Азаттық жолындағы ерлік пен тағдыр

Азаттық жолындағы  ерлік пен тағдыр

«Қилы заманның» 

кейіпкері

 

Жақыпберді 1884 жылы Алматы облысы, Кеген ауданының Жылысай ауылының аумағындағы Солтанбек сайында дүниеге келген. Руы – Албан, оның ішінде Әлмерек тармағындағы Жәнібек атасынан тарайды. Жас кезінен-ақ ол зеректігімен, мергендігімен көзге түседі. Әкесі оны сауаттандыруға көңіл бөліп, Жүсіпбек Шайхысламұлынан сабақ алғызған. Жақыпберді хат танып, ел ісіне ерте араласады. Сонымен қатар табиғатынан мерген болып, «құралайды 277 көзге атқан» деген сипатқа ие болған.

1916 жылы патша өкіметінің отаршыл саясатына қарсы қазақ даласында үлкен көтеріліс басталды. Қарқара өңіріндегі ұлт-азаттық қозғалыс та елдің еркіндікке деген ұмтылысының айқын көрінісі еді. Сол көтерілісте Жақыпберді де халық жасағының біріне басшылық жасап, ел азаматтарының басын біріктірді. Оның есімі сол кезеңдегі ерлердің қатарында аталады.

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» шығармасындағы халық жасағының басшысы Жансейіттің түпбейнесі осы Жақыпберді. Бұл – оның 1916 жылғы оқиғалардағы орнын айқындай түсетін маңызды мәлімет.

Патша әскерінің қанды жазалауынан кейін Жақыпберді бір қауым елмен бірге Қытай жеріне өтуге мәжбүр болады. Алайда, 1917 жылы патша өкіметі құлаған соң елге қайта оралады. Бірақ елге тыныштық орнамады. Қарулы қазақ-орыстардың тонаушылық әрекеттері мен зорлық-зомбылығы жаңа билік тұсында да жалғаса берді. Кеңес өкіметінің орнауы да Жақыпбердінің күрес жолын тоқтатқан жоқ.

1929-1930 жылдары Жақыпберді бастаған қарулы топ Қулық тауының бөктеріндегі бірнеше ауылды Қытай жеріне алып өтеді. Оның айналасына жергілікті атқамінерлерден қысым көрген, жаңа биліктің саясатына наразы адамдар топтаса бастайды. Бұл жағдай Қытай билігін де алаңдатады. Жақыпберді төңірегіне халықтың жинала бастағанын қауіп санаған Қытай үкіметі оған қарсы әскери күш қолдануға кіріседі.

Жақыпбердінің Қытай билігінің қырына ілігуінің тағы бір себебі – озбыр билеушілердің үстінен жазылған арыз-шағымдар еді. Ел ішіндегі әділетсіздікке қарсылық білдірген мұндай әрекеттер оның билікке ұнамайтын адамға айналуына себеп болды. Осылайша, Жақыпбердінің өмірі екі елдің де саяси қысымымен арпалысқан күрделі кезеңге ұласты. Екі жылға созылған қуғын-сүргіннен кейін 1932 жылдың соңында Жақыпберді бастаған қырық шақты адам тұтқындалады. Солардың 24-і ату жазасына кесіледі.

Бұл – бір адамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің қасіреті еді. Елінің еркіндігін аңсаған, жерінен айырылмауды көздеген азаматтардың тағдыры осылайша қанды жазалауға ұшырады. Жақыпберді де сол зұлматтың құрбаны болды. Ол 1932 жылы Қытай жерінде, қазіргі Жанбұлақ қорығы аумағында қаза тапты.

 

Батырдан қалған жалғыз із

 

Жақыпбердінің өмір жолы мұнымен аяқталған жоқ. Оның артында қалған ұрпағы әкесінің тағдырын, көрген қуғын-сүргінін жүрегінде сақтап жеткізді. Бүгінде Жақыпбердіден тараған ұрпақ бар. Оның немересі Тұрағалды, шөберелері ата жолының тарихын жалғастырып, баба есімін ұлықтап келеді. Осынау арманда кеткен батырдың ұрпақтары бүгінде қайда? Жалғыз тұяқтың тағдыры немен аяқталды, бірі білсе, бірі білмес... Осыған орай Жақыпбердінің немересі Тұрағалды Төреқұлұлы ағамызбен кездесіп, әңгімелескен едік.

 

Аталарымыздың 

батырлығын 

Жақыпберді 

жалғастырды

 

– Тұрағалды аға, қасиет қонған, батырлық дарыған мәуелі әулеттің ұрпағысыз, аталар шежіресін тарқатып айтып берсеңіз.

– Түп атамыз – қасиетті абыз Әлмерек бабамыз. Әлмеректің баласы, біздің арғы атамыз Жәнібек жаугершілік заманда «елім», «жерім» деп жауға қарсы атой салып, ерлігімен көзге түскен даңқты батыр. Жәнібектен туған Байсейіт те шешендігімен сөз бастаған, көсемдігімен ел бастаған, батырлығымен жер қорғаған айтулы тұлға болған. Сондықтан Байсейіт есімі ел жадында ерлікпен бірге парасаттың да белгісіндей сақталған. Байсейіттен тараған Қонысбай да ата жолын жалғап, жауға шапқан ержүрек, жауынгер азамат болған. Осылайша әулетіміздің шежіресінен еліне қорған болған батырлардың жалғастығын көреміз.

Қонысбайдың тұңғышы Пұсырман (Мұсылманбай) да тарихта өзіндік із қалдырған тұлға. Деректерде оның 1751 жылы Әбілез ханның тұсында Төле бидің баласы Жоланмен бірге Қытайдың Жан-Жұң патшасына елшілікке барып, Қазақ-Қытай шекарасы жөнінде келіссөз жүргізіп қайтқаны айтылады. Пұсырман туралы ел арасында сақталған аңыз-әңгімелер оның тек батыр ғана емес, ел тағдырын ойлаған азамат болғанын көрсетеді. Халық жадында оның сыртқы жаудан елін қорғаған ерлігі ерекше аталады. Пұсырманнан туған Тазабек атамыз ел басына күн туған шақта қолына қару алып, халық мүддесі үшін күрескен батырлардың қатарында болды. Тарихи деректерде Тазабектің Саурық батырмен бірге орыс отарлауына қарсы тұрғаны, патша әскеріне қарсылық көрсеткені, қол жинап күрес жүргізгені айтылады. Оның тағдыры сол кезеңдегі қазақ халқының жері мен еркіндігін қорғау жолындағы күресінің бір көрінісі еді. Осындайда ақын, сазгер, Тазабек атамызбен бірге көтеріліске қатысқан батыр Шалтабай Алпарұлының өлеңі ойға оралады:

 

Шалтабай менің атым әкем Алпар

Ауылымды бір көруге болдым іңкәр.

Кешегі қырық солдатты бір өзі алған,

Тазекем өтіп кетті-ау қайран сұңқар.

 

Тазабектің азаттық аңсаған рухы мен ел үшін күресін оның ұлы Солтанбек атамыз жалғастырды. Ел ішінде беделді, ақыл-парасаты мол, қазақ пен қырғызға бірдей сыйлы азамат болған екен. Осылайша бір әулеттің шежіресіне көз жүгіртсек, Әлмеректен басталған ерлік дәстүрінің Жәнібекке, Байсейітке, Қонысбайға, Пұсырманға, Тазабекке, Солтанбекке, Әубәкірге жалғасып, кейінгі ұрпаққа рухани аманат болып жеткенін көреміз.

Солтанбек атамыз 1872 жылы Алматы облысы, Кеген ауданының Жылысай ауылына қарасты Солтанбек сайында дүниеге келген. Солтанбек атамыздың екі әйелі, бір әмеңгері болған. Бәйбішесі Тотыдан – Шоқпар, Оқас, Әубәкір, тоқалы Талмадан – Сыдықбек, Заманбек, Балатбек тарайды. Әмеңгері Мінекей сұлудан (Сақау Мергенбайдың қарындасы) Жақыпбек, Жақыпберді, Әбдікерім, Әбжалал, Мұхтар атты бес ұлы болады. Осы он бір ұлдың ұрпақтары Қытай, Қырғыз, өзіміздің елде өсіп-өніп, қанатын кеңге жайған.

Қазақ тарихында ел тағдыры сынға түскен алмағайып кезеңдерде халықтың намысын қорғап, жерінің тұтастығы үшін күрескен ерлер аз болған жоқ. Олардың әрқайсысының артында ел жадында сақталған өнегелі өмір, ұрпаққа аманат болған ерлік жолы бар. Сондай тағылымды тарих иелерінің бірі – атам Жақыпберді.

Жақыпбердінің кім болғанын тану үшін оның өмір жолына ғана емес, ата-баба шежіресіне де үңілу қажет. Өйткені қазақ ұғымында адамның болмысы, мінезі мен елге деген қызметі оның шыққан тегімен, атадан балаға жалғасқан рухани мұрасымен сабақтасып жатады. Халық арасында мұндай ерлердің қасиеті мен ерлігін ұмыттырмайтын өлең-жырлар да сақталған:

Жәнібек – Тұңғыш екен Әлмеректен,

Қайтпайтын алған беттен, айтқан серттен.

Байсейіт, Қонысбай мен Пұсырманбай,

Бәрі де қамал бұзып батыр өткен.

Бұл жолдар – бір әулет бойындағы батырлық дәстүрдің ұрпақтан ұрпаққа жалғасқанын аңғартады. Аталарынан қалған батырлық, қайсарлық, елге деген сүйіспеншілік Жақыпбердінің де өмір жолынан көрініс тапты.

– Атаңыз Жақыпбердіден қанша бала қалған?

– Атам Жақыпбердіден екі қыз, бір ұл тараған. Үлкені Нұрыш әкпеміз 1920 жылы дүниеге келген, тұрмысқа шыққан кейін жолдасы қайтыс болып кетеді, «енді мүлдем тұрмысқа шықпаймын», – деп үйге оралады. Бүтін әулет бір күнде қара жамылып, жазықсыз атылғаннан кейін әке, бауырларының орнына қорған болып, жетім қалған бауырларын бағып, бар өмірін соларға арнаған екен. Ал, қарындасы Гүлнар әкесі қайтқанда бар-жоғы бір жарым жаста екен. Гүлнар әкпеміз әкесіне тартқан алғыр еді, аңыз-әңгіме, жырларды жатқа айтып отыратын.

Жалғыз ұлы Төреқұл әкесін айдап кеткенде он жастағы ойын баласы еді. 1932 жылғы шеріктердің аяусыз қандықол қарақшыларының қызыл қырғынында етегі жасқа толып, «Жәкем-ау, бізді қайда тастадың?» – деп артынан ере жүгірсе де, шеріктерден таяқ жеп құлап-сүрінсе де, әкесінің артынан боздап біраз жерге дейін барған еді... қу тағдыр әкесін қайтармады.

Сол бір зұлмат кезеңде «Жақыпбердіден ұрпақ қалмасын» деген саясаттың салқыны отбасына ауыр тиді. Әкем Төреқұл үнемі айтып отыратын: «Шешем менің амандығым үшін қыз бала секілді киіндіретін, құлағыма сырға тағып, көйлек кигізіп, қыздардың ортасында өсіруге мәжбүр болды» деп. Бұл дегеніңіз сол заманның адам тағдырын қаншалықты аяусыз өзгерткенінің бір көрінісі.

Қайран, анам, менің жеті жасымда Қытайда безгек ауруынан қайтыс болған. Әкем бізді жетектеп 1961 жылы Қытайдан туған еліне оралады. Бірақ тегімізді Мергенбаев деп өзгертіп өткізді. Мен әскерге дейін сол тегіммен барып келдім. Ол кезде де Жақыпбердінің тұқымы деп айтуға қорқатын едік. Туған жерге табан тіретпей, бізді бірден Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы Ынтымақ ауылына қой бағуға жіберген еді. Ол жерде бір жыл ғана тұрақтадық. Әкем бір күні: «Тез-тез жиналыңдар, елге кетеміз», – деді жүзі нұрланып. Сонымен пойызбен Алматыға келдік, одан жүгіріп жүріп машина тауып, бізді сол кездегі аудан орталығы Жалағашқа жеткізді. Бір қонып, Көртоғайға келдік, ол кезде шағын ауыл еді. Әкем Солтанбек атасының, Жақыпберді әкесінің қаны тамған жерге жеткенше жай таппады. Содан бізді Әбдірахманов Әділ деген кісі жүгімізді басып алып, Жылысайға әкеліп тастады. Атамның інісі Әбдікерімнің баласы Жағыныс атамыздың үйінің жанындағы бос тұрған үйге жайғастық.

Әкем Төреқұл 2013 жылы 93 жасында дүниеден өтті. Әкем өте пысық, әңгімешіл, адуынды әрі мейірімді, ақ адал жан еді.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

  Салтанат БАКЕЕВА

 

09.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27534
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27041
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44384
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40128
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44724