Қазір қолы ерінбеген қазақтың кез келгені исламмен алыса беретін болды. «Имамдар ертегі айтады, әйел тақырыбын ғана айтады, анау мынау....» деген сөздер өте көп. Сол сыншылардың көбі тым құрыса, бір рет жұмаға барып, уағыз тыңдап көргендігіне күмәнім бар. Сөйте тұра ондай адамдардың имамдарды күстәналағанын көп естиміз. Өткенде бір жігіт «имамдар үнемі баяғыдағы сахабаларды мысал ете береді» деді.
Ал Нұр-Сұлтанның мешіттерінде жұма күні уағыз айтқан имамдар хадистерге қазақтың жыраулары мен би шешендерінің нақыл сөздерін қосып, мақал-мәтелдерімен астастыра отырып сөйлеп жатады. Яғни барынша ұлттық таным, түйсікке жақын тұрғыдан қарастырады. Әлде Нұр-Сұлтаннан басқа жердің мешіттерінде уағыздарды бұлай айтатын имамдар жоқ па?
Менің жеке пікірім имамдарға сын айтудан бұрын жақсылап бақылап, зерттеп алып барып айтсаңыздар. Егер көңіліңіз толмаса, өздеріңіз уағыз айтып шығыңыздар. Себебі ана кісілердің «топастығын» сіз анық біліп тұрсыз ғой. Немесе сол имамға барып жеке өзіне дәріс оқыңыз. Ол сіздей данышпан емес болар. Отырып алып, дін адамдарын жазғыра беру дегеніңіз ұлғая келе ел арасына іріткі салуға ұласып кетуі мүмкін. Қазір онсыз да «мұсылман қазақ, тәңіршіл қазақ, христиан қазақ, иеговашылар...» деп бөлінетін деңгейге жеттік. Бұл тек ағайынды араздастырғаннан өзге ештеңе емес. Ал радикалды діни ағымдардың зияны туралы мамандардың пікірінен құлақ түрейік. Олардың қатерінен ұрпақты сақтандыру ортақ борышымыз. Ал мемлекет рұқсат еткен ҚМДБ мен олардың бақылауында қызмет атқарып жатқан дін қызметкерлерін өзге емес, өзіміздің талап жатқанымыз бізге абырой әпермейді, ағайын!