«Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол
елдің болашағы мықты», – деп Міржақып
Дулатұлы айтқандай, әр ұлттың, елдің, қала
берді аймақтың өзіндік төлтума баспасөзі
болуы тиіс. Осы тұста «Aulieata-Media»
жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің
бас директоры Данияр Асқарұлы аймақ
баспасөзінің аға буын өкілдерін арнайы
жинап, саладағы салмақты мәселелер мен
алдағы жоспарларды талқыға салды.
Жуырда ғана күрделі жөндеуден өтіп, журналистер қауымының қуанышын еселеген Шерхан Мұртаза атындағы Баспасөз үйінде өткен басқосу барысында Данияр Асқарұлы алдымен медиахолдингтің жаңа даму жоспарын, кезең-кезеңімен шешімін тауып келе жатқан жазылым мен қаламақы мәселелері, сараптамалық материалдардың салмағын, сайттардың сапасын, сол арқылы халықтың медиа сауаттылығын арттыру, жаңа редакциялық саясат, жаңа құрылым мүмкіндіктері және ұрпақ сабақтастығын жалғастыратын медиа мектеп қалыптастыру мәселелерін жан-жақты атап өтті.
– Медиахолдинг жоспарынан жаңаша көзқарасты, жаңа толқынысты байқап, қуанып отырмын. Жаңашылдыққа жалпы бағыт дұрыс. Басты мәселе – газеттің таралымы. Бәріміз газет таралымын арттыруға біркісідей атсалысуымыз керек. Таралымға кедергі болып отырған мәселелерді оң шешуге тиіспіз. Газетке жазылудан кім, қандай қиянат көріп отыр мысалы? Бұл мәселе облыс басшысының бірнеше рет кездесуінде де лайықты көтерілді. Ербол Шырақпайұлы тікелей газетке жазылыңдар демегенімен, газетті оқыңдар деп баса айтты. Осы жұмыс жалғасын тапса деймін. Таралымды көбейтпей, абыройға қол жеткізу мүмкін емес, – деді өз сөзінде салада қырық жылдық еңбек өтілі бар Қазақстанның Құрметті журналисі, облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы Жаңабай Миллионов.
Ал, Данияр Асқарұлы өз сөзінде газеттердің
сайттарын бір арнаға тоғыстырып, облыстың
оң имиджін қалыптастыруға бағытталған жаңа
контент орталығының мән-маңызына тоқталып,
штаттан тыс авторлар үшін қаламақы былтырғы
жылға қарағанда биыл екі есе өскенін, осы ретте
қаламгерлер қауымынан, салмақты дүниелер
күтетінін де жеткізді.
– Өңірде медиа орталық ашылғалы бері
жаңашылдықтар байқалып келеді. Әу баста
бізді мектептер газет оқуға үйреткен еді. Соның
арқасында санамыз оянып, еңбек еттік. Мен қазіргі таңда «Егемен Қазақстан», «Ана тілі» және «Аq jol» газеттерінің тұрақты оқырманымын. Осы тұста оқырмандардың атынан айта кетсем, «Аq jol»- дың қай нөмірін алсаңыз да кез келген тақырып қамтылған. Бұрын басқармалардан, аудандардан ақпарат сұратып отыратынмын.
Қазір барлығын осы газеттен табамын, сол еңбектеріңіз үшін айрықша алғыс. Газетсіз ұлттық құндылықтар әлсірейді. Сондықтан әр ауданда идеологияға жауап беретін әкім орынбасарлары бар. Таралым мәселесі солардың негізгі жұмыстарының бірі болуы керек. Бұл мемлекеттің саясатын тікелей іске асыратын жұмыс. Мұндағы журналистердің барлығы ақтаңгер, енді солардың оқырмандары көп болсын. Ал, «Аq jol»-ға жазылғандар «Аq jol»-дың жасына жетсін, – деді Жамбыл облысының Құрметті азаматы Қасымхан Төлендиев.
Сол секілді медицина ғылымдарының докторы,
профессор, Қазақстан Журналистер одағының
мүшесі Сағындық Ордабеков көбіне сын мен
әдеби тақырыптар қамтылса деген ұсынысымен
бөлісті.
– Өңірдің бас басылымының алдағы сандарынан
Шерағаның тәжірибесін басты назарға алып,
батыл сындар көтерілгенін қалаймын. Қоғамда
болып жатқан мәселелер ашық көрсетілгені
маңызды. Ол біреуден өш алу емес. Шындықтан
ешкім қашпайды. Одан кейін қазақ әдебиетіндегі
жазушылардың көбі журналистикадан келгенін
білесіздер. Бұрындары әдебиетке арналған арнайы беттер болатын. Сол іс қайтадан көбірек қолға алынса. Өйткені, қоғамда тек саяси адамдар
емес, шығармашыл оқырмандар да бар. Оған
қоса қаланың орталығында отырсақ та газет
аптасына екі-ақ рет келеді. Сол мәселе де көп
жерде көтерілгенімен, әлі шешілмей жатыр, – деді
белгілі дәрігер-хирург.
Ал, жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген
қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы ұрпақ тәрбиелеп
жүрген ұстаздар қауымы баспасөзден бас тартпауы қажет деген оралымды ойымен бөлісті.
– «Аq jol»-дың бір ғана нөмірінде бірнеше сыни
мақала жарық көріп және өзекті мәселе көтерген
мақалалардың бірінші беттен басталуы көңіл
қуантады. Өзім бас редактор болған кезде газет
таралымы 20 мыңға жеткен еді. Содан 17 мыңға
түсті. Қазір сол 17 мыңның өзімен жылап көрісетін
жағдайдамыз. Оған басты себеп – медицина
қызметкерлері мен мұғалімдердің баспасөзден теріс айналуы. Ал, олардың басшысы, орынбасары және Тараздағы алпысқа жуық мектепте қаншама ұстаз бар, солардың барлығының нәпақа тауып отырған білім ошақтарының ашылуына осы газеттер алғаш ықпал еткен еді. 1980-1986 жылдары бұл мәселені «Аq jol» көтерген болатын. Ол кезде қалада бір ғана Жамбыл қазақ мектебі мен аралас бір мектеп болды. Арғынбай Бекбосынның редакторлығы кезінде қазақша балабақша, қазақ мектебін ашу туралы мақалаларды нөмір сайын беріп отыратынбыз. Сол үшін талай мәрте Арекеңнің басы дауға да қалды. Ақыры сол мектептерді ашып беруге мұрындық болдық, ал енді келіп бәрінің директорынан бастап баспасөзден басын ала қашады. Осыны мектеп басшылары, ұрпақ тәрбиелеп жүрген ұстаздар түсінуі тиіс. Облыс басшылығының газетке ашықтығы, пікір білдіруінің өзі үлкен қолдау. Сол қолдау жалғасын таба берсін, – деді Көсемәлі Сәттібайұлы.
Аға басылымның ардагері Баймаханбет Ахмет
жазылым мен газеттердің жеткізілуін қадағалайтын ардагерлер кеңесін құру, жас тілшілерге шеберлік сағаттарын ұйымдастыру туралы ұсыныстарымен бөліссе, ардагер-журналист Ақылжан Мамыт мыңдаған жұмысшысы бар теміржол, химия өндірісі салаларының да мәселелерін көтеріп,
оқырман олжасына айналдыру туралы ойын
айтты. Сол секілді ұлттық құндылықтарды
насихаттайтын жаңа айдарлар ашудың маңызына
тоқталды. Одан бөлек, басқосуда журналистер
арасында форум, конференциялар мен байқаулар
ұйымдастыру мәселесі де көтерілді.
Данияр Асқарұлы Астана мен Алматыдағы әріптестер секілді шығармашыл ұжымның шеберлік әлеуетін арттыруға бағытталған жоспарлар, шетелде тәжірибе алмасу жұмыстары жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл тұста газет ардагері Қуаныш Иембердиев шетелмен қоса ел
аумағындағы басқа да редакциялармен әріптестік
байланысты арттырудың маңызын атап өтті.
Белгілі журналист, облыстық мәслихаттың
депутаты Оралхан Дәуіт бас редакторлығы кезінде
баспасөз үйін қаланың қақ ортасынан алып берген, аймақ журналистикасының абызы атанған, күні кеше ғана өмірден өткен Баттал Жаңабайұлының есімі ұмытылмаса деген ойын ортаға салып, баспасөзге міндеттелген мемлекеттік тапсырыстар мәселесі, көтерілген сыннан қорытынды шығару туралы ұсыныстарын атап өтіп, медиа жоспарларының сәтті жүзеге асуына тілеулестік білдірді. Жиында аймақтағы ата басылымның мұражайы туралы мәселе де талқыланды.
Басқосу соңында «Aulieata-Media» жауапкершілігі
шектеулі серіктестігінің Бас директоры Данияр
Асқарұлы аталған барлық мәселеге жіті мән
берілетінін атап өтіп, шығармашыл ұжым аға
буынның ақ батасын алды.