АСТАНАЛЫҚТАР ҮШІН 2024 ЖЫЛ НЕСІМЕН ҚЫМБАТ?

АСТАНАЛЫҚТАР ҮШІН  2024 ЖЫЛ НЕСІМЕН ҚЫМБАТ?

Әлем жұрты бүгіндері Қазақстанның Астанасына таңғала да сүйсіне қарайды. Неге сүйсінбесін? Неге таңғалмасын? 

Тарих жылнамасына көз жүгіртсек, 6 шілде – Алматыдан Ақмолаға қоныс аудару туралы шешім қабылданған тарихи күн. Жаһан картасында осы күні жаңа елорда пайда болды.

Небәрі 27 жылда шағын қала ел астанасы атанып, әлем саясаткерлері мен лидерлерінің,  дипломаттары мен қайраткерлерінің тоғысатын, табысатын,   диалог өрбітетін, келелі мәселелерді шешетін бейбіт мекеніне айналды.   27 жылда Астана төрінде не өтпеді? Не тойланбады? Не келісілмеді?

1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен Астана «Әлем қаласы» атағын алды. Осы қысқа мерзімде, 27 жыл ішінде Астана Ақордасымен талай саяси жиындардың ордасына айналды.  Апта бойы әлемдік саясатта беделі зор көшбасшылар маңызды мәселелерді қона жатып талқылады.

 

«Әлем қаласындағы» елең еткізер оқиғалар

Әр жылдың өз жемісі мен жеңісі бар. Әр жылды әр қала өзінше қорытындыламақ. Өзінше сараламақ. Мысалы өткен 2024 жыл  Астананың мәдени саласы үшін  табысты да шабытты жыл болып есте қалары сөзсіз. Қалада мәдениет пен өнер саласында 19 мыңнан астам іс-шара өтіпті. Олардың ішінде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, Астанадағы Мәскеу және Ташкент күндері, Қазақстандағы Тәжікстан күндері, Астанадағы Индонезия астанасы Нусантара күні, TEATP ALL III халықаралық театр фестивалі, «Театрлы Еуразия» халықаралық фестивалі және т.б. аясында көптеген іс-шара ұйымдастырылған. Бұларды 2,3 млн астам көрермен тамашалапты. Фестивальдар мен гастрольдер елі ішіндегі мәдени байланыстарды нығайтты әрі қазақ мәдениетін шетелде насихаттауға ықпал етті. Сонымен қатар өткен 2024 жыл қазақтың мәдени мұрасының байлығы мен алуан түрлілігін айқындайтын жетістіктерімен ерекшеленбек!

Былтыр Астана қаласында  поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл аталып өтті. Ақын, ҚР Халық жазушысы, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына орай арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жастар ақынның жырын оқыды. Тағылымды әңгімелер айтылды.

Былтырғы 28 ақпанда Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында актерлер арасында қазақ күресінен театрлар арасында II республикалық «Театр барысы» турнирі өтті.  Жарыста еліміздің 17 өңірінен 53 театр және кино актері 5 салмақ бойынша белдесті.

Наурыз айында академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «Әлем таныған Қаныш» республикалық конференциясы өтті. Ғалымның есімі берілген №61 мектеп-лицейінде өткен іс-шараға ел зиялылары қатысып сөз сөйледі.

Ғалым мұрасы арқылы жас ұрпақ отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа, білімге құштар болуға тәрбиеленеді. Конференцияда мектеп оқушылары мен ұстаздарының қатысуымен «Қазақтың Қанышы» атты сахналық қойылымы ұсынылды.

Елордада 3-8 шілде аралығында қазақстандық мәдениет апталығы өтті. Оның аясында Есіл өзенінің жағасында бірқатар тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылды. Астаналықтар мен қала қонақтары үшін ұлттық ойындардан түрлі интерактивтер, жарыстар дайындалды. Келушілер үшін тілдерді дамыту және мұрағат басқармасымен бірлесіп «Қазақша лайк» ойыны өткізілді. Сондай-ақ «Менің атым Қожа» және басқа да кинофильмдер көрсетілді.

Ұлттық атмосфераға ену мақсатында ұйымдастырушылар этноауыл құрды. Жағалауда ұлттық киімдер мен өнер көрмесі өткен «Алты бақан» мен киіз үй орнатылды. Осылайша қонақтар Қазақстанның бай мәдени мұрасын тамашалады. Сонымен қатар астаналықтарға тазы тұқымды иттер және бүркіт көрсетілді. Сондай-ақ Есіл өзенінің жағасында ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылды. Іс-шара соңында «Жошы» этно-фольклорлық ансамблі қатысушылардың барлығына мерекелік көңіл күй сыйлады.

 

ЖАҢҒЫРУ МЕН ДАМУ  ЖОЛЫНДАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕР

2024 жылы Астана қаласы әлеуметтік-экономикалық және мәдени салаларда маңызды оқиғаларға толы болды.

17 қыркүйекте Астанада «Орталық Азия – Германия» форматындағы саммит өтті. Бұл кездесуге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев және Германия Федералдық канцлері Олаф Шольц қатысты. 

Саммит барысында сауда, инвестиция, энергетика, экология, көлік-логистика, білім және ғылым сияқты салалардағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелері талқыланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық дамуын жоғары бағалап, неміс технологиясы мен инвестициясының Қазақстан мен Орталық Азияның экономикасына оң әсер етіп отырғанын атап өтті. 

Кездесу қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Мәлімдемеде тараптар өзара тиімді серіктестікті нығайтуға, аймақтық ынтымақтастықты тереңдетуге және бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге деген ұмтылыстарын білдірді. 

Бұл саммит Орталық Азия мен Германия арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңін бастауға және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған маңызды қадам болды. 2024 жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы жоғары деңгейлі сапарлар жиіледі.

Наурызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға барып, Азия Боао форумына қатысты. Шілде айында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер көшбасшылары кеңесінің 24-інші отырысына қатысып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Екі елдің мемлекет басшылары қол жеткізген келісім екі ел арасындағы қарым-қатынастардың дамуына үлкен септігін тигізеді. 

Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіне айналды. 2024 жылдың тоғыз айында Қытай-Қазақстан арасындағы тауарлардың импорт-экспортының жалпы көлемі 33 миллиард АҚШ долларына жетіп, сәйкес кезеңмен салыстырғанда 13%-ға өсті. Олар энергетика, ауылшаруашылығы өнімдері, автомобильдер және электроника сияқты көптеген саланы қамтыды.

 

МӘДЕНИ ІС-ШАРАЛАРҒА ШОЛУ

Елорда күнін мерекелеу аясында 5-7 шілде аралығында «Театрлы Еуразия» халықаралық театр фестивалі өтті. Орталық саябақта өткен фестивальда Қазақстан, Ресей, Польша, Эстония және басқа да елдердің театрландырылған көше қойылымдары ұсынылды.

Мұнда «АспектР», «СоЛу», «Черный квадрат», «Мимикрия», «Vokrug», «Королевский жираф» театрлары, Астана қаласы әкімдігінің  Қуыршақ  театры, Мұрат Мұтырғанов театры және басқа да ұжымдар өнер көрсетті. 

Астанадағы алғашқы ірі шығармашылық хаб («Мирный дом» тұрғын үй кешенінде орналасқан) ашылды. ÓzgeEpic хабына бірегей этно-музей мен қолөнер шеберханасы кіреді. Мұнда келушілерге заманауи арт-перформанс, музыкалық және әдеби кештер үшін трансформер зал, сондай-ақ заманауи өнер галереясы, театр алаңы және ұлттық ойындардың смарт аймағы ұсынылады. Сондай-ақ хаб аумағында қазақстандық баспалардың кітаптары сатылады.

24-28 шілде аралығында Ыстықкөлде өткен «Таланты SUMMER FEST KYRGYZSTAN» атты байқауда биші әжелеріміз халық биі мен классикалық билеу өнерінен сынға түсті. Қырықтан астам би ұжымдары қатысқан өнер додасында астаналық биші әжелер топ жарып алға шықты. Әр номинация бойынша жеңімпаз атанып, бас жүлде мен І орынды еншіледі. Ыстықкөлде ансамбль ұжымы «Әсемдік», «Биле-биле» және «Экспрессия» билерін қырғызстандық көрерменнің назарына ұсынды. 

Астанадағы Орталық саябақта Ташкенттің мәдениет күндері 7-8 тамыз күндері өтті. Оның аясында Ташкент әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарламалар, ұлттық қолөнер көрмелері, отбасылық спорттық жарыстар мен ойындар, Өзбекстан туристік мүмкіндіктерінің таныстырылымы ұйымдастырылды. Дәстүрлі өзбек тағамдары сатылды. 

7 қыркүйек күні Астанада «Қазанат» ипподромының жанында орналасқан «Көшпенділер әлемі» этноауылының ашылуы өтті. Елорда тұрғындары мен қонақтары Қазақстан халқының бай мұрасымен, көшпелі халықтардың өзіндік мәдениетімен танысты. Этноауыл бірнеше орынға бөлінді: орталық алаң, ұлттық ойындарға арналған балалар ойын алаңы, халық музыкасына арналған шатыр, ашық аспан астындағы көшпелі өркениеттер мұражайы, спорттық іс-шаралар, ұлттық тағамдар, басты сахна, аймақтардың этникалық қоныстары, қолөнершілері және шығыс базары бар арнайы қала.

Астанада 28 қазан мен 3 қараша аралығында өткен Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Роза Мұқанованың драматургиясына арналған ТЕАТР АLL III халықаралық театр фестивалі өтті. Жүлдегерлерді марапаттау рәсімі елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрында болды. 

Биыл Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театрына 25 жыл толды. Мәдениетті хореография тілімен жеткізіп жүрген бірегей театр мерейтойын ерекше атап өтті. Қараша айында Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында театрдың 25 жылдығы аясында «Алдар көсе» хореографиялық спектаклінің премьерасы өтті.

Осы уақытқа дейін  «Наз» мемлекеттік би театры Еуропа, Нидерланды, Түркия, Ресей, Франция, Бельгия, Қытай, БАӘ, Чехия, Болгария, Катар, Норвегия, Израиль, Украина елдерінде гастрольдік сапармен болды.

 

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫ

Мемлекет басшысының бастамасымен 2024 жылы Астана қаласында 8-13 қыркүйек аралығында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткізілді. Бұл шараға 89 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысты. Қазақстан жалпы есепте 112 медальмен бірінші орынға ие болды. Қырғызстан 65 медальмен екінші, Ресей 49 медальмен үшінші орындарды иеленді. 

Бұл шара ұлттық мәдениеттің сақталуы мен дамуына, сондай-ақ халықаралық деңгейде Қазақстанның имиджін нығайтуға ықпал етті. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астананы халықаралық мәдени орталық ретінде танытты.

 

ГИННЕС КІТАБЫНА  ЕНГЕН  ДОМБЫРАШЫЛАР

2024 жылы Астана қаласында Гиннес рекордына енген домбырашылардың ерекше шарасы өтті. Бұл оқиға Қазақстанның мәдени мұрасын әлемге таныту мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шара барысында 3000 домбырашылар бір уақытта ұлттық аспапта ойнады, бұл әлемдік рекорд ретінде Гиннес кітабына енгізілді. Шараның мақсаты – домбыраның қазақ мәдениетіндегі орны мен маңыздылығын дәріптеу, сондай-ақ ұлттық музыканы жаһандық деңгейде насихаттау болды.

 

Мектеп жайы

Астанада жаңа оқу жылының қарсаңында жоспарланған 24 мектептің 15-і ашылды. Бұл мектептердің 9-ы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынды. Сонымен қатар, жаңа жылға дейін 4,5 мың орындық 6 студенттік жатақхана тұрғызу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда оның төртеуіне студенттер орналастырылды.

 

Туризмнің дамуы

2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Астанаға 1 097 413 турист келді, олардың 23,9%-ы шетелдіктер. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға жоғары. Астана ірі халықаралық іс-шараларды өткізу алаңына айналып, өзінің туристік әлеуетін арттырды. Қалада мәдени және көркемдік іс-шаралар, конференциялар мен форумдар өткізу дәстүрі қалыптасып, халықаралық деңгейде қызығушылық туғызды. Сонымен қатар, қаладағы инфрақұрылымның жақсаруы, жаңа қонақүйлер мен туристік нысандардың ашылуы туристер үшін қолайлы жағдайлар жасауда маңызды рөл атқарды.

 

Құрылыстың қарқынды дамуы

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек 2024 жылдың 1-2 тоқсанында құрылысы ұзаққа созылған 10 тұрғын үй кешенінің аяқталатынын мәлімдеді. Мысалы, «Араби 2 - Гранитный 2» және «Future home» тұрғын үй кешендерінің құрылысы 2013 жылы басталған болатын. Бұл жобалардың аяқталуы 200-ге жуық отбасы үшін баспана мәселесін шешуге мүмкіндік берді. 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК, Саяжан ҚАЙДАР
09.01.2025

Ұқсас жаңалықтар

СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі - 14.03.2025 137
ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІ ОРНАТЫЛУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 14.03.2025 39
Қазақстанның МХҚКО-ларында қосымша сервис енгізілді
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорацияcы - 14.03.2025 113

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 2162
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 2394
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 17285
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 16007
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 19381