ОЙЫЛ КӨЗДІҢ ЖАСЫ ЕДІ...
...Сонау XIV ғасырда ғұмыр кешкен Асан Қайғының:
«Ойыл деген ойынды,
Отын тапсаң, тойынды.
Ойыл көздің жасы еді...» деп жырлаған өңір бұл. Ақ тарының атасы атанған әйгілі Шығанақ Берсиевтің отаны ғой бұл Ойыл. Биыл көктемде бірнеше ауылы суға кетіп, тұрғындары баспанасы мен малынан, жиған-тергенінен айырылып, басына іс түскен Ойыл ғой бұл.
Сол кезде ойылдықтардың көз жасы қамыққаннан, қиындықтан төгілсе, бүгінде барынан айырылып, бірнеше ай бойы баспанасыз жүріп шаршаған тұрғындар жаңа үйге қол жеткізіп, қоныс тойын тойлап, қуаныштан көз жастарына ерік беруде. Біздің экспедиция аудан тұрғындарының сол қуанышына куә болды.
Сәуле Мешітбайқызы Ойыл ауданы әкімі Асқар Қазыбаевпен кездесуінде «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясының мән-маңызы туралы айта келе, еліміздегі маңызды саяси, әлеуметтік мәселелерге тоқталды.
– Бірнеше министрлік пен «Аманат» партиясы және біздің газетіміздің бірлескен «Ауыл аманаты – ел аманаты» атты экспедициямыз еліміздің барлық өңіріне барады. Халықпен кездесіп, өңірлерде атқарылып жатқан істермен танысып, газетімізде жариялаймыз. Жалпы, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінде еліміздегі маңызды мәселелер төңірегінде өз позициямызды ұдайы көрсетіп отырамыз. Мәселен газетімізде Премьер-министрдің кеңесшісі, қоғам қайраткері, мемлекетшіл тұлға Ералы Тоғжановпен «Ауыл мәселесін сөзбен емес, іспен шешетін кез келді» тақырыбындағы сұхбаты жарияланды. Сонымен бірге қоғамда түрлі пікірталас тудырған АЭС салуға қатысты өз позициямызды білдірдік. Біздің серіктестік құрамында халықаралық газетпен бірге республикалық балалар журналы және ақпараттық сайтымыз бар, – деді Сәуле Мешітбайқызы.
Аудандағы мекемелер басшылары, білім, денсаулық, мәдениет, басқа да салаларда еңбек ететін қызметкерлер, жастар, жалпы ауыл тұрғындарымен кездесу де өте мазмұнды өтті. Тағылымды кездесуді аудан әкімі Асқар Қазыбаев жүргізді.
– Ұлы Жібек жолындағы Көкжар жәрмеңкесі орналасқан киелі Ойыл өңіріне қош келдіңіз. Облыс орталығынан шалғай жатқан Ойылға халықпен тілдесемін, ауданда атқарылып жатқан істермен танысамын деп арнайы келгеніңізге алғысымызды білдіреміз. Ойылда бүгінде көптеген іргелі істер атқарылып жатыр. Соның ішінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген несие алып, кәсіп бастағандар бар. Бүгінде олар өз кәсібінің нәсібін көріп отыр. Бүгін осы жерге жиналған аудан тұрғындары өзіңізбен келелі сұхбат жүргізіп, өздерінің сұрақтарына жауап алады деген үміттемін, – деді Асқар Қазыбаев.
Сәуле Мешітбайқызы сөз алмас бұрын ойылдық оқырманға өзі басқарып отырған басылымдар туралы шағын бейнеролик ұсынды. Онда шығып келе жатқанына 30 жылдан асқан «Qazaqstan dauiri» газеті туралы айтылды. Кезінде бауырлас Түркия елінің бастамасымен отандық БАҚ салсына енген басылым алғашында «ZAMAN Қазақстан» атауымен жарық көрген-ді. Бүгінде он мың таралыммен жарық көріп отырған басылым халықтың тыныс-тіршілігін, мұң-мұқтажын тынбай жазды, қалың оқырманның сырласына айналды.
– Бұл сапарымда негізінен ауылдық жерлерде «Ауыл аманаты» аясында атқарылып жатқан істермен танысу үшін келдім. «Ауыл аманатының» аясына не кіреді? Ол тек кәсіп ашып, мал өсіру ғана емес. Ауыл аманаты дегеніміз – ел аманаты, ұрпақ аманаты. Мен бармаған ауыл, мен бармаған елді мекен жоқ. Ауыл – ел болашағы. Болашағы жоқ ауыл деген сөзді естігенде жүрегім ауырады. Алғаш бастағанда 7,5 мың ауыл бар еді, қазір 6780 ауыл қалды. Ауыл жойылып бара жатыр. Ауыл жойылды деген сөз – қазақ жойылды деген сөз. Себебі біздің түп тамырымыз, қазынамыз берекеміз – ауылда. Президентіміз өзінің бірінші сайлауалды бағдарламасында ауыл туралы айтып, ұлықтау рәсімінен кейін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қойғаны, осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырғаны белгілі. Бүгінде Үкімет «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асырып жатыр. Жақында газетімізде Премьер-министрдің кеңесшісі, қоғам қайраткері, мемлекетшіл тұлға Ералы Тоғжановпен «Ауыл мәселесін сөзбен емес, іспен шешетін кез келді» тақырыбындағы сұхбаты жарияланды. Шынында, ауыл мәселесін сөзбен емес, іспен шешетін уақыт келді, – деді Сәуле Мешітбайқызы.
Өз сөзінде ардагер журналист ұлттық қауіпсіздік, ұлттық құндылықтар, отбасы тәрбиесі, ұрпақ тәрбиесі туралы да сөз қозғады. Білім саласында атқарылып жатқан істер туралы да сөз болды.
– Үкімет ауылды көтеру үшін көп шаруа тындырып жатыр. Қолдайық. Ақтөбеде «Ауыл аманаты» бағдарламасы жақсы жүзеге асырылып жатыр екен. Күні кеше облыс әкімі Асхат Шахаровтың қабылдауында болдым. Облыс аудандарында атқарылып жатқан істер туралы мол мағлұмат алдым. Мәртөк ауданында болдым, өз ісімен, жасап жатқан кәсібімен тұтас ауылға үлгі болатын азаматтармен таныстым. Көп облыстар әлі ұйықтап жатыр, еңбек еткісі келмейді. «Ауыл аманаты» деген керемет бағдарлама ғой: 2,5 пайызбен несие кім береді қазір? Осы бағдарламаның мүмкіндіктерін ауыл халқы пайдалануы керек. ХХІ ғасырдың ауылын жасауымыз керек, – деді С.Мешітбайқызы.
Биыл көктемде Ойылда алапат су тасқыны болып, тұрғындар баспанасынан, мал-мүлкінен айырылған еді. Бүгінде ел болып жұмылғанның арқасында ойылдықтар жаңа баспанаға ие болып жатыр.
С.Мешітбайқызы сондай қиын жағдайда басылым ұжымы үш күндік жалақысын суға кеткен тұрғындарға көмек ретінде аударғанын, елмен бірге болғанын тілге тиек етті.
– Ерліктеріңізді көрсеттіңіздер. Сондай қиын шақтан сабырмен өтіп, бүгінгі еңсе көтерген кездеріңізді көргім келді. Сіздерге жасалып жатқан игіліктерді көрсем деп келдім, – деді С.Мешітбайқызы.
Кездесуде сөз алған Ойыл аудандық аурухананың бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев өңірдегі медицина жайында, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы келіп жатқан жас мамандар жөнінде сөз қозғады. Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Абат Мүбараков ауданда аталған салада атқарылып жатқан істерге тоқталды.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы өңірде 2022 жылдың күзінде басталған болатын. Аталған бағдарлама аясында Ойыл ауданында өткен жылы 131 адам жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін қолға алды. Биыл 85 адам несие алды. Тұрғындар былтыр негізінен құс шаруашылығы, бау-бақша, шағын несие кәсіпкерлік жобалары бойынша кәсіп ашса, биыл негізінен мал шаруашылығын қолға алып жатыр. Ауданда жаңадан ашылған жобалар бар. Мәселен, кілем жуу орталығы. Бұрын ондайды тек облыс орталығынан ғана көретін едік, енді міне ауданнан ашылды. Сонымен бірге шағын ет, сүт өнімдерін әзірлейтін кәсіп ашқандар бар. «Ауыл аманаты» бойынша кез келген адам өз идеясын кәсіпке айналдыра алады. Кәсіп ашуға 2,5 пайызбен несие алу өте тиімді. Сондықтан бұған қызығушылық танытқан тұрғындар өте көп болды. Қазір де өз жобаларын қорғап жатқан тұрғындарымыз бар, – деді Абат Мүбараков.
Кездесуге Ойыл ауданындағы білім саласы қызметкерлері де қатысты. Ойыл селосындағы мектептердің директорлары Роза Ұлықпанова, Маржан Жонисовалар сөз алып, «Qazaqstan dauiri» газетінің өзіндік ерекшеліктері жайлы айтып, алғысын білдірді, газет ұжымына шығармашылық табыс тіледі.
– Бүгінгі жиынға білім саласындағы аға буын ұстаздармен қатар жас мамандар да қатысып отыр. Сіз өз сөзіңізде ұрпақ тәрбиесі туралы жақсы пікірлер айттыңыз. Ұрпақ тәрбиесі – қоғам, ұлт тәрбиесі. Сіздің бір мамандығыңыз ұстаз екендігін естіп қуанып отырмыз. Бүгінгі ұстазға көп жауапкершілік жүктелген. Осы ретте жас мамандарға сөзі салмақты, айтары бар газет-журналдарды оқу керектігін ұдайы айтып отырамыз. Сіз басқарып отырған «Мөлдір бұлақ» журналына балаларымыздың шығармаларын жолдап, өзіміз де тұрақты байланыс орнататын боламыз, – десті ұстаздар.
Сәуле Мешітбайқызы өзі басқарып отырған басылымның орны мен рөлі, елдегі жағдай туралы әңгімеледі.
– Менің негізгі мақсатым – ізгілікті, жақсылықты жазу арқылы халықтың рухани кемелденуіне үлес қосу, жақсы мен жаманды айта келіп, дұрыс бағыт-бағдар беру. Ол менің аналық, перзенттік парызым. Ел боламын деген ел руханиятына шектеу қоймайды. Қазір қоғамда газет-журналдарға жазылмаймыз деген пікірді айтатындар бар. Бұл дұрыс емес. Болашағын ойлаған әрбір азамат газет-журналдарға жазылу керек, оқу керек. Баспасөз – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Бұл өте үлкен жауапкершілік. Осы жауапкершілікті абыроймен атқару – біздің міндетіміз. Жастардың шығармашылық қабілеттері, қасиеттері осы газет-журналдарымыз арқылы қалыптасады, дамиды. Халықтың рухын көтеруде басылымдардың орны ерекше, – дей келіп, Сәуле Мешітбайқызы «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ерекшеліктеріне тоқталып, халықты газет-журналдарға жазылуға шақырды.
Жиын соңында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тауанов сөз алып, өңірдегі шалғай ауылдарға тұрғындармен кездесуге арнайы келген Сәуле Мешітбайқызына алғысын білдірді.
Биыл көктемде су тасқыны салдарынан Ойылда бірнеше ауыл тұрғындары баспанасынан, мал-мүлкінен айырылған еді. Бүгінде қазақтың бірлігінің арқасында ойылдықтар жаңа баспанаға ие болып жатыр.
«Ойыл аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Ұлмекен Төлеушеваның айтуынша, асқын судан зардап шеккен тұрғындарға жаңа тұрғын үй салу мақсатында «Ақтөбе – Қамқор 2024» қоғамдық қорынан 5 млрд теңге шамасында барлығы 172 жаңа тұрғын үй, оның ішінде Ойыл селосынан 21 тұрғын үй, Қаратал ауылынан 126 тұрғын үй, Ақкемер ауылынан 16 тұрғын үй, Ақжар ауылынан 5 тұрғын үй Бестамақ ауылынан 2 тұрғын үй және Кемер ауылынан 2 тұрғын үй салынып, халық игілігіне пайдалануға берілді.
– Осы тасқын судан зардап шеккен Ойыл және Ақкемер ауылдарындағы жаңадан салынған тұрғын үйлер аумағына инфрақұрылым тарту мақсатында бюджеттен 546,5 миллион теңгеге Ойыл ауылының 3 көшесі мен Ақкемер ауылының 2 көшесі жаяу жүргіншілер жолдарымен қоса асфальтталып, қазіргі таңда аяқталу сатысында.
Ойыл ауылында 320 орындық жаңа мектеп құрылысы мен 150 орындық жаңа балабақша құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары Ақтөбе облыстық білім басқармасының тапсырысы негізінде жүргізіліп жатыр.
Сонымен бірге Шығанақ Берсиев ауылдық округінің орталығы Қаратал ауылында жаңа балабақшаның құрылысы қарқынды. Жауапты мердігер мекеме – «АТМ Холдинг» ЖШС жұмыстарға 22 адамды жұмылдырған. Жалпы аумағы 880 шаршы метр болатын 60 орындық жаңа балабақша құрылысы салынып жатыр, – деді Үлмекен Төлеушева.
Сәуле Мешітбайқызы Ойылда жаңадан салынып, баспаналары суға кеткен тұрғындарға берілген жаңа үйлерге барды. Аудан әкімінің айтуынша, бүгінде үйсіз қалғандардың барлығы баспаналы болған. Сәуле Мешітбайқызы Ойыл ауданы орталығында су тасқыны кезінде зардап шеккен Ақерке Кенженқызының үйіне кіріп шықты.
– Отбасында бес адамбыз – жолдасым және үш баламыз бар. Жолдасым орман шаруашылығында еңбек етеді. Үйіміз суға кетіп, міне, төрт бөлмелі жаңа үйге қоныстанып отырмыз. Үй көңілімізден шықты, қуаныштымыз. Екпетал ауылымыз суға түгел кетті, үйіміз тұруға жарамсыз болып қалды. Сондықтан осы Ойыл селосына көшіп келдік. Екпетал ауылындағы тұрғын үйдің барлығы су астында қалды. Бүгінде барлығы да баспаналы болды. Жаңадан алғаны бар, дайын үйді сатып алғаны бар. Мемлекет тарапынан бізге осындай қолдау көрсетіліп, оны облыс, аудан басшылары қолдап жатыр. Үй алғанша осындағы колледждің жатақханасын паналадық. Облыс әкімі Асхат Шахаровқа да айтар алғысымыз шексіз. Бірнеше рет ауданымызға арнайы келіп, халықпен кездесіп, қасымыздан табылды. Енді мұндай жағдай елімізде қайталанбасын, – деді Ақерке Кенженқызы.
Сәуле Мешітбайқызы Ойыл ауылында салынып жатқан 320 орындық жаңа мектеп құрылысы мен 150 орындық жаңа балабақша құрылысын да барып көрді.
Көктемде Екпетал ауылы суға кеткенде тұрғын үйлермен бірге мектеп те жарамсыз болып қалған еді. Бұл мектепті «Интерстиль» деген мердігер компания салып жатыр. Шығанақ Берсиев ауылдық округінің орталығы Қаратал ауылында да жаңа балабақшаның құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы Қаратал ауылындағы мектепке италиялық инвесторлар көмек көрсетіпті. Аудан әкімдігінен берілген ақпаратқа сүйенсек, Eni SpA компаниясына тиесілі Plenitude еншілес компаниясы – «Arm Wind» ЖШС су тасқынынан зардап шеккен Ойыл ауданының Қаратал ауылындағы мектепке материалдық қолдау көрсетті.
Атап айтқанда, білім ордасына олар IT-жабдықтарды сатып алып берген. Мұндай инвестиция ауылдағы білім сапасын арттырып қана қоймай, оқушыларды заманауи технологиялармен қамтамасыз етеді.
«Arm Wind» ЖШС бас директоры Федерико Пульезе ілкіде Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровпен кездесіп, мектепті заманауи жабдықтармен қамтығаны туралы айтты.
Федерико Пульезе өз кезегінде ынтымақтастықты жалғастыруға сенім артып, іскерлік қатынастарды нығайту мен бірлескен жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Қаратал ауылында күрделі жөндеуден өткен Ш.Берсиев атындағы орта мектеп 1 қыркүйектен бастап оқушыларды жап-жарық, жаңа мектепте қабылдаған болатын. Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды жүзеге асыратын Eni Plenitude компаниясының еншілес ұйымы болып табылатын «Arm Wind» ЖШС құны 100 млн тұратын оқуға қажетті IT-құрылғыларын 10 қазан күні компания басшысы Федерико Пульезе өз командасымен және облыстық білім басшысы Жайық Сұлтанмен бірге Қаратал ауылына барып ресми табыс етті.
ҚОБДА – БАТЫРЛАР МЕКЕНІНДЕ
Қойнауына құт қонған киелі Қобда өңірі – аты аңызға айналған Қарақыпшақ Қобыландының табаны тиген, мәңгілік байыз тапқан мекен. Азаттықтың сардары атанған қазақтың тағы бір ардақты батыры Исатай Тайманұлы мәңгілік тыныстаған өлке. Осы батырлардың жалғасындай болған Кеңес Одағының батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұловадай батырдың туған жері. Одан бөлек осы ауданда сонау екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында 7 Кеңес Одағы Батыры шыққан. Сондықтан бұл өңір батырлар мекені аталады.
«Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясы осы батырлар мекені – Қобда ауданына да ат басын тіреді.
Сәуле Мешітбайқызымен кездесуге ауыл тұрғындары, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, ұстаздар және жастар келді. Сондай-ақ басқосуға Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тауанов, Қобда ауданы әкімінің орынбасары Ризагүл Омарова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Қабылов қатысты. Кездесудің басты мақсаты – еліміздің әр ауданын аралап, аймақ тұрғындарымен кездесу, өңірдегі өзекті мәселелерді анықтап, оны тиісті мекемелерге жеткізу.
Кездесу барысында С. Мешітбаева өзінің өмірбаяны мен еңбек жолы туралы айтып, тұрғындармен ашық диалог құрды. Ол 17 облысты жылына екі мәрте аралауды әдетке айналдырғанын тілге тиек етті:
– Қасиетті Әлия Молдағұлова туған батырлар өлкесіне сапарлатып келгеніме қуаныштымын. Қазақстанда 193 аудан мен 7000-нан аса ауыл бар. Соның барлығын аралап келемін. Ондағы мақсатым – ел ішіндегі мәселелерді көзбен көріп, оны билік басына жеткізу. Біздер халық пен билік арасындағы көпірміз. Зейнетте болсам да елдің мұң-мұқтажын естіп, шынайы хабардар болғым келеді. Бұрын 7500-нан аса ауыл болса, қазір 500-ден аса ауыл жойылып кетті. Кешегі су тасқыны кезінде де атауы жойылған ауылдар бар. Мейлінше ауылдардан адамдардың көшуін азайтып, жағдай жасалуы керек, – деді С. Мешітбайқызы.
Өз сөзінде Сәуле Мешітбайқызы қазақ өркениеті, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тіл және өзге де ұлттық, отбасылық құндылықтар, жас ұрпақ тәрбиесі туралы кеңінен айтты.
– Мені алаңдататын ең бірінші мәселе – ұрпақ тәрбиесі. Жастарымыз бүгінде әлеуметтік желіге байланып, санасы уланып жатыр. Оны пайдалы мақсатта қолданып үйрену қажет, – деп жастарға насихат сөзін айтқан С.Мешітбайқызы қоғамдағы орын алып жатқан жайттарға тоқталып, ұлт, ұрпақ тәрбиесі туралы салмақты сөз сабақтап, емен-жарқын әңгімелесті.
Жиынға қатысушылар Сәуле Мешітбайқызына тақырыпқа сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірлерін айтты.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Ризагүл Омарова мен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Сағынтайұлы ауданға арнайы келген қоғам қайраткері, Ел анасы Сәуле Мешітбайқызына әсерлі әңгімелері үшін аудан тұрғындарының атынан алғыс білдіріп, жиынды қорытындылады.
Бүгінде халықтың жанайқайын билікке жеткізіп, халық арасында «Ел анасы» атанып кеткен ол су тасқыны кезінде баспанасыз қалған тұрғындардың жаңа баспаналарын да аралады.
Қобда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Қабыловтың айтуынша, жалпы есепте Қобда ауданының орталығы – Қобда ауылында 130, Жарық ауылында 17 үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар 8 отбасыға өздерінің қалаулары бойынша екінші деңгейдегі нарықтан үй сатып алып берілген.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қобда ауданында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға қазақстандық кәсіпкер, меценат Болат Өтемұратовтың жеке қорының қаржыландыруымен 147 үйдің құрылысы жүргізілді. Құрылыс жұмыстарына 15 мердігер компания қатысты.
Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Тұрғындар жаңа үйлерінің кілтін алып, сын сағатында қолдау танытқан жергілікті атқарушы органға ризашылықтарын білдірді. Жаңадан бой көтерген тұрғын үй массивіне автомобиль жолы, тротуар салынды. Сондай-ақ тұрғындарға жаңа қоныстарына сый ретінде тұрмыстық техникалар табысталды. Бұдан бөлек су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 100 айлық көрсеткіш көлемінде, яғни 253 отбасыға 369 200 теңгеден жалпы сомасы 93 миллион 407 мың 600 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді, – дейді Арман Қабылов.
Экспедиция мүшелері Қобда ауданында «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысымен де танысты. Қобда ауданында былтыр «Ауыл аманаты» жобасы аясында «Ақтөбе» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на жалпы сомасы 802,958 млн теңгеге 128 жобаның құжаттары тапсырылып, соның ішінде 2 траншпен жалпы сомасы 635, 759 млн теңге игеріліп, 101 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде құс шаруашылығы бойынша – 7 жоба (25,728 млн теңге), орта, шағын бизнес саласында – 18 жоба (126,889 млн теңге) іске асырылып жатыр. Қобдалықтар бау-бақшаның да табысты екеніне көз жеткізіп, бүгінде бір жылыжайлар салып, бақша егіп, жалпы алғанда бұл бағытта 13,989 млн теңгенің төрт жобасын қолға алған. Мал шаруашылығында 469,153 млн тенгенің 72 жобасы іске асырылып жатыр. Арман Қабыловтың айтуынша, үшінші траншпен жалпы сомасы 167,198 млн теңгенің 27 жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Оның ішінде мал шаруашылығы бойынша 16,852 млн теңгенің 6 жобасы мақұлданған. 150,346 млн теңгенің қалған 21 жобасы қаралып жатыр екен, оның 19-ы мал шаруашылығына қатысты болса, екеуі – шағын кәсіп жобасы. Жақында Ақтөбеге іссапармен келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Ақтөбе облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылармен кездескен болатын. Солардың бірі – Қобда ауданының тұрғыны Рәзия Ғалиева. Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 8,5 млн теңге несие қаражатын алып, тігін шеберханасын ашқан. Мемлекеттік қолдау аясында бөлінген қаражатқа ол киім тігіп шығару мүмкіндігін кеңейтетін станок сатып алған. Қазір мұнда 16 адам жұмыс істейді. Олардың жартысы «Күміс жас» бағдарламасымен жұмысқа орналастырылыпты, 1 қызметкер «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында келген.
Жалпы облыста «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға 8,5 млрд теңге бөлінген. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша, жалпы сомасы 6,5 млрд теңге болатын 945 жобаны жүзеге асыру үшін несие берілді. Құны 2 миллиард теңге болатын тағы 294 жоба мақұлданған. Құны 1,5 млрд теңге болатын 205 жоба қарастырылып жатыр. Мақұлданған 294 жобаға несие берілсе, жоспарланған 8,5 млрд теңге қаражат толығымен игерілмек.
P.S. Ақтөбе облысында экспедиция мүшелері Мәртөк ауданына да барып, «Ауыл аманаты» жобасы аясында атқарылып жатқан істермен танысып, осы бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін дөңгелентіп отырған кәсіпкерлермен де кездесті. Бүгінде кәсібінен нәсібін тауып отырған «Ауыл аманатының» қатысушылары туралы газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар.