Ажырасқандар саны 3 миллионнан асты. Бұл–ұлт үшін қасірет!

Ажырасқандар саны 3 миллионнан асты. Бұл–ұлт үшін қасірет!

Қазақстанда 3 миллионнан астам борышкер алимент төлеуден жалтарып жүрген көрінеді. Бұл көрсеткішті елімізде тұратын 19 млн халыққа шақсаңыз, зәреңіз ұшады. Бұл – ұлтымыз үшін үлкен катастрофа! Ақ некені бұзуды ар санайтын ата-дәстүр адыра қалғаны қынжылтады. Нарық жастардың санасын сансыратып жібергендей. Дүние мен ақша алдыңғы орынға шыққан заманда отбасы құндылығының құлдырауы – үлкен қасірет! Ұлтқа сынақ! Әлде бұған ұлттық идеологияның әлсіздігі себеп пе?

Соңғы бес жылдағы неке ұзақтығы бойынша ажырасудың жалпы ажырасу санындағы үлес салмағына қатысты статистикаға назар салсақ, ажырасудың 30%-ға жуығы ұзақтығы 5-9 жыл болған некелер арасында тіркелген екен. Ажырасудың бұл неке ұзақтығындағы үлесінің жыл сайын артып келе жатқандығын да атап өткен жөн. Бұл кезең психологтардың неке үшін қауіпті ұзақтық 7 жыл деген тұжырымдамасына сәйкес келеді. Бұның негізгі себебі осы уақыт ішінде отбасылық өмірдегі жинақталған белгілі бір проблемалардың ақыры ажырасуға әкелуі болып табылады. Отбасындағы бала саны некені құтқарып қалуға қаншалықты құзіретті дегенге назар аударсақ, баласыз және бір баламен ажырасудың жалпы ажырасу санындағы үлесі көбірек болғанымен, соңғы бес жыл ішінде екі және одан да көп баламен ажырасудың үлес салмағы тұрақты түрде өсіп отырғанын көруге болады.

Бұл – отбасындағы бала санының некені сақтап қалу құзіретінің төмендеп келе жатқандығының белгісі. Тіпті қазіргі нарықтық қатынастар заманында отбасындағы бала санының артуы қаржылық қиындықтар туғызып, ақыры ажырасуға әкелуі де мүмкін.

Ащы болса да айтуға тура келіп тұр, мемлекеттен көпбалалы аналарға көрсетілетін көмек, жәрдемақы, баспана (әкелері жоқ немесе қайтыс болған) алу үшін әдейі ажырасатындар қарасы да көбейген. Адамнан қулық артылған ба?

Әлем елдеріндегі туу, өсіп-өну деңгейінің серпіні «демографиялық ауысым» (орысша «демографический переход») теориясы негізінде түсіндіріледі. Әлемнің көптеген елдерінде қазір туу деңгейі төмендеп, «екінші демографиялық ауысымды» бастан кешіріп жатыр. Бұл ауысымға әкелетін құбылыстардың бірі – ажырасу деңгейінің өсуі. Жалпы, ажырасудың өсуіне, отбасын құру жасының жоғарылауына, тіпті отбасын құрмау құбылысының артуына адамның өзінің жеке басының мүдделерін бірінші орынға қоюы, өзінің өмір сүру салтын оңай өзгерте алуы, адами құндылықтардың өзгеруі, әйелдің білім деңгейінің, экономикалық тәуелсіздігінің артуы сияқты құбылыстар жатады екен.

Қазақстанда аталған құбылыстар орын алғанмен, ол өңірлер арасында түрлі деңгейде. Дәстүрлі өмір сүретін азиялық этнос өкілдері басым оңтүстік, батыс өңірлерде ажырасу төмен деңгейде болса, еуропалық этностар басымырақ қоныс тепкен солтүстік, шығыс, орталық өңірлерде ажырасу деңгейі жоғарырақ. Сонымен қатар еліміздің екі ірі мегаполисінде де ажырасу деңгейі басым.

«Бұдан шығатын қорытынды, статистикалық деректердің қарапайым өмірде белең алған ажырасу деңгейімен сәйкес келмеуі жастардың неке мен ажырасуды заңдастыруға асықпауына және ажырасуды заңдастыру процесінің белгілі бір себептермен ұзаққа созылуына байланысты болуы да мүмкін. Ал ажырасу деңгейінің өңірлік айырмашылықтары, бірінші кезекте, өңірлердің этностық, мәдени ерекшеліктеріне байланысты» деп санайды сарапшылар.

 

3 миллионнан астам борышкер қашып жүр

Қазақстанда некені бұзу туралы азаматтық істер Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жиі тіркеледі, ал 3 миллионнан астам борышкер алимент төлеуден жалтарып жүр. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті азаматтық және әкімшілік салалардағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру басқармасының басшысы Дамиля Хамитова айтып берді. Дамиля ханым сөзінің басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялағанын еске салды. «Ұрпақты дұрыс тәрбиелеуге қоғам мен отбасының жағдайы, моральдық-психологиялық ахуал, татулық пен сүйіспеншілік, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген қарым-қатынасы, құрметі, сыйластығы, махаббат сезімдері тікелей әсер етеді. ҚР Конституциясының 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген. «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңының 12-тармағына сәйкес, әрбiр баланың дене бiтiмінің, психикасы мен жан дүниесiнің толық дамуы үшiн қажеттi тұрмыс деңгейi мен жағдайы болуға құқығы бар», – дейді басқарма басшысы. Осы ретте, прокуратура органдарының маңызды бағыттарының бірі – балалардың құқықтарының қорғалуы. «Мемлекетіміз балалардың дамуына, толық тәрбие алуына барлық жағдай жасап отыр. Оған тек қана мемлекеттік органдар емес, қоғам да көмектесуде. Алайда елімізде алимент төлемей, өз балаларына көмектесуден жалтарып жүргендер де бар. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, биылғы 6 айда сот неке және отбасы дауларына қатысты 23 755 азаматтық іс қарап, 22 341-ін қанағаттандырған. Оның ішінде некені бұзу туралы 18 282, алимент өндіру бойынша 1 510 азаматтық іс қанағаттандырылды», – дейді Д. Хамитова. Ең көп некені бұзу туралы азаматтық істер Алматы қаласында (2564), Алматы облысында (2048), Нұр-Сұлтан қаласында (1604), Қарағанды облысында (1538) тіркелген. 2021 жылдың жарты жылымен салыстырғанда Алматы қаласында 8%-ға, Нұр-Сұлтан қаласында 2%-ға неке бұзу деректері артса, қалған өңірлерде ажырасу саны азайған. «Отбасының ажырасуы кәмелетке толмаған балаларға ауыр соққы болары анық. Әкелердің өз ұрпағына қайырымсыз болуы ана мен баланың тұрмыстық жағдайын нашарлатады. Қазір республика бойынша 3 949 027 борышкер сот орындаушының есебінде тұр. Оның 133 мыңнан астамы ғана алиментті өз еркімен төлейді, қалғаны түрлі себеппен алимент төлеуден жалтаруда», – деді спикер. Қазірге дейін алимент төлеуден жалтарып жүргендерге қатысты шетелге шығуға, банк операцияларын жасауға, шоттарындағы қаражатты пайдалануға, мүлікке тыйым салу сияқты шектеулер қойылған. Сонымен бірге жұмыссыз борышкерлерді тұрақты түрде жұмыспен қамту шаралары қабылдануда. «Осы тұрғыда ана мен балаға қатысты құқықбұзушылыққа жол берген тұлғалардың жауапкершілігін күшейту үшін бірнеше заңға өзгерістер мен толықтырулар енді. Кей борышкерлер баланың кәмелет жасына толғанын күтіп, берешектен құтыламын деген оймен алимент төлемеуі мүмкін. Баланың кәмелет жасына толғаны борышкерді берешектен босатпайды. Ерлі-зайыптының ойлары мен мақсаттары бір арнаға тоғыспай, ажырасуына бала кінәлі емес. Сол себепті ана қолында қалған ұрпағына әкесінің моральдық, материалдық жәрдем көрсетуі – оның парызы. Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы – жас ұрпақ. Баланың білімді, денсаулығы мықты азамат болып өсуі үшін ата-ана некесін бұзса да, теңдей қамқорлық жасағаны абзал», – деп сөзін қорытындылады Дамиля Хамитова.

Сөз түйіні: заңгерлердің, психологтердің айтуынша, «Ажырасуға шешім қабылдағандардың көпшілігі тұрмыс қиыншылығына шыдамағандар екен. Жастар үйленген соң үйлі-күйлі болудан, бақытты өмірден үміттенеді. Содан кейін табыстың аздығы, несие, қарыз қажыта бастайды. Ақыры шаңырақта ұрыс-керіс, бір-біріне деген көңіл толмаушылық, айыптаулар басталады. Сосын ерлі-зайыптылар сырттан «жақсы әйел» немесе «жақсы еркек» іздеуге кіріседі. Оңай жолмен ақша табуды көздейді.  Осының бәрі жинақтала келе  некенің бұзылуына жол ашады. Екінші басты себеп – ішімдікке салыну, құмар ойындары мен есірткі тұтыну. Егер ажырасудың бүгінгі қарқыны тап осылай жалғаса берсе, ұлттық болмыстан жұрдай боларымыз анық. Қалай болғанда да, билік басындағы азаматтар тығырықтан шығар жол таппаса, жағдай қиын. Ажырасу қарқыны сойқан. Бұлай жалғаса берсе, ертеңіміз бұлыңғыр. Келешегіміз күңгірт! Себебі жастарымыз отбасын емес, қара басымды қалай асыраймын деп жанталасып жүр... 

 

Нағашыбай Қабылбек, ҚР Ақпарат саласының үздігі
04.08.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 76
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 598
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 715
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 627
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 637

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8772
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8172
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11401
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9155
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10386