Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде!

Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде!

Дәрігердің  жұмысы – тек жауапты ғана емес, сонымен қатар өте ауыр. Олар күн сайын адам қайғысы, ауруы және тіпті өліммен бетпе-бет келеді. Бұл – психологиялық тұрғыдан үлкен төзімділікті талап етеді. Қарбалас жұмыстан қолы қалт еткенде осы бір аяулы   мамандықтың иесі Искакова   Береке Абилқайырқызымен сұхбаттасқан едік.  

– Мен 2016 жылы С.Д. Асфендияров  атындағы  ҚазҰМУ университетін аяқтап, содан  бері  терапевт-дәрігер  болып  жұмыс  істеп  келемін. Бүгінде бұл  мамандық  менің  өмірімнің  ең  маңызды  әрі  айнымас  бөлігіне  айналды. Бала күнімнен дәрігер  болуды  армандадым. Анам  ауырғанда  қасында  отырған  дәрігердің  мейірімділігін, сабырлылығы көріп,   мен де адамдарға  көмектессем деп шештім, осылайша  саналы  түрде  қадам  бастым. Орыс   жазушысы  А.П. Чехов:  «Дәрігердің   мамандығы – ерлік.  Ол  қайсарлықты,  жанның  тазалығы  мен  ақыл-ойдың  ізгілігін  қажет  етеді: кімде-кім   үздіксіз  медицина өнеріне  үйреніп, өз  бойында  қазіргі  заманға  сай дәрігерге  тән  өнегелі  қасиеттерін  тәрбиелей  білсе, сол  ғана  осы мамандыққа  лайық болады», – деп,  дәрігерлердің  осы  қасиетін  ерекше  бағалаған. Дәрігердің  еңбегі  мен  жұмсаған энергиясының  ең  басты  бағасы – ауру  адамға көрсеткен көмегі. Бұл  дәрігерлік  тәжірибенің  баюы  мен  оның  беделінің  өсуіне  септігін  тигізеді. Кез  келген  аурудың  клиникалық  бейнесінен әрқашанда  пациенттен алаңдаушылықты, қауіптенуді, үрейленуді  кездестіреміз.  Сондықтан емдік  іс-шараларды  бәрінен  бұрын  психологиялық-терапевтикалық  әсер етуден – медициналық  қызметкер мен пациенттің  қарым-қатынасынан бастау ақылға  қонымды, ол өзара  құрметтеу мен сенімге  және  де  өте маңыздысы, медициналық  қызметкердің  бірге  күйзеле  білу  қабілеттілігіне де негізделеді.

 Азаматтардың денсаулығы мен өмірін сақтауды қамтамасыз ету – әр мемлекеттің, қоғамның ерекше міндеті. Мұнда әлеуметтік мәселені іске асыруда, дәрігердің  кәсіби әрекеті және адамгершілік  қасиеті маңызды болады. Адам өмірін сақтау, аурулардың  алдын  алу және  денсаулығын  қарап, ем қонбайтын  дерттерде  қиналуын  азайту, дәрігердің  кәсіби әрекетінің басты мақсаты.  

Тек медицина саласын ғана емес, халықты да түзету, тәрбиелеу керек, сонымен  бірге  ел ішінде  салауаттық  өмір  салтының, гигиеналық-медициналық  дағдылардың  қалыптасуына  ықпал  етуді де ойлау керек. Медицина  тәжірибесінде  орын  алып  тұратын  кісі өліміне, басқа да бақытсыздықтарға  тек дәрігерлерді  кінәлау  салдарынан, сол бақытсыздықтарға  себеп  болатын  басқа  жағдайлар (адамның өз денсаулығына  жауапсыздығы, дәрігерлерге  уақытылы  көрінбеуі, дәрігер кеңесін  дұрыс  орындамауы)  көлеңкеде  қалады.  Дерті әбден дендеп, күш-қуаты таусылып  барып, алдына  келген науқасқа білікті  дәрігер де, медицина да көмектесе алмайды. Жұртқа  осыны түсіндіру керек.  Бізде  білікті  мамандар  да жеткілікті. Бұрынғыдай  емес, қазір медицина  саласының  материалдық, қаржылық  мүмкіндіктері  мол. Білмегенімізді  үйренуге  арналған  шетелмен  байланыстар да өз деңгейінде. Бұл  бағытта  мемлекеттік  бағдарламалар  аясында  көптеген  жұмыстар атқарылып  жатыр. 

Мысалы, 45 жастан асқан адамдарға  жыл  сайын тегін тексеріліп, сырқатының  бар-жоған  анықтауға  жағдай  жасалған. Егер  ауру табылса,  оны  дер кезінде,  асқындырмай  тұрып  емдеуге  болады.  Ауруды асқындырмай дер  кезінде  медициналық  көмекке  жүгінсе, оның  сауығып  кету мүмкіндігі  де мол.  Аталарымыз «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деп босқа айтпаған ғой. Бұл өте маңызды мәселе, сондықтан оған үлкен мән бергеніміз дұрыс. Баланы жастан үйретсек, ертең олар соны өмірлік салтына айналдыратын болады. 

 Рас, бұрынғыдай емес, қазір бұл бағытта жағдай түзеліп келеді. Сонда да бізге жоспарлы  түрдегіге  қарағанда ауырып шұғыл  келетіндердің  саны көп. Өкінішке орай, бұл адамдарымыздың әлі де өз денсаулығына жауапкершілікпен қарамайтынын көрсетеді. Осы уақыт аралығында  бірнеше рет көзім жетті; өкінішке қарай, соңғы кездері біз  жиі  агрессия  мен теріс пікірлерге  тап  боламыз.

 Кейбір науқастар дәрігерге  жазықсыз кінә тағып, тіпті  әлеуметтік  желілерде  ашық  шабуылға  ұшыраймыз. Бұл  бізге  кәсіби  тұрғыдан  ғана  емес, адами  тұрғыдан  да  өте  ауыр  тиеді. Себебі  біз де  адамбыз. Біз де шаршаймыз, уайымдаймыз. Әр  науқастар үшін  жанымыз  ауырады. Сондықтан  тағы да айтарым – әр  науқас адам  өз денсаулығына  жауапты  екенін түсінгендерін  қалаймыз. 

Мен  дәрігер  мен  науқастың арасындағы  өзара  сенім мен  құрмет медицинаның негізі  деп сенемін. Егер  біз осы  құндылықтарды  бірге  сақтасақ, ұтамыз да, сауығамыз да  деп  айтқым  келеді, – дейді Береке  Абилқайырқызы.   

 

Аяужан  ЖАЙЛАУҚЫЗЫ,   

Алматы  қаласы

 

               

 

04.09.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 17382
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 17226
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 32408
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30996
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 34648