Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің «Nur Otan» партиясымен, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі және «ЕлАна» сайтымен бірлескен дәстүрлі «Ауы ел бесігі» экспедициясы 11-13 қараша аралығында Қарағанды облысының Нұра, Осакаров аудандарына барды. Газеттің меншік иесі «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы мен тілші Ерқазы Сейтқалидың кезекті сапарының басты мақсаты- Ауылдың тыныс-тіршілігі мен ағайынның жай-күйін білу, ауылдың ақжолтай жаңалықтары мен қордаланған өзекті мәселелерін газет бетінде көтере отырып, билік пен халық арасына «көпір» болу екенін алдымен ескертер едік.
Сағынып, Нұра, мен келдім
Нұра ауданы Қарағанды облысындағы үлкен аудандардың бірі. Айналасы Қорғалжын, Жаңаарқа, Ұлытау аудандарымен шекараласып жатқан астықты аудан- Қарағанды қаласының солтүстік батысында, 160 шақырым қашықтықта жатыр. Ал Нұраға қарасты Ахмет ауылы елорданың іргесінде тұр. Мұндай өңірлік ерекшелік егін егіп, мал баққан еңбек адамдарының өз өнімдерін үлкен қалаларға жылдам жеткізіп, жақсы бағаға сатуына қолайлы екені айтпаса да түсінікті жайыт.
Нұра ауданының құрылуы өткен ғасырдың басындағы қоғамдық, тарихи жағдайлармен тығыз байланысып жатыр. Ауданның іргетасын 1903 жылы Украйнадан қоныс аударып келген шаруалар қалаған деседі. 1923-1928 жылдары Ақмола уезінің Нұра болысы аталса, 1928 жылы Қаз КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Нұра ауданы болып құрылған екен. Қазіргі таңда Нұра ауданында 40-қа тарта елді мекенде 40 мыңға жақын халық тұрып жатыр. Басым бөлігі қазақтар болғанымен 37 ұлттың өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатқан көпұлтты аудан есептеледі. Қарағанды облысындағы астықты аудан екендігін жоғарыда тілге тиек еттік. Биыл Нұра ауданында жалпы көлемі 275 мың гектар жерге тұқым себіліпті. Бұдан бөлек мал басы да жыл сайын артып келеді екен. Ауыл шаруашылығы саласында 55 заңды тұлға, 655 қожалық жұмыс істеп жатыпты.
Біз Нұра кентіне түстен бұрын жеттік. Алдымыздан аудан әкімінің орынбасары Мешітбай Қайыржанұлы мен білім бөлімінің басшысы Салтанат Аққошқарқызы бастаған топ күтіп алды. Сенбі күні болғандықтан Нұра кентінде жәрмеңке өтіп жатыр екен. Біз мұндағы сапарымызды балаларды сан салалы өнерге баулып жатқан Өнер мектебінің жұмысымен танысудан бастадық.
– «Нұра ауданы білім бөлімініне қарасты «Балалар өнер мектебі» КМҚК ғимараты 1972 жылы салынды. 2018 жылы Республикалық коммуналдық меншіктен аудандық коммуналдық меншікке тапсырылып, ғимарат өнер мектебіне берілді. 2019 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 41 млн теңге қаражат бөлініп, күрделі жөндеуден өткізілді. Өнер мектебінде фортепиано, домбыра, флейта, эстрадалық вокал, хореография, бейнелеу өнері, балалар және театр сыныптары бойынша 185 оқушы білім алып жатыр. Оқушылармыз облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Мұнда келушілердің арасында оқуларын жалғастыруға шешім қабылдаған оқушылар бар. Олар мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп – интернатта, ұлттық өнер университетінде домбыра, флейта, халық әні бөлімдерінде оқып жатыр. Түлектеріміздің арасында Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген түлектер бар. Қазіргі уақытта Қарағанды филормониясында, Алматы қаласындағы өнер колледжінде жұмыс істейді» – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Салтанат Аққошқарқызы.
Нұра кентіндегі келесі бір әдемі орын – аудандық музей екен. Бұл нысан шағын болғанымен көрген жанды өзіне тартадыч. Мұнда аудан тарихынан сыр шертетін тарихи суреттер, көне жәдігерлер, өңірден шыққан тарихи тұлғалар мен ауданның жалпы жағдайынан дерек беретін көптеген құнды экспонаттар қойылыпты. Мұнда тұрған Сәкен Сейфуллин мен Гүлбаһрамның суреттері көзімізге оттай басылды. Қазақтың дара тұлғасы Сәкен сері алғашқы еңбек жолын осы Нұра жерінде бастағаны белгілі. Ол Гүлбаһрамды да осы Нұрада жолықтырған деседі. Суреттерге қарап тұрып Сәкеннің Нұра туралы өлеңі еске түсті.
«Сағынып, Нұра, мен келдім,
Бұрынғы иең – байғұстың.
Айрылған сенен көп елдің
Жатырсың көрмей қайғысын.
Мекен болдың бір уақыт
Көшіп жүрген қазаққа.
Айырылып сенен бей бақыт
Сорлылар қалды мазаққа...» – деп жырлаған болатын Сәкен сері. Өлеңде өз жерінде отырып өгейдің күйін кешкен халықтың тағдыры жатқандай еді...
Музейден шыққан соң М.Жұмабаев атындағы №2 мектепке келдік. Бұнда білім беріп жатқан ұстаздар қауымымен шағын құрамда кездесу болды. Экспедиция басшысы Сәуле Мешітбайқызы мектеп десе ішкен асын жерге қоятын адам. Өзі де ұзақ жыл ағарту саласында қызмет еткен. Сондықтан мұндай кездесулерде мұғалімдермен өтетін әңгімелердің көрігі қызатыны бар.
Қаладан қалыспайтын ауыл
Біздің келесі бағытымыз Нұра ауданының Шахтер ауылы болды. Осы аралықта сәл шегініс жасап, оқырмандарымызға мына бір жайды аңғарта кетуді жөн көрдік. Әдетте «ауылдар иен қалып жатыр, ауылда шаруашылықпен шұғылдануға жер жетпейді, ауылдағыларға лайықты несие берілмейді, ауыз су жоқ, жол жоқ, жарық жоқ....» деп шұбырып кете беретін «жеті жоқ» – баршамыздың құлағымызды жауыр қылғаны белгілі. Ал көркейген ауылдардың бар екенін, онда қайнаған тіршілік пен шаңырағына құт қонған бақытты отбасылар өмір кешіп жатқандығы туралы көп айтылып, дәріптеле бермейтіні өкінішті. Біз кезекті сапарымызда осы жағын алдымен ескердік. Оған себеп те жоқ емес. Егемендіктің 30 жылдығына орай белгілі ақын Мұратхан Шоқан басқаратын «Тұлға-достық» қоғамдық қоры «Үздік 30 ауыл» республикалық жобасын жүзеге асырған болатын. Яғни әр аймақтағы жақсы дамып келе жатқан ауылдарды анықтап, өзгелерге үлгі-өнеге ету, ауылын көркейтуге үлес қосып жүрген азаматтарды дәріптеп, жастардың назарын ауылға бұруды мақсат еткен. Осы іріктеуде, Қарағанды облысынан Нұра ауданына қарасты Шахтер ауылы мен Қайнар ауылы, Жаңаарқа ауданынан Ералиев ауылы айырықша көзге түсіп, «Үздік ауыл» мәртебесіне ие болған еді. Біздің Нұраға келгендегі бір мақсатымыз осы ауылдарды көзбен көру болатын.
Нұраға жақын орналасқан Шахтер ауылына да жеттік. Бізді қарсы алған ауыл әкімі – Смағұлова Гүлзат Өмірзаққызы ауылдың жай-күйін айта жүріп, керемет кешендерді аралатып шықты.
«Шахтер ауылы Нұрадағы негізгі елді мекендердің бірі. Ірге тасы 1954 жылы қаланған, тың игеру жылдары егіс алқаптары молынан ашылған Шахтер ауылдық округінде қазіргі таңда халық саны 1010 адам тұрады. Соның ішінде басым бөлігі қазақтар мен орыстар. Бұдан бөлек 11 ұлттың өкілі мекендейді. Экономикалық белсенді тұрғындар саны– 561 адам, оның ішінде: Білім саласында – 86; Денсаулық сақтау саласында – 6; Мемлекеттік қызметте – 4; Жеке кәсіпкерлер саны – 17 адам; Шаруа қожалықтарында – 249; Басқа – 36»- деді Гүлзат Өмірзаққызы. 333 отбасыдан құрлған ауылдың бет-бейнесі өте жақсы екен. Шахтер мен Нұра кентін жалғайтын күре жолдың жасалып жатқандығын жол бойында көрген едік. Ауылдың инфақұрылымы дамыған, көшелері түгелімен асфальтталып, жол жиегіне электр шамдары қойылыпты. Бізді таңғалдырғаны ауылдағы «Нұра» спорт кешені мен «Шахтер» спорт кешені болды.
«Нұра» кешенін «Шахтерское» серіктестігі 2016 жылы өз қаражаты есебінен 238 млн. теңге жұмсап салып шығыпты. Спорт кешенінде 25 метрлік хауыз (бассейн), кардиобөлме, дәрігерлік бөлмелері орналасқан. Спорт кешенінде 4 жұмыскер қызмет етеді. Аусымда 18 адам. Ал келесі бір әдемі құрылыс- 2017 жылы мемлекеттік жеке серіктестікпен қоса салынған «Шахтер» денешынықтыру сауықтыру кешені екен. «Бұл нысанның салынуына жергілікті кәсіпкер 100 млн теңгесін атаған. Аталмыш кешенде жұмыскерлер саны 18 адам. 160 тартылмалы отыратын орындықтар орналасқан. Спорт кешенінде облыстық, аудандық, аймақтық сайыстар өткізіледі»- деді ауыл әкімі.
Шахтер ауылында қазір Қ.Шайменов атындағы жалпы білім беру мектебі жұмыс істейді. Бұдан бөлек «Ыстық нан» шағын наубайханасы, «Нұра» спорт кешені (жүзу бассейіні бар) «Шахтер» спорт кешені, «Бәйтерек» шағынмаркеті, Мәдениет секілді ауылға әр беріп тұрған нысандарды көрдік. Ал 2020 жылы 170 млн.теңге сомасына салынған Дәрігерлік амбулатория, бір ауысымда 20 адамды қабылдай алады екен. «Ауылдың дәл орталығында екі қабатты Мәдениет үйі орналасқан, онда тұрғындар бос уақытын кітап оқу үшін өткізе алады, себебі екінші қабатта ауылдық кітапхана орналасқан. Сондай-ақ мәдениет үйінде би үйірмелері өткізіледі. Құрамында 27 адам бар үрмелі оркестр бар. 2008 жылы үрмелі оркестр «Тұлға» халықаралық байқауында бас жүлдені жеңіп алды. 2017 жылы Республикалық «Жетістік шыңы» байқауында бірінші орын алды» – дейді ауыл әкімі жетістіктерін жасырмай. Атақты Сырбай Мәуленовтің «Суы осы Нұраның» дейтін өлеңі бар. 1950 жылдардың ортасында жазылған өлеңде ауылдағы үйге тартылған ауыз су құбыры арқау болған сияқты.
«Орнынан тез ол тұрып,
Деді: – «Шырақ, бұл ағаң.
Өз үйінде отырып,
Су ішеді Нұрадан» – дейтін еді ақын. Сол кездің өзінде жақсы дами бастаған Нұраның ауылдарының ендігіде бұлай болмасқа қақысы да жоқ секілді.
Атымтай Жомарт неміс бауыр!
Осы арада ауылдың Атымтай Жомарты – туған елінен іргесін бөлмей отырған неміс ұлтының өкілі Георгий Георгиевич Прокоп мырзаны айрықша атап өткен жөн секілді. Кіндік қаны Нұра (бұрынғы Киевка) кентінде тамған Георгий Георгиевичтің мамандығы шаруашылығының инженер-механигі екен. 1973 жылы Целиноград облысы, Вишневский ауданы «Вячеславский» кеңшарында МТШ-нің меңгерушісі болып еңбек жолын бастаған Георгий мырза кеңшарларда инженер болып қызмет еткен. Бұл туралы кеңінен баяндап шыққан Гүлзат Өмірзаққызының Георгий ағамыздың жомарттығын алдымен еке алды.
«Ол – Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, ҚХА-ның мүшесі, «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалының саяси кеңесінің мүшесі, Нұра ауданының Құрметті азаматы. Отыз жылдан астам уақытын «Шахтер» кеңшары, кейіннен «Шахтерское» ЖШС-нің өсіп-өркендеуіне арнады, 1986 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін аталмыш серіктестігінің директоры болып қызмет атқаруда. Оның озық тәжірибесі тек қана Нұра ауданында ғана емес, облысқа және республикаға танымал. Негізгі бағыты - астық шаруашылығы. Соңғы 20 жыл ішінде дәнді дақылдардың өнімділігі гектарынан 15-18 ц/га, ал аудан бойынша орташа көрсеткіш 8 ц/га. Әрине бұл қазіргі заманғы озық технологияларды қолданудың нәтижесі. Жермен жұмыс жасауда үнемі ізденісте болып, жаңа тәсілдерді: ылғал ресурстарын сақтау, нольдік технологиялар игеруді алғашқы болып қолданысқа енгізді. Шаруашылық биыл да облыс бойынша егіншілік жүргізуден сандық технология бойынша пилоттық жоба құрамына еніп, осы бағытта жұмыстар жүргізуде. «Шахтерское» шаруашылығына 2003 жылы элиталық тұқым өндіруші шаруашылық мәртебесі берілген. Шаруашылық техниканы үнемі жаңартып отырады. Бүгінде 100% жоғары өнімді озық шетелдік техникалармен қамтамасыз етілген. 2016 жылдан бастап картоп егумен айналысады. 8 мың тонналық картоп сақтау қоймасын салды, техника паркін жаңарты. 2019 жылы екінші 12 мың тонналық картоп сақтау қоймасы салынып жатыр. Ол ауылдың инфақұрылым, әлеуметтік салалардың дамуы мен этносаралық қатынасты дамытуға көп көңіл бөледі. Нұра ауданының әлеуетті меценаты және демеушісі. Ауылда лайықты еңбекшіл ұрпақ тәрбиелеуге де көп күш-жігер жұмсауда. Ауылдағы мәдениет үйінің ғимаратын аудандық мәдениет бөлімінің балансына берді. Жас мамандарды ауылға тарту үшін шаруашылық қаражаты есебінен тұрғын үйлер салынуда. Салауатты өмір салтын насихаттауға және ауыл тұрғындарына дене шынықтырумен шұғылдануға жебейтін жалпы құны бірнеше жүз миллион теңгені құрайтын спорт кешендерін салып берді. Ағымдағы жылы «Нұра ауданының 90 жылдығына – 90 игі іс шара» акциясы аясында шаруашылық басшылығы ауыл әкімдігіне жөнделген ғимаратты сыйға тартты. Бүгінгі күні орталық алаңына толық реконстркуция жасалды. Депутат аудан ауылдарының тұрмыстық жағдайының көркеюіне көп көңіл бөледі. Барлық ауыл көшелеріне асфальт төселіп және көше шамдарымен жарықтандырылған, металл қоршаулар қойылған. Арзан бағамен жем-шөпті ауыл тұрғындарына ғана емес аудан тұрғындарына да береді» – дейді Гүлзат Смағұлова ханым.
Абылай аспас арқаның Сары белі
Экспедициямыз 13 қараша күні ат басын Осакаров ауданына бұрды. Өлкетанушылар атақты Иманжүсіптің «Абылай аспас арқаның сары белі» деп әнге қосқан Сары белі осы ауданда орналасқан дейді. Ендеше аудан атауын өзгертуге тура келсе «Шеткібұлақ» атауымен қоса «Сары бел» деген атау да безбенге түсер деп ойладық ішімізден...
52 елді мекеннен құралған ауданда 9 тірек ауыл, 12 спутниктік ауыл бар екен. Осакаров ауданы да астығымен әйгілі болған мекендердің бірі. Мұнда алдымыздан шыққан аудан әкімінің орынбасары Алма Шалабаева бізді алдымен Осакаров кентіндегі №1 тірек орта мектебіне бастады. Оқушыларға сапалы білім беріп келе жатқан бұл мектептің жай-жапасаырмен танысып болғасын, ұстаздармен кездесу өткіздік. Сахна төрін екөтерілген Сәуле Мешітбайқызы оқу-ағарту саласындағы көпшілікті толғандырып отырған біраз мәселелерды ортаға тастап, өз ойларымен бөлісті. Мұның артынан ұстаздар тарапынан да сұраулар беріліп, біраз әңгіменің басын қайырдық.
Біздің келесі барған жеріміз Осакаров ауданы білім бөліміне қарасты «Жастар» балалар-жасөспірімдер орталығы КМҚК болды. Орталықтың директоры Ғалия Нұрсұлтан өскелең ұрпақты өнер мен ғылымға баулып отырған орталықтың жұмысымен жан-жақтылы таныстырып өтті. Көрген жанның көңілінен шығатындай орталық туралы аладғы нөмерлерімізде кеңінен тоқталуды жөн көрдік.
Бізге серік болып жүрген Алия Қабыкенқызы ауданның жалпы жағдайымен таныстырып шықты. 30 мыңнан сәл ғана асатын аудан тұрғындарының 44 пайызын қазақтар, 33 пайызын орыс ұлтының өкілдері құрайды екен. Қарағанды мен елорданың ортасында жатқан бұл ауданның басты ерекшелігі – күре жолдың бойында орналасқандығы еді. Кенттен темір жол да өтіп жатыр. Мұнда 660 мың гектардан астам алқап ауыл шаруашылығына пайдаланылады екен.
«Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында 2 жыл ішінде 5 ауылдық елді мекенде 13 жобаны іске асыруға 3 млрд.теңгеден астам қаражат бөлінді» – дейді Алма Шалабаева ханым. Оның ішінде 4 білім беру нысаны, 1 спорт кешені, 1 мәдениет үйі, жолдар бойынша 6 жоба және су құбыры желілерін қайта құру бойынша 1 жоба жүзеге асырылған екен.
«Аталған бағдарлама аясында Осакаровка кентіндегі «Жастар» балалар-жасөспірімдер орталығының ғимараты мен Трудовое ауылындағы орта мектептің ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Бұдан басқа, Есіл ауылының 25 км су құбыры желілері 509 млн.теңгеге қайта жаңартылды. Сондай-ақ Осакаровка кентінің 54 көшесінің жолдарын орташа жөндеу бойынша жалпы сомасы 715 млн.теңгеге 3 жоба іске асырылды. 2020 жылы 28 шақырым кентішілік жолдар жөнделді. Осылайша, жолдар жағдайының көрсеткіші 43 пайыздан 97 пайызға дейін өсті. Жалпы, жобалар бойынша барлық жұмыстар сапалы және мерзімінде жүргізілді. Ал 2021 жыл «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасы аясында 2 елді мекенде (Молодежный кенті, Ақбұлақ ауылы) 1 млрд.326 млн. теңге сомасына 7 жоба іске асырылуда. 7 жобаның төртеуі 2022 жылға өтпелі (2 мектеп, спорт кешені және КДО)» – дейді Алма Қабыкенқызы. Аудан ішінің жолдары шынымен де жаңартылған екен. Ал бұл игі бастаманы ауылдардың барлығына жалпыластырыу жоспарда бар деді Алма ханым. Ауданның басшылық қызметінде талай жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Алма Қабыкенқызының арманы да көп сияқты.
«Бізде туризмге сұранып тұрған тамаша жерлер бар. Әттең солардың жарнамасы жетпей жатқан сияқты. Бір жағынан ондай болашағы зор демалыс аймақтаырына әкімшілік деңгейде көңіл бөлуіміз, инвестиция тартып, оны дамытуымыз керек. Сонан соң біздің ауданға көшіп келемін деушілерге қашанда құшағымыз ашық. Бізде мүмкіндіктер өте мол. Үлкен жолдардың бойында орналасқандықтан адамдар Нұр-Сұлтанға да Қарағандыға да барып жұмыс істей алады. Өздері өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерін де жақсылап сатуына қолайлы нарық бар» – дейді Алма Шалабаева.
Осылайша Сары белдегі сапардың да соңына жеттік. Ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтарды талай жаңалықтарды көрдік. Елдің руханияты мен ынтымағына үнсіз қызмет етіп жүрген абзал жандармен де танысып, сұхбаттасып қайттық. Солардың бірі Қарағанды қаласындағы Ақыт қажы мешітінің имамы Жанарбек Мамбар есімді азамат еді. Жанарбек имам былтыр Ақыт қажы Үлімжіұлының Қытайда жинақталып басылған (төте жазумен) төрт томдығының алғашқы екі томын баспадан шығарыпты. Бұл атақты ғұлама, ақын, ағартушы Ақты қажы мұраларының Қазақстанда басылған кемелді нұсқаларының бірегейі еді. Біз бұл туралы сұхбатымызды алдағы нқмерлерімізде жариялайтын боламыз.
Жасырып керегі не? Еліміздің әр аймағында болашағы жоқ ауылдар көп. Дегенмен біз аралап қайтқан екі аудандағы халықтың тұрмыс-тіршілігі тұралап тұр деуге келмейтін еді. Әрине, күйреуге де дамуға да себеп көп. Тек мемлекеттік деңгейдегі жобалардың еліміздің әр түкпіріндегі елді мекендердің барлығын қамтуға шамасы келмейтіні қынжылтатыны бар. Ел аман, жұрт тыныш болса солардың бәрі де түзелер деген үміттеміз.