Қазіргі уақытта Қазақстанның ауылдық жерлерінде тұрғындардың тұрмысы мен әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – «Ауыл аманаты» жобасы, бұл жоба ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған кешенді бағдарлама болып табылады.«Ауыл аманаты» жобасы ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсартуға, ауыл шаруашылығын дамытуға және өзін-өзі жұмыспен қамтуға үлкен ықпал етуде. Аталған жобаның жүзеге асырылуы ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын арттырып, тұрмыс-тіршіліктерін түзеп, жұмыссыздықты азайтуда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Бұл бағдарлама ауылды дамытудың тиімді жолы әрі халықтың әл-ауқатын арттыруда маңызды рөл атқарады.
Ауданымызға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, “ЕлАна” қорының президенті, “Qazaqstan dauiri” газеті мен “Мөлдір бұлақ” журналының Бас редакторы Мешітбаева Сәуле Мешітбайқызы Шу ауданына жұмыс сапарымен келді. Ел алдында “Ел анасы” атанған абыз ананы аудан әкімінің орынбасары Серікхан Қуатұлы әдемі гүл шоқтарымен күтіп алып, өңірге келгеніне ризашылығын білдірді. Сәуле Мешітбайқызы ең алдымен Жаңа жол ауылындағы наубайхананың жұмыс қарқынымен танысты. «МИР» ЖК шағын наубайханасы Алиакперов Мирмахбуб Юсупоглы «Ауыл шаруашылығын» қолдау қоры арқылы 6 пайызбен 5,0 млн. теңге несие алды. Күніне 500 нан, 450 тандыр нан шығарып, ауданның сауда нүктелеріне сатуға шығаруда. Сәуле Мешітбайқызы Мирмахбуб Юсупоглының жұмысына оң бағасын беріп, сәттілік тіледі.
Әрмен қарай, «Шу-2021» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің (АӨК) төрағасы Тәжиев Жапарқұл Тәңірбергенұлы ауылдың арда азаматы ретінде Сәуле Мешітбайқызын қарсы алып, шаңырағынан дәм ауыз тигізіп, өзінің жұмыс барысымен таныстырды.Жалпы «Шу-2021» АӨК кооперативі «Тараз» ӘКК-ден «Ауыл аманаты» бағдарламасының 3 бағыты- ауыл сыртындағы егістік жерді игеру мақсатында 102 млн.теңгеге 11 дана техника сатып алған. 2024 жылдың өніміне 300 гектар жерге масақты дәнді дақылдар, көкөніс (пияз) егіп, жоғары өнім алған.
Сонымен қатар, Жаңажол ауылдық округіндегі мал бордақылау алаңшасында көріп қайтты. Аталған жоба ауыл тұрғындары үшін жұмыс орындарын құрумен қатар, жергілікті шаруашылықтарды қолдауға бағытталған. Сәуле Мешітбайқызы алаңша басшыларымен, қызметкерлерімен және жергілікті шаруалармен кездесу барысында олардың ұсыныстары мен проблемаларын тыңдады.
Сапар барысында Сәуле Мешітбайқызы жергілікті шаруалардың пікірін ескеріп, ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерін талқылады. Кездесу барысында мал азығын дайындау, субсидиялау және ветеринарлық қызмет көрсету секілді мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, ауыл әкімі Дархан Бұхарбайұлына “философ ауыл әкімі” деген ат қойып, сөз мәнерімен тыңғылықты ісіне тәнті болды. Жалпы, ауыл әкімдерімен сұхбат барысында салық мәселесімен тауарлық несие бойынша кеңінен тоқталды. Себебі, бұл аталған кәсіп иесі Дархан Қожаев 2,5% несиемен 4 млн теңге көлемінде кәсібін дөңгелетіп отырғанын және жаңадан бастау алған кәсіпкерлер 3 жылдан кейін барып, салық мөлшерін төлесе деген ұсыныс білдірді.
Сәуле Мешітбайқызы бұл бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы ақпарат беріп, олардың тиімді жүзеге асуын қадағалауға уәде берді. Сонымен қатар, мал шаруашылығын цифрландырудың және жаңа технологияларды енгізудің маңыздылығына тоқталды.
Жаңажол ауылдық округіндегі мал бордақылау алаңшасы – аймақ экономикасын нығайтудағы негізгі нысандардың бірі. Мұндай кәсіпорындар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
Сәуле Мешітбайқызының бұл сапары жергілікті шаруалардың үмітін оятып, ауыл шаруашылығын қолдаудың нақты шараларын жүзеге асыруға ықпал етпек.
Мұнан соң Сәуле Мешітбайқызы көршілес Бірлікүстем ауылдық округіндегі пескоблок цехын аралап, «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылуымен танысты. Бұнда Қошқарбаев Нұрзат Қыдырбайұлы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Сплитерлі блок шығару мақсатында 8,6 млн.теңге несие алып, күніне 600-700 дана сплитерлі кірпіш шығаруда. Сондай-ақ, Бірлікүстем ауылдық округінің әкімі Асқар Бименбетов ауыл әкімдерінің толыққанды басқару жүйесі жөнінде айта өтті.Бұл жерде нақты әлеуметтік саланы ауыл әкімдерінің құзырына беру бойынша және ауыл халқының мұң-мұқтажын толықтырып айтты.
Шу ауданы «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігін айқын көрсететін аймақтардың бірі болып табылады. 2019 жылдан бері Жаңақоғам, Бірлікүстем, Қорағаты, Жаңа жол және Көкқайнар ауылдық округтерінде 715 жоба жүзеге асырылып, жалпы сомасы 4,2 миллиард теңгеге несиеленді. Жоба шеңберінде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, 705 ауыл тұрғыны 3,6 миллиард теңгеге 21 394 бас мал сатып алған. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің өсуіне және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға ықпал етті.
Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 5 адам 34,6 миллион теңге несие алып, өз ісін бастап, ауыл тұрғындарына қосымша жұмыс орындарын ұсынуда. Жобаның нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 81,8%-ға төмендеп, жұмыссыздық деңгейі азайған.
«Ауыл аманаты» жобасының аясында тағы да көптеген жаңа жобалар іске асырылмақ. Бұл жобалар ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған. 1,082 миллиард теңгеге 135 жоба жүзеге асырылып, 338 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша 28 жоба, кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласы бойынша 105 жоба және мамандандырылған кооперативтер ашу бағытында 2 жоба жоспарланған.
Сонымен қатар, Қазақстандағы ауылдық жерлердің дамуы мен әлеуметтік мәселелерін талқылау мақсатында Сәуле Мешітбайқызы Аманат партиясының ғимаратында ауыл әкімдері және мектеп директорларымен маңызды кездесу өткізді. Жиын “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, қатысушылар арасында пікір алмасу жүргізілді.
Кездесу барысында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, білім беру саласындағы мәселелер және ауыл шаруашылығын дамыту жолдары кеңінен талқыланды. Сәуле Мешітбайқызы ауылдағы әлеуметтік мәселелерді шешудің маңыздылығын атап өтіп, барлық қатысушыларды өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге шақырды. Сондай-ақ, барша қазақтың “Ел анасы” Сәуле Мешітбайқызы тек “Ауыл аманатына” ғана емес, “Ұрпақ аманатына” кеңінен тоқтала өтті. Оның ішінде қазіргі уақыттағы белең алып тұрған зорлық-зомбылық мәселесі, ұрпақ тәрбиесі, отбасы құндылығы, ұлттық құндылық жөнінде сөз қозғалып, ең алдымен тәрбиеге баса назар аудару керектігін айта өтті. Ауыл әкімдері мен мектеп директорлары жергілікті жерлердегі жағдайды баяндап, ұсыныстарын ортаға салды. Кездесу соңында ауылдық жерлерді дамытуға бағытталған бірқатар шешімдер мен нақты қадамдар жоспарланды.Бұл жиын ауыл өмірін жақсартуға бағытталған нақты бастамаларды талқылап, болашақта оларды жүзеге асыруға жол ашатын маңызды алаң болды.