына мал азығын әзірлеуге шаруаларға субсидия беріліп жатыр. Бұл, біріншіден, шаруаларды ынталандыру үшін, екіншіден, көлеңкедегі мал санын тіркеуге алу үшін тиімді болып отыр. Осындай жұмыстардың нәтижесінде соңғы екі жылдың ішінде субсидия алу үшін көп мал тіркеуге алынып, есепке қойылып жатыр.

Ал бүгінде облыстың брендіне айналған Мұғалжар жылқысы кезінде Ақтөбе өңірінде шығарылғаны белгілі. Бүгінде Мұғалжар жылқысын еліміздің басқа да өңірлеріне тарату мәселелерімен облыстағы кәсіпкерлікті қолдау, ауылшаруашылығы басқармаларымен бірлесіп нақты жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Мұғалжар жылқысы да  субсидиялауға жататын малдың бірі. Бүгінде оның өсімі жақсы. 

Республикалық бюджеттен техника алуға берілетін субсидияға қосымша жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп отыр. Ірі қара ма, ұсақ мал ма – қандай мал бағып отырғанына қарамастан, субсидияны барлығына береміз. Мұндай тәжірибе тек біздің облыста ғана бар. Оған қоса өнімді өткізу үшін мал бордақылау алаңдарын салу, шаруашылықты дамыту мақсатында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы тиісті инфрақұрылымды жеткізу, суармалы жер көлемін ұлғайту, су қорларын арттыру секілді жұмыстар да жүйелі жүргізіліп келеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде облыс агроөнеркәсіп кешенін дамыту көрсеткіштері бойынша елімізде өңірлер арасында алдыңғы қатарда келе жатыр, – деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин. 

Ақтөбеде жемазықтық дақылдармен бірге майлы дақылдарды өсіру жұмыстары да жүйелі жүргізіліп келеді. Журналистердің осы төңірегіндегі сұрағына жауап берген О.Оразалин алдағы уақытта өңірдің экспорттық әлеуетін арттыру мәселесін жоғары деңгейге көтеретінін тілге тиек етті: 

– Бүгінде майлы дақылдарды егуді қарқынды түрде қолға алдық. Себебі кешегі пандемия кезінде бұл бағытта сырттан келетін импорттық өнімдерге тәуелді болып қалдық. Облыста сұйық май шығаратын зауыт салып, іске қостық. Бүгінде сұраныс жоғары. Облыстың бұл бағыттағы экспорттық әлеуетін арттыру мәселесін қолға алып, жұмыс жасап жатырмыз. Ауылшаруашылығы саласының басқа да бағыттарында өсім жоғары. Үкіметтің ауылшаруашылығын дамытуға арналған кешенді жоспары аясында істеліп жатқан жұмыстар 2025 жылдарға дейін тиісті нәтижесін береді, соның арқасында Ақтөбе облысы тек өз аумағында ғана емес, еліміздің батысындағы өңірлердегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экспорттық әлеуеті артады деген сенім бар. Бүгіннің өзінде ақтөбелік шаруалар ет өнімдерін экспорттауға дайын, бұл бағытта қазіргі уақытта тиісті шаралар қолға алынып жатыр, – деді журналистердің сұрақтарына жауап берген Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Оразалин. 

Сөзінің соңында облыс әкімі мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыру, мемлекеттік бағдарламаларды толыққанды іске асыру жөніндегі тапсырмасы Ақтөбеде ойдағыдай атқарылып жатқанын, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын тағы да нақтылап айтты. 

– Бүгінде еліміз дамудың жаңа белесінде тұр. Сондықтан баршаңызды осы ортақ мақсат пен ортақ мүдде жолында еңбек етуге шақырамын. Еліміз дами берсін, облысымыз гүлдене берсін! – деп түйіндеді сөзін облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

М.ТАБЫН, Ақтөбе облысы
16.06.2022

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1027
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7074
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10923
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7142
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7284