Кейде үлкен бастамалар қарапайым ғана идеядан басталады. B&Q Media журналистика мектебінің дүниеге келуі де сондай ойлардың жемісі болды десем қателеспеймін. Біз журналистикаға қызығатын жастардың басын қосып, оларға тәжірибемізбен бөлісуді ғана мақсат еттік. Бұл жобаны қолға аларда материалдық пайда емес, білімнің құндылығы мен жастардың болашағы біз үшін әлдеқайда маңызды болды.
Курс барысында оқушыларымызбен тек сабақ өтіп қана қоймай, түрлі танымдық әрі қызықты ойындар ұйымдастырдық. Әр кездесудің есте қаларлықтай әрі пайдалы болуына мән бердік. Білім алу үдерісі тек дәріс тыңдаумен шектелмей, еркін пікір алмасуға, шығармашылық ойлауға және жаңа дүниелерді бірге зерттеуге ұласты.
Шәкірттерімізбен жақынырақ танысу және өз жобамызды кеңінен таныстыру мақсатында бірқатар мектептерді араладық. Оқушылармен жүздесіп, олардың армандары мен мақсаттарын тыңдап, журналистика мамандығының ерекшеліктері туралы әңгімелестік. Сол кездесулер бізге де үлкен мотивация сыйлады.
Әр оқушының бойынан талап пен талпынысты, білімге деген ерекше құштарлықты байқадық. Олардың жетістіктерге ұмтылысы бізді шабыттандырды. Қысқа уақыт ішінде көптеген шәкірттеріміз өз ойын жүйелі жеткізуді, сауатты жазуды және ақпаратпен жұмыс істеуді үйренді.
Бүгінде осы жолды таңдағанымызға қуанамыз. Себебі біз үшін ең үлкен нәтиже – шәкірттердің сенімі мен алған білімі. Ал олардың болашақта өз армандарына қол жеткізіп, елдің дамуына үлес қосатын маман болып қалыптасуы Қарақат екеуіміздің ортақ еңбегіміздің ең жарқын жемісі болмақ.
Ботакөз АЙБЕК
















