Шымкенттіктер азық-түліктен таршылық көрмеуі тиіс. Себебі қала халқын азық-түлікпен толыққанды қамтамасыз ету әрі сапалы өнімді өндіру сала мамандарының басты мақсаты. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы берген мәліметке сүйенсек, азық-түлік тауарларының тұтыну нормасына сәйкес, Шымкент қаласының халқы бір жылда бірінші сұрыпты ұннан 14 256 тонна, қалыпты бөлке наннан – 77 529, макарон – 4 825, қарақұмық жармасынан – 2 193, күріштен – 9 321, картоптан – 104 177, сәбіз, пияздан – 21 932, қырыққабаттан – 14 913, шекерден – 19 739, күнбағыс майынан – 7 676, сиыр етінен – 16 449, тауық етінен – 5 483, айран, сүттен – 92 663, тұздан – 2 401 және сүзбеден – 5 373 тонна, жұмыртқадан – 155 717 200 дана тұтынады екен.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тізіміне 19 азық-түлік өнімі (ұн, нан, макарон, қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы мен сары май, сиыр және тауық еті, сүт, айран, жұмыртқа, тұз, сүзбе) кіреді. Жалпы мегополис өзін-өзі бірінші сұрыпты ұн, рожки, күнбағыс майы және тауық жұмыртқасымен 100 пайызға қамтамасы зете алады. Ал сүт өнімдерімен – 50 пайызға, тауық етімен – 41, сиыр етімен – 65 және көкөніс өнімдерімен – 10-15 пайызға қамтамасыз етуге қауқарлы.
Мамандар тұз, қарақұмық жармасы, күріш және шекер секілді азық-түлік тауарларының қаламызда өндірілмеуіне байланысты олар көршілес облыстардан және шет мемлекеттерден тасымалданатынын айтты.
Сонымен бірге олар қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры, тауар өндірушілерді, қоймалар мен сауда нысандарын қосқанда жеткілікті және де тапшылық бойынша ешқандай қауіп жоқ екенін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында агроөнеркәсіп кешеніндегі қордаланған проблеманың бірі – азық-түлік бағасы мен оны бөліп-таратудың тиімсіздігі деп атап өтті. Сонымен бірге көтерме тарату орталықтарын құру бойынша берілген тапсырманың орындалу жайын айтқан болатын. Қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының айтуынша, Шымкент қаласын Орталық Азия аумағында ірі көліктік-логистикалық ХАБ-ы ретінде қалыптастыру мақсатында 2015 жылы 92 гектар жерге көлік-логистикалық аймағы құрылған. Аталған аймақта қазіргі күні «Kazakhstan Logistic group» ЖШС, «Зерде» ҒӨБ» және «Continental Logistics Shymkent» сынды үлкен жобалар іске асырылуда. Аймақта құрғақ және климаттық қоймалар, контейнерлік алаң, темір жол тұйығы, әкімшілік тұрмыстық кешен, сондай-ақ кедендік рәсімдеу орталығы жұмыс істейді.
Келешекте осындай тағы бір көтерме-тарату орталығын салу жоспарлануда. Бұдан бөлек, шымкенттіктер үшін әр түрлі тауарларды қолайлы бағада сатып алу үшін 11 мың шаршы метрді құрайтын «GraMaD» сауда орталығында көтерме-тарату орталығы ашылды. Ол қаладағы 1700-ден астам сауда орындарын азық-түлік, жеміс-көкөністермен қамтамасыз етіп келеді. Сонымен қатар Шымкентте жалпы сыйымдылығы 108 мың шаршы метр болатын 14 сақтау қоймасы орналасқан. Оның ішінде 6 климаттық және 8 құрғақ сақтау қоймасы бар. Ал 2022-2024 жылдар аралығында жаңа 2 көкөніс сақтау қоймаларын («КЕРЕМЕТ-САПА» ЖШС, «GRAMAD RETAIL» ЖШС) салу көзделуде. Қазіргі таңда жоғарыда аталған көкөніс сақтау қоймалары қала аумағында өндірілетін көкөніс өнімдерінің 80 пайызға жуығын сақтауға қауқарлы.