Астана қалай дамуы тиіс?

Астана қалай дамуы тиіс?

Қаңтардың соңғы күні Ақордада Мемлекет басшысының төрағалығымен Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті. Кеңеске министрлермен қоса қала әкімі Жеңіс Қасымбеков, бұрынғы әкім Алтай Көлгінов қатарлы тұлғалар қатысып, баяндамалар жасады. Аса маңызды отырыста айтылған мәселелер мен Мемлекет басшысының тапсырмалары «www.akorda.kz» сайтында және өзгеде әлеуметтік желілерде ақпарат ретінде жарияланғандықтан, көпшілік оқырман құлағдар болды деп ойлаймыз. Дегенмен бұл жиналыс бас қаланың дамуы мен тұрғындардың өміріне қатысты болғандықтан, оны өтпелі жаңалықтардың қатарына жатқызуға келмейтіндігін айрықша айта кеткіміз келеді. Сондықтан осы шағын мақаламызды жаза отырып, көңілге түйген кейбір деректер жайлы да тоқтала кетуді жөн көрдік.

 

Орындалмаған жоспарлар

Кезекті жиналыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың ел дамуындағы айрықша рөлін айта келіп:«Қалаға қойылатын талап та жоғары болады және бұл – тек экономикаға байланысты емес, архитектуралық, урбанистикалық, рухани және әлеуметтік салаға қатысы бар мәселе», – деді. Сондай-ақ қол жеткізген жетістіктерге тоқмейілсімеуді ескертіп, астананы дамыту жөнінде бірқатар нақты міндеттер қойды. Жиналыстан түйгеніміз – Астанадағы қордаланған мәселелердің көбі Президент назарынан тыс қалмаған екен. Жаһанға жыр болған LRT құрылысы, жоспары орындалмай жатқан газбен қамтамасыз ету, жетіспей жатқан білім ошақтары мен емханалар, тіпті қаладағы көлік тұрақтары мен кептеліс мәселелері де назардан тыс қалмапты.

1,5 миллиарда долларов не хватает на строительство LRT в Нур-Султане: 16  июля 2019, 20:25 - новости на Tengrinews.kz

«Қала тез үлкейіп келеді. Сол себепті қазіргі таңда Бас жоспарға қойылатын талаптар жиі бұзылады. Сондықтан инженерлік инфрақұрылымды кешенді түрде дамыту – басты міндет. Алайда бұл бағытта бірқатар мәселе бар. Атап айтқанда, әкімдік ЖЭС-3-ті пайдалануға бере алмай келе жатқанына 10 жылдан асты. Жобаны аяқтау мерзімі бірнеше рет шегерілді. Бұл оның 53 миллиард теңгеге қымбаттауына себеп болды. Аталған мәселе 2019 жылы көтерілді. Бірақ нысанның әзірлік деңгейі бұрынғыдай 83 пайызды құрап отыр. Нәтижесінде, қазір елорда 300 гигакалорийден астам жылу энергиясы тапшылығынан зардап шегіп отыр. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, жыл соңына дейін ЖЭС-3-тің бірінші кезеңінің іске қосылуын қамтамасыз етуге және екі газ қазандығының құрылысын аяқтауға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

«2019 жылы «Сарыарқа» магистральді газ құбырының бірінші кезеңі аяқталды. Әкімдіктің міндеті – 300 мыңнан астам адам тұратын тұрғын үй алаптарына газ жеткізу. Қазіргі таңда небәрі 8 мыңға жуық абонент газға қосылған. Газбен қамту қарқынының баяу болуы салдарынан экология бүлінеді. Аязды күндері пешпен жылытылатын үйлердің түтіні қаланы басып қалады. Елорданы газбен қамту ісін аяқтау жөнінде бұған дейін бірнеше рет тапсырма бердім. Бірақ оның орындалу мерзімі үнемі кейінге шегеріледі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Ала-құла деректер

Президент ортаға қойған бұл проблемалар қаланың стратегиялық дамуында айрықша орны бар мәселелер екені белгілі еді. Мемлекет басшысы жиналыс барысында Үкіметке және әрқайсы министрліктермен қала әкіміне тікелей тапсырмалар жүктеп отырды. Бұлардың барлығы алдағы уақытта құзырлы мекемелердің тікелей бақылауында болады деп сенеміз. 

Астана қаласына 2019 жылы маусымда әкім болып тағайындалып, үш жыл бойы жемісті жұмыстар істеген, қазір Премьер-Министрдің орынбасары болып қызмет істеп жатқан Алтай Көлгіновтің де бұл жиналысқа қатынасқандығын жоғарыда айтып өттік. Бүгінгі жиналыс кезінде Президент тілге алған кейбір деректер мен кезінде Алтай Сейдірұлы жариялаған деректердің ішінара сәйкес келмей жатқандығы бізді таңғалдырғандай болды. 

Мемлекет басшысы Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді -  Rusya Gazetesi«Төрт мыңға жуық үлескердің мәселесі әлі күнге дейін күн тәртібінен түспей тұр. Әкімдік пен Үкімет бұл мәселені жылдың соңына дейін шешуге тиіс»,– деді Қ.Тоқаев. Естеріңізде болса,«Qazaqstan dauiri» газетінің былтырғы желтоқсан айындағы бір санында «Алтайдың Астанада ізі қалды» атты мақала жазып, әкімнің қызметіне өзімізше баға берген едік. Мақалада экс-әкімнің өзі берген деректерді келтіре кеткенбіз. «Астана әкімі қызметіне кіріскен сәттен бастап күн сайын қала тұрғындарымен кездесіп жүрдім. Сол кездегі басты мәселелердің бірі үлескерлердің мәселелерін шешу болатын. Ұзақ уақытқа созылған әрбір құрылыстың артында пәтерін жылдар бойы асыға күткен мыңдаған адамның тағдыры тұрғанын білесіздер. Осы уақыт ішінде мәселесі қордаланған 16 мыңға жуық үлескер отбасының санын 2 мыңға дейін азайттық», – деп еді Алтай Көлгінов. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев: «Төрт мыңға жуық үлескердің мәселесі әлі күнге дейін күн тәртібінен түспей тұр»,– дейді.

«Сонда қазір Астана қаласында нақты қанша үлескер баспананың дауымен екі көзі төрт болып жүр?» деген сұрақ туады осы жерде...

Келесі бір мәселе – мектептер жайы. Елорданың халық саны көшіп келушілердің есебінен жылдам көбейіп жатқаны белгілі. Соған ілесе мектептердің жетіспеуі, үш ауысымда оқитын мектептердің азаймауы сынды проблемалар әлі күнге өзекті болып отыр. Кезекті жиналыста Мемлекет басшысы: «Астанада білім ошақтарының құрылысы баяу жүріп жатыр. Былтыр небәрі 3 мектеп салынды. 8 мектеп дер кезінде пайдалануға берілмеді»,– деді.

Ал 2022 жылы тамызда қала әкімі Алтай Көлгінов ОКҚ-де өткен брифингте жасаған баяндамасында: «Қалада 2018 жылы 4 мектеп, 2019 жылы 6 мектеп, 2020 жылы 11 мектеп, 2021 жылы 15 мектеп салынған. 2022 жылы 16 мектеп салынып жатыр. Жыл соңында оның 11-і тапсырылады», – деген болатын.

«Сонда Астана қаласы бойынша 2022 жылы қанша мектеп салынып, қаншасы пайдалануға берілді?» деген сұрақ туындайды.

Келесі мәселе өндіріс жайында. Қаладағы маңызы айрықша болады деп күткен индустриалдық парк құрылысы да Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмаған екен.  «№1 Индустриалды парктің іші 95 пайыз толғанымен, әкімдік  оның инфрақұрылымын он жылдан бері аяқтай алмай келеді. Бұл мәселе көптен бері көтерілгенімен, әлі нәтиже жоқ. Оның үстіне 2017 жылдан бері әкімдік №2 Индустриалды паркке коммуникация жүргізбеген. Тіпті жобалық-сметалық құжаттамасы да жоқ. Шын мәнінде, бүгінде әлеуетті инвесторлар сұраншақтың күйін кешіп отыр. Қолын бір сілтеп, кетіп қалатыны содан. Нәтижесінде, Астана ірі көлемдегі инвестициядан қағылады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Біз газетіміздің алдыңғы санында «Астана әкімінің парақшасындағы ақжолтай жаңалықтар» атты шағын материал  дайындап едік. Сол жазбаның ішінде Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Азамат Әбдуәлиевтің бір деректерін қыстыра кеткенбіз. «Қазіргі уақытта бірінші парктің 100% толғанын ескере отырып, №2 индустриалдық парк құру туралы шешім қабылданды. Осы мәселе бойынша алдын ала жоспар әзірленді. Оны дайындауға сингапурлық JURONG ірі компаниясы тартылды. Екінші парк аумағында 500 млрд теңгеге 150-ге жуық жаңа инвестициялық жобаны тарту жоспарланып отыр. Парктің жалпы ауданы – 433 гектар, құрылыс жұмыстары 2030 жылға дейін созылады. Бұл инфрақұрылым бізде 9 іске қосу кешені бар, 3 кезекке бөлінген. Бірінші кезектегі қосу кешенінің құрылысын 2023 жылы бастау жоспарлануда»,– депті Азамат Әбдуәлиев.

Мемлекет басшысы №2 индустриалдық парктің «жобалық-сметалық құжаттамасы да жоқ» дейді ренішін жасырмай. Ал осы салаға жауапты шенеуніктің сөзіне сенер болсақ, онда Президентке ақпарат дұрыс жеткізілмеген деген күдіктің төбесі қылтияры сөзсіз...

 

Базарлар мәселесі айтылмай қалды

Президент жиналыс барысында Астананы дамытудың жоспары туралы халықтың көкейінде жүрген көптеген өзекті мәселелерді ортаға салды. Бұлардың арасында «Астананың азық-түлік белдеуі» де айтылды. Сондай-ақ күн сайын шарықтап кеткен азық-түлік бағасын ауыздықтау жолындағы шараларды жетілдіруді де баса тапсырды. Бұл жағында қоймалар кешенін салуды ортаға қойды Президент мырза. 

21-летний астанчанин "заминировал" столичный базар "Артем"

Дегенмен көлемі күн санап өсіп келе жатқан қалада назардан тыс қалған көптеген мәселелер де бар екенін айта кеткіміз келеді. Соның бірі – азық-түлік базарларының жайы. Астанада қаланы көкөніспен қамтамасыз етіп отырған «Шарын» базарының айналасы күл-қоқысқа толып жатқандығы тұрғындардың барлығы білетін жағдай. Осы базардың төңірегіне ірі және шағын жүк көліктеріне арналған арнайы автотұрақ пен көпшілікке арналған тұрақ салу назардан тыс қалып келе жатыр. Қолайсыз ауа райы кезінде адамдар белуардан батпақ кешуге мәжбүр.

Ел астанасында «контейнерлер қалашығы» әлі де өмір сүріп жатыр. Кезінде әкімдік «EXPO – 2017» көрмесі өтуден бұрын базарларда пайдаланылып жатқан контейнерлер түгелдей алынып, орнына жабық базарлар бой көтеретін болады деп сендірген еді. Алайда онан бері 5 жыл өтсе де кәсіпкерлер мұздай суық контейнерлерде тұрып, базардың қожайындарына қымбат жалақы төлеп саудаларын жасауға мәжбүр болып отыр. Мұндай проблема «Орталық базар», «Эталон» секілді «әйгілі» базарлардан тартып, қала шетіндегі «Қамқор» секілді шағын базарларға дейін сақталып отыр.

PS: «Qazaqstan dauiri» газеті 13 жылдан бері қарай тұрақты түрде «Астана ажары» айдарын шығарып келеді. Астанадағы тілшілер қаланың әрбір жаңалығы мен сақталып отырған проблемаларын назардан тыс қалдырмай материалдар дайындап, билік пен халық арасына көпір болудай жауапкершіліктерін адал атқарып келе жатқаны белгілі. Орайы келгенде айтылып жатқан бұл мәселелер де газеттің назарынан тыс қалмайтындығын айта кеткіміз келеді. Ал, біз айтып отырған түйіндер жоғарының назарына жетіп, оң шешімін тауып жатса, еңбегіміздің жанғаны дер едік.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
10.02.2023

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 1603
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 1142
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 2538
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 2139
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 3335